2964
3 апреля 2024
Тамара Вааль, фотолар Кира Прейстікі

Тосыннан су тасыды. Тағы да…

Көкшетауда Қылшақты өзені арнасынан асып кетті

Тосыннан су тасыды. Тағы да…

Биыл да елімізге көктем ойламаған жерден келіп, «күтпеген жерден» су тасыды. Көкшетауда және өзге де бірқатар өңірде төтенше жағдай жарияланды. 28-інен 29 наурызға қараған түні Ақмола облысының орталығында кенет Қылшақты өзені арнасынан асты. Нәтижесінде, сол кездегі ресми мәліметке сәйкес, 12 көпқабатты үйді, 16 жеке үйді және 29 аула мен балабақшаның бірінші қабатын су басқан. 113 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 30-ы – бала.

Власть журналистері шенеуніктер неліктен тағы да көктемге дайын болмай қалғанын, өңір су тасқынымен қалай күресіп жатқанын білу үшін Ақмола облысына барып, тұрғындармен сөйлесіп қайтты.

Читайте этот материал на русском.

«Су тағы көтеріліп кетті, қаттырақ көтерілді». — Қылшақты өзеніндегі көпірдегі тұрған ер адам бір күрсініп алды.

Көпірден өткен әр адам сәл аялдап, өзенге ойлана көз тастайды. Бірнеше минут тұрған соң, жөніне кетеді. Көпірден екі жақ жағалау да көрінеді. Бір жағында көпқабатты үйлер орналасқан. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Бірақ сәл әрі қарай жүргенде жағдай мәз емес екенін, екінші жағалаудағы жеке секторды су басқанын көреміз.

«Осында тұрамын. Үйім жоғарыда орналасқан, су басқан жоқ. Өзен жыл сайын арнасынан аса бермейді, биыл қатты тасыды, — дейді Сагран есімді жергілікті зейнеткер. — Қанша үйді су басқанын білмеймін, мына жерде, әріректе — мектеп жақта, жағалауда… 20–30 үй шығатыны анық».

Зейнеткердің айтуынша, жергілікті билік суға келгенде ештеңе істей алмайды. Бұрын мұзды жаратын болған, кейін кішігірім бекініс салып, арнайы материал салынған отыз шақты қапшық төсейтін болған - тек осымен болды. Тұрғындар суды өз күшімен соруға тырысқанымен, әзірге пайдасы болмай тұр.

«Былтыр жөндей бастады. Өзен жағалауында бетон бар еді, бәрін алып тастады. Ол аяқсыз қалды. Бұрын жақсы еді, жол бар еді. Өзен жағалауын көгалдандырып, тақтатас төседі. Тесілген жерлерді жамап, бәрін тазалады. Мына жерде қоршау бар еді. Бәрі қалды. Күзде жасаса болатын еді ғой, сонда бәрі жақсы болар еді. Жасамады. Бульдозер, шелектер — техниканың бәрі болды», – дейді зейнеткер.

Ахмет Байтұрсынов көшесі бірінші жағалау қатарында орналасқан. Мұнда төрт үйді су басқан. Төбе жақта тұрған ер адам аты-жөнін айтқысы келмеді. Ауылдан үйіне келгенімен, кіре алмай жүр екен.

«Үйге қалай жететінімді білмей тұрмын. Умка аю сияқты мұзға отырып алып бармасам… — деп жымиды. — Тек бізде ғана болып жатқан жоқ. Ана жақта (басқа жағалауды нұсқап — В.) жер үйлер бар, ол жақта су кәдімгідей үйдің ішіне дейін жайылған, досым сонда тұрады».

Ол да күзде бекіністерді толық салып бітпеген соң, су арнасынан асып кеткен болуы мүмкін дейді. Бұған қоса биыл күн тез жылыды. Үйін су қатты ала қоймаған шығар деп үміттенеді. Жөндеуге кеткен шығынды өтеп берер деген үміті де жоқ емес.

«Білуімше, алдыңғы жылдары үйлерді су басқанда өтемақы төлейтін», — дейді ол.

Галина есімді әйел 28 наурыз күні кешке су тартылып, жұрттың көңілі жай тапқанын, алайда түнде кенет өзен арнасынан асып кеткенін айтады.

«Біз екінші көшеде тұрамыз, су бізге дейін жеткен жоқ. Мұндайды бірінші көруіміз. Билік кеше сегізінші мектеп жақта бірдеңе істеп жатқан, вокзал жақта да жұмыс жүріп жатты. Енді одан не пайда? Барлық жерді су басты. Шет жағымыздағы көршіміздің үйі қатты зардап шекті. Өзен жағасындағы үйлерді де су басып қалды. Құрбым «Элеваторда» тұрады. Оған қиын болды, — дейді ол.

Айтысына қарағанда, іргетасы 120 сантиметр болса да, үйдің ішін су басқан: «Соншама биікке көтерілді, кемі 180 см шамасында».

Басқа көршілері сияқты, Галина да ешқандай көмек болмағанын айтады.

«Көршіміз Жорик өзі трактор жалдап, мына жерді қаздырды. Мен әкімдік пе деп ойлап едім. Қарасам, Жорик. Суға батып жатқандар өзін-өзі құтқармаса, көмектесетін ешкім жоқ екенін жаздым (тұрғындар чатына), — дейді Галина.

Қаланың тағы бір ауданы – Алтынсарин көшесіндегі бірнеше көпқабатты үйді су басқан. Жоғары жақтағы көшемен жүру мүмкін емес, қозғалыс шектелгенін ескертетін белгі тұр. Бұл — теміржол ауруханасына апаратын жол. Ауруханаға жақын бару мүмкін емес, оны да су басқан.

Екі көшені әрі тастағанда су сорып жатқан ТЖМ көліктерін көрдік. Оларға жету үшін қайтадан Алтынсарин көшесіне түскенімізде, резеңке етік киген ер адамды кездестірдік.

«Не деуге болады? Таңертең су оқыс көтерілді. Кешкі 9-да көлікті қойғанымда бәрі дұрыс еді. Таңертең көлігімнің ішіне су толып қалыпты», — дейді Петр.

Ол кешке жер құрғақ болғанын, тек теміржол ауруханасын аздап су басқанын айтады. Түнде ешкім ештеңе хабарламаған. Жұрт су басқанын үйінен шыққанда бірақ көрген.

«Таңертең 7-де шықтым. Күндізгі стационарда ем алып жүргендіктен, ауруханаға баруым керек болған. Қайдағы стационар? Аурухананы су басып қалды, жете алмайсың. Қуат көзі істен шыққан, жарық жоқ. Қазір үйге киім ауыстыруға бара жатырмын, ішкиіміме дейін су өтіп кетті», — дейді Петр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің көлігіне қарай бет түзедік. Көпірден өте бергенде жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар кластері тұр. Мұнда да өзен тасып, дәл қазір балабақшаны көшіріп жатыр. Балаларды қайықтарға отырғызған. Айналасында қаптаған көлік, бұрышта бір топ адам тұр. Сырт келбеті мен таза етігіне қарағанда, бастықтар. Олар Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы және қала әкімі Бауыржан Ғайса екен.

«Жағдайдың өте қиын екенін өздеріңіз көріп отырсыздар, өйткені ағын су келді», – дейді Марат Ахметжанов.

Аймақ басшысы бұл жағдайды ақсақалдармен де, «осында бұрыннан тұрып жатқан» әкімдік қызметкерлерімен де талқылағанын айтады. Олардың бәрі де Көкшетауда мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанын айтқан. Оның себебін түсіндіруі қарапайым: «Былтыр күзде қатты жаңбыр жауды, жер қатты суланып, кейін қатты аяз болды. Қыста да жаңбыр жауып, жерде мұз қыртысы пайда болды. Төбеден айнала ұшып тексергенде бәрі еріп жатқаны көрінген, бірақ ылғал топыраққа сіңбеген. Барлығы бірге ағып, бірден ағын-ағынымен Қылшақты өзеніне құйған. Қазір өзеннің өткізу қабілеті екі есе жоғары. Сондықтан кеше сол жерді су басты. Суды сорғанмен, түнде қайтадан су келді».

28 наурызда төңіректі төбеден бақылағанда, жағдай аса мәз емес деген болжам болған. Дегенмен, облыс әкімі бәрі дайын болғанын айтады. Төтенше жағдай режимін бәрібір жариялау керек (29 наурызда жарияланды – В.), «тағы да су келуі мүмкін» болғандықтан, өзен ағысын қайтадан бекіту қажет.

Ескерту жүйесі туралы айтқанда Марат Ахметжанов кенет «судың қосымша ағыны екі есе көбейеді деп ешкім ойламағанын» мойындады. Оның айтуынша, қазір елді мекендердің суын ағызу үшін жағалаудағы құрылғыларды күшейту жеткілікті.

Тұрғындарға ескертуге келсек, аймақ басшысы адамдарды іздегенмен, таба алмағандарын айтады.

«Қожайындарын таппадық қой. Полиция іздеді, бәрі іздеді. Себебі кеше аулалар құрғақ еді, осымен бәрі бітті деп ойладық. Кептеліс кетті, мұзды алып тастадық, енді су ағып кетеді деп ойладық», — дейді Марат Ахметжанов.

Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса 28 наурыздан 29-ына қараған түні қалада шамамен 100 адам қауіпсіз жерге көшірілгенін айтады, оның 26-сы — бала. Көбін әлеуметтік бейімдеу орталығына, «Дарын» орталығына, жоғары техникалық колледжге орналастырған. Қала басшысы адамдарға қажет көмек көрсетілетінін айтады. Су тасқынына келер болсақ, Бауыржан Ғайса бұған билік дайын болғанын, ал Байтұрсынов көшесінің бойындағы жөндеу жұмыстары су ағынына әсер етпегенін айтады.

«Сіз айтып тұрған жерде былтыр жөндеу жұмыстары басталған, Қылшақтының арнасы тазаланып жатыр. Ол көлден басталып, Ғабдуллин көпіріне жетті, былтыр Ғабдуллиннен Сүлейменовке дейінгі аралықты жөндей бастады. Жұмыс істелді. Тасқын болатынын түсініп, бөгетті толық ашуға кеңес бердік, олар ашты. Керісінше, жұмыс істеліп жатқан аймақтарда түбін тереңдетіп жіберген. Бұл — жеке сектор, үйлер төмен орналасқан, сондықтан су басу қаупі де жоғары. Назар аударған болсаңыз, жеке құрылыс компаниялары осы жерлерді сатып алып, көпқабатты үй сала бастады. Жақында өзен арнасы тазарып, ол жерде жаңа ТҮК салынып, мәселе шешіледі деп үміттенеміз», — дейді Бауыржан Ғайса.

Айтпақшы, көпқабатты үйлер мен сыртынан жаңа сияқты көрінетін №8 орта мектеп орналасқан арғы жағалауда да өзен арнасынан асып кеткен. Сәл әрірек орналасқан жеке үйлерді, ішінара мектепті де су басқан.

«Жағдай тұрақталды, кеше су көтерілді. Негізгі жотадан су өтіп, ол көтере алмай қалды. Осыған байланысты жертөлеге және ғимаратқа, соның ішінде гардеробқа біраз су өтіп кетті. Шамамен 20 шаршы метрдей жер, суды тез тартып алдық, ол жақта мәселе жоқ. Қазір төтенше жағдайлар қызметінің көмегімен «Тазалық» адам жіберіп, еріктілер көмектесіп жатыр. Жертөледегі суды ақырындап тартып жатырмыз, су басылып жатыр, қиындық артта қалды», — дейді мектеп директоры Нұрлан Мұқажанов.

Директор 1 сәуір күні мектеп адам қабылдауға дайын болады деп есептейді. Бірақ басқа мәселе бар — су тасқынының кесірінен адамдар үйін тастап кетуге мәжбүр болып отыр. Сондықтан қазір осы жағдайға байланысты уақытша басқа аудандарда тұрып жатқан балалардың мектепке қалай қатынайтынын шешіп жатыр. Нұрлан Мұқажанов мұны шешудің екі жолы бар дейді: қашықтан оқыту немесе балаларды уақытша жақын маңдағы мектепке апару.

Біз директормен сөйлесіп тұрғанда мектепке волонтерлер келді. Олар қай жерде, не істеу керек деп, нұсқау күтіп тұр. Мектеп қызметкері, шаруашылық меңгерушісі болса керек, оларды сапқа тұрғызып, «балалардан» неліктен жеңіл киінгенін және неге резеңке етік кимегенін сұрады. Бұл «балалар» — колледждің бірінші, екінші және үшінші курс студенттері.

«Су басқан аймақта төрт мектеп бар. Барлық директорға хабарластым, тек №8 мектепке шұғыл көмек керек болды. Ондағы шаруашылық бөлмелерін су басқан. Таңертең біздің еріктілер – бірінші ауысымдағы 20-ға жуық адам, қазір 25 адамнан тұратын екінші ауысым осы мектепте су басылғанша бірге жүреді», – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Сұлтан Бекешев.

Жертөледегі суды жастар қалай тартатыны туралы сұрағымызға ол жымиып: «Шелек, күрек және басқа көмекші құралдарды пайдаланамыз. Былайша айтқанда, қолдың күшімен», – деп жауап берді.

Расында да, жастарды жинап, жертөлеге апарды. Ол жерге тек терезеден түсуге болады. Балалар кезек-кезек төменге қарап, кроссовкамен жертөлеге түсе алмайтынын түсінді. Резеңке етік киген екі адам ғана төмен түсті. Бұлар өз еркімен келді ме, әлде біреу жіберді ме? Власть журналистері жігіттерден ашығын сұрады.

«Колледжден жіберді. Сабақтан босатып, осында жіберді», – дейді жастар.

«Өз еркімен барғысы келетіндердің тізімі жасалды ма?»

«Жоқ, жай ғана бару керек деген соң келдік».

Сосын балаларға шелек беріп, олар «қолдың күшімен» кезек-кезек жертөледегі суды тасыды. Ал жетекшілері мен кураторлары (қалыңдау киініп алған — В.) есеп беруге және Instagram желісіне жариялауға видео түсіріп тұрды.

Көкшетау қаласының әлеуметтік бейімдеу орталығы тып-тыныш. Бірінші қабаты суық, бұл жерде тек күзетші мен тоқтаусыз еден жуып жүрген тазалыққа жауапты әйел ғана бар.

Директор Әлия Әшімова 28-інен 29-ына қараған түні бұл жерге 51 адам жеткізілгенін айтады. Оның 12-сі бала екен. Қазір олардың кейбірі кетіп қалған, ал туысы жоқтар мен барар жері болмаған 25 адам осы жерде қалған.

«Барлығына бөлме, төсек-орын, гигиеналық құралдар мен басқа да қажет заттар берілді. Көпбалалы отбасылар бар, қарт адамдар бар. Орталық мамандары психологиялық көмек береді, арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Бұл уақытша құбылыс екенін, аздап шыдамдылық танытып, сабырлы болу керек екенін түсіндіреміз, бәрі жақсы болатынын айтамыз. Адамдар түсінген сияқты, жағдай тұрақты, бәрі түсіністікпен қарап жатыр», — дейді ол.

Әлия Мырзахметқызы осында жатқандармен кездесуге рұқсат берді. Апалы-сіңлілі Лариса мен Раиса Рыбак та, олардың анасы Лидия Аркадьевна да — зейнеткер.

«Бейбітшілік көшесінде тұрамыз. Түнгі бірде ұйқыға жаттық, бәрі жақсы еді. 4-те ояндық. Көршілер есікті қағып жатыр екен. Үйді су басып, дереу ТЖМ-ға хабарластық. Олар тез келді, пәтерді су басып жатқанда бізді шығарып алды. Қайықпен үлкен көлікке жүзіп жетіп, осы жерге келдік», — дейді Лариса Рыбак.

«Біз көп жылдан бері Көкшетауда тұрамыз. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. 1987–1988 жылдары осыған ұқсас оқиға болған, мына жақты су басқан, — дейді Раиса Рыбак. — Енді не боларын білмеймін. Еденнен дым қалмады. Түсқағаз да сол. Диван мен техниканы су баспаса жақсы еді. Үйде тоңазытқыш пен екі теледидар бар. Кілемді кептіріп алуға болады ғой, диванды білмедім».

Әйелдер пәтердегі заттардың қайсы жөндеуге жарамай қалуы мүмкін екенін тізбектеп, үйге оралғандағы көріністі сөз етіп отырғанда орталық директоры кенет бізге қарап: «Кімге алғыс айтатынын сұрайсыз ба?» – деді.

Апалы-сіңлілі Рыбактар бірден: «Суға өзіміз де батып кетпегеніміз үшін рақмет айтамыз», – дейді. Анасының аздап ауырып қалғанын, бірақ дәрі-дәрмегі бар екенін де айтты.

Әжей осы кезде бізге қарап: «Өмірде бәрін көру керек», – деп жымиды. Ауырып қалғанына да аса алаңдап жатқан жоқ: «Әлі-ақ билеп беремін», – деді күліп.

Көрші бөлмеде екі және жеті жасар балалары бар Севера Худиева деген жас келіншек орналасқан. Кішкентай баласы ұйықтап жатыр, ал үлкені ойнап отыр.

«Көкшетауда тұрып жатқанымызға шамамен бес ай болды, пәтер жалдап тұрамыз. Мұндаймен бірінші рет бетпе-бет келіп тұрмын, қорқып кеттім. Су таңғы 4-ке таяу келді. Аяғым су екен, тоңып қалдым. Терезені ашсам, учаскелік полиция тұр екен. Киініп шығыңдар деп, құтқарушылар келе жатқанын айтты. Пәтерден шығып бара жатқанда подъезде су көтеріліп жатты», — дейді Севера.

Севера Худиева

Ол әзірге балаларымен және жолдасымен осы орталықта тұрып жатыр. Жолдасы жұмысқа кеткен. Келіншек үйіне барғанда нендей көрініс боларын ойламауға тырысады. Әрі қашан оралатынын да білмейді.

Орталық директоры тағы да көрсетілген көмек туралы айтып, алғыс жөнінде айтуды өтінді.

«Иә, олар бізге көмектесіп жатыр, үш мезгіл тамақ береді, не керек екенін сұрайды», — дейді бірден Севера. Осымен бейімдеу орталығындағы уақытымыз да аяқталғаны түсінікті болды.

Шанхай ықшамауданы

Бейімдеу орталығынан шығып, «Шанхай» ықшамауданына бағыт алдық. Мұндағы көпірді бір күн бұрын су басқанымен, су тұрғын үйлерге жетпеген. Осында тұратын Ольга Картовенко ен далаға бастайтын соңғы көшенің бойындағы үйіндіні көрсетті. Мұны тұрғындар 15 жыл бұрын өз күшімен үйген екен. Олар жалпы әкімдіктен көмек сұрамайды.

«Бір аптадан бері осы жерде қорғаныспен айналысып жатырмыз, мына жерді, ана жерді бекіттік. Біз қорықпаймыз, «Шанхайдың» бекінісі мықты. Уайымдамаңыз, бізде бәрі жақсы. Су тасқыны басталғанын білдік, бөгет әлі тұр», – дейді Ольга Картовенко.

Ольга Картовенко

Шанхай ықшамауданының тұрғындары көп жылдан бері мүлкін өз күшімен қорғап келеді. Көктем шыға салысымен депутаттарға және кірпіш зауытының басшыларына жүгінеді. Олар техника мен инертті материалдар береді. Тұрғындар кезекшілік кестесін бекітіп, күні-түні күзетте болады.

«Шанхайдың» көліктері де бар, қазір трактор келеді. Кірпіш зауытына да рақмет, бізге ұсақ үгітінділерді берді, су ағып кетпесін деп, соны төгіп қоямыз. Кешке кірпіштерді төсеп, таңертең су одан әрі кетпеді ме екен деп, соны көруге жүгіреміз. Мұнда біз Алена екеміз кезекшіміз, ана жерде Настя, одан әріде Нұрлан кезекші. Бәрін бөліп қойғанбыз, қорықпаймыз. Түнде де күзетеміз, күндіз-түні ауысып отырамыз. Әкім тіпті мына үйілген топырақ туралы білмейді де, мәселені өзіміз шешіп жүрміз», — деп мақтана сөйледі. Оның айтуынша, қазір жергілікті билікке көлік қаланың өзге өңіріндегі төтенше жағдайды сейілту үшін қажет.

Басқа өңірлердегі сияқты Ақмола облысында да жедел штаб жұмыс істейді. Көкшетауда қаланың қақ ортасында орналасқан. Бірінші қабаттағы шағын бөлмеде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан Молдаханов бастаған азаматтар үстел басына жиналған. Компьютер алдында жиналыс өткізіп отыр, республикалық штабпен үнемі байланыста. Экранда – төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов. Ерлан Молдаханов мұның уақытша екенін айтады, сондықтан «Астанадан ештеңе сұрап жатқан жоқ», ол бірнеше сұраққа ғана жауап бере алады.

Ерлан Молдаханов

Ол да басқалар сияқты кейінгі күндер өте ауыр болғанын тілге тиек етті, «қала тұрғындары үшін де, қаладағы барлық қызмет үшін де өзеннің арнасынан асып тасуы, ағын судың күрт көтерілгені күтпеген жағдай болғанын» айтады. Су тасқынына дайындық болғанымен, бәрі осылай тез арада болады деп күтпеген. Тасқын туралы хабарландыру, жалпы болжам жасау жүйесі қалай жұмыс істейтінін сұрадық. «Болжау жүйесі деген – жай ғана бақылау, былайша айтқанда, тікелей эфирде бақылау. Адамдар отырған арнайы бекеттер бар және солармен байланыс бар. Олар (алдағы немесе болған су тасқыны туралы) есеп береді, өйткені штабтар ыңғайлы ұйымдастырылған. Штаб осы ақпаратты өңдейді. Сонымен қатар төңіректі әуеден бақылау бар, оны дрон мен тікұшақ көмегімен жүргіземіз.

Демек, Қазақстандағы су тасқынын болжау жүйесі «Титаниктегідей»: матрос тек алдындағы айсбергті көреді, оған ешкім дайын емес. Ал сонау 2015 жылы билік су тасқынын үш сағат бұрын білуді үйренеміз деп уәде берген.