4478
17 апреля 2024
Дмитрий Мазоренко, иллюстрация Данияр Мүсіровтікі.

Патриархат сақшылары

Мемлекеттік институттар абьюзерлерді қорғаумен келеді

Патриархат сақшылары

Қазақстандықтар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыстық жазаны қайтаратын заңды оң қабылдады. Бұл расында да маңызды қадам болғанымен, мемлекеттік институттар басшылыққа алатын патриархал логиканы жоққа шығармайды.

Көпшілік заң қабылданғанға дейін және азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты атышулы іске дейін әйелдерді қорғансыз қалдырды деп жазғырып, мемлекеттік институттар жұмыс істемейтінін айтатын.

Ал бәрі керісінше болса ше? Институттар зорлықшыларды қорғап отыр емес пе?

2017 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әйелдерге қарсы зорлықты қылмыстық жазадан алып тастайтын заңға қол қойды. Бұл өзгеріс ұрып-соққаны үшін айыпты жуып-шаюға мүмкіндік берді.

Жақында ішкі істер министрлігі 2023 жылы әйелдерге қарсы зорлық бойынша 99 мың өтініш түскенін айтты. Оның тек 1000-ы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған, ал 79 мыңы – әкімшілік іс. Әкімшілік іс бойынша азын-аулақ айыппұл мен бірнеше күнге қамау қарастырылған.

Ішкі істер министрлігі 70% жағдайда зорлыққа ұшырағандардың арыз жазудан бас тартуынан полицияның зорлықшыға ешқандай шара қолдана алмайтынын да хабарлады. Десе де, зорлыққа ұшырағандарды арызынан бас тартуға шақыру полицияның қалыпты тактикасы екенін білеміз. Оған қоса, полиция қызметкерлерінің жанжалды әйелдер бастайды дейтін соқыр сенімі бар.

Қоғам гендерлік зорлық-зомбылық туралы көптеген оқиғадан бейхабар. Бірақ соның біреуі полицияның әрекетіне қарамастан, ақпарат құралдарына шығар болса, мемлекеттік институттар оны байқамау үшін барын салады. Болмаса, патриархаттың сүйікті тетігі - ақыл айтуға көшеді.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың Салтанат Нүкенованың өлімі мен әйелдерге қарсы басқа да зорлық әрекеттері туралы айтқан сөзі бәріміздің есімізде. Ол сенімді түрде әйелдердің заң қорғауында екенін, ал басты проблема – ерлі-зайыптылардың дұрыс тәрбие алмауы екенін айтқан болатын.

Қарама-қайшылық та осында. Бізді көп жағдайда ықпалы мен ресурсы бар авторитетті сыйлау туралы патриархал көзқарастар тамыр жайған мемлекеттік институттар тәрбиелеп отыр.

Дәл осы себепті өлгеніне өзі кінәлі деген сарындағы Бишімбаевтың көп сөзін үздіксіз тыңдауға мәжбүрміз. Оның адвокаттарымен бірге толық ақталу болмаса да, анағұрлым жеңіл жаза алуға тырысып жатқанын бақылауға мәжбүрміз. Егер бұл іс осындай дүмпу тудырмаса, олардың дегені тез-ақ бола салар еді.

Осынша резонанс болмаса, Нүкенованың өлімі туралы іс басқа мыңдаған іс секілді қылмыскердің бірер күн қамалуымен не айыппұл төлеуімен бітер еді. Әйтсе де, билік өзінің өкілеттігіне зиян келмеуі үшін жеңілдік жасап, әйелдерге бағытталған зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қайта қарастыруға мәжбүр болды.

Дегенмен, тіпті жаңа заңның өзінде патриархал ұстанымдар бар. Оның жаңадан енгізілген “дәстүрлі отбасы құндылықтарын сақтау” туралы бөлігі институттарға жаңа қауіп-қатер ойлап табуға мүмкіндік береді. Ал патриархал мемлекет әрі қарай да абюзерлерді қорғай беру үшін дәл осы тұсты пайдаланады.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.