3892
16 мая 2024
Суретті АҚШ дипломатиялық миссиясы ұсынды

Сауда және инфрақұрылым арқылы АҚШ-Қазақстан байланыстарының тереңдеуі

АҚШ Сауда министрлігінің жаһандық нарық бойынша орынбасары және сауда қызметінің бас директорының бағанасы

Сауда және инфрақұрылым арқылы АҚШ-Қазақстан байланыстарының тереңдеуі

Америка Құрама Штаттары Орталық Азиядағы егемендікті қолдауға, қауіпсіздікті нығайтуға және дамуға көмек беруге негізделген Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестік орнатқанын мақтан тұтады. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің 2023 жылдың ақпанындағы Астанаға сапары, былтырғы жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен тарихи С5+1 президенттік саммиті және 26 наурыздағы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Вашингтонға сапары Қазақстанның АҚШ үшін Орталық Азиядағы және дүние жүзіндегі стратегиялық серіктесі ретінде маңыздылығын көрсетеді.

Сауда – АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынасының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Осы мақсатта 16-17 мамырда сегіз америкалық компаниядан тұратын АҚШ Сауда министрлігінің сауда миссиясы потенциалды сатып алушылар және серіктестермен іскерлік қарым-қатынас орнату мақсатында Алматыға сапар шегеді. Миссия осы аптаның басында Түркияның Стамбул қаласында өткен Trade Winds Europe/Eurasia сауда миссиясы мен бизнесті дамыту форумының жалғасы болып табылады.

Біздің сауда миссиямыздың қазақстандық бөлігіне қатысатын америкалық компаниялар қоршаған ортаны қорғау технологиясы, денсаулық сақтау және тау-кен өнеркәсібінен бастап машина жасау, ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік, энергетика және т.б. әр түрлі салаларда АҚШ ұсына алатын ең үздік инновациялық өнімдер мен қызметтерді көрсететін кәсіпорындардың өкілдері болып табылады. Біздің миссия мүшелері Қазақстанның инфрақұрылымын жаңарту қажеттіліктері туралы көбірек білуге ​​және көмек көрсету жолдарын зерттеуді асыға күтеді.

2023 жылы АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауданың жалпы көлемі 3,4 миллиард долларға жетті, ал Америка Құрама Штаттары ондаған миллиард доллармен Қазақстанға шетелдік инвестицияның ең алғашқы көздерінің бірі болды және ең ірі инвесторлардың бірі болып қалуда. Мысал ретінде Қазақстан экономикасына маңызды үлес қосқан АҚШ-тың ірі мұнай-газ компанияларын (Chevron және Exxon), сондай-ақ KazBeef-ті құру арқылы қазақстандық ет өнеркәсібін едәуір жақсартуға ықпал еткен америкалық серіктестікті келтіруге болады. Қазақстандағы америкалық компаниялар сонымен қатар жергілікті халыққа әлемдік деңгейдегі технологияларды, қауіпсіздік стандарттарын және жұмыс күшін дамытуды қамтамасыз етті.

Америка Құрама Штаттары, сондай-ақ, әлемде «жасыл» энергетикаға көшу үшін маңызды болып табылатын Қазақстанның сирек кездесетін минералдық қорларын игерудегі серіктестіктің потенциалына зор ынтамен қарайды. Сонымен қатар, жыл сайын шамамен 30 000 қазақстандық Америка Құрама Штаттарына, ең алдымен, бизнес және туризм мақсатымен келеді. Бұл біздің инвестицияларымызды және адамдар арасындағы байланысты одан әрі кеңейтеді, өйткені Қазақстан АҚШ саяхатшылары үшін келешегі үлкен бағытқа айналуда. Мұндай инвестициялар екі жаққа да тиімді болып табылады және біз 23-26 маусымда Вашингтонда, АҚШ Сауда министрлігі ұйымдастыратын 2024 жылғы SelectUSA инвестициялық саммитінде қазақстандық бизнес делегациясын қабылдауды асыға күтеміз.

Оның үстіне, Қазақстан аймақтағы ірі көліктік-логистикалық хабқа айналуда, ал Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту жалпы саны 525 миллионға жуық потенциалды тұтынушыларды құрайтын көршілес елдермен тауар айналымын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.

Біздің осы жолғы сапарымызда америкалық делегация қазақстандық потенциалды сатып алушылармен және серіктестермен 50-ден астам жеке кездесулер өткізеді. Миссия қатысушылары, сонымен қатар, Қазақстандағы негізгі мемлекеттік және бизнес өкілдерімен қарым-қатынас орнату іс-шараларына қатысады.

АҚШ-та да, Қазақстанда да шағын және орта кәсіпорындар (ШОК) барлық кәсіпорындардың басым көпшілігін құрайды және біздің елдеріміздің экономикасының қозғалтқышы болып табылады. Миссияға қатысатын америкалық компаниялардың көпшілігі шағын және орта кәсіпорындар. АҚШ миссиясының қатысушылары үшін де, Қазақстандағы потенциалды серіктестер үшін де бұл сауда миссиясы ұзақ мерзімді жеке қарым-қатынастарды құрудың бірегей артықшылығын ұсынады.

Коммерциялық қарым-қатынасымызды кеңейту және серіктестігімізді нығайту әсіресе осы қиын кезеңде қазіргі және болашақ ұрпақтарымызды қорғаудың маңызды басымдықтары болып табылатын аймақтық қауіпсіздік, бейбітшілікті сақтау және климаттың өзгеруі сияқты кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты ілгерілетумен қатар жүреді.

Мен Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы жаңа сауда қатынастарын құру және экономикалық байланыстарды тереңдету перспективаларына құлшыныспен қараймын.

Сауда қарым-қатынастарымызды кеңейту мақсатында біз АҚШ-тан тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерді табуға қызығушылық білдіретін қазақстандық барлық кәсіпорындарды Астанадағы АҚШ Елшілігі мен Алматыдағы консулдықтағы біздің сауда-экономикалық бөлімдерімізбен жұмыс істеуге шақырамыз. Іскерлікпен айналысатын нағыз уақыт келіп жетті.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Арун Венкатараман – АҚШ Сауда министрінің жаһандық нарықтар бойынша орынбасары және АҚШ-тың сауда қызметінің бас директоры