5118
22 мая 2024

Дамыған елге айналу үшін Қазақстан әйелдерге қарсы жүйелі зорлық-зомбылықты жоюы керек

Оған экономиканың өсімі мен инновацияның дамуы жеткіліксіз

Дамыған елге айналу үшін Қазақстан әйелдерге қарсы жүйелі зорлық-зомбылықты жоюы керек

13 мамырда Астананың қылмыстық сотында бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты атышулы сот процесі аяқталды. Оған әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сот процесі апталап созылып, көпшілік назарында болды: посткеңестік елдерден және одан да тысқары жерлерден миллиондаған телекөрермен сот залынан жасалған тікелей трансляцияны қарады.

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Бұл даулы оқиға Қазақстандағы тұрмыста болатын зорлық-зомбылықты және әйелдерді қорғауға тиіс құқық қорғау органдарының тиімділігін бүкіл ел болып талқылауға жол ашты.

Қоғамдық дүмпу туғанына қарамастан, үкімет тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін реттейтін заңнаманы түбегейлі өзгертуге асыққан жоқ. Ақыры сәуір айының ортасында, Бишімбаевқа қатысты сот процесі кезінде үкімет отбасында болатын зорлық-зомбылық қайтадан Қылмыстық кодекспен реттелуге тиіс деп қаулы қабылдады (2008 жылы отбасында болатын зорлық-зомбылық Азаматтық кодекске ауыстырылған еді).

Нүкенованың ісі бойынша алғашқы сот отырыстарын ел болып бақылау күшейген сайын қоғамдық қолдау да арта түсті. Интернетте #Салтанатүшін хештегімен флешмобтар, Қазақстанда және шетелде митинг өтті. Оны Еуропа мен АҚШ-та тұратын қазақстандықтар ұйымдастырды.

15 сәуірде қабылданған түзетулер тұрмыстағы зорлық-зомбылық ұғымын кеңейтті және құқық бұзушыларға тағайындалатын жаза біраз қатаңдады. Жаңа заңда денеге қасақана зақым келтіруден бастап, азаптау, зорлау, тіпті құрбанды өзін өлтіруге жеткізуге дейінгі қылмыстарға түрмеге қамау түріндегі қатаң жаза қарастырылған.

Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты істерде тараптардың татуласуына жол берілмейді. 16 жасқа дейінгі тұлғаларға қатысты жыныстық зорлық жасау, өлтіру және жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу өмір бойына қамалуға әкеледі.

Заңнаманы реформалауға шақырған белсендінің бірі – #НеМолчи қоғамдық қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі. Нүкенованың өлімінен кейін белсендіге қысым күшейді: прокурор оған алаяқтық және талан-таражға салу (азаматтардан донат ретінде алған қаражатты) туралы іспен байланысты 6 қылмыстық айып тақты.

Таңсәрінің қоры Қазақстанда мейлінше танымал. Ол полиция дұрыс тергемеген зорлық-зомбылық оқиғаларына қоғам назарын аударуға көмектеседі. Жүз мыңдап лайк басылатын, миллиондаған теңге көлемінде көмек жинайтын жазбаларында Таңсәрі ішкі істер министрлігін сынға алады, нақтырақ айтқанда, полиция жыныстық зорлық туралы істерді дұрыс қарамағанын сынайды. Соңғы қудалауға байланысты қарашада Таңсәрінің шоттары бұғатталып, оған жергілікті және халықаралық іздеу жарияланды.

Үкіметтің Таңсәріге қатысты әрекеті қоғам талаптарына, тіпті Қазақстанның алға қойған стратегиялық мақсаттарына сәйкес келмейді деуге болады.

Кейінгі жылдары бірнеше геосаяси және экономикалық тұрақсыздық толқынын бастан кешкен, ресурсқа бай Қазақстан ондаған жыл бойы әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосылуға тырысып келді. Ол үшін экономикалық және институциялық факторлардан бөлек, үкімет әйелдерге тікелей қатысы бар саясат пен мәселелерге де жіті көңіл бөлуі керек.

Сурет Жоғарғы соттың телеграм арнасынан

Статистика елде ерлер жағы, соның ішінде 27 жасқа дейінгілер саны өсіп жатқанын көрсетіп отыр. Егде жастағы адамдар арасында әйелдер ерлерге қарағанда көп болса да, олардың да үлесі жыл сайын азайып бара жатыр.

Кейінгі бес жылда әйелдер саны өсімінің орташа жылдық қарқыны 1,2% болды. Ерлердікі – 1,4%. 14 жастан 28 жасқа дейінгі әйелдер саны 0,1 пайызға қысқарып, 1,83 млн болған, ал сол жас тобындағы ер адамдар саны 0,1 пайызға артып, 1,92 миллионға жеткен.

Отбасы институты да әлсіреп жатыр: Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша әлемде 16-орында тұр, бұл да тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа деген немқұрайлықтың көрсеткіші болса керек. Гендерлік теңсіздік Қазақстанға ғана емес, Азияның басқа елдеріне де тән: әсіресе Қытай мен Үндістан осындай проблемаға ұрынып отыр. Кейбіреулер бұл теңсіздіктің салдары зорлық, қылмыс, тіпті қарулы қақтығыспен байланысты қиындыққа әкелуі мүмкін дейді.

Ерлер санының артуымен қатар Қазақстан тағы бір демографиялық мәселемен бетпе-бет келуі мүмкін, бұл жағдай биліктің мақсатқа қол жеткізуіне кедергі болуы ықтимал. Көптеген көрсеткіш бойынша әйелдер ерлермен тең, тіпті олардан жақсы жұмыс істесе де, бұл жетістік айтарлықтай нәтижеге әкелмейді, соның ішінде жоғары лауазымды иемдену мүмкіндігін бермейді. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметтер осы парадокске нұсқайды.

Әйелдер жоғары білім алғанын растайтын диплом саны жөнінен барлық деңгейде ерлерден басым түссе де, ғылымда да көпшілік болып, зерттеу және әзірлеу бағдарламаларын басқарса да, басшылық орындарда олардың саны аз. Мысалы, 2022 жылы әйелдер жоғары оқу орындарындағы басшылық лауазымның тек 21 пайызына ие болса, қалған 79% ерлерге тиесілі болған.

Басқа салаларда да осындай жағдай байқалады, бұған үкіметтегі жоғары лауазымдарды қосуға болады, оның құрамында небәрі төрт әйел бар немесе парламенттің екі палатасында да әйелдердің үлесі 20 пайыздан аспайды.

Қазақстан қауіпсіздік мәселесін шешіп, қызметте өсуге теңдей мүмкіндік жасай алмаса, ақылды әйелдердің елден кетуі мәселесін ушықтыруы мүмкін. Бұл кәсіби білігі мен табыс табу әлеуетіне қарамастан жүйелі кедергілерге ұрынатын жоғары білімді әйелдер үшін аса өзекті, сол себеппен де олар мүмкіндікті шетелден іздей бастауы мүмкін. Институттардың әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға қабілетсіз болуы олардың жағдайын қиындатып, ахуалды күрделендіре түседі.

Иллюстрация Данияр Мүсіровтікі

Қазақстан қауіпсіздік мәселесін шешіп, қызметте өсуге теңдей мүмкіндік жасай алмаса, ақылды әйелдердің елден кетуі мәселесін ушықтыруы мүмкін. Бұл кәсіби білігі мен табыс табу әлеуетіне қарамастан жүйелі кедергілерге ұрынатын жоғары білімді әйелдер үшін аса өзекті, сол себеппен де олар мүмкіндікті шетелден іздей бастауы мүмкін. Институттардың әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға қабілетсіз болуы олардың жағдайын қиындатып, ахуалды күрделендіре түседі.

Осы тұрғыдан елде тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға толықтыру енгізілуі құптарлық нәрсе, үкіметтен белсенді әрекет күту де дұрыс-ақ. Бірақ олардың іс жүзінде тиімді екеніне, әсіресе патриархал нормалар әлі де күшінде тұрған шалғайдағы ауылдық жерлерде іске асатынына кейбіреулер күмәнмен қарайды.

Зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау орталықтары лық толы. Күн сайын олар шамадан тыс қоңырау қабылдайды. Ішкі істер министрлігі де жаңа заңның тиімділігіне қатысты алаңдап, зорлық қылғанның бәрін қамауда ұстау қиын болады деп мәлімдеді. Олардың есебі бойынша, заң қабылданғаннан кейін бес мыңдай адам тергеу изоляторына қамалуы мүмкін.

Нүкенованың ісі Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық пен әйелдер құқығы саласындағы дағдарыс туралы жаңа пікірталасқа түрткі болды. Заңнамадағы жаңа түзетулер дұрыс бағытқа жасалған қадам болса да, шын мәнінде алға жылжу үшін қоғамдық пікірді түбегейлі өзгерту және бұлжымас заңның аясынан асып түсетін әділдікке бейіл болу қажет.

Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын қалғанда жоғары лауазымды шенеунікпен байланысты тағы бір тұрмыстағы зорлық оқиғасы белгілі болды. Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі елшісінің кеңесші қызметін атқаратын азаматтың әйелі Карина Мамаш он жыл бойы зорлық көргенін жария етті. Үкімет Бишімбаев ісіндегі белсенділікті жалғастыра ала ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Раушан Жандаева – Джордж Вашингтон университетінің докторанты, Еуразия саясатын зерттеп, Орталық Азияға ерекше көңіл бөледі. Әлия Асқар – Қазақстанның тәуелсіз зерттеушісі.