4913
29 мая 2024
Амина Ақтайлақова және Паоло Сорбелло, Власть, фото Wikimedia Common

Израиль әскерінің Рафахқа шабуылы. Халықаралық сот қаулысы әсер ете ме?

Халықаралық сот шешіміне қарамастан Израиль әскері Рафахты бомбалауды жалғастырып жатыр

Израиль әскерінің Рафахқа шабуылы. Халықаралық сот қаулысы әсер ете ме?

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

24 мамырда Халықаралық сот (ICJ) Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласындағы жағдайды «апатты» деп сипаттап, Израильден қалаға жасалған әскери шабуылын тоқтатуды талап етті.

Гаагадағы сот шешімін жариялаған Халықаралық сот президенті Науаф Салам: «Геноцид конвенциясына сәйкес, Израиль Рафах провинциясындағы әскери шабуылын және кез келген басқа әрекетті дереу тоқтатуы керек», – деді. Ол ықтимал салдарын атап өтіп, Газа секторындағы палестиналықтардың «жойылуына» қарсы ескерту жасады.

Сот Израильдің Газа секторындағы, атап айтқанда, Рафахтағы әскери операцияларын тоқтатуды және Израиль әскерін Газадан толығымен шығаруды міндеттеді.

Не болды?

2023 жылы 7 қазанда Хамастың Израильге жасаған шабуылынан кейін Израиль үкіметі Газа секторында соғыс бастады.

Кейінгі бірнеше күнде Рафах қаласына жасалған тікелей шабуылдар Палестина халқының арасында ондаған бейбіт тұрғынның өліміне әкелді. 26 мамырда, сот шешімінен кейін екі күн өтер-өтпесте Израильдің әуе арқылы шабуылы кем дегенде 45 адамның өмірін қиды, олардың арасында БҰҰ-ның «қауіпсіз аймағында» орналасқан Қызыл Крест шатырлы ауруханасындағы балалар мен науқастар болған.

28 мамырдағы жағдай бойынша, Израильдің Газаға қарай жалғасып келе жатқан әскери шабуылдары (өткен жылдың 7 қазанынан бері) кем дегенде 36 050 палестиналықтың өмірін қиды.

7 мамырда Израиль әскерлері Мысырмен шекарадағы Рафах жақтағы Газа бөлігін бақылауға алды. Халықаралық сот қаулысымен Израиль гуманитарлық көмектің кіруіне рұқсат беру үшін Мысыр мен Газа арасындағы Рафах бақылау-өткізу бекетін қайта ашуға міндеттелді.

Сонымен қатар, халықаралық сот шешіміне сәйкес, Израиль БҰҰ өкілдеріне де, фактілерді анықтау миссияларына және геноцид туралы айыптауларды зерттейтін журналистерге де Газаға шектеусіз кіруге рұқсат беруі керек. Қаңтар айында БҰҰ сотындағы тыңдалым кезінде Оңтүстік Африка Израильді палестиналықтарға қарсы геноцид жасады деп ресми түрде айыптады.

Рафахта не болып жатыр?

Хамас 6 мамырда атысты тоқтату туралы келісімге келгеннен соң бірнеше сағат өткенде, Израиль 1,4 миллионға жуық палестиналық паналаған Газа секторының оңтүстігіндегі Рафахтағы әскери операциясын жалғастыра берді.

БҰҰ сарапшылары Израиль эвакуацияланғандар баспана іздеп орналасқан аймақтарға бірнеше рет шабуыл жасағанын хабарлады. Олар Рафахқа жасалған әскери шабуылды «Газа халқын күштеп көшіру және жою бойынша жеті айға созылған науқанның шарықтау шегі» деп атады.

Халықаралық сот шешімі Газадағы гуманитарлық дағдарысты «апатты жағдайда» деп сипаттады, оның жерінің көп бөлігі қираған және азық-түлік, таза су, дәрі-дәрмек аймақтары қоршауға алынғандықтан, халықтың 85%-ы ел ішінде көшірілген.

Фото авторы: Әли Джадаллах /Анадолы

Израиль қандай реакция білдірді?

Израиль шенеуніктері ICJ қаулысын «екіұшты» деп сипаттап, Израиль әскерінің Газаның оңтүстігіндегі шабуылын жалғастырып жатқанын негіздейтін нюанс бар деп санайды.

Нетаньяхудың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Цачи Ханегби Халықаралық соттың Израильдің әскери операциясын геноцид деп санайтын мәлімдемесін жоққа шығарды. «Олардың бізден сұрап тұрғаны – Рафахта геноцид жасамау. Біз геноцид жасамадық және жасамаймыз да», – деді Ханегби сенбіде Израильдің N12 телеарнасына.

Рафахқа шабуыл жалғаса ма деген сұраққа Ханегби былай деп жауап берді: «Халықаралық құқыққа сәйкес, өзімізді қорғауға құқығымыз бар және соттың өзімізді қорғауды жалғастыруымызға кедергі келтірмейтіні дәлел».

Халықаралық сот бұйрығы жағдайға өзгеріс енгізе ме?

Қаулының заңды салмағы болғанымен, Халықаралық сот БҰҰ жүйесінде оның іс жүзінде орындалуын талап ететін өкілеттілікке ие емес.

Сот шешімі енді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде талқыланады, бұл сот шешімін орындату үшін ұжымдық әрекетке баруға мүмкіндік береді. Бірақ тарихи тұрғыдан алғанда, АҚШ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты орнын Израильді халықаралық құқықты бұзудың салдарынан қорғау үшін пайдаланып жатады.

«Бұл шешім көмек көрсетуге мүмкіндік ашады, бірақ үкіметтер Израильдің сот шешімін орындауы үшін оған қысым жасау арқылы өз тетіктерін пайдаланған жағдайда ғана іске асады», - дейді Human Rights Watch сарапшысы Балкис Джаррах.

Басып алынған Палестина аумақтары бойынша БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Франческа Албанезе Израильдің одан әрі шабуылдауын тоқтата тұру үшін санкциялар да қажет деп санайды, бірақ бұл да әсер етуі екіталай: «Санкцияларсыз Израиль өзгермейді», - деді ол мамыр айының басында Италияның Il Manifesto басылымына.

Рафахқа жасалған соңғы соққыға қатысты Албанезе X желісінде: «[Халықаралық] заң мен жүйеге қарсы ашық жасалған мұндай қатыгездікке жол берілмеуі керек», - деді.