4617
22 июля 2024
Ольга Логинова, сурет Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінікі

Арық неліктен жаңбыр суы ағатын кәріз бола алмайды?

Қала шалшық судан қайтсе құтылады және жаңбыр суын қалай пайдаға асыруға болады?

Арық неліктен жаңбыр суы ағатын  кәріз бола алмайды?

Алматы әкімдігі жыл сайын қатты жаңбырдан кейін жиналатын сумен күресуге бюджеттен қаражат бөледі. Проблеманы шешу үшін билік ескі жаңбыр коллекторларын қалыпқа келтіріп, солармен арық желілерін жалғап, оған қоса жаңа арықтар салып жатыр. Әйтсе де, сарапшылар жаңбыр суы ағып кететін жабық кәріз жүйесін салу анағұрлым ұтымды шешім болар еді дейді.

Власть оның арық желісінен қандай айырмашылығы бар екенін, арықты жаңбыр суын ағызуға неліктен пайдалануға болмайтынын, қала жаңбыр суы мен шалшық су көлемін қалай азайта алатынын түсіндіріп бермек.

Екі жыл бұрын Алматы әкімі Ерболат Досаев Алматыны шалшық су басу мәселесін үш жылда шешуге уәде берді. Қала басшысы әкімдік бұл мақсатта кешенді бағдарлама әзірлеп жатқанын хабарлады.

Батпақтанып, істен шыққан қала коллекторларының басым бөлігі жөнделеді, проблемасы бар учаскелер жойылады деп жоспарланды. Былтыр әкімдік құрылыс компанияларын көше-жол желілерін салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде инженерлік коммуникацияларды жөндегеннен кейін жаңбыр суы ағатын кәріз жүргізуге міндеттеді.

Бірақ, сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар ауқымды нәтиже бере алмайды, өйткені қалада дұрыс ойластырылған жаңбыр суы ағып кететін жүйе жоқ.

«Қала суды алдын ала төтенше жағдай деп қойып отыр»

Былтырдың өзінде үнемі жиналатын шалшық суды құртуға Алматының жергілікті бюджеті резервінен 5,3 млрд теңге бөлінген.

Гидротехника құрылысы, коммуналдық сумен қамту және су тарту саласының инженері Марат Балгереев кеңес заманында Алматының жаңбыр суы ағатын кәрізі схемасын жасауға қатысқан. Ол, сондай-ақ, Urban Forum Kazakhstan жариялаған «Жаңбыр суы ағатын кәріз контексінде өмір сүру ортасының сапасы» зерттеуінің авторы.

«Мен Алматы қаласында жаңбыр суы ағатын жүйелі кәріз жоқ деп санаймын. Ашық арық жүйесі – жаңбыр суын ағызып жіберу ғана», – дейді Балгереев.

Маман әу бастан Алматыдағы жағдай қолайлы болғандықтан су ағызудың бөлек жүйесін салуға қажеттілік болған жоқ деп түсіндірді: су ылдиға қарай ағып, жерге сіңіп кететін, жауын-шашын кезіндегі қолайсыздық аса ұзаққа созылмайтын.

Алайда уақыт өте келе құрылыстың көбеюі су сіңбейтін беткі қабаттардың ұлғаюына әкелді: асфальт жолдар, тротуарлар мен суағарлары бар шатырлар.

Қала билігінің қазіргі көзқарасына сай суағарлар көптеген қолайсыздық пен проблема тудырып отыр.

«Біздегі меридионал көшелер қолайлы орналасқан, онда су ағып кетеді. Алайда су Абай, Райымбек, Жібек жолы сияқты енді көшелерге жеткенде, сол жерге жиналып қалады», – деп түсіндірді сарапшы.

Жібек жолы көшесіндегі нөсер ағыны, суретті Ирина Гумыркина түсірген

Еңіс көшелермен ағатын су қаланың солтүстік бөлігіне, еңіс жайылып кететін Райымбек даңғылынан төменге жиналады, соның зардабын ондағы үйлер көреді: жаңбыр кезінде су басады және жерасты суының деңгейі көтерілгенде де шалшық жиналады.

«Жауын-шашынның салдарымен ТЖМ күреседі, олар топырақ толтырылған қапшықтар, сорғылар сатып алады. Қала суды алдын ала төтенше жағдай деп қойып отыр», – дейді Балгереев.

Оның үстіне жауын суы әдетте автомобиль майымен, реагенттермен және жағылған газдың күйе қоқымымен қатты ластанады, бұл арықтардың бойына отырғызылған ағаштарға да зиян. Марат Балгереевтің айтуынша, қала өзендеріне құйылатын лас су түптеп келгенде Кіші Алматы өзені арқылы Қапшағай су қоймасына да кері әсерін тигізеді.

Суретті Ольга Логинова түсірген

Арық пен жаңбыр суы ағатын кәріздің айырмашылығы қандай?

Алматыда арықтар әу баста суару үшін пайдаланылды, сондай-ақ тұрғындарға су құбыры салынғанға дейін ауыз су берді.

Оларды пайдалануға қатысты қала билігінің көзқарасы кейінгі бірнеше жылда өзгерді.

2016 жылы Бауыржан Байбектің алдында есеп берген қала басшысының орынбасары Ерлан Әукенов арықтарды жауын суына арналған суағар ретінде пайдалануға болмайды, тек ағаш суаруға ғана арналған деп мәлімдеді.

Әйтсе де, 2019 жылы әкімдік арықтар жаңбыр суын ағызу және ағаш суару сынды екі қызметті қатар атқарады деп мәлімдеді.

Қалада арық желілерінің ұзындығы мың жарым шақырымнан асады, олардың көп бөлігі жауын суын ағызуға пайдаланылады. 2021 жылғы мәлімет бойынша, суаруға арық желісінің тек 206 шақырымы пайдаланылған.

Марат Балгереев арық науалары жаңбыр суын ағызуға да, суаруға да қауқарсыз деп санайды.

«Ашық науа жаңбыр суын ағызуға технологиялық жағынан сай емес, – дейді сарапшы. – Жер астында кәріз желісін кез келген еңіспен жүргізуге болады, ал беткі қабатта мұны істеу мүмкін емес. Еңісі 10 сантиметрден аз болса, науаға батпақ жиналады».

Сыртқы науалардың типтік өлшемі әдетте бірдей болып келеді, белгілі бір учаскелерде олардың көлемі келіп жатқан ағынға жеткіліксіз болуы мүмкін, ал кейбір учаскелерде, керісінше, тым үлкен болуы мүмкін.

Оның үстіне, қазір арықтар толып қалғанда оларды тек қолмен тазартып жүр, автоматты түрде тазартатын шешім әзірге жоқ. Сарапшының пікірінше, суару үшін арықтар тым аласа орналасқан: саңылаулар арқылы су ағаш тамырына жетсе де, шөпке жете алмайды.

Бұрын арықтарда суару кезінде судың берілуі де, ағуы да реттелетін. Қазір бейберекет құрылыстың кесірінен су ағызу істемейді, қаланың орталығында арықпен ағатын тау суы ешқайда ағып кетпейді.

Жаңбыр суының жабық кәріз жүйесінің үлгісі, сурет америкалық NACTO көлік қызметкерлері қауымдастығы сайтынан алынды

Жаңбыр суының жабық кәрізі жүйесі деген не?

Балгереев Қазақстанда кеңес заманында қолданылған құрылыс нормалары мен ережелері бойынша, қалаларда жаңбыр суы ағып кететін жабық кәріз жүйесі болуы керек екенін атап өтті. Ал қазіргі құрылыс нормалары мен ережелерінде мұндай талап жоқ дейді ол.

Сарапшының түсіндіруінше, жабық жүйе бірнеше кезеңнен тұруы керек.

«Жаңбыр жер үстімен ағатын суға айналады. Алдымен оны ұйымдастыру керек, сосын осы ағынды тасымалдау керек. Келесі кезең – шоғырландыру, сосын тазарту: ағын жер бетімен қозғалып, ластануы қалыпты нәрсе. Келесі кезең – не жер бетіндегі су қоймаларына ағызу, не пайдалану», – дейді Балгереев.

Жаңбыр кәрізі жүйесі құбырлар желісінен, суағарлардан және жер бетіндегі суды жинайтын басқа жүйелерден, сондай-ақ олардың жерасты коллекторларынан, таратқыштардан, тазарту орындарынан және жиналған суды пайдалану технологияларынан тұрады. Сонымен қатар оған қыста қатты жауынды ағызу және кейін көктемде су толып кетпеуі үшін қар еріту бекеттері кіруі мүмкін.

Балгереев Алматыда жаңбыр кәрізінің кешенді схемасын әзірлеу керек, сондай-ақ үйлерді жобалаған кезде техникалық шарттар қоятын құрылым құру қажет жеп санайды.

Сарапшының пікірінше, жүйенің бірінші кезеңі – жер бетіндегі суды ағызуды құрылыс салушылар жасай алады, сондықтан оларды осы жағын қарастыруды заңнама арқылы міндеттеу керек.

«Су шатырдан суағар құбырлар арқылы асфальтқа ағады, бұлай істеуге болмайды, – деп түсіндірді ол. – Біздегі шатырлар, автотұрақтар, алаңдар тым үлкен». Құрылыс салушыларды ғимараттан аққан жаңбыр суын жақын жердегі коллекторларға дейін жеткізуін міндеттеу керек.

Қазір құрылыс салушылар жол салғанда және жөндегенде жаңбыр суы ағатын кәріз қарастыруға міндетті. Алайда әдетте суды ағызатын науалар ғана жобаға кіреді, бірақ ол әрі қарай қайда жіберілуі керегі түсініксіз, өйткені қалада біртұтас жүйе жоқ. Нәтижесінде науалар бір-біріне және коллекторларға жалғанбаған.

Суретті Данияр Мүсіров түсірген

Ағын суды тасымалдау жүйесі бюджет есебінен салынуы керек, бірақ коллекторлар мен тазарту жүйелерін концессия арқылы іске асыруға болады дейді ол: жеке инвестор құрылыс біткен соң жүйені біраз уақыт пайдалана алатындай болса, ал беткі қабатына жиналған суға есептеліп, әр үйден төлем алынады.

Осыған ұқсас ұсынысты мәжілісмен Павел Казанцев су кодексі бойынша жұмыс тобының отырысы кезінде айтқан еді. Ол суды өңдеу және сақтау үшін ақы алынуы керек, бұған біреу жауапты болуы керек деген ой айтты, бірақ бұл суды қалай жинап, қалай есептейтіні, оның тазалығына қалай қарайтыны әзірге түсініксіз.

Германияның гидрология магистрі және су мен қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы Лина Граф өз елінде жаңбыр суына ақы алынатынын айтты, алайда егер тұрғындар бұл суды суаруға пайдаланса, мұндай ақыдан босатылуы мүмкін. Мұндай шаралар ауыз суды үнемдеуге ынталандырады.

Граф шілдеде Алматыға келіп, «сіңіргіш қала» концепциясы, жаңбыр мен қар суын үнемдеу, тазарту және пайдалану әдістері туралы шеберлік сабағын өткізді.

Ол осындай әдістің мақсаты – қала кеңістігі суды көбірек «сіңіретіндей» ету екенін айтты, әйтпесе жиналып, көше суға толады немесе кәріз коллекторларын тұншықтырып тастайды.

Ол үшін түрлі шешімдер қолданылады: топырақ пен өсімдік қабаты бар үйдің жасыл шатырлары және қоғамдық көлік аялдамасының шатыры секілді басқа да қабаттарды көгалдандыру, сүзгі қабаты бар арнайы дренаж қуыстары, су өткізетін саңылаулары бар тротуар плиталарын пайдалану, тіпті жаңбыр суын жинайтын жерасты цистерналарын да қолдануға болады. Бірақ ондайды Алматы секілді сейсмикалық белсенді қалалар қолданбағаны дұрыс.

Архитектор Жанна Спунер де қалада жаңбыр суының көлемін түрлі тәсілмен азайтуға болады дейді: ғимарат маңынан су жинағыш орнатып, сосын суды суаруға пайдалануға болады. Көше төсеміне су өткізетін тас пайдалануға, ал қала саябақтарында асфальтты топырақ қабатымен ауыстыруға болады.

Сондай-ақ архитектор жалпы көгалдандыру алаңын көбейтуге, көгал мен біржылдық өсімдіктерді көпжылдық бұталарға ауыстыруға, паркингтерді пергола және кеуек төсемдер көмегімен көгалдандыруға және қала саябақтарында жинақтағыш көлдер салуға кеңес береді.

Сонымен қатар, архитектор арық жүйесі Алматының игілігі екені сөзсіз, оны сақтап қалу керек, әйтсе де экожүйені, эстетиканы жақсарту үшін арық дизайнын өзгертуге болады дейді.

«Мысалы, Тегеранның арық жүйесі мәдени мұра қатарында және ЮНЕСКО қорғауында, – дейді ол. – Ландшафт дизайны және инженерия тұрғысынан бұл жерде атқаратын тірлік жетіп артылады».