4005
4 сентября 2024
Светлана Ромашкина, Власть, суреттер Данияр Мүсіровтікі

Субұрқақтың асты

Алматыдағы Республика алаңындағы су құрылысының құпия бөлігі

Субұрқақтың асты

Республика алаңында Алматыдағы ең үлкен субұрқақтың бірі орнатылған. Ол 1980 жылдардың басында осы алаңның жалпы сәулет жобасы жүзеге асып жатқанда салынды. «Власть» субұрқақ астында болып қайтты, субұрқақтың құпия бөлігі 600 шаршы метр жерді алып жатыр.

Алматы орталығындағы сегіз субұрқаққа «Эко Алматы» мекемесінің ауысыммен жұмыс істейтін үш слесарі жауапты, олар өзін қысқа ғана «субұрқақшы» деп атайды.

Марат Биназаров таңертеңнен Байсейітова көшесіндегі субұрқақтардың әр текшесіндегі су бүріккіштерді жөндеп жатыр. Сәулет тұрғысынан мұның бәрі Республика алаңындағы су құрылысынан тұратын бір ансамбль болғанымен, инженерлік жағынан олардың бір-біріне қатысы жоқ.

Марат Биназаров 15 жылдан бері осы субұрқақтарға жауапты. Өзі әкімдік ғимаратының екі шетіндегі субұрқақтарды жақсы көреді. Бұлар ғимараттың жоғары жағында тұр. Ал Сәтбаев көшесінің солтүстік жағындағы субұрқақтың астында ең үлкен жерасты ғимараты бар. Республика алаңындағы субұрқақта 550-ге жуық су бүріккіш бар. Ағынның биіктігі – шамамен 6 метр.

Аумағы жағынан мұны тек тұңғыш президент саябағындағы субұрқақпен салыстыруға болады.

Субұрқақтың төменгі бөлігіне өту үшін бір шетінен кіру қажет, мұнда бірнеше баспалдақ бар. Сол жағында да дәл осындай есік бар, алайда алғашында бұл қоғамдық әжетханаларға апаратын жол болған, 1990 жылдары әжетхана жабылып қалған. Қазір бұл «Зеленстрой» қызметкерлерінің техникалық бөлмесі.

Субұрқаққа жауапты «Эко Алматы» жұмысшылары оң жақтағы бөлмеде отырады. Бұл жердегі темір есікті Қаңтар оқиғасы кезінде жұлып алуға тырысқан екен. Марат Биназаровтың айтуынша, ол уақытта жұмысқа шықпапты: «Осы есікке бола уайымдадым. Кіріп, бәрін қиратып кетеді деп ойладым. Бірақ қиратқан жоқ. Бұл кеңес заманында орнатылған есік қой, әлі күнге мызғымай тұр».

Қаңтар оқиғасы кезінде субұрқаққа біреулер от жағыпты. Марат Қаңтар кезінде мұнда жылынуға тырысқан болар деп болжайды.

Субұрқақтың астыңғы қабаты дымқыл, қараңғы әрі ылғалға бола маса көп. Марат Биназаров ылғал болуы конденсаттан екенін айтады, жер астындағы екі үлкен резервуардың әрқайсында 200 текше метр су тұр. Субұрқақтың жұмыс принципі қарапайым: су сорғының көмегімен құбыр арқылы су бүріккішке кетеді, ол жақтан субұрқақтың тостағына жетіп, сосын тазалағыш фильтрден өтіп, шыққан жеріне қайтып келеді.

Субұрқақтың астындағы бөлменің төбесі биік, бағандары мықты, алайда жарық аздау – жарық тек сорғы орналасқан жерде орнатылған, ар жағы қап-қараңғы. Марат Биназаров бір күні кезекшілікте болған қызметкер ысырманы жылжыту үшін түкпірге барған кезде қалада жарық сөніп қалғанын есіне алды. Маманның қолында не оттық, не майшам болмаған, сөйтіп құбырға сүйеніп, әрең шығыпты.

Жер астында. Оң жақта су резервуары

Екі айналымдық сорғы суды субұрқаққа және кері қарай айдайды – су құбыр арқылы қайтады.

«Қазір су астында тұрмыз. Суды бір, бір жарым ай сайын ауыстырады. Хлорлап, тотияйын саламыз, осылайша суды зарарсыздандырамыз», – дейді Марат Биназаров. Бұған қоса ол субұрқақта шомылуға болмайтынын, бірақ балалар мұны түсінбейтінін айтты. Әйтсе де, сүңгіп жатқан ешкім жоқ, жай ғана күн ыстықта судың астында әрі-бері жүгіріп ойнайды екен.

Марат Биназаровтың айтуынша, құлақ тосып тыңдасаң, жоғарыдан баспалдақпен көтеріліп бара жатқандардың дыбысы естіледі екен.

Соңғы рет субұрқақ төрт жыл бұрын жөнделген. Барлық сорғыны ауыстырғанмен, қалғаны 45 жыл бұрын кеңес заманында жасалған күйі қалыпты. Жөндеу жұмыстарына дейін каскадтар тереңірек болған, кейін оларды шамалы көтерген.

Жер астында коммуникациядан бөлек қызметкерлерге арналған шағын қосалқы бөлме мен жуынатын бөлме де бар.

Қосалқы бөлмеде келесі ауысымға шығатындар отыр, олардың жұмыс уақыты таңғы 8:00-де басталып, түнгі 23:00-ге дейін жалғасады. Таңертең келіп, субұрқақты қосып, ток бар-жоғын тексеріп, күні бойы техникалық жұмыстарды істеп, кешке қайта өшіреді. Осы күнге дейін субұрқақ аумағында ток бары анықталмапты, сорғыларды қоса алғанда коммуникацияның барлығы жер астында жатыр. Ток тек жарықтандырғышта болуы мүмкін, оның өзінде тек 15-50 Ватт.

2021 жылы Алматыда болған қайғылы оқиғадан кейін, яғни цирктің алдындағы субұрқақта үш адамды ток соғып, кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы субұрқақта ыстықтан қорғанамын деп мектеп түлегі қаза болған соң, мұндағылар да токты қатты қадағалай бастапты. Екінші оқиға бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр, әзірге субұрқаққа әкімдік емес, жеке компания жауапты болғаны белгілі.

Қазір «Эко Алматы» сорғыларды субұрқақтан тыс, бұрынғыдай және Республика алаңындағы сияқты техникалық бөлмеге орнатуды ұсынып жүр.

Қыста бұл жер салқын болады, сондықтан қосалқы бөлмеде жылытқыш бар. Суық күндері субұрқақтар істемейтініне қарамастан, олардың айналасында жұмыс тоқтамайды. Бұл уақытта мамандар жүйені жөндеп, майлап, тағы басқа тірлікті бітіріп жатады.

Бірде Марат Биназаров қатты жер сілкінгенде осында болыпты. Сол кезде ол бірінші рет жер үстінде жүргенде естіле бермейтін қатты гуілді естігенін айтады.

Төбеден су тамады, бұл – конденсат, – деп түсіндірді Марат Биназаров. Бұған қоса жиырма жылда түзілген сталактиттер бар.

Қабырғаға ескі, тот басқан тақтайша ілінген. «Тазалық пен тәртіптің болмауы қайғылы оқиғаға әкеп соғады» деген жазу бар. Қызметкерлер кеңес заманынан қалған бұл жазуды әдейі сақтап қалыпты.

Жер астынан жақын маңнан өтетін кәріз иісі шығады.

Мұнда кіруге қызығатындар бар, әсіресе сталкерлер әуес. Сондай-ақ, қорқынышты фильм стилінде бейнебаян түсіруге рұқсат сұрағандар болған.

Бір кездері қоғамдық әжетханаларды қайта ашу туралы да ой болған. Жерасты паркингін жасау да ойда болған, бірақ жүзеге асқан жоқ.