Ресейдің Украинаға ашқан соғысы батыс мұнай компанияларын тағы да тығырыққа тіреді. АҚШ бұған дейін-ақ Ресейдің бірқатар ресми тұлғасы мен ұйымына санкция салған: 2014 жылы Қырымды басып алғаннан кейін және 2018 жылы АҚШ сайлауына араласқаны және кибершабуыл үшін салынған санкциялар. 2022 жылдың ақпанында Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін Қара теңізде әскери операциялар күшейе түсті: Ресейдің сүңгуір қайықтарынан қанатты зымырандар ұшырылды, Ресей әскери кемелері Украина қалаларына шабуыл жасады, Украина Ресей флотының флагманын батырды, украиналық дрондар мен зымырандар Путиннің Қырым мен Новороссийскідегі флотына ауыр соққы берді. Мұның бәрі Каспий құбырының маңында болды.
Кейін бұл соғыс құбыр желісі жұмысының жиі тоқтауына алып келді.
Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының (ICIJ) #CaspianCabals зерттеуі Каспий құбыр консорциумында (КҚК) кем дегенде 20 рет мұнай жөнелту барысында іркілу немесе кідіру болғанын анықтады, ол көбіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу жұмыстары, мұнайды танкерлерге тиеуге кедергі келтірген қолайсыз ауа райы және теңіз түбінен екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бергі жарылғыш құрылғыларды іздеу себебінен болған.
Путин әкімшілігі Батыс пен Қазақстанның мұнай жеткізуге қатысты уайымын арттыру үшін құрылғы дауылдың кесірінен бұзылған деген мәлімдеме жасағанда манипуляцияға барған болуы мүмкін. Зерттеу осыны анықтады.
Бұл күдік АҚШ 2022 жылғы наурыз айының басында санкциялар арқылы Ресейдің мұнай кірістері мен басқа да ресурстарын қысқарту шарасын қабылдағаннан соң екі аптадан кейін пайда болды. КҚК үш мұнай айлақ қондырғының екеуі дауылдың кесірінен бұзылып, жұмысын тоқтатқанын және жөндеу жұмыстары «әжептеуір уақыт алуы» мүмкін екенін мәлімдеді.
Сол кездері Ресейдің энергетика министрі орынбасарының баспасөз хатшысы болған Арсений Погосянның сөзіне қарағанда, Ресей үкіметі әуелі құрылғының бұзылғаны туралы ғана мәлімдеме жасамақ болған.
Әйтсе де, Погосянның сөзінше, кейінірек Ресей шенеуніктері жөндеу жұмыстарына ойлағаннан көбірек уақыт кетеді деп мәлімдеме жасауды ұсынған. Сол кезде энергетика министрінің орынбасары Павел Сорокин жөндеу жұмыстарына алты аптадан екі айға дейін уақыт кетуі мүмкін екенін айтып, видеохабарлама жасады.
«Жөндеу жұмысының мерзімі мұнай жөнелтуге әсер етеді, қуат 80 пайызға дейін кемуі мүмкін», — деді Сорокин мәлімдемеде.
Сол мезетте камера артында тұрған Погосян ICIJ журналистеріне Ресей үкіметі санкцияларға қарамастан, мұнайға қол жеткізуге әсер ете алатынын Батыс елдеріне көрсету үшін наурыз айында құбыр жұмысындағы кідірістің маңызын әдейі асыра сілтегенін айтты.
Погосян Сорокиннің бұл видеосын 12 мәрте түсіруге тура келгенін, себебі оның үнемі Путин әкімшілігімен ақылдасқанын айтады. Погосянның сөзіне қарағанда, видеоның соңғы нұсқасында жөндеу жұмысының мерзімін көбейтіп көрсеткен.
«Олар бұл оқиғаны әлем баспасөзінің назарына іліктіруге тырысты, — дейді 2022 жылдың қыркүйегінде Ресейден кеткен Погосян. — Видеоны қайта-қайта жаздық, себебі президент әкімшілігі бұл үндеу Батыс үшін әлдеқайда қатал әрі қорқыныш тудыратындай болуына назар аударды».
Әйтсе де, биыл қаңтарда КҚК бас директоры Николай Горбань қазақстандық журналистерге былай деген: «Құбыр жүйесі біреудің саяси мәлімдемесіне бола ешқашан жұмысын тоқтатқан емес. Кідірістің барлығы техникалық себептерге немесе ауа райына байланысты болды. Біздің саясатқа қатысымыз жоқ».
Каспий құбыры Қазақстанда шығатын мұнайдың 80 пайызын тасымалдайды, оның басым бөлігі батыс нарығына жіберіледі. КҚК әлем бойынша мұнай жеткізудің шамамен 1 пайызын қамтамасыз етеді, ол тоқтаса, мұнай бағасы қымбаттайды және еуропалықтар жанармай тапшылығына ұшырайды.
«2022 жылы Қара теңіздегі жүк тиеудің кідіруіне байланысты оқиғалар бұл салада дүмпу тудырды», — деді энергетикаға маманданған Wood Mackenzie консалтинг компаниясының вице-президенті Малкольм Форбс-Кейбл.
«2022 жылдың наурыз айында қуаттың жартысы істен шығарылған кезде мұнай нарығында баға 5 долларға [бір баррель] көтерілді, — дейді Форбс-Кейбл. — Бұл КҚК-ның әлем экономикасы үшін қаншалық маңызды екенін және жаһандық инфрақұрылымда қандай рөл атқаратынын көрсетіп берді».
Әйтсе де, ICIJ жинаған деректерге сәйкес, құбыр жұмысының тоқтауынан бағаның уақытша көтерілгеніне қарамастан, бүкіл әлемдегі тұтынушыларға әсері шектеулі болған. Бұл тұжырым Батыс үкіметтерінің Каспий құбыр консорциумына неліктен санкция салынбауы керек деген мәлімдемесіне қайшы келеді. Мақсат — еуропалық энергия тұтынушыларды қорғау.
КҚК-ны Ресеймен бизнес жүргізуге тыйым салынған компаниялардың тізімінен алып тастау үшін Батыс мұнай компаниялары мен Қазақстан АҚШ-тың қаржы министрлігіне, энергетика министрлігіне, мемлекеттік департаментке, конгресс мүшелеріне және еуропалық комиссияға сөзін өткізуге миллиондаған доллар жұмсады. Олар мұнай жеткізуді тоқтату Еуропадағы тұтынушыларға зиянын тигізіп, геосаяси зардаптарға әкелуі мүмкін деп мәлімдеді.
Бұл үнемі алға шығаратын дәйек болды. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін бес ай өткен соң «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы америкалық Brownstein Hyatt Farber Schreck заң және лобби фирмасымен келісімшартқа отырды.
Құны шамамен 3,8 миллион доллар болатын келісімшартқа қарағанда, фирма шетел агенттерін тіркеу туралы заң (FARA) шеңберінде ұсынылған құжаттарға сәйкес, АҚШ шенеуніктерімен КҚК-ны қолдау үшін, сондай-ақ басқа да оған қатысты мәселелер бойынша кем дегенде 101 кездесу ұйымдастырған.
FARA есебіне сәйкес, Brownstein Hyatt Farber Schreck АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі және халықаралық энергетика мәселелері бойынша арнайы үйлестіруші Джефф Пайеттпен кем дегенде сегіз кездесу ұйымдастырған. Былтыр мемлекеттік департаменттің уеб-сайтында жарияланған мәлімдемесінде Пайетт КҚК-ны санкциялар тізімінен алып тастау керегін айтып, бұл «қазақстандық мұнайды әлем нарығына шығарудың негізгі нүктесі» екенін атап өтті. Ол сондай-ақ КҚК-ны «әсіресе Еуропаның кейбір негізгі одақтастары үшін қамтамасыз етудің маңызды көзі» деп атады.
Пайетт мемлекеттік департамент құбырдың жұмысын жалғастыру үшін АҚШ-тың қаржы министрлігімен «тығыз жұмыс істегенін» мойындады. «Chevron мен ExxonMobil Қазақстанға ондаған миллион доллар инвестиция тартты», — деді ол. Бұл компаниялар «КҚК-ге ұжымдық тәуелділіктен туындайтын осал тұсымызды өте мұқият бақылап отыр» деп қосты ол.
Пайетт ICIJ журналистерінің пікір сұраған хаттарына жауап бермеді. ICIJ-ге жазбаша мәлімдеме берген мемлекеттік департаменттің өкілі Максин Ланн Ресеймен бизнес жүргізудің өзіне тән қауіп-қатерін, соның ішінде жеке меншікті басып алу қаупін, саяси пайда үшін энергетикалық ресурстарды манипуляциялауды және АҚШ немесе серіктестік санкцияларына бағынатын компанияларды жазалау әрекеттерін еске салды.
«Ресей энергетикалық сауда саласындағы қарым-қатынасын саяси ықпал ету құралына айналдырып, өзінің сенімді ұзақ мерзімді серіктес емес екенін дәлелдеді», — деді Ланн.
Ланн, сондай-ақ, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және бір серіктеске тәуелдікті азайту үшін құбырлар арқылы экспорт бағытын әртараптандыруды ұзақ уақыттан бері айтып келе жатқанын қайталады.
Brownstein Hyatt Farber Schreck АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдерімен жалпы 17 кездесу өткенін хабарлады. Фирма клиенттері үшін де, атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» бен Қазақстан елшілігі үшін АҚШ-тың тоғыз сенаторы мен 48 мүшесімен кездесулер ұйымдастырған.
Брюссельде, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін 10 апта өткен соң, Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің кеңсесі Exxon лоббисінен ұсынылған санкциялардың әсері туралы «терең және шұғыл алаңдауды» білдіретін электрондық хат алды. Әйтсе де, ол уақытта Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп қойған еді.
«Қазіргі мәтін [санкция құжатының] КҚК құбыры арқылы Қазақстан мұнайының экспортына кедергі келтіреді», — деп жазды Exxon компаниясының ЕО істері бойынша вице-президенті Николаас Баекелманс фон дер Лейен кабинетінің мүшесі Курт Ванденбергке 2022 жылдың мамырында.
«Мұнай экспорты [КҚК арқылы] жалғасуы керек және санкцияға ұшырамауы керек», — деп атап өтті Баекелманс. — АҚШ санкцияларында бұл құбырға қатысты нақты ерекшелік бар екенін ескеріңіз және менің түсінуімше, бұл әрқашан трансатлантикалық келісімді қамтамасыз ету ниетінде болған».
17 минуттан кейін Ванденберг лоббистке хатының «жақсы қабылданғанын» айтып жауап қайырды.
ICIJ-ке берген жазбаша мәлімдемесінде Еуропалық комиссияның өкілі комиссияның ҚҚК-ны санкциялар тізіміне қоспау туралы шешімінің егжей-тегжейін айтудан бас тартты.
«ЕО-дағы санкцияларға қатысты барлық шешімді Кеңеске мүше мемлекеттер бірауыздан қабылдайды», — деп жазды өкіл.
Санкцияларға қарсы дәлелдерден басқа, санкция Chevron, Exxon және басқа компаниялардың кірісін жоғалтып қана қоймай, кеңею жоспарының кідіруі түріндегі шығынға әкелетін еді.
Санкцияларды қолдаушы деп санауға болатын бір елдің көзқарасы басқа екен. Украина үкіметі мен президенті Владимир Зеленский бұл оқиғаға пікір білдіруден бас тартқанымен, Украинаның экономикалық қауіпсіздік кеңесінің саясат жөніндегі директоры Агия Загребельская ICIJ-ке Украинаның КҚК-ға қарсы санкция салуға шақырмау себебін түсіндірді.
«КҚК жұмысы Еуропа деңгейінде де, басқа елдерде де көрініс тапты, — деді ол. — Сондықтан бүгін америкалықтар мен еуропалықтар не ойлайтынын ғана емес, Орталық Азияда бұл туралы не ойлайтынын да ескеруге мәжбүрміз».
АҚШ шенеуніктері Қазақстанды саяси тұрғыдан Батысқа жақындатуға тырысып, Ресейді айналып өтетін құбыр желісін құру идеясын алға тартып келеді.
«Бұл біздің қанымызда бар, — деді АҚШ мемлекеттік департаментінің бұрынғы қызметкері Мэннинг. — Осы күнге дейін оң нәтиже бермесе де, әрдайым бізге мүлдем ұқсамайтын жерлерде демократияны насихаттауға тырысамыз».
Авторлар: Карола Хутекамер, Карлейн Кейперс (NRC), Роман Баданин, Михаил Рубин (Proekt), Дениз Аджири, Наубет Бисенов, Кэтлин Кэхилл, Елена Косич, Маркос Гарсиа Рей, Уитни Джойнер, Кэрри Киоу, Марсия Майерс, Дельфин Рёйтер, Ричард H.P. Сиа, Дин Старкман, Томас Роули, Жерар Райл, Николь Садек, Фергус Шил, Эннис Шин, Том Стайтис, Питер Стоун, Энджи Ву (ICIJ).
Поддержите журналистику, которой доверяют.