3881
4 июня 2024
Ақбота Узбекбай, Власть, суретті Алмас Қайсар түсірген

Думан Мұхаммедкәрім неге айыпты болды?

Журналистің қамауда отырғанына бір жылдан асты

Думан Мұхаммедкәрім неге айыпты болды?

Үш жарым ай үзілістен кейін журналист, YouTube желісіндегі Ne Deidi арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге қатысты сот отырысы жалғасты. Журналист былтыр бірнеше рет қамалып, оның арты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» ісі бойынша «қорғануға құқығы бар куәгер» болуына алып келді. Кейін оған «экстремизмді қаржыландыру» бабы қосылып, Мұхаммедкәрім екі іс бойынша да күдіктіге айналды. Бұл сотқа ұласты және журналист 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Власть журналиске тағылған айыптың мән-жайына үңіліп көрді.

Думан Мұхаммедкәрім деген кім?

Мұхаммедкәрім ұзақ уақыт мемлекеттік арналарда, әкімдіктің баспасөз қызметінде жұмыс істеген. Ал 2020 жылы қызметін толығымен басқа арнаға бұрған.

Журналист сол жылы Youtube желісінде Ne Deidi арнасын ашқан. Қазір бұл арнаның 147 мың жазылушысы бар. Ол саяси тақырыпта, әсіресе кейінгі жылдары қаңтар оқиғасы, биліктің ол туралы риторикасы және зардап шеккен адамдар туралы видеоларды көп шығарған. Мұхаммедкәрім биліктің саясатын ашық сынап келген журналистің бірі.

Ол былтырғы парламент сайлауына үміткер ретінде қатысты. Әуелгіде көп кедергіге тап болды, мәселен, оны сегіз ай ел ішінде ешқандай жерде тіркеуде тұрмаған деп тіркеуден бас тартқан. Кейін орталық сайлау комиссиясымен соттасып, үміткер куәлігіне қол жеткізді. Әйтсе де, сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, журналист жеткілікті дауыс жинай алмай, мәжіліске өтпеді.

Соңы сотқа әкелген толассыз қамау

Думан Мұхаммедкәрім 2022 жылы 12 қазанда YouTube арнасында халықты кезектен тыс президент сайлауына қарсы митингке шақырғаны үшін алғаш рет 15 тәулікке қамалды. Оған бейбіт жиын өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзды деген айып тағылды. Адвокаты Ғалым Нұрпейісов Мұхаммедкәрімнің митингіне шықпағанын, оны жоспары үшін ғана қамап жатқанын айтқан.

Ал былтыр наурыз айында парламент сайлауының нәтижесін мойындамай, жұртты наразылыққа шақыруы 25 тәулікке қамалуына себеп болды. Ол бұған қарсылық ретінде аштық жариялады. Мамыр айының басында Қазақстанда экстремистік ұйым танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының наразылық акциясына барар жолда ұсталып, ол кезде де 25 тәулікке қамалды.

Сол жылы мамырдың 2-сі оның үстінен «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» бабы бойынша іс қозғалып, журналистің «қорғануға құқығы бар куәгер» екені белгілі болды. Мұхаммедкәрім бостандыққа шыққанына екі күн болмай, тағы да дәл осындай мерзімге қамауға алынды. Бұл жолы видеода халықты құқығын қорғауға үгіттегені үшін.

Қатарынан үш рет 25 күннен қамалған журналист бостандыққа шығар тұста оған жаңа айып тағылды. Бұрынғысына енді «экстремизмді қаржыландыру» бабы қосылды. Бұл оның екі айға, кейін қорытындысы бойынша тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін сотқа ұласуына себеп болды.

Қорғаушы Ғалым Нұрпейісов биыл қаңтар айында Мұхаммедкәрімге тергеумен келісімге келу туралы ұсыныс жасалғанын хабарлады. Қорғаушыға сенсек, егер ол көзқарасынан бас тартып, журналистикамен айналысуды доғарса, оған алты жыл шартты жаза беріп, қамаудан босатады. Келіспесе, жеті жылға қамалады.

Журналист бұған келіспеген.

«Бұның түбінде саяси негіз бар, мұнда қылмыс құрамы жоқ», – деді оның қорғаушысы.

Ne Deidi арнасындағы видео скрин

Қылмыстық іске не түрткі болды?

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Мұхаммедкәрімді босатуды талап еткен үндеуінде оған тағылған айыптарға Қазақстанда экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозиция қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болғаны айтылады. Мемлекеттің тапсырысымен сұхбатқа жасалған психология-филология сараптамасында Мұхаммедкәрімнің кейбір сөздері «экстремистік идеялар мен көзқарасты насихаттайды» және «ҚДТ экстремистік ұйымының қызметіне қатысу белгілерін көрсетеді» делінген.

Әйтсе де, оның басқа да тұсы бар. Сараптамада, бұдан бөлек, Әблязов пен Мұхаммедкәрім «саяси өзгерістер бейбіт түрде өтуі керек» деген сарында сөйлескені және «сараптама жасауға ұсынылған материалдың ішінде митинг ұйымдастырып, билікті басып алуға үгіттеу мазмұны жоқ» екені айтылған.

Думан Мұхаммедкәрім парламент сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат митингінде, Алматы, 2023, суретті Алмас Қайсар түсірген

Билік Мұхаммедкәрім видеосының астына Әблязовтің жәрдем жинауға қатысты үндеуі бар ақпаратын орналастырды, осы арқылы «экстремизмді қаржыландырды» дегенді айтады. HRW дерегіне қарағанда, айыптау дәйектемесінде 2023 жылы 29 және 30 сәуірде Мұхаммедкәрім түсірген тағы екі видео туралы айтылады. Ол онда келе жатқан 1 мамыр күнгі митинг туралы айтқан. Мемлекет сараптамасы журналистің сөзінде «экстремистік идеялар мен көзқарасты насихаттау белгілері бар» деген қорытындыға келген.

Қорғаушы Ғалым Нұрпейісов ұйымға берген сұхбатында Мұхаммедкәрім видеоларында «Қазақстандағы саяси оқиғаларды ғана сөз еткенін» айтқан.

«Қазақстан билігі әлденеше рет билікті сынаған әрі бейбіт жиынға шығу құқығын қолдануға ұмтылған ашық әрі тәуелсіз журналистің аузын жабуға тырысып жатыр», – деді HRW ұйымының Орталық Азиядағы ғылыми қызметкері Михра Риттманн.

Жабық сот

Ақпанның он екісі Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Журналистің жақтастарын «залда бос орын жоқ» деген желеумен сотқа кіргізбеді. Біраз уақыттан кейін сот прокурордың жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайтынын, сол үшін процесті қоғамнан жабық өткізуді сұраған өтінішін мақұлдады.

«Менің үкімім шығып қойған. Менде таңдау жоқ», – деді Мұхаммедкәрім сотқа сенетіні не сенбейтіні жөніндегі сұраққа. Ол бұл кезге дейін ашық сотты талап етіп, бірнеше мәрте аштық жариялады, тіпті өзін қорғаушылардан да бас тартқан кезі болды.

Қазір сотқа оның қорғаушылары мен ата-анасы қатысып жүр. Ал жақтастары сот ғимаратының сыртынан ғана қолдап жүр.

Кейінгі соттардың бірінде оның әкесі Алмас Тілепов соттың ашық өтуін сұрады. Ол «адам өлтіргендердің сотының өзі ашық, тікелей эфирде өтті» деп күйінді.

Қазір журналистің жағдайы қалай?

Ақпан айының соңында журналист Қонаевтағы соттан Талдықорғандағы тергеу изоляторына барар жолда өзіне қатігездік көрсетілгенін айтты. Ол ашық сотты талап етіп, денсаулығына зиян келтіруге тырысты. Кейін оны ауруханаға апарды.

Наурыздың алтысы күні Мұхаммедкәрім азаптау бойынша жәбірленуші деп танылды. Екі айдан кейін полицейлердің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық болмады деп іс тоқтатылды. Ал үш жарым ай үзілістен кейін журналистің соты жалғасын тапты.

Журналистің қорғаушысы мен әкесі енді оның денсаулығына алаңдайды. Олар Мұхаммедкәрімнің екі бүйрегінің сырқатынан 22 мамыр күнгі сот барысында отыра да алмағанын айтты. Нұрпейісовтің сөзінше, оны әркез Талдықорғаннан Қонаевқа, ал сот біткесін қайтадан изоляторға апару денсаулығына кесірін тигізеді. Ол Мұхаммедкәрімді денсаулығы бойынша үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш бергенмен, өтініші қанағаттандырылмаған. Адвокат сот қаулысына жеке шағым жіберген. Денсаулық сақтау министрлігіне де Думанды ауруханаға жатқызу туралы өтініш жіберген.

3 маусым күнгі соттан шыққан Нұрпейісов қорғауындағы азаматты емге жатқызуды сұрағанын, соттың бұл сұрақты ашық қалдырғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, сот шешімі денсаулық сақтау министрлігінің жауабына байланысты болады.

Бұған дейін мәжіліске келген ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев «оның денсаулығы бірқалыпты», оған қоса, дәрігерлердің бақылауында деген еді.