«Жоғалған серіктер» (失落的卫星) – Қытай жазушысы Лю Цзычаоның кітабы – батыстық емес жазушының Батысқа емес, Орталық Азияның бес республикасына саяхаттап, батыстық емес тілде жазған туындысы (Кітап қытай тілінде 2020 жылы басылып шықты). Кітаптың құрылымы Таброн мен Терудың (Колин Таброн мен Пол Теру – Батыстағы саяхат туралы танымал кітаптардың авторлары) оқырманына таныс болуы мүмкін: еркін бағыттар, әңгімелесуге деген құштарлық, адамдардың шағын портреттері, ғасырлар бойғы тарихты бірнеше абзацқа сыйдыру. Ал басқа жағынан қарағанда, Еуропа мен АҚШ шетке ысырылған.
Лю «Жоғалған серіктерде» «жаһандану Қырғыстанды, тіпті бүкіл Орталық Азияны айналып өтті» деп жазады. Людің сапары Орталық Азия үшін жаңа дәуір басталған кезеңге – олар Қытайдың айналасындағы жаңа орбиталарға тартылып жатқан кезге тұспа-тұс келді.
Людің өзі XXI ғасырдағы саяхатшы жазушы бейнесіне дәл келеді, аудармашысы Дилан Леви Кинг былай дейді: «Ол өркениетті, бай, жаңғырған, еркін әлемнен келген либерал джентльмен. Алайда, әдеттегідей Америка Құрама Штаттарынан немесе Біріккен Корольдіктен емес, Қытайдан келген». Ескі көзқарас келмеске кетеді. Бұл – әлемнің басқа жерінен келген жазушының дәл сол уақытта және кеңістікте көргені.
Самант Субраманиан, Equator журналының редакторы (үзінді).
***
2011 жылдың жазында Қытайдың Қазақстанмен шекарасына жақын, Шыңжаңның солтүстік-батысындағы Қорғас қалашығына жол түсті. Кедендік бақылауға жақындай бергенде солтүстік көкжиектегі қарлы Тянь-Шань сілемдерінен жанарымды тайдырып, кедендік тексеруден өтуді күтіп тұрған, ұзын жүк көліктеріне назар аудардым. Қытайлық жүргізушілердің бірінен қайда бара жатқанын сұрап едім, «Алматыға» деп жауап берді. Қала атын айтқанынан-ақ ауыр жол күтіп тұрған алыс сапарды еске түсірді. Құдды күнделікті тауар жеткізуге емес, жердің түбіне бара жатқан сияқты.
Ол уақытта Орталық Азия туралы негізінен ХІХ ғасырдағы Еуропа зерттеушілердің жолсапар жазбалары аясында ғана білетінмін. Көптеген қытайлық сияқты, мен де бұл аймақты алыс және жұмбақ деп елестеттім. Бұл біздің өркениет туралы дәстүрлі түсінігімізден, яғни tianxia (天下) – аспан астындағы барлық нәрсенің шегінен тыс жатты. Кейбір жер атауларын есіме түсіргеніммен, одан көз алдыма белгілі бір көрініс келді деп айта алмаймын. Қорғас кеденінде алға қарай нық қадам басқым келді, бірақ алдағы белгісіз және ұзақ сапардан туындаған үрей құштарлығымды тежеді.
Қытай саяхатшыларына Орталық Азия елдері қол жетпестей көрінді, виза алу өте қиын еді. Дегенмен, жолға шығар алдында көп ойланған жоқпын. 2011 жылдың күзінде Өзбекстанның астанасы Ташкентке келдім. Қаланың нәзік меланхолиясы мені қайран қалдырды. Осман империясы құлағаннан кейін Орхан Памук түрік мәдениетіндегі жоғалту мен қасіретті «хүзүн» (hüzün) деп сипаттайды ғой, дәл сондайды сезіндім.
Кезінде советтік футуризмнің үлгісі болған «Өзбекстан» қонақүйінен бөлме брондадым. Үлкен әрі жазық ғимараттың ортасы сәл ішке қарай иілген, қараңғы терезе қатары араның ұясы сияқты. Мен келгенде бояуы өшіп, сәні кетіп тұр екен, қанша дегенмен араның ұясы 20 жыл қараусыз қалған. Сол күні кешкілік көшеге шықтым. Күңгірт көше шамдарының астында қар ұшқыны билеп жатты. Қонақүй алдында «Лада» және «Волга» көліктері мен сақалды, күнқағары бар қалпақ киген жүргізушілер тұрды. Бір сәтке өзімді 1990-жылдардағы Бейжіңге қайта оралғандай сезіндім. Кеңес Одағы құлап, тарих аяқталды деп айтылғаннан кейін, әлемнің қалған бөлігі ұмытып кеткендей посткоммунистік сезім.
Кейінірек, көшеде серуендеп жүргенде «Дипломат» деген барды көріп қалып, ішіне кірдім. Сөйтсем Орталық Азия елдерінен келген қыз-келіншектер жиналатын, ақылы секс қызмет көрсететін түнгі клуб екен. Аш қасқырдай қыз аңдыған ер адамдар осы елде бизнес жүргізетін трансұлттық компания қызметкерлері еді.
Орталық Азияға алғашқы сапарым осындай тосын сыйларға толы болды. Сапардан кейін ойыма алған кітапты жазуға жеткілікті дүние жинап қайтамын деп едім, бірақ жазуға мүлдем қолым бармады. Мүлдем басқа әлемге, бойлата қоймайтын күрделі тарихқа тап болдым. Мыңдаған жыл бойы Орталық Азия әртүрлі өркениеттің ықпалында болды, грек, парсы, қытай, араб, моңғол, түрік өркениеті, одан кейінгі Совет билігінің әрқайсы жерге және елге белгілі бір із қалдырды. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Орталық Азия жоғалған серікке ұқсап қалды. Траекториясын анықтауға тырысып, мейлінше ірі денелердің тартылыс күшімен әрлі-берлі тартылып, гравитацияда жүрді. Мені осы күрес таңғалдырды.
Алғашқы сапардан кейін Орталық Азияны зерттеуді жалғастырдым. Көзді ашып-жұмғанша тоғыз жыл өте шықты, Орталық Азиядағы аяғым жеткен жердің бәріне бардым деп сезіндім. Картамда жаңа белгілер мен жазбалар пайда болды.
Тәжікстанның басқа елдерге ұқсамайтын тұсы көп. Ел аумағының тоқсан үш пайызын тау алып жатыр; жерінің жартысынан көбі теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан; ал оның төрттен бірі Памир үстіртінде. Өнеркәсіп мүлдем дамымаған деуге болады. Тәжікстанның көп бөлігінде халық тұрмайды, ал ел тұрғындарының көпшілігі ғасырлар бойы ауыл шаруашылығымен айналысады.
Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасы ұзын. Атақты Памир тас жолы ішінара осы шекараны бойлай өтеді. Бұл бағыт «Есірткі жолы» ретінде де белгілі – Ауғанстаннан Ресейге, одан әрі Еуропаға жөнелтілетін есірткі осы тау жолымен тасымалданады. Памир тас жолымен жүргенде қарулы патруль көп кездесті. Жергілікті тұрғындар бұдан пайда жоқ дейді. Олардың айтуынша, есірткі тасымалдаушылар қазір дрон қолдана бастаған.
Орталық Азиядағы басқа елдерден ерекшелігі – тәжіктер парсы тобына жатады, ал аймақтағы басқа халықтар негізінен түркілер. Шыққан тегі бір болса да, тәжіктер мен ирандықтардың тілдік қарым-қатынасы ыңғайсыз: тәжік және парсы тілдері өзара түсінікті болғанымен, екеуінің қарпі екі бөлек. Тәжіктер кириллицамен жазса, Иранда араб әліпбиінің бір нұсқасы қолданыста. Бұл хат-хабар алмасу мүмкіндігін тежейді. Жазу жүйесіне орай тәжіктер өзінен басқа ешкім түсінбейтін жалғыз ұлт болып отыр.
1991 жылдың қыркүйегінде Тәжікстан Кеңес Одағы құрамынан шығып, тәуелсіздігін жариялады. Ел астанасы Душанбенің бас алаңында тұрған Лениннің ескерткішін алып тастады. Фотосуреттерге зер салсам, сол күндері бас алаңда сенделген, қаскүнемге көбірек келетін адамдар босып жүрген. Шерулетіп, айғайға басып жүрсе де, ойын ойнап жүргендей көрінді, мұның шынайы салдары болуы мүмкін екеніне сенбегендей сезілді.
Көп ұзамай Тәжікстан жік-жікке бөлінді. Памир мен Ғарм тұрғындары тайпалық соғыста Куляб және Худжанд тұрғындарымен қақтығысты, консерватив діни күштер либерал реформаторларға қарсы тұрды, бүлікшілер Ресейдің қолдауына сүйенген партизандарға қарсы қанды шайқастар жүргізді. Қақтығыс орталығы Душанбе болғанымен, барлық жер қирап жатты. 1997 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы атысты тоқтату туралы шешімге қол жеткізді, бұл уақытта ондаған мың адам опат болып үлгерген еді.
Бірде Рудаки саябағында серуендеп жүрдім. 2008 жылға дейін балқытылған қоладан құйылған Лениннің тағы бір ескерткіші тұрған жер. Осы тұстан өтіп бара жатқанымда университет студенті жаныма жақындап: «Мен сізге гид болсам, қалай қарайсыз? Тегін. Қытай тілін оқып жүр едім», – деді. Оны Лаки деп атайын. Лаки маған «ге» (哥) деп тіл қатты, бұл мандарин тілінде «аға» дегенді білдіреді, бірақ ауызекі қолданыста шамамен «бро» деп аударылады.
Лаки арық, ұзын бойлы жігіт, жасы 21-де, бетінде жасөспірім кездегі безеуден қалған тыртықтары бар. Қырлы шалбар мен үтіктелген жейде киген жігіт туристерді ақшаға сындыруға тырысқан саудагер сияқты көрінеді екен. Өзінен 10 жас үлкен әпкесі туралы айтып берді. Бірнеше жыл бұрын жездесі жұмыс іздеп Ресейге кетіп, із-түссіз жоғалыпты. Лакидің айтуынша, сол жақта үйленіп алыпты.
Ал әпкесі қайтадан тұрмыс құрмапты. Тіпті ешқашан шағынып та көрмепті. Ол аз десеңіз, бұрынғы күйеуі туралы мүлдем жақ ашпайтын болыпты. Күнкөріс қамымен тігін тіге бастапты, ателье ашсам деген жоспары бар екен. Лакидің айтуына қарағанда, әпкесі он саусағынан бал тамған шебер. Таяуда ғана осы Рудаки саябағында жолыққан қытайлық әйел әпкесі тіккен екі көйлекті сатып алыпты.
Лакиден нәпақа іздеп Ресейге баратын жоспары бар-жоғын сұрадым. Барғысы келмейтінін айтты. Ресейді аса жаратпайды екен, оның үстіне ол жақта отандастары істеп жүрген қара жұмысты да аса құп көрмейді.
«Америка Құрама Штаттары ше?» – деп сұрадым.
«Мен ешқашан Америкаға бармаймын!»
«Неге?»
Бәріне кінәлі қыз екен. Лаки жуырда екі жыл кездесіп жүрген қызымен айырылысыпты. Екеуінің қарым-қатынасы кіршіксіз болғаны соншалық, тіпті сүйіспегенін айтып сендірді! Қыздың ағасы Америкада кәсіппен айналысады екен. Бойжеткеннің де бар ойы қалайда Америкаға жету болып, ертелі-кеш әңгімесі тек Америка туралы екен. Лакидің ойынша, қызының арман-мұратында екеуара қарым-қатынасқа орын да болмаған сияқты. Содан көңілі қалыпты. Өзін елеусіз, қайраңға шығып қалған қайықтай сезініпті. Ал қыз мұхитта мақтанышпен жүзіп бара жатқан кемедей көрініпті.
Осыдан кейін өзін кем көру сезімі пайда болған сияқты. Қарсылық ретінде қытай тілін үйрене бастапты. Бойжеткен Америка асса, Лаки Қытайға барады, ақша тауып қана қоймай, өмірдегі орнын да табады.
Лаки қытай тілін өздігінен үйреніп, кейін жергілікті Конфуций институтына барыпты. Қазір HSK, яғни қытай тілін білетініңді растайтын ресми емтиханды тапсыруға дайындалып жүр екен. Содан кейін Қытай үкіметінің стипендиясына өтініш бермекші. Қытайда оқитын студенттерге айына $200 көлемінде стипендия береді деп естіпті.
Лакидің Қытайға қоныс аударсам деуінің тағы бір себебі бар: Душанбеде ақша табу қиын. «Осы жерде қалып қойдым, бро!» – деп үмітсіз қайталай берді..
Мен әлі жас екенін есіне салдым. Ол Жозеф Конрад «көлеңке сызығы» деп атайтын, жетілген ересек өмір табалдырығынан әлі өтпеген. Жастық шақта жалығу да, мазасыздық пен қанағаттанбау сезімі де қалыпты жайт.
Лаки Конрад туралы ешқашан естімеген болып шықты. «Ол кім?» – деп сұрады.
«Жазушы, – дедім мен, – тегі поляк, Англияда өскен».
«Мен кітап оқығанды жақсы көремін, – деді Лаки. – Бірақ Душанбеде жібі түзу кітап дүкені де жоқ».
Мұны мен де байқадым. Рудаки даңғылымен өтіп бара жатып, жалғыз кітап дүкеніне кіргенімде, қаңырап бос тұрғанын және шаңның иісі шығып тұрғанын байқадым. Сөреде құнды кітаптар аз екен.
Лаки қаланың қай жеріне барғым келетінін сұрады. Түскі сағат үштің кезі еді, ыстық әрі қапырық болып тұрғандықтан, өзімді қақталған еттей сезіндім. Аз-кем ойланып алып, қаланың оңтүстік жағындағы Саховат базарының маңын көргім келетінін айттым. Қала орталығынан қашық, негізінен жұмысшы тап тұратын аудан еді. Біраз серуендеп алсақ, ыстықтан қорғанатын жер таба аламыз деп ойладым.
«Неге дәл сол жерге барғыңыз келеді?» – деп сұрады Лаки.
Душанбеге келуімнің бір себебі, осы маңда өскен Виктор Бут есімді адаммен байланысты екенін түсіндірдім. Бут 1980 жылдары Кеңестік Әскери Шетел тілдері институтын бітірген және жеті тілді меңгерген. Кей деректерде Кеңес әскерінде лейтенант шенінде болған дейді. Кеңес Одағы құлағаннан кейін Бут қару сатушы ретінде жаңа өмір бастайды, Ауғанстандағы «Әл-Қаида» ұйымына қару-жарақ сатып, Африкадағы бүлікші топтарға қару тасымалдайды. Ақыр соңында Біріккен Араб Әмірліктерінен теңіз жағасынан сарай сатып алып, әлемдегі ең көп іздеудегі адамдардың біріне айналды.
Бутқа соншама аңсарым ауғаны Лакиді қайран қалдырды. Ол Бут туралы естімеген де екен. Соған қарамай, Саховат базарына қуана-қуана алып барды. Лаки Душанбеде «қалып қою» сезімінен арылу үшін бәріне дайын еді.
Таксиде келе жатқанда қала көрінісі қалай өзгеретінін бақыладым. Орталықта зәулім және сәні келіскен ғимараттар бар еді, қаланың шетіне қарай жақындағанда олардың қатары сирей берді. Рудаки даңғылында көрген ұқыпты киінген ақ жағалыларды қала сыртындағылармен салыстырдым. Кедейлер тұратын жаққа қарай бара жатқаным анық еді.
Әр-әр жерде жол жөндеп, асфальтты қазып тастапты, ауаны шаң басып тұрды. Саябақта түбірімен жұлынған ағаштар жатты. Лакидің айтуынша, қаланың жаңа басшысы жаңарту жұмысын қолға алыпты. Қала басшысы Тәжікстан президентінің ұлы. Батыл, амбициясы зор адам. Қалаға қатысты жоспары да үлкен: жаңа ғимараттар салу үшін кеңестік дәуірде бой көтерген кейбір ғимараттар бұзылған. Талтүс кезіндегі аптапта қаланың жалаңаштанған бөлігінен өтіп бара жатқанда ғана жаңарудың нышанын аңғардым.
Біз Буттың ауданын аралап, содан кейін жол бойындағы тавернаға тоқтадық. Қабырғаны ойып жасай салған тесік сияқты екен. Бірнеше ер адам иесімен әлдене деп сөйлесті де, қожайын сөренің астынан арзан арақтың бөтелкесін алып шығып, жылдамдатып рюмкаға құйды. Бөтелкені орнына қойған соң қолына пышағын алып, екі тілім қияр, екі тілім қызанақ турап, аздап тұз бен қатып қалған көк пияздың сабағын қосып, араққа тегін тіскебасар дайындады. Еркектердің дені арақты сылқ еткізді де, сілейіп біраз отырған соң жөніне кетті.
Осы кезде барға қара портфель ұстаған екі ер адам келді. Қожайын бөтелкені байқатпай қолға алып, екі рюмка құйып еді, әлгілер ішпеді. Портфельден куәліктерін шығарып, бар иесіне көрсетті. Лаки бұлар лицензиясыз сауда жасайтындарды бақылайтын құқық қорғау органының қызметкері екенін айтты.
Екі агент сөреге жақындап, жасырулы тұрған арақ, коньяк және виски бөтелкелерін шығара бастады. Арзан, жергілікті брендтер еді әрі көпшілігі орталанып та қалған. Екі қызметкердің біреуі қағаз толтырып, қожайынға берді де, артынша айыппұл салды. Агенттер контрабанда жолымен алынған ішімдікті тәркілеген сияқты. Жұмысын бітірген соң, портфельдерін тарс жауып, кетіп қалды.
Таверна иесі ауыр күрсінді. Жүзінен ашу-ыза да, таңғалыс та байқалмады. Бір жағынан, құқық қорғау қызметкерлері мен дүкен иелерінің қарым-қатынасы өзара үйлесімге құрылғандай еді. Айыппұл салғанымен, ешқашан бизнес жүргізу мүмкіндігінен айырмайды. «Қорғау пұлын» төлегеннен кейін тавернаның иесі лицензиясыз сусындарды сатуды қайта бастай алады.
Таверна иесі Ғармнан екенін айтқанда, бірден азамат соғысы ойыма келді. Ғарм қақтығыстан кейін қирап қалған деп естігенмін.
Шетелдік азаматтың соғыстан хабардар болуы оны таңғалдырды. Ол өткен күнді қинала еске алатын әрі сырттан келгендер оның мәнін түсінбейді деп ойлайтын.
Інісі азамат соғысында қаза тауыпты.
«Бүлікші топтардың қатарында болып па еді?»
«Жоқ. Оны көшеде ұрып өлтіріп кетті».
«Қай жерде?»
«Осы Душанбеде».
Оппозиция астананы бақылауына алғаннан кейін кулябтықтарды, өзбектерді, тіпті орыстарды қудалауға көшіпті. Халық майданы Душанбені қолға алған соң, қантөгіспен тазарту жүргізіпті. Өлім жазасына кесілгендер арасында памирліктер мен ғармдықтар көп болыпты.
«Душанбеге не үшін келдіңіз?» – деп сұрадым.
«Бұл жерде ақша табуға мүмкіндік бар».
Жол бойындағы бар туралы айтып тұр деп ойладым. Құқық қорғау қызметкерлері жүріп өткен көшеге қарадым. Қырғылт-сары түсті кеудеше киген қарт адам ауыр жүк тиелген үш дөңгелекті велосипед айдап барады. Қолын таңып алған ер адам темір қалбырдағы энергетикалық сусын ішіп тұр. Орамал таққан әйел контрабанда жолымен әкелінген темекі салынған себетті алдына қойып, сауда жасап отыр.
Көрініске көз сала отырып, адамның ішкі күйін, қажеттілігін, ұмтылысы мен құмарлығын айнытпай көре алдым.
«Мен [Қорғасқа] барған кезде, ол құлазыған қу медиен еді. Бәрі ойдағыдай болса, бұл жер келесі Дубайға айналуы мүмкін».
Орталық Азиядағы қазіргі заманауи инфрақұрылымның көп бөлігі Қытайдың көмегімен салынған. Мәселен, солтүстіктегі ірі орталық – Душанбе мен Худжанд арасындағы тас жол. Тәжікстан үшін маңызы зор көлік магистралі, Бейжің–Шанхай маршруты сияқты. Бірақ 2006–2012 жылдар аралығында China Road and Bridge Corporation туннель салғанға дейін, қыс айларында жабылып қалатын маусымдық жол болды.
Қытай салған жолмен жүргенімді бірден түсінемін. Асфальт ерекше тәсілмен төселеді: маған қытай тас жолындағы дөңгелектің дыбысына дейін таныс. Саяхатшы ретінде мұндай жолмен жүруді аса қатты ұнатпаймын. Орталық Азияда жүк көліктеріне шамадан тыс жүк тиеу жиі кездеседі және ешкім қауіпсіздік белдігін тақпайды, ал жолдың кедір-бұдыры жүргізу жылдамдығын шектейді. Қытай салған автомагистральдарда ешқандай шектеу жоқ: жүргізушілер сағатына жүз шақырым жылдамдықпен зулайды, тіпті қарсы келе жатқан көлік жолағына кіріп кеткенде де жылдамдықты азайтуға тырыспайды.
Жолдан басқа, Орталық Азиядағы сюрреалистік құрылыс жобаларын да көрдім. Солардың бірі Қорғастағы шекараның Қазақстан жағында болды. Мен барғанда ол құнарсыз қу дала еді, егер бәрі ойдағыдай жүрсе, бұл жер келесі Дубайға айналып, цифрлық валютаға икемді арнайы экономика аймағы, зәулім ғимараттар және айдаладағы демалыс орны болады. Бұған қоса, Қазақстан мен Қытай шекара бойында әлемдегі ең үлкен құрлық портын салды, ол батысқа, Еуропаға жөнелтілетін тауарға логистика орталығы ретінде қызмет етеді. Жүкті құрлықпен тасымалдаудың артықшылығы бар: жүк Еуропаға екі апта ішінде жетеді, теңіз жолынан жылдамырақ және әуе қатынасынан арзанырақ.
2019 жылы барғанымда, Қорғас жобасы енді басталып жатыр еді. Көкжиектен шөлден көтерілген тотем бағаналары сияқты жарқыраған зәулім ғимараттарды көрдім. Егер Қорғас шынымен келесі Дубайға айналса, Орталық Азияда қандай өзгеріс болатыны туралы ойланбау мүмкін емес еді.
Орталық Азиядан байлық іздейтін қытайлықтар да бар. Олардың біреуін Арал теңізінің жағасында, қаңыраған қу далада кездестірдім.
Сырдария мен Әмудария өзендерінен бастау алатын, Қазақстан мен Өзбекстан аумағынан өтетін Арал теңізі кезінде әлемдегі төртінші үлкен тұзды көл болған. Айналасы тұнып тұрған молшылық еді. Ел арасындағы аңызға сүйенсек, 1921 жылы Кеңес Одағының кейбір бөлігі аштықтан зардап шегіп жатқанда, Ленин Аралдан 21 000 тонна балық аулап, консервілеп, екі күн ішінде Еділге жіберуге бұйрық берген. Арал балықшылары қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Бірақ, 1960 жылдары Кеңес Одағы Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығына су тарту үшін Аралдан суды күрт бұруға көшті де, көл аумағы тарыла бастады. 2007 жылға қарай бастапқы мөлшерінің оннан бірі ғана қалды.
Өзбекстандағы Аралға ең жақын елді мекен – Мойнақ деп аталатын қала. Кезінде Өзбекстандағы жалғыз порт болған, ал қазір Арал жағалауынан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан. Мойнақта әлі де тот басқан қайықтардың қалдығын көруге болады. Көл кепкен сайын тұз көбейіп, балықтардың өмір сүруі қиындады. Жылдар бойы Мойнақ тұрғындары Аралдан балық аулап күнелткен, бір сәтте бәрі жұмыссыз қалды.
Мойнақта шопырым болған азамат екі күрделі өзгерісті бастан кешіргенін айтты: біріншісі – Кеңес Одағының күйреуі, бұдан кейін азаматтығы да, кімдігі де өзгерген; екіншісі – Аралдың құрғауы, теңізбен бірге халқының дәстүрлі өмір салты да аяқталған.
Картада Мойнақ пен қазіргі тұзды көлдің жағалауы арасындағы жерге ешқандай белгі немесе нышан қойылмаған, еш ерекшелігі жоқ кеңістік ретінде көрінеді. Ағаш өспеген, ешқандай жота немесе басқа көрнекі бағдары жоқ, шексіз сарғыш-қоңыр дала. Бір бағытта бірнеше сағат бойы жүрсеңіз де, жер бедері өзгермейді, кенет көкжиекте Арал теңізі пайда болғанға дейін бір уақыт шегінде тоқтап қалғандай күйге бөленесіз.
Бірақ жағалау сіз елестеткендей емес. Ұлу қабыршақтары шашылып жатқан шексіз құм төбелерді көресіз. Қураған өсімдіктер ежелгі дәуірден қалған қалдық сияқты көрінеді. Күн шақырайып тұрғанымен, температура ешқашан қатты көтерілмейді. Тұзды және майлы теңіз желі бетіңізді сипап өтеді. Жағалау бойында жүрген бірнеше адамды көргенде таң-тамаша болдым. Жақындап барсам, батпақ қазып жатқан төрт жұмысшы екен. Олар да менің келісіме таңғала қарады.
Не істеп жатқанын сұрап едім, көл түбіндегі балшықтан артемия жұмыртқаларын қазып жатқанын айтты. Екіншісі шала-шарпы қытай тілінде: «Біздің бастығымыз қытайлық, ол осында тұрады», – деп сөзді бөлді.
Әріректе орналасқан шатырды көрсетті. Есік алдында бір адам тұр екен. Жұмысшылар оның аты Ванг (Wang) екенін айтты.
«Аралдың патшасы» қара көзілдірік тағып алыпты. Темекі шеккеннен тісі қарайып кеткен. Арық, сәл бүкірейіп жүретін, шамалы Шаньдун акцентімен сөйлейтін азамат Бинчжоудан екенін айтты.
Балықтар Арал теңізінің тұзына төтеп бере алмаса да, артемия немесе тұзды асшаян деп аталатын шаян тәрізділер мұндай ортада тіршілік етуге бейім келеді екен. Артемия асшаян өсіруге арналған жем болып өңделетін жұмыртқа салады екен, оны «цисталар» деп те атайтын көрінеді. Жеті жыл бойы «Аралдың патшасы» тұзды теңіздің қаңыраған жағасында циста қазып өмір сүрген. Жылдың жартысын шатырында жалғыз өткізіпті.
Шатырға кірген сәттен-ақ мұнда әйел адамның жоқтығы білінді. Ұзақ уақыт бойы бойдақ еркек тұрғанын білдіретін ретсіздік бар. Бір бұрышта Қытайдан әкелінген тамақ салынған қораптар үйіліп тұрды. Тақтай бетінде қиғашынан пышақ жатты. Кішкентай мысық шашылып жатқан ас үй заттарының арасынан азық іздеп, иіскелеп жүрді. Өзі тар жерге үлкен ағаш кереует қойыпты, оның үсті де шашылып жатыр. Кереуеттің аяқ жағында май құйылған шам ілінген кішкентай үстел тұр. Солтүстік Қытайда көп қолданылатын көмір пеші шатырдағы жылуды тұншықтырып ұстап тұр. Бұл жер бір адам жеті жыл тұрып жатқан орыннан гөрі, құрылыс алаңындағы жатаққа көбірек ұқсайтын еді.
«Аралдың патшасы» телефон істемейтінін, интернет жоқ екенін, ең жақын Wi-Fi нүктесі Мойнақтағы зауыттардың бірінде екенін айтты. Мұнда керек-жарақтың барлығын, тіпті ауыз суды да арнайы алып келу керек. Ол екі айда бір рет электрондық поштасын тексеру және Қытайдағы бас кеңсеге есеп беру үшін зауытқа барып, содан кейін Аралға қайта оралады екен.
Жергілікті төрт жігітті жұмысқа алған, олармен орысша тіл қатысады. Жұмысшыларына ішуге тыйым салған. Бірақ бәрі жасырын ішетін мұндай жерде дәрменсіз екенін білмеді. Ешқандай қиындық тудырмаса, көз жұма қарауға да дайын. Мұны өзі «қытай даналығы» деп атады.
«Арал патшасы» үшін уақыт зуылдап жатты. Таң ата салысымен цистаның жағдайын тексеру үшін көл жағалауына барады. Кешке шатырына оралып, жеңіл тамақ жасап ішеді. Жұмысшыларының тамағына үйрене алмаған соң, тамағын өзі жасайды. Біраз күн бұрын байцай (қытай қырыққабаты – B.) алғанын қуана-қуана айтты. Әлі де соны талғажау етіп жатыр екен. Әншейін қырыққабат туралы соншама түкті шаян көргендей шаттана айтқаны қызық болды.
Жылдап жалғыз өмір сүріп, темекі шегуді тіптен үдетіпті. Біз сөйлесіп отырғанда да қолынан темекісі түскен жоқ. Кешкілік ішімдік те ішіп жүріпті. Мұндай жерде ішімдіксіз таңды атыру ауыр. Қытайдан байжиу ала келген екен, оны ішіп тауысқан соң, бұл жақтан да оңай табыла кететін араққа көшкен. Темекі мен ішімдікке қарамастан, «Арал патшасы» өзін күйзеліс шегінде тұрғандай сезінетін сәттер де аз болмайтын.
Жан баласы тұрмайтын жерде күйреу шегіне жету дегеннің қандай болатынын сұрадым.
«Оны қалай сипаттаймын? – деді ол. – Жүрегім қатты соға бастайды. Бір орында тұра алмаймын. Байыз тауып отыра да алмаймын».
Осындай сәттерде квадроцикліне қарғып мініп, ізсіз даланы кезеді. Құм төбелерге күрт көтеріліп, екінші жағынан құлдилап түсіп, жеткілікті адреналин алады. Жақын маңда ұрғашы қасқыр мекендейтін. «Арал патшасы» түнде қасқырды кездестірген сайын, екеуі бір сәт көз түйістіріп қалатын. Содан кейін ол газды қатты басып, қасқырдың соңынан қуатын. Қорқа қашқан қасқырдың ұлыған дауысын салып еліретін. Бір сағаттай уақыт өткенде жел қаққан беті қызарып, жүйкесі де сәл тынышталып, шатырына оралатын.
Сол кеште «Арал патшасымен» бірге тамақтандым. Бір шөлмек арақ әкеліп, бағалы байцайынан қуырып берді. Маған дейінгі қонақтары туралы айтып берді: өткен жылы Малайзиядан бір жұп, одан бір жыл бұрын Гонконгтан екі азамат келіпті, пара тілеп тұратын шенеуніктер, Арал теңізінің шөлейттенуін зерттеуге келген БҰҰ делегациясы болыпты. «Батыстықтар да келеді, бірақ сирек, – деді ол. – Ал Қытай жағынан келетіндер өте, өте аз». Содан кейін: «Шындығында, мүлдем жоқ», – деді сөзін түзетіп.
Арасында маған суреттерін көрсету үшін телефонын шығарды. Барлығы есінде. Бірнеше жыл бұрынғы сапар болса да, қонақтар күні кеше ғана келіп кеткендей, үтір-нүктесіне дейін айтып берді. Ол үшін алыстан қонақтың келуі мереке десек, мұндай думан әдетте жылына бір рет қана болады.
Көп ұзамай бір шөлмекті тауыстық. Бірнеше рет жатуым керек дей бастап еді, бірақ әңгімеден әңгіме туып, біразға дейін отырдық. Арал теңізіне алғаш келгенінде шатыры дәл жағалауда болған екен, ал қазір жүз метрден астам қашық тұр. Осының өзі көлдің құрғап жатқанының дәлелі. Аралдың ортасындағы кішкентай арал туралы айтып берді, жергілікті аңыз бойынша, онда көмілген қазынаны айдаһар күзеткен. Ал шын мәнінде кеңес дәуірінде биохимиялық сынақ жүргізген құпия полигон болған. Бастапқыда негізінен су астында болған арал көл тартылғаннан кейін жер бетіне шыққан.
Ақыр соңында шатыр иесі төсекке аунай кетті, мен де ұйықтауға арналған қапшығыма кірдім. Жатуын жатқаныммен, ұйықтай алмадым және «Қараңғылық жүрегіндегі» Курц туралы ойладым. Британ империясы қисапсыз байлық санаған піл сүйегін жинау мақсатымен Конгоның орманына жалғыз жіберілген ақ адам. Бұл бір ғасыр бұрын, Ұлыбритания билігін кеңейтіп жатқан кезде болған оқиға. Енді ізашар рөлі қытайлықтарға қалған сияқты.
Ауыр жағдайда жүргеніне қарамастан, жүрегінің түбінде «Арал патшасы» қайсар рухтың иесі. Әлемнің әр түкпірінде осы сияқты шашырап жүрген қытайлық көп. Кейбіреуі жай ғана күнкөріс үшін жұмыс істесе, енді бірінің амбициясы зор болуы мүмкін. Қалай болғанда да, қытайлықтар мен әлемнің арасындағы қарым-қатынас ешқашан мұншалықты жақын, қарқынды немесе күрделі болмағаны анық.
Орталық Азияға алғаш барғанымда мұның мәнін түсінбеген едім. Ұзақ жыл саяхаттай жүріп, ойлана келе түсінгенім, Орталық Азия – өркениет пен ықпал ету аясы арасында жүрген спутник болса, Қытайдың тартылыс күші оның траекториясын өзгертуге қабілетті екен. Менің куә болғаным бастамасы ғана болуы мүмкін.
Лю Цзычао – жазушы және бұрынғы зерттеу журналисті. Бұл материал саясат, мәдениет және өнер туралы жазатын Equator.org журналының рұқсатымен қайта басылды.
Поддержите журналистику, которой доверяют.