39472
9 февраля 2021
Оқиғаларды жазып алған Инесса Цой–Шлапак пен Оксана Акулова, фотосуреттер кейіпкерлердікі. Инфографика авторы - Мария Аманжолова

«Қызылшаның соншалық қауіпті екенін білмеппін»

Қызылшамен ауырған екі баланың оқиғасы

«Қызылшаның соншалық қауіпті екенін білмеппін»

Қазақстанда ата-аналар мен дәрігерлердің көбі қызылша деген аурудың бар екенін ұмыта бастаған. Оны беті қайтқан ауру деп ойлайды. Бірақ 2019 жылы елде бұл ауру күрт өршіп, 19 бала мен екі ересек адамның өмірін жалмады. Бұған себеп болған бірнеше фактор бар. Соның бірі – екпеден бас тарту. Біз балалары қызылшамен ауырған екі отбасымен сөйлестік. Олардың бірі екпе салдыруды өз еркімен кейінге қалдырса, екіншісінде қарсы көрсетілімдер болған.

Бірінші оқиға. «Екпе салдырмай, сәл күте тұрғымыз келді»

Сабина Хорошеваның екі баласы бар. Ұлы Давид – алтыда, қызы Этери – екіде. 2020 жылдың басында екеуі де, бірінен соң бірі қызылшамен ауырды. Екеуіне де екпе салынбаған.

«Екпеге қарсылардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады, әрқайсының өзіндік себебі бар. Біреу діни көзқарасына байланысты салдырмайды. Енді біреуі – қып-қызыл белсенді. Басқа себептер де жетерлік: көбі қобалжиды, уайымдайды, дәрігерлерге сенбейді, – дейді Сабина Хорошева. – Ал мен тұңғышымды күтіп жүргенде жас болдым, екпе туралы мүлдем ойланбадым. Күйеуімнің отбасы екпе салдырмай күте тұрыңдар деді. Мүлдем бас тарту емес, босанғаннан кейін бала қатайып, иммунитет қалыптасқанша күте тұруды айтты. Мен қарсы болмадым.

Ұлым Давидті мерзімінен ерте, 37-аптада босандым. Өкпесі толық ашылмай, жасанды желдетуге алып кетті. Сол кезде екпені бірден салдырмай, кейінге қалдырғаныма қуанғанмын. Бірақ бас тартамыз деп өтініш жазып берсек те, менің келісімімсіз В гепатитіне қарсы екпе салып қойыпты. «Екпе салдыңыздар ма?» деп сұрағанда ешкім ештеңе айтпаған. Оны кейін, BСG (БЦЖ) салдыруға шақырғанда барып көрдім, бір екпесі бар екен. Бас тартамын деп қайта өтініш жазғанымда дәрігерлер ұрсып, туберкулезбен ауыратын ұрпақ тәрбиелейсің, нашар анасың, балаңды жақсы көрмейсің, оны өлтіргің келеді деп жазғырып, ауыр-ауыр сөздер айтты. Бірінші рет босанған ана үшін бұл өте үлкен қысым. Қалқамандағы ауруханада босандым, алдын ала ешкіммен келіспей, тіркеуде тұрған жерім бойынша барған болатынмын. Күн сайын талай әйелді босандырып жүр ғой, менде де бәрі жақсы болар деп ойлағам. Босануын босандым, бірақ екпе салдырмаймын дегенім үшін естімегенім жоқ. Тіпті белгіленген күні шығармай, бір күн кешіктіріп шығарды.

Бала дүниеге келгеннен кейін алғашқы 3 күнде, медициналық қарсы көрсетілім болмаса, перзентханада БЦЖ және В гепатитіне екі екпе салады. Ерте салынатын екпелер Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдаймен және ауру жұққаннан кейін балаларда болатын ауыр асқынулардың алдын алумен байланысты.

Ұлым өсіп жатты, бәрі ойдағыдай келе жатты. Невропатологтың қабылдауында болғанда, екпенің жағымсыз әсері туралы сұрадым. Дәрігер баланың тұқымында қандай да бір аурулар болса, жеңіл-желпі қызу көтерілуден-ақ сол аурулар «оянып» кетуі мүмкін екенін айтты. Одан бетер қорқа бастадым. Өйткені күйеуімнің әжесі диабет болған, ал мен туған әкемді көрмедім. Тұқымымда ауру бар ма, жоқ па, нақты білмегесін жағдайды анық бағалай алмайтын едім. Екпе салдырмай «күте тұру» деген шешімім одан сайын нығая түсті.

Сегіз айлығында баламның тырнағы бүліне бастады. Біреуден жұқтырып алды дейтін емес, өзгеше болды. Бес жасқа дейін мұның емін таба алмадық. Тек бес жастан асқанда ғана тырнақтары қалпына келді. Дәрігерлер «онихомикоз» деген диагноз қойған, бірақ себебін сол күйі түсіне алмадық. Бәрін көрдік: түрлі маймен сыладық, лак жақтық, анализдер тапсырдық. Бірақ дерматологтар ұсынған емнің ешбірі көмектеспеді. Сөйтіп тағы да қорқып, екпе салдырмай алты жасқа дейін күте тұрмақ болдық.

Оған дейін екпе туралы әртүрлі материалдарды оқып жүрдім және екпеге зұлымдық деп қараған жоқпын. Бірақ екпеге қарсы белсенділердің қарқыны мен олар айтатын ақпараттың көптігі сонша, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырату қиын еді. Бәрі екпенің құрамын түсіндіреді, оның балалардың церебралды сал ауруына себеп болатынын айтады. Осыны естіп, қорқа бересің. Ата-аналар форумында өзім де балалардың иммунитеті туралы сұрап, сауалнама жүргізгенмін. Давид қызылшамен ауырғанға дейін вирус жұқтырса, ары кетсе 3 күн ауыратын. Не жұқтырса да, тез жазылатын. Бес жылдың ішінде екі рет қана қатты ауырған шығар. Қалған кездері бір күннің ішінде қызуы көтеріліп, басыла қоятын. Әсіресе екпе салған балалармен салыстырғанда анық байқалатын. Олар ұзағырақ ауырады, кейде асқынып, бронхит сияқты ауруларға ұласып жатады. Баласына екпе салдырмаған басқа ата-аналар да соны байқаған екен. Таңдалған 40 отбасы мен сауалнамаға қатысқандардың 90%-ы балалардың иммунитеті расымен жақсы екенін айтты.

Екпенің құрамы, оның зияны туралы оқи бердік, бірақ сол аурулардың қалай өтетінін мүлдем зерттемеппіз. Мысалы, бала көкжөтелмен, қызамықпен, полиомиелитпен немесе қызылшамен ауырып қалса, не болатынын білмедік.

Баламның иммунитетін қатайтып, жақсартып алсам болды, бәрі жақсы болады деп ойлағанмын. Бірақ оны сыртқы ортадан қорғай алмайды екем. Давид 5 жасында қызылша жұқтырып алғанда барып бәрі мен ойлағандай бола бермейтінін түсіндім.

«Олар балаларын ойласа да, айналасындағыларды ойламайды»

Давид барып жүрген балалар орталығында бір бала қызылшамен ауырып қалып, оны ата-анасы ешкімге айтпаған. Әлгі бала тып-тыныш ауырып шығып, орталыққа қайтып келеді. Әлі инкубациялық кезеңде болса керек, балалардың ішінде екпе салынбаған тек Давид болғандықтан, ауруды бірден жұқтырып алдық. Баламның қызуы көтеріліп, бес күн бойы түскен жоқ. Тұмау шығар дедік, бірақ алтыншы күні денесін қаптаған бөртпені көргенде бірден түсіндім, бұл – қызылша. Жедел жәрдем шақыртып, заттарымды жинап қойдым, ауруханаға алып кететіні түсінікті еді. Фельдшер диагнозымды растады да, алып кетті.

Дәрігерлер екі апта бұрын қайда болғанымызды сұрай бастағанда, бірден ата-аналар чатына жаздым. Екі апта бұрын балалар орталығында балабақшамызбен шыршаға барғанбыз. Чаттағы хатыма бір ата-ана: «Ой, біз де өткенде ауырып шыққанбыз. Уайымдамаңыз, тамағын шайқап жүрсеңіздер болды», – деп жауап беріпті. Оның аудиохатын тыңдаған соң, басқа ата-аналар да ашулана бастады. Қызылша – қауіпті ауру, ол туралы бірден ескертуі керек еді. Ол баланың анасы ескерттім дейді, бірақ күтушілер де, балабақша әкімшілігі де баланың қызылшамен ауырып жатқанын білмеген, анасы “балам суық тигізіп алды” деп қана айтқан екен. Түсінгенім бойынша, бала ауруханаға бармаған. Тек бірнеше рет жедел жәрдем мен педиатр келген. Ата-аналардың бәрі жабылып ұрса бастағанда, әлгі баланың анасы негізінде энтеровирусты қызылшамен ауырғандарын айтып ақтала ақтала бастады. Дәрігерлерден сұрасам, аурудың ондай түрі жоқ екен. Сөйтіп өзіне хабарласып, аурудың қалай өткенін сұрадым. Барлық симптомы қызылшаның белгілеріне келіп тұр. Бәріміз аң-таң болдық. Сол кезде жауапкершілік әр адамда әртүрлі болатынын түсіндім. Өз баласын ойласа ойлайтын да шығар, бірақ басқа балаларды ойламайды екен. Балаларымды мұндай ата-аналардан қорғай алмаймын. Ауруханада кіші қызыма екпе салуды ұсынған, бірақ кешігіп қалыппыз. Давид қатты ауырып жатқанда, Этери қасында жүрген. Мұның қызылша екенін ертерек білгенде қызымды оқшаулап, екпе салдырып, атасы мен әжесіне апарып тастайтын едік. Қызылшаның жұғатын кезеңі болады екен: бөртпеге дейін 4 күн, бөртпеден кейін 4 күн ауру басқаларға да тарауы мүмкін екен.

Ашуым келіп, әбден ыза қысты. Баласының ауырғанын жасырған әйелге айтып-айтып тастағым келді. Бірақ бұдан ештеңе шықпайтын еді. Бір жағынан өзіме деген реніш те жанымды жегідей жей берді. Екпеден бас тартқаныма, баламның қызылшамен ауруханаға түскеніне өзімді кінәладым. Басқа ата-аналардан жан-жақты сұрастырып, көп іздендім. Өзімді аз да болса ақтау үшін және дұрыс жасадым ба, жоқ па, соны түсіну үшін басқа ата-аналарға хабарласып, неге екпе салдырмағанын сұрай бастадым. Қызылшаның соншалық қауіпті екенін білмеппін. «Қызылша» дегенді күнде естігенімізбен, шын қауіпті түсіне бермейді екенбіз. Оның салдары өте қауіпті. Қызылшаның иммундық жүйеге тигізер зардабы зор. Ұлымның денсаулығын күтіп, иммунитетін қанша жерден күшейтсек те, қызылша бірнеше жылдық еңбегімізді жоққа шығарды. Көп нәрсе ағзаға байланысты, бірақ қызылшадан иммунитет 11%-дан 79%-ға дейін бүлінеді екен. Сондықтан ең дұрысы екпе салдыру деген ойға тоқтадым. Иә, екпенің де жағымсыз әсері болуы мүмкін. Бұл лотерея сияқты нәрсе. Бірақ таразы басына екпе мен (мұнда балаңды дайындайсың, сауықтырасың, дер кезінде салдырасың) қызылшаны қойсақ және қызылшадан кейін балаң үш жылда ғана қалпына келетінін есепке алсақ, қайсы қауіптірек екені түсінікті. Қазір екі балам да аурушаң. Екі апта сайын ауырып қалады: біресе тұмау, біресе жөтел, біресе құлағы ауырады, біресе қызуы көтеріледі. Екеуі де сондай әлсіз.

Бұлай боларын білмедім. Бізге тек ұрсады да қояды, соның орнына дұрыстап түсіндірсе ғой! Қызылшаның әсері ауырып болғаннан кейін білінеді екен. Иммунитет әлсірегендіктен, бала пневмония, менингит сияқты ауруларды тез жұқтырады. Сөйтіп қызылша қайғылы жайттарға себеп болады. Сондықтан қызылшадан кейін үш жыл бойы иммунитетті көтерумен айналысу керек. Әйтпесе бала өліп кетуі мүмкмін.

Давидпен 9-бөлімшеде жаттық. Ол жерде дәрігерлер де, басқа қызметкерлер де жақсы еді. Одан бұрынырақта ұлым екеуміз басқа инфекциялық ауруханада жатқанбыз, оның жағдайы мәз емес еді. Сол үшін мұндағы жайлы орта жаңалық болды. Бас дәрігерден еден жуушыға дейін ақкөңіл, күліп тұрады. Науқастардың көбі емізулі балалар мен жасөспірімдер екен. Шамамен 40 адамның ішінде біз сияқты өз еркімен екпе салдырмағаны үшеу ғана. Жағдайды толығырақ түсіну үшін, кім қалай ауырғанын сұрастыра бастадым. Біреулер инфекциялық ауруханада жұқтырса, біреулер екпеден кейін ауырыпты. Жасөспірімдердің көбі іні-қарындасынан жұқтырған. Мені қызықтырғаны да осы жасөспірімдер болды. Олардың екпесі бар ғой, оларға қалай жұғады? Сөйтсем, екінші екпені салдырмай, ауырып қалғандар екен.

«Қызылша екеніміз анық болса да, фельдшер бізді жалпыға ортақ қабылдау бөлмесіне апармақ болды»

Давид 3 қаңтарда ауырды, 5 күннен кейін ауруханаға қызыммен келдім. Қызылша екеніміз анық болса да, ауруханаға келгенде фельдшер бізді жалпыға ортақ қабылдау бөлмесіне апармақ болды. «Біздікі қызылша екенін түсінесіз бе! Бізге ортақ қабылдау бөлмесінде жатуға болмайды, арнайы жабық бокс керек», – дедім. Давидпен келгенде мұндай болмаған. Тәжірибелі фельдшер болса керек, бірден жабық бокске орналастырды. Сол кезде жалпыға ортақ бөлмеге кіргенде, бәріне жұқтыратын едік. Ақыры қызым екеумізді арнайы бокске жатқызатын болып, орнымызға келсек, ішінде бір қыз отыр. Қайта шықтық. Әлгі қыз шығып, орнымыз босаған соң қайта кірдік. Кейін дәрігердің фельдшерге ұрысқанын көрдім. Егер ол қыздың екпесі болмаса, жаңағыдай жақын арақашықтықта ол да жұқтыруы мүмкін еді. Мұндай жағдай көз алдымызда болды, соған қарағанда бұрын да болған шығар. Бізбен бірге жатқандардың көбі шынымен де ауруды осылай жұқтырған. Ортақ қабылдау бөлмесіне қызуы көтерілген баланы әкеліп орналастырады. Әрі талпынып, бері талпынып қызуын баса алмаған соң баланы толық тексеруден өткізеді. Сонда барып қызылша екені анықталады. Науқастың тісінің астындағы ақ дақтарға және төртінші, алтыншы күндері пайда болатын бөртпеге қарап науқастың қызылша екенін анықтауға болады. Аурудың басқа вирустық аурулардан айырмашылығы да сол. Баланың аузында ақ дақтар пайда болғаннан бастап науқас жұқпалы болады.

Қызыммен де 9-бөлімшеге түсіп, жолымыз болды. Бірақ мұнда да бәрі мінсіз емес екен. Палатада бірге жатқан көрші әйелді мұнда ішек инфекциясымен алып келген. Ал оның қасында жатқан балада ертесіне қызылша анықталады. Бөлімшедегі ата-ананың бәріне екпе салып, балаларға иммуноглобулин егеді. Бірақ сонда да ауру жұқпайтынына кепілдік бере алмаймыз дейді. Жұқпалы аурулар ауруханасында жатып, осындай оқиғаның талайын естідім. Аурудың жаппай тарауы да солай басталады. Мұны қоздыратын мен сияқты екпеден бас тартқандар емес, өз ісіне немқұрайлы қарайтын дәрігерлер. Ал аурудың ошағы – инфекциялық аурухананың өзі. Статистикаға қарасақ, ауру жұқтырғандардың 44%-ында екпе болмаған екен. Бірақ олардың ішінде әлі екпе салғызып үлгермеген, 1 жасқа дейінгі сәбилердің үлесі қанша екені көрсетілмеген.

Қызылша, паротит және қызамыққа қарсы кешенді екпе (ҚПҚ) 9-12 ай аралығындағы балаларға салынады. Ал бір жасқа дейін емшек сүтімен қоректенетін баланы анасының иммунды жады (антиденелер – V анықтамасы) қорғауы керек. Ағзаның иммундық қорғанысын нығайту үшін мектепке барар алдында, 6 жаста ҚПҚ-ға қарсы екінші екпе салынады.

Балаларыммен ауруханада жатқанда қызылшамен өзім де ауырып шыққан сияқтымын. Аз-маз бөртпе шығып, өзімді жаман сезінген сәтім болды. 90-жылдары екпеге байланысты біраз қиындық болып еді. Мүмкін мен де екінші екпені алмаған шығармын.

Қазір бәріміз күкірт тола бөшкенің үстінде отырмыз: екпесі бары да, жоғы да. Балаларымыздың денсаулығын қауіпке тігіп отырмыз. Қайсы бөшке жарылатынын ешкім білмейді. Екпе туралы айтқанда оның құрамын ғана талқылап, кейін жұғуы мүмкін аурудың зардабына тоқталмай өтуге болмайды. Мұның соңы немен аяқталатынына менің басымнан өткен жағдай жақсы мысал. Балаларым ауырғаннан кейін бұл тақырыпқа мүлдем басқаша қарайтын болдым. Қазір мен екпені салдыру жағындамын. Біздің жағдайымызды естіген жақындарымыз да аң-таң болған сияқты. Қауіптің таяқ тастам жерде екенін көбі білген жоқ”.

***

Бұл сұхбат 2020 жылдың ақпанында жазылды. Шамамен бір жыл өткенде, материалды жарияламас бұрын Сабинаға хабарласып, балаларының хал-жағдайын сұрадық. Екпе салдыруды әлі бастамапты, пандемия кезінде ауруханалар мен дәрігерлерден аулақ жүруге тырысқан. Осы уақыт аралығында балалар аса қатты ауырмапты. Тек суық тиіп ауырғандарын айтады. Бұған бір жылға жуық уақытқа созылған карантин әсер етті ме, әлде жақсы тамақтану мен дәрумендердің арқасы ма, оны мамандар айтар…

Екінші оқиға. «Маған салса, барлық ата-ананы екпе салуға міндеттер едім»

Алдымен кейіпкер туралы…

Тоғыз жасар Варя – Анастасия Наумованың үлкен қызы. Бірнеше жыл бұрын арық әрі ұяң 3 жасар Варяны Наумовтар балалар үйінен асырап алған. Кішкентай қыз Надяның жұбайы Алексейдің аузынан түсіп қалғандай еді. Тап сол кезде Наумовтар бала сүюді армандап жүрген. Оларды Варяның аурушаң екені де, қиындықтар да (жұрт неше түрліні айтқан), АИТВ екенін алдын ала ескерткендері де тоқтата алған жоқ. Сол сәтте-ақ Варяның інісі пайда болды, оны да асырап алды. Бірақ, Наумовтар отбасы оларды ешқашан асыранды деп айтқан емес. Тек отбасы тарихы туралы айтқанда ғана айтуы мүмкін. Анастасия мен Алексей қыздарының АИТВ екенін де ешкімнен жасырмаймыз деп шешкен. Ешкім біліп қоймаса екен деп, көлеңкеңнен қорқып өмір сүргенше, барды бар, жоқты жоқ деу керек. Бұл шешімі үшін ешқашан өкінген емес және әңгіме арасында мұны жиі қайталайды.

Анастасия Наумованың фотосуреттерін түсірген Данияр Мүсіров

АИТВ диагнозы қойылған балаларға тірі екпелерге қатысты медициналық қарсы көрсетілім бар. Оларға манту, BСG және ҚПҚ-ға қарсы екпе салуға болмайды.

«Мен мұны баяғы заманның ауруы деп жүріппін»

– Балаға тірі екпе салуға болмайтынын бірден ескертіп айтты. Қайда барсақ та, осы ескерту алдымыздан шығатын. Варя бірдеңе жұқтырып ала ма деп қатты қорықтым, – дейді Анастасия. – Кез келген инфекциядан қорқатын болдым. Тіпті қарапайым ЖРВИ-ден де қауіптенетінмін. АИТВ кезінде вирустың қалай әрекет ететінін, организмге әсері қандай болатынын білмеймін. Әйтеуір, құдай оңдап, ұзақ уақыт ауру-сырқаудан аман келген едік. Бірақ қызылшаға дайын болмадық.

2018 жылы қазанда Варя қызамықпен ауырып шықты. Ол кезде бірінші сыныпта оқитын, күйеуімді жұмыс бабымен Атырауға шақыртып, Алматыдан сонда көшіп барғанбыз. Қызымды екі педиатрға көрсеттім. Екеуі де ештеңе анықтаған жоқ. Сосын СПИД орталықтағы инфекционист дәрігеріміз Кизатова Нұрфия Төлемісқызына көрсеттім. Қарай сала, қызамық екенін айтты. Мен мұны баяғы заманның ауруы деп жүріппін. Қазіргі кезде мұндаймен ауыру мүмкін еместей көрінетін. Бірақ Варя сауығып кетті. Қалпына келгендей болды. Десе де, ішімнен қорқа бастадым. Бекер қорықпаған екенмін.

Қызамық (скарлатина) – ХХ ғасырдың ортасына дейін таралған жұқпалы ауру. Оны емдейтін өте тиімді антибиотиктер жаппай қолданысқа енген соң, күрт азая бастаған.

2019 жылдың ақпаны. Варя мектепке дайындалып жүр. Шұлығын киіп жатып: «Мама, аяғыма не болған?» – деп сұрады. Сөйтсек, геморрагиялық васкулит екен, оны кейін білдік. Бұл – кішкентай нүктеге ұқсайтын қанды сүйелдер. Бірден ауруханаға алып кетті, аллергия шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ауруханада үш апта бойы диагноз қоя алмады, қызылша екенін білмедік. Сол кезде әбден тозып біттім. Дәрігерлерден «Бұл не? Қалай емдейсіздер?» деп сұраумен болдым. «Дәрі-дәрмек саламыз, диета тағайындаймыз, бір қалыпта ұстап тұратын терапиямыз бар». Сонымен бітті! Сөйтсек, геморрагиялық васкулит ағзаның қызылшаға көрсеткен реакциясы екен. Инкубациялық кезең басталып кеткен. Бірақ біз тап болған дәрігерлер мұны түсінбеген. Ақыры Варяның қызуы 40 градусқа жеткенде бағана айтқан өзіміздің инфекционисіміз ауруханаға келіп, диагноз қойды, қызылша екен. Сол бойда жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетті. Содан кейінгі 10 тәулікті өмір бойы ұмытпаспын…

«Дәріні аузына тықпалай бердім. Варяның жылағанына да қарамадым»

Варя қатты ауырды. Қызуы түспеді, көтеріле берді. Не істерімді білмедім. Варя түні бойы ыңырсиды, жылайды. Сол кезді есіме алсам, әлі күнге денем түршігеді. Он күн бойы өзім де ұйықтамадым. Үстелге қисайып, көз шырымын аламын да, таймер шырылдағанда қайта тұрамын. Варяның қызуын бақылау үшін бір сағат сайын оятқыш қойып жүрдім. Бұдан басқа қолдан келер қайран жоқ, симптомды басуға ғана ем-дом жасау керек. Бірақ ең сорақысы – асқыну. Қызымның оң жақ өкпесінде пневмония болды. Қатты ауырғаны сонша, сілекейін де жұта алмады. Сонда дәріні қалай беремін? Суды қалай ішеді? Тамақты қалай жейді? Балаңыздың қызуы қырықтан асып, осындай халде он тәулік бойы жатқанын елестетіп көріңізші. Таблетканы жұту керек. Күштемесең іше алмайды. Ұнтақтап берейін десең, көп бөлігі аузында қалып, дәрі қажет мөлшерде әсер етпейді. Онда ол емнің не керегі бар? Таблетканы алып, аузына тықпалай бердім. Варяның: “Мама, қойшы! Ауырып жатыр”, – деп айғайлағанына, жылағанына да қарамадым. Одан бері де екі жылдай уақыт өтіпті. Күні кеше болғандай, әлі есімде. Қызымның орнына бір жыл солай жатуға дайынмын, тек Варям ауырмаса болды. Әлдекімнің екпе салдырмағанының кесірінен балаң осылай қиналып жатқанын көргенде, не істей аласың? Айтарға сөзім жоқ.

Варяның мұны қайдан жұқтырғанын білмеймін. Мектепте бізден басқа ешкім ауырған жоқ. Көшеде, аулада немесе дүкенде жұқтырған шығар. Кез келген жер болуы мүмкін. Бұл туралы ойланғым да келмеді. Тек тезірек жазылса екен дедім. Інісі Ваняға да жұғуы мүмкін еді. Қатты қорықтым. Варя жазылып, енді ғана өзіне келгенде ауруханаға екінші баламмен қайтып келсем не болады? Құдай сақтасын! Қазір ойланып қарасам, стационарда алты аптадан аса жатыппыз. Алғашқы үш аптасын жедел жәрдем әкеліп, Варяны аллергиядан «емдеген» жерде, қалғанын – жұқпалы аурулар ауруханасында өткіздік.

Ауруханада науқастар көп болды. Қызылшамен жатқандар көп: үлкені де, кішісі де бар. Әсіресе үлкендер көп. Екпеге қарсы болып жүрген белсенділер солардың қалай ауырғанын көрсе, бәлкім ойланатын шығар. Мен де қарапайым аудандық емханада қызыма екпе салғыздым (рұқсат етілген екпелерді салуға болады). Варяда емі жоқ АИТВ инфекциясы болса да, екпеге қарсы ешқандай реакция болған жоқ.

Өз басым екпеге қарсы белсенділерді ешқашан кездестірмеппін. Тек әлеуметтік желіде көріп қалатыным бар. Менде Варяның ауырып жатқан кездегі видеосы бар… Соны көрсем болды, көз жасымды тыя алмаймын. Бірде: «Баламның қалай қиналып жатқанына қараңдар! Сендердің де балаларың осылай бүк түсіп, жаны қиналғанына қарап отыруға дайынсыңдар ма?!» – деп сол видеоны жариялап жіберуге дайын болдым. Негізі өзім Құдайға сенбеймін. Бірақ сол сәтте сыйынуға болатын нәрсенің бәрінен қызым аман қалса екен, бәрі аман сау өтіп кетсе екен деп тіледім.

«Қарсы көрсетілімі болғаны үшін балалардың қиналатыны өкінішті»

Құдай оңдап, қызым сауығып кетті. Әбден жүдеді, әлсіреді, 17-18 келідей салмақ тастады (жеті жасар бала!), бірақ аман қалды. Аурудан кейін Варяның сабағы нашарлай бастағанын байқадым. Он тәулік бойы түспеген қызу баланың когнитивті қабілеттеріне де әсер еткен сияқты.

Варя ауырған күндерін есіне алғысы келмейді. Жайсыз күндерін ұмытуға тырысады. Меніңше бұл қасиет балалар үйімен байланысты. Миы негативті бұғаттап тұрады.

Ал мен қызылшадан кейін жұқпалы аурудан одан бетер қорқа бастадым. «Коронаны» қалай уайымдағанымды көрсеңіздер ғой. Не істеп, не қоярымды білмедім. Сөйтіп жүргенде өзім ауырып қалдым. Қалғандары сап-сау. Тіпті зейнетке шыққан анам мен АИТВ инфекциясы бар Варя да. Былай қарасаң, үйіміз аса үлкен емес, бір-бірімізді күнде көреміз.

Бәле-жала осы қызылшамен кетті деп үміттенемін. Өмірімізде мұндай сұмдық тағы да қайталана көрмесін. Қолымнан келсе, барлық ата-ананы баласына екпе салдыруға міндеттеп қояр едім. Екпеден бас тартқандар үшін жауапкершілік қарастырып, балалардың барлығын егу үшін медициналық патронат енгізер едім. Бұл қызбалықтан емес. Құдай басқа салмасын, қызымның басынан не өткенін көрдім және басқалардың баласы солай қиналғанын қаламаймын…

АИТВ инфекциясы анықталған адамдарға екпе салуға қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығы: «Бір жастан асқан балаларға иммунологиялық тексерістен кейін және иммунодефицит анықталмаған жағдайда ғана тірі екпе егу ұсынылады». ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің осы әлеуметтік топқа қатысты бұйрығында да солай жазылған: «Иммуносупрессия белгілері анықталмаған немесе өте төмен деңгейде анықталған АИТВ инфекциясы бар тұлғаларға тірі екпені АИТВ-инфекцисы жоқ басқа тұлғалармен бірге егуге болады».

2019 жылғы қызылшаның өршуіне қайта оралсақ. Қызылшадан қайтыс болған 19 баланың біреуі екпе салдырмаған. Сегіз балада медициналық қарсы көрсетілім болған, қалған он бала екпе салатын жасқа жетпеген. Қайтыс болған екі ересек адамда екпе болды ма, жоқ па, белгісіз. 2020 жылы қызылшамен ауыру бойынша 3270 жағдай тіркелді. Оның 2265-і – 14 жасқа жетпеген балалар. 6 өлім болды. Оның төртеуі – бала, екеуі – ересек адам. Төрт балаға да екпе салынбаған: үшеуі екпе салатын жасқа жетпеген, біреуінде медициналық қарсы көрсетілім болған. Ересектерде екпе болды ма, жоқ па, белгісіз.

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.