14451
20 августа 2021
Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, Vласть

Құрғақшылықтағы өмір

Құрғақшылық Жамбыл облысындағы малшылар мен шаруалардың өміріне қалай әсер етті?

Құрғақшылықтағы өмір

Биыл Қазақстанның бірнеше өңірі құрғақшылықтың зардабын көріп жатыр. Аптап ыстық, жауын-шашынның болмауы, суармалы жердің тапшылығы салдарынан аймақтарда шөп шықпай, аштықтан мал қырыла бастады. Малшылар елде мал басының қысқаруымен қатар, ет бағасының қымбаттайтынын айтып, ескерту жасап отыр.

Маңғыстау және Қызылорда облыстары – қуаңшылықтан ең көп зардап шеккен өңірлер, дегенмен басқа аймақтар да мұның зардабын көріп жатыр. Vласть тілшілері Жамбыл облысындағы жергілікті тұрғындар құрғақшылықты қалай өткеріп жатқанын біліп қайтты.

Мал базары

Тараздың мал базарына барғанымызда абыр-сабыр болып жатыр екен. Үш күннен кейін болатын Құрбан айт мерекесіне қой сатып алуға келгендердің қарасы көп. Тек сенбі күндері жұмыс істейтін мал базары бұл жолы жексенбі де сауда жасап жатыр.

Базарда жүргендер жем-шөптің бағасы да көтеріліп кеткенін талқылап жатыр:

«Былтыр 700-800 теңге тұрған шөпті биыл 1800 теңгеден сатып жатыр. Бұрын көтерме бағада өрістен 400-500 теңгеге алатын едік», – деді бірі. Тағы бірі биліктегілер бағаны реттемесе, жағдайы барлар мал азығын көп мөлшерде сатып алып, қымбат бағада халыққа сатуы мүмкін екенін айтып қалды.

Мал базарына келушілердің жағдайы мәз емес, себебі малшылар азық таба алмағандықтан, қолда бар малын сойып, сатпақшы. Ал бұл аймақтағы мал басының азаюына алып келіп, халықтың күнкөрісіне қауіп төндіреді.

Құрғақшылық

Сарапшылар, соның ішінде Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев құрғақшылыққа жауын-шашынның болмауы және күннің ыстығы сияқты табиғи факторлар әсер етті деген пікірде.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрғақшылықтан Қазақстанның бірнеше өңірі қиын жағдайда тұрғанын растады.

Әсіресе, Маңғыстау және Қызылорда облыстары сияқты қуаң аймақтарда жайылымда шөптің болмауынан мал қырыла бастады. Тоқаевтың сөзінше, Маңғыстау облысында мал өлімі 3 мың басқа жеткен.

Алайда Алмасбек Садырбаев үкімет елдің оңтүстік және батыс өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін біле тұра, ауыл шаруашылығындағы мұндай мәселелерді болдырмау үшін тиісті шаралар қолданбаған деп есептейді:

“Суды үнемдеу, суармалы жердің көлемін өсіру, оңтүстіктегі күріш дақылдарының көлемін азайту бойынша ешқандай да стратегиялық бағдарлама іске асып жатқан жоқ. Жайылымдарды суару құдықтары не болды? Оны көбейтудің орнына, керісінше, 80% құдықтың субсидиясын 50%-ға азайтты”.

Сондай-ақ, ол жергілікті әкімдіктер мен ветеринарлардың малдың өлім-жітім есебін шынайы санынан төмендетіп көрсететінін атап өтті.

“Аралда бір адамның өзінде 250 бас мал, бір ауылда 500 бас мал өлгенін санап шықтым. Сондықтан ол жалған ақпарат. Жергілікті әкімдік, ветеринарлар өлген малды тіркемей, орталыққа жалған ақпарат береді. Шынайы дерек олардың есебіндегіден көп”.

Садырбаевтың сөзіне қарағанда, қуаңшылыққа байланысты қазір бәрінің көңілі Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына ауып отыр. Ал олардың көлеңкесінде Түркістан, Жамбыл облысы, Қостанай, Қарағанды, Алматы облыстары қалып қойды: “Мал азығы қымбаттап жатыр, малшылардың қысқа дайындығы нашар. Адамдар [аталған аймақтарда – V] малын төмен бағамен сатуда. Бұл күз-қысқа таман үлкен мәселеге айналуы мүмкін”.

Бақалы

«Менің 13 гектар егістік жерім және жанында тағы 9 га жер бар. Құрғақшылық салдарынан жеріміз егуге жарамсыз болып қалды. Шөп қысқа орғанға келмейді. Техникаға жұмсалатын шығын ақталмайды, өйткені комбайндарды жалға аламын, ал оған жағармай құю керек, ол да биыл қымбат. Мұнда жауын-шашын басты рөл атқарды, өйткені бізде тауда суармалы жер жоқ. Көктемде жаңбыр болған жоқ, қыста жауған қардың ылғалын шығыстың желі айдап кетті. Енді жер құрғақ, ал жерге өнім сепкендер зардап шегіп жатыр», – дейді Тараздан 55 шақырым жерде орналасқан Бақалы ауылының тұрғыны, малшы, шаруа Талғат Әміров.

Әміров ауылдағы жалғыз табыс көзі – мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы екенін айтып өтті. Ол мал басын көбейтіп, қалада ет сатады. Әр килосына 2 мың теңге алады. Ауылда балабақша мен мектепте ғана жұмыс бар немесе ветеринар болу.

Бақалыда сексенге жуық тұрғын үй және бір көше бар. Ауылда тек бастауыш мектеп болғандықтан, оқушылар көрші ауылдардағы орта мектепке барып оқиды.

«Көктемде алты жыл бойы өнім алған эспарцет шөбінің орнына арпа ектім. Биыл ол жер өнім беруі керек еді, бірақ жаңбыр жоқ – арпа шықпады. Бұған жұмсаған ақшам мен еңбегім желге ұшты», – деді ол.

Сонымен қатар, Әміровтің 40-қа жуық қойы және үш бұзаулы сиыры бар. Оның сөзінше, қазір мал сарыбезгек ауруымен ауырып жатыр, үш тұрғынның малы осы аурудан өлген.

«Малымды емдеу үшін 15 мың теңгеге дәрі-дәрмек сатып алдым. Адамдар ауылда малшылардың жағдайы жақсы деп ойлайды. Бірақ олай емес, бізде шығын көп. Мысалы, былтыр әрқайсы 70 мың теңге тұратын он қойым өлді».

Сонымен қатар, Әміровтің екі гектар шабындық жері бар, онда ол алғашқы орымда 290 түктей шөп жинаған.

«Жоңышқа орып жүргеніме алты жыл болды. Әдетте бір гектардан 180-200 түп алатынмын, ал биыл екі гектардан 290 түп жоңышқа ғана жиналды. Екінші орымда одан да аз болады. Барлығы қымбаттап жатыр. Әйелім екеуіміз үй салу үшін несие алғанбыз. Бірдеңе қылып несиені жауып жүрміз, бірақ қиындап барады. Ғалымдардың айтуынша, құрғақшылық 2024 жылға дейін жалғасады. Келер жылы қалай болатынын көреміз. Дегенмен жақсылықтан үміт үзбейміз», – дейді Әміров.

Әміровтен әкімдік тарапынан шаруаларға құрғақшылық болатыны жайлы ескертілді ме деп сұрағанымызда, оларға бұл туралы айтылмағанын және ешкім ешқашан көмектеспегенін айтты.

«Мен мемлекеттен ештеңе күтпеймін. Бардың не, бармадың не, бәрібір. Мысалы, Маңғыстауда жұт болды, мал қырылды. Мемлекет еш нәрсе істеген жоқ. Қайта еріктілер көмектесті».

Шалғай Қарасу

Таразда мұндай қала маңын «шеңберден тыс» деп атайды. Мұны сөзбе-сөз «билік мүддесінің шеңберінен тыс» мағынасында қабылдауға болады. Шалғай Қарасуға саяхаттап келгендерді ойқы-шойқы жол қарсы алады.

Бұл жердегі үйлердің көбі қақпамен қоршалмаған, әдейі солай ойластырып салынған дегеннен гөрі ақша тапшылығына саяды. Қай жерде мал жайылымы басталатынын, ал қай жерде жол аяқталатынын айыру қиын. Сонымен қатар, бұл көріністі жанымыздағы электр желілерінен шығып тұрған токтың дауысы толықтырды.

Кешке қарай Қарасуда балалардың қарасы көп. Жергілікті тұрғындар «саз» деп атайтын жерде шомылып жүр. Тұрғындар ауылда су мәселесі ақсап тұрғанын айтты. Олардың айтуынша, бір жағынан шөпке су жетпей жатса, екінші жағынан ауыл маңында балалар шомылуға жарамды деп тапқан үлкен саз бар. Үлкендер балаларының қауіпсіздігіне бір алаңдаса, саздағы су шамадан тыс ағып, үйлерді басып кете ме деп тағы уайымдайды.

Саздың ар жағында жүзге жуық қой жайылып жүр. Жайылым маңы бөтелке сынығы, сынған шифер бөліктері мен басқа да қоқысқа толы. Су басқан өрістің арғы бетіне өту үшін тұрғындар құрылыс заттарынан көпір жасап қойған.

Жергілікті тұрғын Тасжүрек Умиров бұтаның көлеңкесінде отырып, айналасындағы малды бағып отыр. Ол Қарасуда отыз жылдан бері тұрады. Умировтың айтуынша, бұрын бұл жерде мал жаятын кең алқап болған, ал қазір Қырғыстанмен шекарадағы өзгеріс салдарынан, жол, көліктен артылған кішкентей жерде әрең дегенде шөп іздеп жаюға мәжбүр.

«Жаңбыр жоқ, шөптің бәрі кеуіп қалды. Малды өсіру үшін шөп сатып алу керек, бірақ ол өте қымбат. Кеңес заманында біз тары мен сабанның масағын өртейтінбіз, ал қазір ол 500-600 теңгеден тұрады. Менде 20 бас қой мен қозы бар, оларды баға алмаймын, сондықтан сатқым келеді. Бірақ арзанға өтпек тұрмақ, ешкім сатып та алмайды. Көбіне семіз, еті бар малды ғана алады, ал біздікі әрең жүр. Бізде жайылым жоқ, тек осы Қарасу ішінде ғана жаямыз, бізді басқа жерге жібермейді. Малшылар жүз бас малға жем-шөп табу үшін малының жартысын сатуы керек. Малы көп адамдар үшін бұл түк емес, ал біз сияқты малы аздарға қиын. Соңында мұның бәрі ақшаға келіп тіреледі», – деді ол үйреншікті өріске қарап. Күн батқанда өріс кеуіп қалғандай көрінеді.

Шөп базары

Шөп базары Тараздан шығаберістегі Мәмбет батыр көшесінде орналасқан. Осы жерден бастап қалалық көрініс ауылға ауыса бастайды: бетон ғимараттар кішкентай үйлерге айналып, дүкен, базарлар және кең дала көріне бастайды.

Күн астында күні бойы жұмыс істеген жұмысшылар көлеңкеге жиналып, келіп-кетіп жатқан көліктерді бақылап отыр. Келушілер жүк көлігіндегі шөптің бағасын мұқият қарап жүр.

Олар бір жыл ішінде шөп бағасы 3-4 есеге қымбаттап кеткенін, алайда базар көп үстеме қоспайтынын атап өтті.

«Шабындықта шөп шауып жүргендерге қиын. Олар бұрын 10 мың түк шөп жинаған жерлерде қазір қуаңшылық салдарынан 2-3 мың түк жинады. Шөп табу мүмкін емес, – дейді жүк көлігінде шөп тасумен айналысатын жұмысшының бірі. – Бұрын базарда шөптің 80-90%-ы тікелей жергілікті жайылымнан сатылатын, ал қазір құрғақшылық пен жаңбырдың болмауына байланысты мұндай мүмкіндік жоқ. Жоңышқадан басқа барлық шөп жаңбырға тәуелді”.

«Оның өзінде жоңышқаға су берілмеді», – дейді егде жастағы тағы бір жұмысшы.

«Алғашқы шөп шабу кезінде жоңышқаны суарып үлгермеді. Бұрын бір гектардан 200-250 түк жиналатын, ал биыл шамамен 70-80 ғана түк шөп шықты. Шаруалар бидай мен сабанды да дұрыс өспеген соң тастап жатыр, өйткені оған қолданылатын техника мен жұмыс күші ақталмайды».

Қостөбе

Қостөбе ауылына Бұрыл кенті және Қызыл жұлдыз арқылы жетуге болады. Жол жиегінде жүк көлігінде бір топ адам қарбыз сатып жатыр, ал жанында шағын қорада сатылымда тұрған қойларды бақылап, екі бала отыр. Биік ағаштар жолға көлеңке түсіріп тұр, ал оның артынан алтын түске боялған өріс пен онда жайылып жүрген қой-ешкіні көруге болады. Олар тақыр жерден шөп іздеп, иесіз өздері жайылып жүр.

Бұрыл кентіне барар жолда бір табын сиырды бағып отырған ер адамды көрдік. Жанында кішкентай иті бар Жүсіп Араловтың мал бағатын кезегі екен. Ауыл тұрғындары өзара келісіп, кезекпен 10-15 күнде бір рет мал бағады.

“Жайылым биыл өте нашар. Шөп қымбат, су, жаңбыр аз. Мұраптар [ауыл шаруашылығы алқаптарында суды бөлуге жауапты адамдар – V] кезекпен суды бөліп береді. Әр гектар жерге бөлінген суға 8 мың теңгедей төлейміз. Халық сүт жоқ деп жылайды. Сиырға дұрыс азық болмаса, қайдан сүт болсын?” – дейді Жүсіп Аралов.

Қостөбеге кіре бергенде суармалы жерде ауыл тұрғыны Әзімбек Бейсеркеев арық қазып, еккен өнімін суарып жатыр.

«Менің төрт гектар жерім бар. Суды мұраптар бөлген кезек бойынша аламын. Міне, қазір жаз бойы бірінші рет суарып тұрмын. Шынымен су жоқ, ол бізге Қырғыстандағы Талас өзенінен келеді. Биыл Таластың суы аз. Суғармасаң жаңбырдың суы су болмайды ғой. Айналада жайылым жер жоқ бізде. Мен мұнда жоңышқа өсіремін, оны ай сайын суару керек. Көріп тұрғандарыңыздай, бәрі сарғайып кеткен. Биыл аз шықты, бойы өспей, сусыз, сирек өскен. Су ішкенде қалың өсетін. Жылда әрқалай өнім аламын, биыл аз шығады».

Оның жерінің көбі күн астында сарғайып кеткен. Мұндай көріністі өрістің әр бөлігінен көруге болады.

«Мен өсірген жоңышқамды сатпаймын. Аяқ астынан шығын шығып қалған жағдайда ғана сатпасам, көбіне қысқыға жинап, малға беремін. Жері жоқтардың жағдайы менен гөрі қиын, себебі оларға шөп сатып алу керек, ал шөп қымбат».

Мемлекет тарапынан бұл мәселеге қатысты қандай шаралар қабылдану керек деген сұраққа, Бейсеркеев былай деп жауап берді: «Шөптің бағасын мемлекеттік реттеу қажет, бағасын түсіру керек. Шөптің бағасы 1700-1800 болып кетті. Масқара ғой. Оны біреуінің қалтасы көтереді, біреуі көтермейді. Шөп ала алмағандар малын арзан бағада сатады, ал еттің бағасы көтеріледі».

Сондай-ақ, Бейсеркеев көктемде әкімдік биыл су аз болатынын, сондықтан өнімді аз егіңдер деп ескерткенін айтып өтті. Ол Қырғызстаннан келетін судың бітіп қалуына алаңдайды, себебі онсыз бұл өңірде бәрі кеуіп қалмақ.

Су мәселесі

Ауыл шаруашылығы министрлігі Vласть сауалына берген жауабында, Жамбыл облысының су ресурстары Қырғызстан Республикасының аумағындағы Шу, Талас және Аса өзендерінен келетінін мәлімдеді. Демек судың шамамен 80%-ы көрші елден келеді. Сондай-ақ, ведомство биыл республиканың оңтүстік өңірінде су жетіспеушілігі бар екенін растады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев маусым айында «Азаттық радиосының» сұрағына берген жауабында облыста су мәселесі бар екенін растады:

«Біз суды Орто-Токой және Киров су қоймаларынан аламыз. Бүгінгі таңда екі мемлекет арасындағы келісімде жазылған көлемнің тек 50%-ын ғана аламыз. Қазір олармен [Қырғызстан өкілдерімен] жұмыс істеп жатырмыз. Жақында делегация болды. Қазір [су көлемі] бізге белгілі бір пайызға өсті, бірақ, өкінішке қарай, бұл су бізге әлі де жеткіліксіз», – деді Сапарбаев.

Әзірге бізде 80%-ға Қырғызстанға тәуелділік бар. Қазір Шу және Талас өзендерінің есебінен суға деген қажеттіліктің 50%-ын ғана қамтамасыз етіп отырмыз.

Алматы облысы бағбандар қауымдастығының директоры Арсен Рысдәулетов Орталық Азия өңірінде құрғақшылық, аптап және су тапшылығының салдары әлі жалғасатынына сенімді.

«Ресми деректер бойынша, Қазақстанда шамамен 520-540 текше шақырым тұщы су қоры бар, оның 58 текше шақырымы – таяу жылдары еріген мұздықтар. 101 текше шақырым су жыл сайын шекаралас мемлекеттердің өзен ағындарынан келіп түседі. Бұл 190 текше шақырым көл мен 95 текше шақырым су қоймасының таяздануына әкеледі. Салыстырмалы түрде алсақ, тек 95 текше шақырым жерасты су қоры өзгеріссіз қалмақ».

Гродеково

Гродеково Тараздан шамамен алты шақырым жерде, Қырғызстанмен шекаралас аумақта орналасқан. Оны шығыстан Талас өзені шайып жатыр. Гродеково көшелерінде мал жаю сирек кездеседі, оның орнына өсімдік отырғызатын үлкен алқаптар көп.

Мұнда Андрей Тимофеевтің фермасы бар. Жергілікті тұрғындар оны жақсы таниды, өйткені оның өнімдері көптеген дүкенде сатылады.

«Біз тек 125 тонна өнім жинадық. Оның 100-ін дивиденд ретінде беруім керек. Өзіме ештеңе қалмайды, – деп түсіндірді Тимофеев. – Былтырмен салыстырғанда жағдай қиын, былтыр 800 тонна өнім алсам, биыл – 125 тонна. Міне, менің жағдайым осындай».

Тимофеев жері суармалы емес болғандықтан, өнімінің жақсы беруіне тікелей ауа райы әсер ететінін атап өтті.

«Қазір шөптің бағасын білесіздер, оны сатып алуға жағдайымыз келмейді. Биыл тек 60 гектарға жоңышқа еккенім жақсы болды. Бір рет шөпті жинап алдым, екінші рет жинауға келмейді, жердің бәрі кеуіп қалған. Шабындықта ештеңе жоқ, тіпті бірқалыпты сақтап қалу үшін қамыс сатып алып жатырмын».

Тимофеев бірдеңе қылып бұл қиындықты да өткереміз деп үміттенеді. Ол биыл жүгеріні көп мөлшерде егіп, сүт өнімдерінің бағасын 10%-ға дейін көтерген.

«Мен нақты болжам айта алмаймын, бірақ, байқауымша, биыл жағдай шынымен де қиын болмақ. Солтүстікте де дәл осындай жағдай деп жатыр, – деп жауап берді Андрей Тимофеев елде азық-түлік дағдарысы туа ма деген сұраққа. – Менің бар үмітім жүгеріде. Таластан малына шөп таппаған халық біздің жүгері алқабымызға қарай малын айдайды. Сондықтан айналаның бәріне күзет қойдым».

Жақын жерде Исмаил Газиев есімді малшы мал бағып жүр. Ол да басқа малшылар секілді қымбаттаған шөп бағасы туралы айтты:

«Мал басын асырау үшін маған аз дегенде 400 түк шөп керек, ол шамамен 600 мың теңгеге шығады. Бұл тиімсіз, себебі мендегі бар малдың жартысының құны осындай. Жақында базарда болдық, мал бағасы өте арзан. Міне, анау қара сиырды 120 мыңға сатып алдым, былтыр ондай мал 180-200 мың теңге тұрған. Халық малын асырау қиын болғасын сатуға тырысып жатыр».

Бесағаш

Тараздан Бесағашқа әр сағат сайын жүретін ескі автобустардың көмегімен немесе 150 теңгеге таксимен жетуге болады. Жол жақын – он минуттық жер.

Біздің сапарымыз күні ауылда Құрбан айт мейрамы тойланып жатты. Мерекелік көңіл-күйден тек жергілікті мешіттің қоршауындағы құттықтау белгісін көрдік. Ауылдағы асфальтталған жол саяхатшылар үшін нұсқаулық ретінде қызмет ететіндей. Жол сұраған әр адамға тұрғындар «асфальт жолды» нұсқайды.

Ауылдың емханасы бар, ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, жедел жәрдем қаладан аз дегенде жарты сағатта, ұзаққа созылғанда бір сағатта келеді. Мектеп пен балабақша қақпасы боялған бір аумақта орналасқан.

Мұндағы үйлердің барлығы дерлік дуалмен қоршалған және әрқайсында жеке бақшасы мен сиыр бар. Малшылар малды өріске айдап әкеткен, ал көшеде Құрбан айт мерекесімен құттықтап жүрген балалар ғана көрінеді. Ауыл қаңырап қалғандай.

«Халық мал асырап, күн көреді. Кейде құрылыс жұмыстары болып тұрады. Сондай-ақ, бюджеттік жұмыстар бар. Мектепте мұғалім болуға болады, олардың жалақысы 100 мыңға дейін барады. Ал қалғандарында ең төменгі жалақы – 42 500 теңге. Пошта қызметкері 35 мыңдай алады», – дейді бала-шағасымен есік алдында тұрған ауыл тұрғыны.

«Қазір өмір сүру қиындады ма?» деген сұраққа жергілікті тұрғындар күледі.

«Бәрімізде несие бар, қарыз алсақ та тырмысып жауып жүрміз. Азық-түлік те, құрылыс материалдары да, бәрі қымбаттап жатыр. 50 келі ұн – 8 мың теңге, майдың бағасы – 4,5 мың. Біздің малымыз бар, бірақ шабындықта шөп жоқ. Қысқыға әр түк шөпті 1,5-2 мың теңгеден сатып алып жатырмыз. Міне, қараңыз, жылқымыз үйдің жанында жайылып жүр. Басқа жер жоқ, бізге жер де бермейді», – дейді кішкентай үйдің жанында құрғақ жерден шөп жеп тұрған арық жылқысын нұсқаған ер адам.

«Мұның жер алу кезегінде алтыншы болғанына қанша жыл болды», – деп күледі жанында тұрған әйел.

Жанымыздан үш сиырды жайлауға айдап бара жатқан екі жас жігіт өтті. Олар да ауыл тұрғындарының айтқанын растады:

«Менің ағамның жүз бас малының отызы аштан өліп қалды», – дейді шаршаған дауыспен Мейірхан есімді азамат.

Ауылда интернет әрең ұстайды, жол нашар, Мейірхан мен оның жанындағы досы сияқты жастарға жұмыс жоқ. Сол кезде ауыл әкімін сайлауға бір апта қалғаны туралы көбінің хабары аз. «Біреуді сырттан әкеліп, тағайындай салады», – деді Мейірхан. Оның айтуынша, әкімдіктегі шенеуніктер құрғақшылық туралы ескертпеген. Оның үстіне, ауылға біреу келіп, олардың мәселесіне қызыққандарды бірінші рет көріп тұрғанын жасырмады.

«Сіздерден кейін бірдеңе өзгере ме? Ауылға қандай да бір пайда келе ме?» – деп сұрады Мейірхан.

«Қазақстан аймақтарда төтенше жағдай жариялауы керек»

19 шілдеде Жамбыл облысының әкімдігі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында болып, ауыл шаруашылығының жағдайымен танысқанын хабарлады.

«Қазірден қамданбасаңыздар, қыста зардабын өздеріңіз тартасыздар. Сондықтан арық-атыздардың, өзен-көлдердің жағасындағы шөптің барлығын орып алыңыздар. Одан кейін егіс алқаптарындағы масақты да ұқыптап жинап алу керек», – деп баспасөз қызметі Сапарбаевтың сөзін келтірді.

Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Қазақстанда өсірілетін малдың негізгі бөлігі Түркістан, Жамбыл және Алматы облысы сияқты оңтүстік өңірлерде шоғырланғанын атап өтеді. Ол малдың жаппай сатылуына байланысты ет бағасы көтерілетініне сенімді. Бұл бүкіл ел бойынша тұтынушыларға әсер етпек.

Садырбаев билік құрғақ аудандарды, соның ішінде Жамбыл облысын сумен қамтамасыз ету проблемасына назар аударуы қажет екенін баса айтты. Оның айтуынша, Жамбыл облысы сияқты ыстық өңірлерде жаңбырға қарап отыру тиімді емес.

Ол, сондай-ақ, Ресейдің он аймағында құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланғанын мысалға алып, Қазақстанның да дәл осылай әрекет етуі қажет екенін алға тартты.

«Қазақстан аймақтарда төтенше жағдай жариялауы қажет. Содан кейін шаруаларды жем-шөппен төмен бағада қамтамасыз ету жағын шешу керек. Азық-түлік корпорациялары арпа мен тары өндірісін қаржыландыруы қажет. Сондай-ақ, мал мен жем-шөпті шетелге сатуға тыйым салу керек, өйткені мал қазір Өзбекстан мен Қырғызстанға жеткізіліп жатыр. Егер бұл әрекеттер жасалмаса, біз мал басынан айырыламыз. Тағы да бес жылға ма, он жылға ма, мал шаруашылығымыз кейінге кетейін деп тұр», – деп есептейді Садырбаев.