3370
12 октября 2022
Назерке Құрманғазинова, суретті түсірген Алмас Қайсар

Беймәлім

Президент болудан кімдер үмітті?

Беймәлім

11 қазан күні кешкі алтыда Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс өтетін президент сайлауына үміткерлер құжатын қабылдауды аяқтады. Тіркеу аяқталардан бірер сағат бұрын тағы екі үміткер құжат тапсырып үлгерді. Сонымен, барлығы 12 адам президент сайлауына қатысуға өтініш берді, бірақ олардың қаншауы тіркеуден өтетіні әлі белгісіз. Власть президент болудан үміттілер кім екенін шолып шықты.

Үш кандидатты саяси партиялар ұсынды – Парламенттегі «Аманат», «Ақ жол» және Қазақстан халық партиялары мен бірқатар қоғамдық бірлестік қысқа уақыт ішінде «халықтық коалиция» құрып, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат ретінде ұсынды. «Ауыл» партиясы атынан 67 жастағы Жигули Дайрабаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан 65 жастағы Нұрлан Әуесбаев президент сайлауына түспек.

Ал қалған тоғыз кандидат әртүрлі қоғамдық бірлестік атынан құжат тапсырды: «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы Мейрам Қажыкенді ұсынды; «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінен бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев; Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсы атынан Қарақат Әбден; «Қазақстан құрылысшылар одағы» атынан Талғат Ерғалиев; «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев; «Асар» оралмандар қоғамдық бірлестігінен Хайрулла Ғабжәлелов, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова және соңғы уақытта тіркеліп үлгерген «Қазақстан футбол әуесқойлары лигасы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Бақыт Жаңабаев пен «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінен Фатима Бизақова.

Президенттікке үміттілер саны рекордтық көрсеткішке жеткенімен, олардың көбі кейінгі жылдары саяси ортада көзге түспеген не мүлдем беймәлім азаматтар. Мысалы, 46 жастағы Бақыт Жаңабаев туралы ашық мәліметте оның Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті командасының шабуылшысы екені ғана жазылған, ал Фатима Бизақова жайлы оны ұсынған бірлестік мүшесінен басқа ақпарат табылмады. «Асардан» ұсынылған 73 жастағы Хайрулла Ғабжәлеловтың теңгенің алғашқы дизайнын жасаушылардың бірі екені белгілі.

Фатима Бизақованы қосқанда ұсынылғандар тізімінде үш әйел кандидат бар. Оның бірі – 48 жастағы Қарақат Әбден президент жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, қоғамдық кеңес мүшесі қызметін атқарады. Оның 2019 жылы жарық көрген «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» кітабы біраз қоғам белсендісінің наразылығын тудырған.

Тағы бір әйел кандидат 56 жастағы Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбден мүшелік ететін президент жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары қызметінде. Ол ұзақ жыл бойы мемлекеттік қызметте істеген, кейінгі 5 жылда қоғамдық жұмыстармен айналысып жүр.

Кандидаттар ішінен Тоқаевтан басқа тағы екі үміткер бұған дейін президент сайлауына қатысуға талпынып көрген. Жұматай Әлиев 2019 жылы өткен тағы бір кезектен тыс сайлауда үміткер ретінде тіркелуге құжатын тапсырып, бірақ мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын тестілеуден өте алмады. Сонымен қатар, Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, Әлиев биыл «Халық дербестігі» партиясын құруға 20 мың қол жинап, съезін өткізген, алайда бұл партия туралы ашық деректе ешқандай мәлімет жоқ. Бұрынғы мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев те 2019 жылы президент сайлауына түспек болды, бірақ кейін «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаеваны қолдап, кандидатурасын қайтарып алды.

Үміткерлер арасында кейінгі жылдары жеке партиясын тіркеуге талпынып жүрген, оппозиция өкілі ретінде қатысатынын мәлімдеген 44 жастағы бұрынғы мәжіліс депутаты Нұрлан Әлтаев бар. Ол 2020 жылдан бері «El tiregi» партиясын тіркете алмай жүр. Осы жолғы президент сайлауына «Мұқалмас» бірлестігі атынан ұсынылып, қазақ тілін меңгеру тестін тапсырып шықты. Әлтаев құжаттарын тапсырған күні Орталық сайлау комиссиясы «Мұқалмас» бөлімшесінің бірқатар басшысынан Әлтаевты ұсыну туралы хаттаманың бұрмаланғаны туралы өтініш келіп түскенін хабарлады. Сол күні Астанадағы ОСК ғимаратының алдына «Мұқалмас» бірлестігінің бірнеше белсендісі жиналып, Әлтаевтың кандидатурасын ұйым бөлімшелерінің кейбір жетекшілері қолдамайтынын айтты. Бірақ кейін «Мұқалмас» атынан ресми хабарлама жолданып, өтініш жазғандар бірлестікке қатысы жоқ адамдар екенін мәлімдеді.

Әлтаевтың өзі бұл жағдайға: «Менің президент сайлауына үміткер ретінде қатысуым халық арасында қолдауға ие болатын кандидаттың алдын алуға бар күшін салып жатқан қазіргі билікті қатты қорқытты», – деп баға берді.

Қазірге дейін кандидаттар арасынан алты адам мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша тестілеуден өтті – Қасым-Жомарт Тоқаев, Қарақат Әбден, Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әлтаев, Мейрам Қажыкен және Нұрлан Әуесбаев. ОСК Әлтаевтан өзгелеріне қолдаушылар қолын жинай бастауға рұқсат берді.

Құжатын тапсырған 12 кандидаттың қаншауы сайлауға қатысатыны әлі белгісіз. Тіркеуден толық өткен жағдайда олар он күннің ішінде, яғни 21 қазанға дейін 118,2 мыңнан кем емес қолдаушының қолын өткізуі керек.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.