Пианист, актриса, Мюнхен жоғары музыка мектебінің түлегі, Баварияның Август Эвердинг театр академиясында білім алған Гүзел Жанның есімі қазақстандық кино әлемінде кенет жарқ етті. Кейінгі екі жылда ол үш рөлді ойнады, оның екеуі – басты рөл. Соның бірі – бүгінде кинотеатрларда жүріп жатқан, қызу талқыға арқау болған Алдияр Байракимовтың «Игроманка» фильміндегі рөлі.
Кинотанушы Ғалия Байжанова Гүзелмен мамандығы, әйел бейнесі туралы сөйлесті. Германияда 25 жылға жуық өмір сүргенде болмысы қалай өзгергенін сұрады.
«Мизогинияны бір сеанста емдеу мүмкін емес»
«Игроманка» фильмінің премьерасынан кейін тредсте феминистер «қазақ киносындағы әйел бейнесін жексұрын етіп көрсетті» деп талқылап жатты. Құмар ойынға тәуелділердің көпшілігі ер адам бола тұра, фильмде неге әйел адам бас кейіпкер болғаны сөз болды.
Бұл мизогиния деп ойлаймын. Тіпті әңгімені бастаған феминистер болса да. Біздің кинода тек Қыз Жібек образы бар. Ер адамды ынталандырып, шабытына қанат бітіретін немесе қайткенде қол жеткізуді мақсат ететін Жаратқанның сыйы іспетті. Ал қиналып жүрген, тығырыққа тіреліп басы қатып жүрген, онымен қоймай тәуелді әрі ішкілікке салынған әйел образын көрсетуге болмайды. Мен Шәрипа Оразбаеваның «Тұл» және «Рысь» фильмдеріне түстім. Ол кісінің туындылары бізде неге көрсетілмейді? Өйткені ол дәл сондай әйелдер туралы түсіреді. Оның бір кейіпкері жүкті болып қалып, ішіндегі баласын түсіреді, екінші кейіпкері түрмеден жақында шыққан. «Игроманкада» тағы бір тура жолдан тайған жанның – лудоман әйелдің хикаясы баяндалады. Әдеттегідей көрермен бірден сынның астына алды.
«Мұндай» әйелдерді көрермен неге көргісі келмейді?
Мизогиния бір сеанста емделмейді, ұзақ уақыт емделу қажет. Өкінішке қарай, жағымсыз кейіпкерді сынай отырып, мінсіз қыз-келіншектер керісінше әрекет істеді. Неге әйелдер бір-біріне қарсы шығуға құмар? Меніңше, оның себебі қарапайым: әйелдер көбіне ер адамдардың көлеңкесінде қалып қояды, ерлер әйелдердің ашылуына мүмкіндік бермейді. Ал басқа бір әйел затының жайнап, жарқырап шыға келгенін көргенде қолдау білдірудің орнына, оның әрі қарай дамуына кедергі келтіруге тырысады. Себебі бір кездері өзі сондай кедергіге тап болған. «Игроманка» бізді жексұрын етіп көрсетуді көздемейді, керісінше, әйелдің сан қырлы бола алатынын – ойнай алатынын, көп ақшаны ұттырып қоюы мүмкін екенін, ішуі де мүмкін екенін, баспалдақта ұйықтап, көрмегенді көріп, биік өкшелі аяқ киіммен орманға жетіп, рехабта жатып, тәуелділіктен арыла алатынын көрсетеді…
Әсіресе, фильмдегі өмірден баз кешкен ер адамдардың жанында…
Иә! Әйелдің қолынан келмейтін іс жоқ! Сондықтан да өмірді қайта бастау туралы хикаяның кейіпкері ретінде әйел адамды таңдап алды. Әрі әйел рөлі арқылы мәселені тереңнен толғауға болады. Әйелдің құлауының өзінде драма көбірек. Ер адамның басына күн туса, анасы мен әйелі қолдау көрсетеді. Мұндай жағдайда әйел балалардың ауыртпалығын да мойнына алады. Ал әйел адам сүрінсе, оған кім қамқор болады? Күйеуі ме? Қайдам. Әкесі ме? Ол да екіталай. Сүрінген адамнан сырт айналып, ұмыта салған оңайырақ. Ал шындығында әр қыздың орасан зор, өте бай ішкі әлемі бар, ол әлемде шың да, құз да кездеседі. Неліктен бізде әйел әулие не киелі болуы керек? Біз әртүрлі бола аламыз.
Бірақ әйелдердің әртүрлі бола алатынын көп көре бермейміз, содан да әйелдер әлемі жабық көрінеді.
Дұрыс айтасыз. Әйел жаратылысына байланысты да бәрін әлдеқайда нәзік қабылдауы мүмкін, біз цикл өзгерісіне, гормондарға тәуелдіміз, қартаюды да ауырлау қабылдаймыз. Ер адамдардың көз құрты болатын кезіміз бар да, олар көзге ілмейтін кезеңдер де бар. Бала туа алатын уақыт пен ана бола алмайтын кезең бар. Осының бәрі 20 жастан 40 жасқа дейінгі аралықта өтеді. Осы уақыт аралығында тұрмыс құрып, туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста болып, бала туып, оларды тәрбиелеп, аяққа тұрғызып, жұмыс істеуді де ұмытпауың керек. Менің бір құрбым күйеуіне айтпай докторлық зерттеу жазып шықты. Себебі күйеуі негізгі жұмысың балалар деген. Сонда да мойымай, түнімен жазып жүріп, баласының бір жарым жасында докторлығын қорғап шықты. Не деген супервумен деңізші?!
…Бізде мұндай әйел көп қой.
Менің де айтпағым сол. Қазақстанның қыз-келіншектері мықты, талантты, ақылды, арасында айлакер де, сөйте тұра олар бірегей және кинодан көрсетілетін «біреудің әйелі», «әлдекімнің анасы», «көрші тәте» немесе «етті керемет асатын» әйелдерден әлдеқайда керемет. Бізді кинодағы образдың шеңберіне тығудың қажеті жоқ. Әйелдер бейнесі сан алуан, киноның аясынан әлдеқайда кең. Сондықтан режиссеріміз Алдиярдың рөлді әйел адамға беруін құптаймын. Кемеңгер әйелдерді алдыңғы сапқа шығару қажет.
«Мен далада қалмаймын»
Режиссер Шәрипа Оразбаева сізді екі рет киноға түсірді. «Рысь» фильміндегі түрмеден шыққан әйел рөліне өмірде де осы оқиғаны бастан кешкен әйелді алғысы келетінін айтқан еді, бірақ кейінірек рөлге сізді бекітті. Сіз күтпеген жерден жобаға жараса кеттіңіз, бірақ мюнхендік пианистің бойынан мұндай кейіпкерді тану қиындау екені рас.
Мюнхеннен келген пианист деп қарамаңыз, мен қарапайым адаммын. Әкем альпинист болды, бізді барынша қарапайым өмір сүруге үйретті. Біз үнемі алыс сапарға шығатынбыз, мысалы, Ыстықкөлге жаяу барып, барынша ақшамызды үнемдегеніміз бар. Екі аптадан бері ата-анамның үйінде қонақпын. Олар жер үйде тұрады, ыстық су жоқ. Мұнда келгенімде үш леген су ысытып, жуынуды үйрендім. Неше түрлі күтім жасау бар. Ертесіне екі леген суды жеткізетін болдым. Жолдасыма жақында бір стақан сумен жуынуды үйреніп алатынымды айтып күліп қоямын. Қажет болса, кез келген жағдайға бейімделе аламын.
Екі апта шыдауға болатын шығар, бәлкім?
Жоқ, шынымен кез келген жерде, кез келген ауылда өмір сүре аламын, пеш жағып, отын жару да қолымнан келеді. Әжемнің үйін жөндегенде балшығын өзім илегенмін. Германиядағы үйге де екі рет толық жөндеу жасадым: түсқағаз жабыстыра аламын, әктеу қолымнан келеді, кафель мен паркетті де төсеймін. Еуропада 6 шаршы метр кафель жапсырғанға 2 мың еуро төлеу керек, ал өзім оны 5 минутта істеп тастаймын. Әкем бізді бала кезден қыз не ұл деп бөлмейтін. Барлық жұмысты істей беретінбіз.
«Тұл» фильмін қыста түсірдік. Далада 30 градус аяз. Бәріміз боранда қалып қойған режиссердің келіп, пешті кім жағатынын айтуын күтіп отырмыз. Жасы жиырманың ар жақ, бер жағындағы бес қыз отыр. Тісім тісіме тимей қалтырап кеттім. Көмір жоқ екен деп отырсам, бар екен. Далаға шығып, шелекке көмір толтырып әкеліп, қыздарға отты тұтататын қағаз тауып келуді тапсырдым. Олар келгенше өлген көгершіннің қауырсынын тауып алып, пеш жақтым. Қарапайым әйелдің образына кіріп, үйдің түтінін түтеттім. Мен далада қалмаймын, әйтеуір амалын табамын. Тіл білмей Германияға кетіп, сіңісіп кеткен адаммын.
«Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейді»
Германияға оқуға кеткенде жап-жас қыз едіңіз, 24 жылдан бері сонда тұрып жатырсыз. Демек, туған елде болған уақытыңыздан да ұзақ уақыт сыртта жүрсіз. Нағыз еуропалыққа айнала алдыңыз ба?
Расында, көп нәрсеге еуропалықтың көзімен қараймын, бірақ бойымдағы қазақы болмысты, менің бойымдағы ауылды ешкім ажырата алмайды. Жаңа да айттым ғой, кез келген ауылға барып, өзімді үйімде жүргендей сезіне аламын. Пеш жағу керек болса – жағамын, еден жу десең – жуамын, сыпыру керек болса, оны да істеймін. Әжеме тартқам, ол бір ерекше жан еді. Ешқашан қол қусырып отырмайтын, үнемі бір іспен айналысып жүретін, сөзге шешен, тапқыр әйел болған, керек болса, адамды орнына да қоя алатын, қолынан келмейтіні жоқ еді. Білесіз ғой, балалық шақ – адамды тұлға ретінде қалыптастыратын негіз, сондықтан әр актер өзімен бірге балалығын ала жүреді деп тегін айтпайды.
Ол балалық бізден жырақ ешқайда кетпейді…
Иә, оның үстіне бұл бір бақытты кезең еді. Әжем жаз бойы киесің деп 10 жұқа ішкиім, жаңбыр жауа қалса деп 10 қалың ішкиім әпергені есімде. Омырауым өсе бастағанға дейін сол жалғыз ішкиімді киіп алып, жүгіріп жүретінмін. Бойжете бастағанымды байқаған әжем көпбалалы ана ретінде алған алқа-медалі қадалған пенжегімен кеудемді жапқан еді. Сөйтіп ішкиім мен медаль қадалған пенжек киіп алып жүргенім бар. Мен ән де айтатынмын, қазақша, орысша қара өлеңді жатқа білетінмін, арасында боқауыз сөзі барын да айтатынмын.
Бала күніңізден жұлдыз болған екенсіз ғой! Еуропаға оралсақ, ширек ғасыр деген аз уақыт емес. Ол жақта жүріп не үйрендіңіз?
Адамдарды сыйлауды үйренген болармын. Ол жақта сенің дәрежеңнің маңызы жоқ, миллиардер болса да, тақыр кедей болса да, бәрі бір-бірін сыйлайды. Адамның қадір-қасиетіне қол сұқпайды, ол бәрінен де жоғары, бөтелке жинаған қаңғыбас болса да, гауһар-жақұтқа оранып жүрсек те, оларға сыпайылықпен, құрметпен қараймыз.
Еуропа дегенде біздікілерді көбіне еуро бағамы емес, ЛГБТ тақырыбы үйренлендіреді. Өзіңіз гомофоб пікірлер жөнінде не ойлайсыз?
Мен мұндай әңгімені бірден тыйып тастауға тырысамын. Кім кіммен жататынында жұрттың не шаруасы бар екенін түсінбеймін. Мен, мысалы, мысығыммен ұйықтаймын, сөйтсе не бопты? Бұл тақырыпты қалай бұрмаласа да келе береді. Кез келген нысандағы махаббатты бағалаймын. Ең бастысы, екеудің келісімі болсын. Мысалы, Германияда 84 миллион адамның 100 мыңы қосжынысты боп туған, олар не істеуі керек? Мұны солақай құндылықтардың теріс әсерімен немесе үгіт-насихатпен байланыстыруға болмайды. Олар солай туған және бұған сабырмен қарау керек, жыныстық серігін жан қалауына сай таңдау – кез келген адамның құқығы, оның үстіне статистика бойынша, ЛГБТ өкілдерінің арасында зорлық жасайтындар өте аз.
«Ішімде бір үйір жабайы маймыл бар»
«Игроманка» фильмінде әр қырыңыздан көрінесіз. Қатты айтсам айып етпеңіз, бетпақ болатын тұстарды да өте сенімді ойнап шыққансыз. Мұндайды қайдан үйрендіңіз?
Біраз құпияның бетін ашайын. 90-жылдардағы Алматыда өстім ғой. Дарынды балаларға арналған мектепте оқысам да, кәдімгі ауланың қызы болдым, өз арамызда үнемі төбелесіп қалатынбыз. Бірде сырға үшін, бірде кроссовка үшін аула мен аула, аудан мен аудан болып керісіп қалатын кездер болды. Рэперлер, кезбелер, рэйверлер, жалпы әйтеуір ұлдар мені төбелеске ала кететін. Маған «Гузя, братан, бізбен барасың ғой?» дейтін. Қатты төбелесетінбіз, тіпті жарақаттанған кезіміз де болды.
90-жылдардың соңындағы Алматыда осылай болды деймісіз?
Иә. Күн батқанда көшеде жүруге қорқатынбыз, бір-екі рет тіпті зорлап кетуге шақ қалған, Құдай оңдап, құтылып кеттім. Бірде екі еркекпен төбелесіп, соңында сытылып кеттім. Қуанышыма орай, үнемі өзімді қорғай алатынмын. Бірде Абай даңғылымен стадионға жақын маңда келе жатқанымда алдымнан екі шетелдік студент шықты. Біреуі кенет омырауымнан қысып алды, ал мен бірден маңдайынан салып қалдым. Екіншісі мені ұстауға тырысқанда, баспен бір ұрдым. Құрбым таңғалып қарап тұр, ал мен төбелесіп жатырмын. Төбелесіп жүріп арыққа құладық, бірақ мен екеуін де тепкілеп тастадым. Тұрып, бір сілкініп алып, өзіме қарасам, аяғым былғанған, көйлегім болса қысқа екен. Әлгі жігіттердің бірінің жейдесінің ұшымен аяқ киімімді сүрттім де кетіп қалдым. Сөйттік те, құрбым екеуміз әрі қарай серуенді жалғастырдық. Сол кеш керемет өтті, тіпті суретіміз де бар.
Мәссаған, жаңағыдай жағдайдан кейін жайбарақат серуендеп кеттіңіздер ме?
Иә, мұндайды пианиноның арқасында үйрендім. Бір істен екіншісіне дереу ауыса аламын. Концерттерде туындыны ойнап, әлдебір музыкалық шығарманы сахнада барынша сезініп, соңғы саусағыңды көтеріп, деміңді шығарған сәтте қайтадан күнделікті шаруасы бар Гүзелге айналасың. Иә, сен сахнада Шопенді, Бахты, Бетховенді орындап, бір өмірді бастан кешірдің. Бірақ туындыны ойнап болдың. Орныңнан тұрып, шапалақ ұрғанын да естідің, осымен тәмәм.
Бір бойыңызда екі адам өмір сүретіндей: бірі нәзік пианист және екіншісі сотқар бала…
Бір сөзіңізде Германияда өмір сүруге де бейімделе алғаныңызды айттыңыз. Ол жақта өмір сүру оңайырақ емес пе?
Оңай емес, әрине. Бөтен ел ғой қанша дегенмен. Алғашқы 7 жыл өте қиын болды, жеке шекарамды қорғауға тура келді. Бала кезден қатал тәрбиемен өстік, тым ашық киінуге болмайтын, түрлі шектеу болды. Бірақ ол жақтың театрында тыр жалаңаш актерлерді де жиі көресің және бұған ешкім таңғалмайды. Керісінше, олар қорқынышың мен комплекстеріңді жеңу керек деп есептейді. Олар осы пәлсәпаға және осыдан соң адам мықтырақ болады дегенге сенеді. Мен оларға қатып қалған шекараларым бар екенін, оны бұзуға тырысар болса, сынып кетуім де мүмкін екенін түсіндіретінмін. Соңында жабайы деген атқа ие болдым. Маған өте ауыр тиген, театрдың да оңай емес екенін түсінген бір оқиға болды.
Қандай оқиға?
Бір көріністі ойнап жаттық. Профессор қолыңдағы резеңкені алып қоймақ болады, ал сен қарсы тұруың керек деп тапсырды. Ал сахнадағы серігіме басқа тапсырма берген. Ол зорлық жасайтын адам рөлінде екен. Сөйтіп диванға құладық, салмағы 90 келі тартатын ер адам үстімнен төніп, белдемшеме ұмтылады. Қарсыласқаныммен күшім жетер емес, ол физикалық тұрғыда күштірек болды. Өйтіп-бүйтіп орындыққа жетіп, арқасынан орындықпен ұрып қалдым, ол айғайлап, шыңғырып жатты. Бәрі бұл неғылған жабайы қыз деп таңғалып қалды. Мен оны тағы бір ұрып, режиссерге жетіп барып, орындықты сонда отырғандарға сілтедім. «Ойбай, бұл неғылған Шыңғыс хан, Аттила, дала патшайымы» деп шуылдап қалды, бірақ кейін маған жақындауға қорқатын болды. Профессор, әрине, менің травмаларым, өмірде өзімді қорғауға мәжбүр болғаным жайлы білген жоқ.
Жағымсыз оқиға екен. Қазір мұндай әрекет жауапсыз қалмас еді...
Бізде балет класы болатын. Бәрі жиналып алып қарқылдап күліп отырады да, мен кіргенде тыныштала қалады. Әбден жыныма тигені сонша, бір күні орындыққа шықтым да: «Кімнің қандай мәселесі бар, қане, шешейік, мен дайынмын», – дедім. Қысқасы, театрдағы ахуал ауыр болды. Курстастарым менен қорқақтайтын, мен үнемі беске тапсыратынмын да, серіктерім төмен баға алып қалатын. Содан да ешкім менімен ойнағысы келмейтін. Мен ойнағанда бәрі мені бақылап тұратын.
Мұндайды актерлер ұната бермейді ғой…
Иә, бұлай істеу дұрыс емес екенін қазір түсініп жатырмын. Бірақ ол кезде жас болдым, тәжірибем жоқ. Ол кезде өзімді баса алмадым, жабайылығым бар, күш-қуатым тасып тұр әрі ішімдегі маймылдар біреуге бірдеңе дәлелдегісі кеп тұратын. Бойда қаным тасып тұрған кез.
«Тағдырымның режиссері – Болат Атабаев»
Аты аңызға айналған режиссеріміз Болат Атабаевпен достасып кетуіңізге де осы қаныңыздың тасып тұруы себеп болған шығар? Ол кісі де жалындап тұрған жан еді ғой.
Иә! Туыс емессіңдер ме деп сұрайтындар да болатын. Көп нәрсеге көзқарасымыз бір еді. Болат ағамыз жалындап тұрған жан болды. Қателеспесем, ол кісімен 2016 жылы Германияда тұрып жатқан кезінде таныстық. Бірге жұмыс істегім келді. «Қайдағыны айтпа, өзінің қазақтарын қолдап жүр деген сөзге қаламын», – деді. Бірақ талантымды бағалап, тіл табысып кеттік. 2020 жылы Болат ағаның аяғын кесіп, сол уақытта ол кісі Мюнхенде болды. Сонда қамқорлығыма алдым. Бір жыл бойы көрші пәтерде тұрды. Пәтерді Болат Атабаевқа әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері мен шәкірттері жолдаған қаражатқа жалдадық. Үй жинап, тамақ дайындап жүрдім, бір демалыста бірге неміс шипажайына бардық. Театрдан жалыққанымды, киноға кеткім келетінін, кинода түсірілім кезінде бір қиналып, кейін қолың бос болатынын, ал театрда күн сайын өлуің керегін айтып шағындым. Қазақ киносына жол сілтеді, мені елде күтіп отырғанын айтты.
Ішімнен ол жақта кімге керекпін деп ойладым, бірінен бірі өткен сұлу актрисалар бар деп жүрдім. Жай ғана дос болған соң, мені жақсы көргендіктен деп ойладым. «Жоқ, сен бұл жақта емес, елде лайықты бағаңды аласың. Сол жаққа керексің, қазір онда керемет режиссерлер бар! Мысалы, Шәрипа Оразбаева», – деді. Содан кейін ақырындап кастингтерге қатыса бастадым. Болат аға өзі дайындап жүрді. «Мен сенің тағдырыңның режиссері боламын!», «Барлығымен таныстырамын!», «Олар әлі сенің қажет екеніңді білмейді!» – дейтін. Сенбейтінмін, 2021 жылы Қазақстанға келді де, шілдеде дүниеден өтті. Тамызда басына бардым.
Шәрипамен таныстырып үлгерді ме?
Жоқ. 2022 жылғы қаңтарда ойламаған жерден Қазақстанға келгенімде, бір қыз хабарласты. Мюнхенде Жәмилә Сахариге эмиграциядағы актриса болудың қиындығы туралы айтып берген едім. Сол Жәмилә мені ұсынғанын айтты. Кездесетін болып келістік, Алматыда көрші болып шықтық. Екеуміз де қала сыртында тұрады екенбіз, арамыз бір-ақ шақырым екен. Кездесіп, сыра ішіп, демалып, әңгімелесіп отырмыз, бір-бірімізге ұнаған да сияқтымыз. «Кешіріңіз, есіміңіз кім еді, ұмытып қалдым» десем, «Шәрипа» дейді. «Мәриямды» түсірген Шәрипа Оразбаева емессіз бе?» – дедім бірден. Сол Шәрипа екен. Таңданысымды жасыра алмадым және сол сәтте Болат аға бәрібір ойындағысын істеп кеткенін түсіндім.
Ақыры сол кісінің туындысына түстіңіз.
Иә. Әуелі ол мені «Тұлға», кейін «Рысь» фильміне, ал одан соң «Игроманкаға» түсірді. Үшінші фильм прокатқа бірінші болып шықты, премьерасы 14 мамырда болды. Тура Болат ағаның туған күнінде. Сол кешке ағамыздың қарындасы Дананы шақырдым, ол кісі актер Бақтияр Қожамен келді. Премьера 1 мамырда болуы керек еді, кейінге қалып, 14-іне ауысты. Мұның бәрі бекер емес деп ойлаймын. Туған жерімде, Болат аға жатқан жерге жақын маңда, қара көйлекпен сахнада тұрдым. Ойымдағыны айтқым келген еді, әттең, асығыс болып, маған сөз бермеді. Көңілім түсіп қалды, уақыт болғанда ағамыздың туған күнінде сахнада тұрып алғысымды айтар едім. Ол расымен де менің тағдырымның режиссері.
Поддержите журналистику, которой доверяют.