5733
10 ноября 2022
Дмитрий Мазоренко, фото akorda.kz

Көпшілікке арналмаған әділет

Тоқаевтың көзбояушылыққа құрылған қоғамдық институттары мен әділет сөзі егіз бе?

Көпшілікке арналмаған әділет

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы президент қызметіне кіріскеннен бері әділет туралы айтып келеді. Ол қоғамның әділетсіздікке қарсы сөзіне осы қағиданы басты бағдары етіп, институттар құрамын деп жауап береді. Шынтуайтқа келгенде, бұл институттары әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде қауқарсыз.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өтетін алғашқы сайлаудың алдында қоғамдық талқы үдей түсіп, оны өткізетін ашық алаң талап етілді. Тоқаев сол сәтті пайдаланып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Үкіметке қатысы жоқ адамдарға бұл кеңестің есігі жабық. Онда Тоқаев пен оның әкімшілігі ұсынатын мәселелер ғана талқыланады.

Қоғам түсінікті реформалар бағдарламасын сұрады, оған жауап ретінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ашылды. Ведомство Назарбаевтың кадрлық резерві есебінен құрылып, құжаттары соның негізінде жазылды. Қаңтар оқиғасы мұның тек құрылымдық шиеленіске әкелетінін көрсетті.

«Қазақстан халқына» қоры экономикалық ресурстарды қайта бөлісу саясатынсыз-ақ «халықтың әлеуметтік әділет сезімін арттыруы» керек. Ал Тоқаевтың шешімімен “ат ауыстырған” биліктің Amanat партиясы жұртты тәуелсіз ұйым екеніне сендіру үшін құрылғандай.

«Көзбояушылыққа толы институттар» құруды Назарбаев бастаған. Оның ең соңғы әрі жарқын мысалы – 2016 жылғы «жер митингісін» басуға арналған атышулы Жер реформасын қарастыратын комиссия.

Тоқаев айтатын әділет көп уақыт бойы мазмұны жоқ ұран болып келді. Тек сайлауалды бағдарламасында оның реңі өзгере бастады. Енді әділет сөзі азаматтық қоғам институттарына жаңа рөл беруді білдіреді.

Ең оғашы – Тоқаевтың бәз баяғыша қазақстандықтарға қоғамдық институт құруға не құрып бітіруге кедергі келтірмеуге тырысуы. Ол 2000 жылдары премьер-министр кезінде Назарбаев режимінің болашақ қарсыластары, өзін-өзі құрушы саяси күштерді таратуға қолқа салған.

Арада жиырма жыл өтсе де, азаматтардың бейбіт іс-әрекетін билік деструктив санайды. Ал жұртты біріктіруге тырысқан адамдарды жау көреді. Бастаманы басып-жаншып, қоғамда көзбояушылық орнатып, белсенділерді қоғамнан шеттетуге тырысады.

Тоқаевты қолдау үшін құрылған коалиция – ондаған жыл бойы сырттан таңылған Қазақстан қоғамының прототипі.

Онда партия орнына бюрократ аппараттар; кәсіподақ орнына олигархтарды жұмысшылардан қорғайтын тұтас федерация; оппозицияның кандидаты орнына саяси технологтар ойлап тапқан биліктің қарсыластары; қоғамдық қозғалыстар орнына жоғарыдан құрылған кездейсоқ адамдар тобы; үкіметтік емес ұйымдар орнына мемлекеттен грант алатын өлі-тірісі белгісіз адамдар; қоғам қайраткерлері орнына барлығына Тоқаевтың сөзімен жауап беретін қосалқы әртістер жұмыс істейді.

Бұдан шығатын қорытынды, Тоқаев меңзеген әділет сөзі біріктірмейді, ажыратады. Оның артында бір кездері Назарбаев бастаған «көзбояушылыққа толы институттар» құрылысы жатыр.

Мұндай қоғамдық құрылыс азаматтар арасындағы өшпенділікті күшейтеді, өйткені билеуші режим барлығының өмірін жақсартса, қолдағы барынан айырылады. Ол сол себепті қоғамды алдаусыратады. Олай істемесе, қоғам өзіне не керегін түсініп, әділетке жету үшін институттар құруға ұмтылады.