3194
28 ноября 2022
Ақбота Узбекбай, Власть

TikTok көпіршігі

Қазақы киім, патриархатты күйрету және «20 мың сылтау» акциясы

TikTok көпіршігі

TikTok қазақстандықтар қоғам, саясат және әлеуметтік саладағы өзекті тақырыптарды көтеріп, ойын еркін жеткізе алатын алаңға айналды. Кейбірі саясат, феминизм тақырыбын көтерсе, кейбірі отарсыздану туралы түсіндіреді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегі бойынша, елімізде бұл әлеуметтік желіге 7 миллион адам тіркелген. Власть TikTok желісіндегі белсенді жастармен сөйлесіп, желідегі бірнеше трендке шолу жасады.

Отарсыз ұлттық киім

Әлішер ою бастырылған ақшыл сары түсті тақия, қызыл, көк, күлгін және сары түс аралас алаша іспеттес шапан киген. Қазақы нақыштағы киімі майда моншақтан жасалған алқасына, дөңгелек көзілдірігіне, кең жейдесі мен шалбарына сән беріп тұр. Әлішер осылай киіну арқылы белгілі бір деңгейде отарсыздануға қадам жасауға болады деп санайды. Бір жыл бұрын көшеге тақия киіп шығу «оғаш» көрінсе, қазір қыз-жігіттер қазақ екенін, осы мәдениеттің өкілі екенін көрсетуге қысылмайды.

«Постколониал эстетизм деген ұғым бар. Оның негізгі идеясы – кімдігіңді қайтара отырып, отарлауға дейінгі стильге оралу. Осы арқылы адам түп-тамырына жақындап, өзін табады. Екіншіден, ұлттық киім кию – бұдан былай «ақ» адамдардың айтқанымен жүруге, киінуге тиіс емеспіз деген манифест. Қалай киінсек те, өзіміз білеміз. Қоғамымызға таңылған белгілі бір стандарттар бойынша өмір сүргіміз келмейді. Қазір жастар өзінің басқа екенін көрсетуге ұмтылады», – дейді Әлішер.

Әлішер Хасенғали TikTok желісінде отарсыздану тақырыбын көтереді. Оның бұл тақырыптағы әр видеосы ғылыми әдебиеттерге негізделген. «Өзім отарсыздану, ядролық саясат туралы көп ізденемін. Бұл білімді басқаларға да жеткізгім келеді», – дейді. Ол Ресейде бұл әлеуметтік желі бұғатталғаннан кейін қызық бір құбылыс байқағанын айтады.

Әлішер Хасанғали

«Ресейде TikTok бұғатталғанға дейін парақшамда хейт көп еді. Өйткені «Кеңес одағы неліктен империя?» деген сынды видеолар түсіретінмін. Сол кезде Ресей қолданушылары «Кеңес одағы империя емес, халықтардың еркін әрі тең бірлестігі» дейтін. Олардың ойынша, Ресей қалған мемлекеттің бәрін асыраған, олар бізге жазу мен оқуды үйреткен-міс. Алайда ол аймақта бұл әлеуметтік желі бұғатталғаннан кейін, Украина мен Қазақстан арасындағы дуал құлағандай көрінді. Өйткені парақшамда Украина азаматтары көп пікір қалдыра бастады. Украин азаматтары украинша, қазақтар қазақша жауап беріп, орыс тілінің көмегінсіз-ақ еркін диалог өрбіді».

Әлішер TikTok парақшасын орыс тілінде жүргізеді, видеоға қазақ тілінде субтитр қосады. Өйткені ақпараттың қазақтарға ғана емес, отарлаушы елдің халқына да жетуін мақсат етеді. Оның сөзіне қарағанда, қазақтар отарлаудың не екенін, оның салдарын, ашаршылықтың не екенін біледі. «Ақпаратты орыстілді адамдарға, бұрынғы кеңес құрамында болған елдерге де жеткізгім келеді. Отарсыздану тақырыбы отар елге де, отарлаушы елге де маңызды. Дәл патриархат секілді: әйел мен ер тең болуы үшін патриархат құлауы керек».

Ол мемлекет ішіндегі отарлауға да назар аударады. Мәселен, еліміздегі халықаралық мұнай компаниялары, трансұлттық корпорациялар барлық ресурсты иемденеді. Ал сол мекенде өмір сүретін, экологиялық зардабын тартып жүрген тұрғындарға өтемақы берілмейді. Әлішер саясат пен қазіргі билік тақырыбын да көтереді. Мәселен, танымал тренд арқылы видеосын «Хәрри Стайлздың жаңа шаш үлгісін көрдіңіздер ме?» деп бастап, назарды қаңтар қырғынына бұрады. Дәлірек айтқанда, «Айкөркемді кім өлтірді? [Қаңтар оқиғасында қаза болған бүлдіршін – Власть] Еліміздің азаматтарын азаптауға кім рұқсат берді? Бейбіт азаматтарды өлтіруді кім бұйырды?» – деп сұрақ қояды.

«Назарбаев пен Тоқаев режиміне көңілім толмайды. Қазіргі президент – бұрынғы президенттің жүйесін құрушы. Ол жаңа реформаларға жол ашады деп сену – ақымақтық. Биліктің қазіргі іс-әрекетіне қарап, алдағы сайлаудың да әділ өтпейтінін түсінуге болады». Ол биліктің ашаршылық туралы жақ ашпайтынына, мұның отарлау нәтижесі екеніне тоқталады. «Келесіде ашаршылық туралы видео түсіргім келеді. Өйткені билік тарихымыздағы бұл қырғынды еске алғысы келмейді. Ұлттық медиа бұл тақырыпты көтермейді. Нәубет жылдардың бар шындығын ашу керек деп ойлаймын. Өйткені бұл біздің демографиямызға, тамақтану әдебімізге әсер етті. Ашаршылық – жай аштық емес, бір ұлтты тұтастай жоюға ұмтылыс».

Оның сөзінше, бұл тақырыптарды көтеруге ең ыңғайлы платформа – TikTok желісі. Әсіресе, қысқа видеолар форматы аудиторияның назарын маңызды тақырыптарға тартуға көмек береді. Қажет контентті іздеудің қажеті жоқ, оны желі өзі саған бейімдеп, дайындап береді. Видеоны қарайсың, ұнаса – жазыласың, ұнамаса – өтіп кете бересің.

«Анасының мақтанышы, әкесінің қуанышы»

Дариға Жаңабаеваның басты мақсаты – патриархатты құлату, феминизм идеясын тарату. «Саналы, байыпты, ешкімді шеттетпейтін, біреуге озбырлық көрсеткісі келмейтін адамдардың көбейгенін қалаймын. Қыздар өзін бар болмысымен қабылдаса деймін. Боди позитив, секс, жыныстық сауат тақырыбында видео түсіргенде, қыздар батыл қадам жасаудан қорықпай, өзін жақсы көруді үйренсе деймін».

Тамыз айының соңында TikTok төңірегінде «Медуза Горгон» (ағ. Medusa Gorgo – зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың оқиғасын қамтитын тренд – Власть) тренді кеңінен таныла бастады. Кейін бұл қозғалысты қазақстандық қыздар да жалғастырып, зорлыққа, харассментке ұшырағанын жария етті. Видео авторларының басым бөлігі зорлықты әкесі, атасы, туысы мен жақыны тарапынан көргенін, көбі бұл оқиғаның бала кезде, жасөспірім шақта болғанын айтты.

TikTok желісінде белсенді, феминист Дариға Жаңабаева алғашында трендті көргенде аң-таң болғанын айтады. «Бұл әйелдер харассментке, зорлыққа ұшырағаны туралы айтып жеткізген Metoo қозғалысының жалғасы десек те болады. Қазақстандықтардың бұл трендті жалғастырғанына таңғалдым. Өйткені әйелдер мұндай нәрселерді айтуға қорқады, ұялады. Ал TikTok тренді арқылы көбі өзінің жалғыз емес екенін сезді, турасын айтпаса да, тұспалдап жеткізді. Әйелдер бұдан былай қорықпайтынын көрсетті. Ал пікір қалдырғандар зорлыққа ұшыраған қыздардың соншама көптігіне таңғалып жатты».

Дариға парақшасында басынан өткен оқиғаларын, саясат, феминизм, буллинг секілді тақырыптарды көтереді. Кей видеолары миллион рет қаралып, парақшасындағы жалпы лүпіл саны жарты миллионнан асқан. Танымал видеоларының қатарында өз болмысын қабылдауға шақырады.

«Феминизм мені айықтырған қозғалыс десем де болады. Әртүрлі проблемадан, қиындықтан шығуыма көмектеседі. Өйткені феминизмнің арқасында денемді осы қалпында қабылдап үйрендім. Қазір түрім қандай болса да, денем мен бет әлпетім қалай өзгерсе де, жақсы қабылдаймын. Менің құндылығым денеммен, түр әлпетіммен өлшенбейтінін түсіндім».

Ол «Конституцияны оңды-солды өзгерту» туралы видео түсіріп, саяси позициясын да көрсетеді. «Авторитар билік – нашар билік. Сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде барғым келеді. Осылайша үлесімді қоссам деймін. Дауысты бұрмалау барынша аз болғанын қалаймын. Кез келген сайлау әділ өтуге тиіс. Бізде сайлау заңсыз өтеді, ойда жоқта жариялана салады. Саяси бәсеке де жоқ деп ойлаймын».

Дариға феминизм әйелдер үшін еркіндіктің жалғыз жолы екеніне сенімді. Сондай-ақ, барлық проблема: экономикалық шеттету, зорлық, көшеде емін-еркін жүре алмау, бәзбіреу не туысың зорлап кетеді деген қорқыныш феминизм идеясын қолдайтын заң қабылдағанда ғана жойылады дейді. Ол TikTok парақшасы арқылы барынша кең аудиторияға идеясын жеткізіп, «ештеңе өзгермейді» деген ойды жоққа шығарғысы келеді.

«Үйретілген дәрменсіздік деген бар. Бәрібір ештеңе өзгермейді, өзгерте алмаймыз деп ойлайды. Бұған сенбеймін. Бұл тұрғыдан ойласақ, әйелдер ешқашан қазіргі құқығына қол жеткізе алмас еді. Әрбір талпыныс маңызды. Оның нәтижеге әсері үлкен. Көбі мұны түсінбейді. Бұл олардың кінәсі емес, бізді солай үйреткен. Пропагандаға ыңғайлысы да сол, «қолдарыңнан ештеңе келмейді» дейді. Үнемі қорқыныш ұялатады».

20 мың сылтау

«Алматыдағы маңызы бар жерлерге мағыналы үндеулер ілдік: Әуезов театрының ғимаратына ілінген «Ескерту орнына мені ұр» үндеуі – тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсылық; Абай атындағы опера және балет театры ғимаратына ілінген «20 мың сылтау» үндеуі – Тоқаевтың қаңтар оқиғасына 20 мың террористің қатысы бар дегеніне сілтейді; Орталық стадиондағы «Қанша? Тергеу неге баяу?» үндеуі; Тимирязев-Шашкин көшелерінің қиылысындағы ғимаратқа ілінген «Шерхан тоже тигр» үндеуі. Қандай болса да іс-әрекет жасау керегін түсіндім. Ол үндеудің медиада жариялануы маңызды еді. Сол себепті осы идея ақылға қонымды көрінді».

Акция авторы Әділ Рамазанов азаматтық позициясы он жылдай уақыт бұрын қалыптаса бастағанын айтады. Ал қаңтар оқиғасынан кейін іске көшу керек екенін түсінген. Ол өзінің контенті үшін аса қатты қорықпайтынын айтады. «Мәселен, плакатты ілгенде биіктіктен, тез арада ұсталып қалудан қорқуым мүмкін. Соңғы рет билік органынан келіп, «қылжақтауды» доғаруды талап етті. Өздерін таныстырмастан, көлігіне отырғызып, адамның қандай әлсіз екенін, әр істі ойланып істеу керегін айтты. Одан қала берсе, «Туыстарыңды аямайсың ба? Оларға не болады?» – деді. Иә, мұндай кезде қорқыныштан гөрі психологиялық жайсыздық басым болады».

«Бұл гибрид режим екенін түсінемін. Билікті барынша иемденгісі келетін, бұрынғыдан түк өзгешелігі жоқ автократ режим дер едім. Саяси технологтары ғана жақсы жұмыс істеп тұр. Әйтпесе, бәз-баяғы жемқор, халыққа назар салмайтын, алайда белгілі бір сұранысты қанағаттандыру керек екенін түсінетін автократиялық диктатура ешқайда кеткен жоқ».

Әділ осы акциядан кейін шетелге кетуге мәжбүр болды. Бос уақыты көбейіп, адамдарға маңызды ақпаратты жеткізіп, позициясын көрсетуді ұйғарған. Оның TikTok желісіндегі ең бірінші видеосы Ресей президенті мобилизация жариялағаннан кейін шықты. Ол Ресейден келген этникалық қазақтарға пәтер жалдауға, құжаттарын реттеуге көмектеседі.

«Ресейдің белгілі аумағында тұратын этникалық қазақтарға деген эмпатия басым болды. Путин ең бірінші этникалық азшылықты соғысқа жіберуге ұмтылды. Негізі бұдан әрі үнсіз қалғым келмейтінін қаңтар оқиғасынан кейін түсіндім. Мен де көшеге шығып, адамдармен сөйлестім. Жұрт қалай соққыға жығылғанын айтып, кейбіреулері оқ тиген жерін көрсетті. Мұның бәрін достарымның арасында айтумен шектелмей, көпшілікке жеткізгім келетінін ұқтым».

Әділ саясат, әлеумет, сайлау, қазақ тілі, жалпы айтқанда, соңғы жаңалықтар туралы видеолар түсіреді. “Қоғамда көтерілуге тиіс проблема жетерлік. Бұған өзім тап болып жүрген соң, көңілім толмайды. Саяси қуғын-сүргін, гомофобия, әйелдер құқығын шектейтін қандай да консерватив қозғалыстар, шовинистік қозғалыстар бар. Қоғам бұдан да жақсы болса екен деймін, сол үшін аз да болса үлесімді қосқым келеді”.

Ол әлеуметтік желідегі трендтердің өткінші екенін айтады. Бір-біріне ұқсайтын видеолар көбейіп, одан да жалығасың дейді. Әйтсе де, бір тренд ерекше есінде қалыпты. Ол видеоның түпнұсқасында: «Сенбі күні әкең: тұр, қазір үйді бұзып, қайтадан соғамыз», – дейді. Әділ бұл трендке ішек-сілесі қатып күліп, біздің билікпен байланыстырады. Ол тап бір «біздікілер сияқты, қайтадан сайлау өткізе салады, конституцияны қайта жаза салады» дейді.

«TikTok – үлкен аудиторияң болмаса да, пікіріңді жеткізу үшін керемет платформа. Контентті көруі керек аудиторияны да өзі таңдап береді. Керек аудиторияңа дәл түсесің, ақпарат көпіршігінен шыққысы келіп жүргендерге де түсуің ықтимал. Кейбір шектеулерді есептемегенде, бұл – ең еркін желі деп айта аламын».

Әділ маңызды дүниені сапалы түрде жеткізгісі келеді. Әлдеқайда көп адамды қамтитын акциялар өткізіп, қоғаммен байланыс болғанын қалайды. «Ойланғысы келетін адамдарға ой салып, оларды “Тоқаев – тигр” деп санауға мәжбүрлейтін пропагандадан алыстатып, жаңа бір ақпарат көпіршігіне жетелеймін», – дейді.