173
11 декабря 2024

«Целинный бізге киелі бұлақтай еді»

Оқырманның кинотеатр туралы естеліктері

«Целинный бізге киелі бұлақтай еді»

«Бір орынның тарихы: Целинный» жобасын бастаған кезде оқырманнан 60 жыл бұрын ашылған, КСРО-ның құлауын, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялауын, 90-жылдардағы құлдырау мен жаңа ғасырдың басындағы өрлеуді бірге көрген осы кинотеатрмен байланысты оқиғаларын жолдауды сұраған едік.

Бүгін бізге жолданған хаттардың кейбірін жариялап отырмыз.

Юлия Митрофанова, Алматы:

«Целинныйға» бүкіл сынып болып барушы едік — «Жас гвардиядан» бастап «Сабалаққа» (Чучела) дейін көрдік. Сол жерден Тёщин языктағы (Абай-Байзақов маңы — Власть ескертпесі) мектебімізге дейін улап-шулап жаяу жететінбіз. Оның үстіне мектеп бітірген соң алғашқы жылы сонда аға пионер жетекші болып істегенім бар, кинотеатрда әлдебір дружина слёті өтті. Слёттің талқаны шықты: бәрі шулап, қолға түскен заттарды лақтырды, креслоны сатырлатып, құмары қанғанша асыр салды. 1987 жыл еді.

Жанар Құсайынова, Санкт-Петербург, Алматыда туған:

Жаздың ең жылы күні болатын. 1989 жыл. Құрбым маған қоңырау шалып, ағасы үйден шыққанын жеткізді. Екеуі киноға барыпты. Ағасы балдақпен жүретін. Ауғаннан оралған. Көп ай бойы үйден шықпаған. Қабырғаға үнсіз телмірумен болды. Көп ауырды. Бір күні ақыры үйден шығыпты. Ол қарындасын киноға ертіп апарыпты. Қыз менімен жасты, онда еді. Мен оның қуанышты сыбырын тыңдап тұрдым: «Ол мені қолымнан жетеледі, қорыққан кезімде құшақтады. Ол соғыстан біржола оралған секілді».

Сосын. Бұл кинотеатрға зағип құрбыммен бірге бардым, екеуміз фильм көрдік. Мен көріп отырып Таня құрбыма экранда не болып жатқанын айтып отырдым. Жай сөйлесем де сыбырым өзгелерге кедергі келтірді, бірақ ешкім ұрысқан жоқ. Бір жігіт маған ескерту жасамақ болғанда, жан-жақтан: «Тиіспе қыздарға, отыра берсін, кино бәріне ортақ» дегендер болды.

Ирина Савельева, Алматы:

Мен 17 жаста едім, ата-анам біресе ажырасып, біресе татуласып жүрді, бүгін кешке бізді не күтіп тұр екен деп үнемі үрей үстінде жүретінбіз. Әдеттегі ұрыс-керіс болатын. Біз араласпаймыз, сұрақ қоймаймыз, бұрыш-бұрышқа тығылып отырамыз. Бұрынғыдай отбасы болып қалайықшы деп дуа жасаған кезіміз де болды.

Мен балалардың тұңғышымын, әкем ерекше жақсы көретін, бір күні кешке ол мені «Целинныйға» шақырды. Екеуміздің өзіміз ғана ұнататын нәрселеріміз болды: бірге тыңдаған, оқыған, талқылаған музыка, кітап, фильмдер. Сондықтан аса таңғалған жоқпын. «Целинныйдан» Лукино Висконтидің «Рокко және оның бауырлары» фильмін көрдік — махаббат, өлім, бәсеке мен сатқындық туралы, отбасы ішіндегі қарым-қатынас туралы, неліктен біреуі қаһарман, ал біреуі жағдайдың құрбаны болған, неліктен анасы бейбақ ұлдарын жақсы көреді деген сұраққа жауап іздейтін фильм. Сол кезде фильм мен үшін қиын, алайда сюжеті өте анық болды: ағайындылардың арасынан қайсы жақсы, қайсы жаман, кімге жақтасу керек екені бірден түсінікті еді.

Көктем кезі, төңірек жанданып жатты, кешкі мезгілден жылы топырақтың, жаңғыру мен үміттің иісі сезіліп тұрды, өсімдіктер гүл шашып, жұпары көшеге төгіліп тұрды. Әкем үйге дейін жаяу барайық деді, екеуміз осы бір көктемнің ғажап ауасын жұтып, фильм туралы, Рокко, оның бауырлары, анасы туралы, өмір қыспаққа алғанда және қаусатқанда өзіңді жоғалтпаудың қиындығы жөнінде, бәрі бірдей бұндайға төтеп бере алмайтыны туралы әңгімелестік.

Үйге жеткен кезде әкем: «Сенімен сөйлесуім керек» деді. Бірден түсінген жоқпын, жаңа ғана жарты сағат сөйлесіп келіп едік қой. Біз сөйлесу үшін үйдің жанындағы сәкіге отырдық. Әкемнің жаңа туған баласы бар екенін, оның бізден кететінін сонда білдім. Кетуі керек. Ал біз есейдік, сондықтан біз оны түсуініміз керек.

Сол кездегі әңгімені дәл жеткізудің мәні жоқ, бірақ қиын болды. Біз есейген жоқпыз, үйдің тұңғышы болсам да, әлі кішкентаймын деп берілгім келмеді.

Сол көктем менің өмірімді өзгертті. «Рокко және оның бауырлары» фильмі әкемен бірге тұру бақыты мен емдеуге келмейтін, әкесіз өмір сүру қайғысының арасына шекара қойған айрық болды.

«Целинныйдан» көргенім көп. Алғаш рет Тарковскийді көрдім. «Бір күні Америкада» (Once Upon a Time in America) фильмін көрдім. Милош Форманның «Амадейі» мен Боб Фосстың «Кабаресі». «Целинный» біз үшін сол кезде киелі бұлақтай еді. Бірақ «Целинный» ғимаратының жанынан өтсем, көктемнің сол бір кеші ойыма орала кетеді. Әкем әке ретінде түгелдей маған тиесілі болған, кенеттен пайда болған «басқа» бала әлі жоқ, енді соған кетемін деген сөз әлі айтылмаған кеш.

«Рокко және оның бауырлары» фильмін бір-екі жыл сайын қайталап көріп тұрамын. Өміріндегі, бәлкім, ең қиын шешімді қабылдауға тура келген сәтінде әкем мені неліктен дәл сол фильмге апарды екен деп ұғуға тырысамын. Ол үшін қиын, мен үшін трагедия, өйткені сол сәттен бастап әкеме тиесілі менің жанымдағы орын бос күйінде қалып қойды, бұны кейінірек ұқтым.

Томас Томасов, музыкант, діни қызметші, Алматы:

Сол кездерде атам монументалист суретші еді. Негізінен ауылдық Мәдениет сарайы секілді үлкен үйлердің төбесі мен қабырғасына өрнек салатын. Әкем оған көмекші болды. Олар жұмыстарын «Өнер» бейнелеу өнері комбинаты атынан орындайтын. Бұл комбинатта сол заманның барлық суретшісі жұмыс істеген шығар. Атам көбімен дос еді, біразы үйімізде талай рет қонақ болған.

Олардың қатарында «Целинныйдағы» атақты сграффитоның авторы Евгений Сидоркин де бар. Білуімше, менің атам да соны жасауға қатысқан. Бұл фактіге қатысты дәлелім жоқ, ол кезде мен әлі өмірге келген жоқпын, алайда атам мен әкем панноны бояумен толықтай жаңартып, екі рет реставрация жұмысын орындады. Екі жағдайда да атам Томасов Мамикон Томасович осы жұмыстарға жетекшілік етіп, өзі тікелей араласты.

Ал мен бұл уақытты қуанышпен еске аламын, себебі осы кездерде мен объектіге жиі ілесіп барып жүрдім, қылқалам әперіп жіберемін, құрылыс баспаларына шығып, бояу әкеліп беремін. Бірде атамнан қылқалам сұрап алып, композицияның деталіне бояу жағып бүлдіріп тастадым. Жағылған жері көзге көрініп тұрды, атам ренжіп, менің бүлдіргенімді кетіремін деп біраз әуреге түсті. Реставрация соңғы рет 85 әлде 86 жылы жасалған болуы керек. Осыны пайдаланып фильмдерді тегін көргенім есімде.

Ал алғашқы реставрация кезінде прокатқа шыққан «Қаланың қалқаны» деген фильмді күн сайын көргенім есте қалды. Бұл біздің таудан жүрген сел туралы, қаламызда селден қорғайтын бөгет салу туралы драма. 79-80-жылдар болуы керек.

Мила Кэссиди, қазір Қытайда тұрады:

Алматыға махаббатым осы кинотеатрдан басталды. Оқуға келгеніме жарты жылдай болған, ешкімді танымаймын, ешқайда шықпаймын — күні бойы анатомия мен биохимияны бас алмай оқимын. Оның үстіне сүреңсіз қыс еді, әдеттегідей емес, жаңбыр жауып, мұңданып тұрды. Кездейсоқ «Целинныйға» көзім түсіп, күндізгі сеансқа кірдім де аң-таң болдым — орындықтары тік бұрышқа орналасқан, соңғы қатарлары биікте тұр — жай кинотеатрға ұқсамайтын тігінен орналасқан кинотеатр секілді: төбенің басына шығып кино көріп отырғандай боласың! Мені фильм көруден бұрын, осындай ғажапты біреулердің салып бергені сүйсінтті. Апта сайын баруды әдетке айналдырдым, бұл маған жалғыздыққа бой үйретуге, қалаға сіңісуіме көп көмектесті.

Әділжан Псяев, сәулетші, Алматы:

«Целинный» бала кезім — 90-жылдардың басынан бері есімде, бірақ сол кезде отбасымның жағдайы қиын болды, әйтеуір сондай кинотеатрдың бар екенін білетінмін. Ес кіріп, қалада серуендеуге шығатын жасымда ол жабылып қалды. Мектеп жасымда №9 троллейбуспен Көк базарға бара жатып үлкен, бірақ іші бос әрі қараңғы ғимаратты көрдім. Екі мыңыншы жылдар басталғанда, менің студенттік шағымда сол кинотеатрға бара бастадым. Сол жылдардан қалған әсер — жанынан бір ғана қоғамдық көлік — 9 троллейбус қана жүрсе де, ішінде адам ығы-жығы болып жататын. Бір қызығы, сырт келбетін өзгерткен реконструкцияны мен сол кезде қалыпты деп, сол уақыттың болмысындай қабылдадым, маған оның істеп тұрғаны, оған баруға болатыны маңызды еді. 2004 жылдан бастап шамамен 2011 жылға дейін кинотеатрға өте жиі бардым, сосын ол біртіндеп семіп, жабылып қалды. 2018 жылы Гараж көрмесінің дүркіреп ашылғаны есімде қалды.

Жылымық кезеңдегі кинотеатр. «Целинный» қалай құрылды?

Елдегі үздік кинотеатр. «Целинный» 80-жылдардың соңына дейін қалай жұмыс істеді?

«Калигуладан» диван сататын дүкенге дейін. «Целинный» 1990 және 2000-жылдардан қалай аман шықты?