2976
15 июня 2023
Ирина Гумыркина, сурет ТЖМ сайтынан алынды

Бармақ тістеу

Билік өкілдерінің төтенше жағдайға дайын болмауы

Бармақ тістеу

10 маусым күні президент ешқашан қызметтен кетпейтіндей көрінген төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен босатты. Бұл шенеуніктердің жалпыұлттық аза тұтуға алып келген «салғырттық» үшін қызметтен кетуінің алды болса керек. Алайда, көптің көзінше жұмыстан шығарып, сөгіс бергеннен ештеңе өзгере қоймас: жылдар бойы тәртіп болмаған жүйені бір сәтте қалпына келтіру мүмкін емес.

«Семей орманы» резерватындағы биылғы бірінші өрт 22 мамырда болды. Ресей аумағында басталған өрт резерватқа қарай шарпыды. Содан бірнеше күн бұрын ғана ТЖМ жағдай қиындай қалған күнде оған дайын екенін айтқан. Соған қарамастан, 3 мың гектарға жуық аумақты шарпыған мамырдағы өртті сөндіруге үш күн кетті. 8 маусымда қайтадан өрт басталды, оның ауданы Семей қаласының аумағынан үш есе асып түсіп, кемінде 14 адам қаза тапты.

Мұндай ауқымды апаттың алдын алуға болар ма еді? Керек-жарақ сай болса, болар еді. Қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстары олардың қолындағы рацияларының да жұмыс істемей тұрғанын айтты. Қаза тапқан тракторшы өртті сөндіруге өз көлігімен барған. Ал ұлттық парктер туристерден миллиондап ақша алып отыр. Былтыр 2 миллионнан астам адам барған, аумақты пайдаланғаны үшін төленетін алымды ғана есептегенде, кемінде 690 млн теңге түскен.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өртке қатысты жағдай тиісті деңгейде бағаланбағанын мойындады. Бірақ билік өткеннен сабақ алуды білмейді, жағдайды дер кезінде бағалауға да қауқарсыз. Тек болары болып, бояуы сіңгенде бармақ тістеп отырады.

2019 жылы ақпанда Астанадағы өрт салдарынан балалар қаза тапқаннан кейін үкімет азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы айта бастады. Осы қыста болған Екібастұздағы төтенше жағдай елдегі жылу желілерінің тозғанын мойындауға мәжбүрледі.

Мамыр айының соңында басшылығы сыбайлас жемқорлық үшін сотталған «Семей орманында» болған өрттен кейін экология министрлігі жалақыны көтеру, арнайы техниканы жаңарту және өртті ерте анықтау жүйелерін орнату үшін орман шаруашылығы саласын қаржыландыруды ұлғайту туралы айтты.

Жыл сайын ТЖМ су тасқынына дайындық туралы есеп береді, бірақ жылда су басып жатады. Бұны шешуге жаңа Су кодексі көмектесерме еді, алайда оны қабылдау 2021 жылдан бері созылып келеді.

Астана, Екібастұз, Абай облысында ғана емес, басқа өңірлердегі мәселелерді шешу де дәл осылай созылып келеді.

Кейінгі үш жылда ғана Қазақстанның солтүстігі мен шығысында төрт ірі орман өртеніп, 100 мың гектардан астам орман алқабы жойылды. Оларды қалпына келтіруге ондаған жыл уақыт керек.

Өрттің шығу себебін көбіне адам факторымен байланыстырады. Сол себепті президент далада от жағып, қауіпсіздік ережесін сақтамағандарды қатаң жазалауды тапсырды. Бұл бір жағынан жауапсыз азаматтарға қатысты әділ де шығар, бірақ, адам факторын толығымен жоюға көмектеспейді. Себебі мәселе шенеуніктердің немқұрайлы қарап, көзбояушылықпен айналысатынында. Ал бұл сыбайлас жемқорлық қаупін тудырып қана қоймай, қайғылы оқиғалардың қайталануына әкеледі.