1097
29 мая 2025
Светлана Ромашкина, rams-global.com сайтынан алынған рендер

Шынайы алып ғимарат

Неліктен Алматы тұрғындары сол күйі қалада не салынатынын біле алмай келеді?

Шынайы алып ғимарат

Алматыдағы Тимирязев пен Сейфуллин көшелерінің қиылысына 40 қабатты ғимарат салынғалы жатыр. Әкімдік 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Алматының орталық бөлігіне – Абай даңғылының жоғары жағына тоғыз қабаттан биік ғимарат тұрғызуға тыйым салған болатын. Ал биік ғимарат туралы осыдан бес ай өткеннен кейін белгілі болды. Демек, шынымен салғың келсе, тыйымға көз жұмуға болады. Бұған қоса алматылықтар терезесінің түбінде нендей ғимарат салынатынын білуі шарт емес.

Әкімдік бекітіп, Ерболат Досаев керемет жетістік етіп ұсынатын жаңа ереженің бір қитұрқы тұсы бар: құрылыс компаниясы жобаның қоғамдық маңызы бар екенін түсіндіріп, сәулет-қала құрылысы негіздемесін ұсынған жағдайда Алматы әкімдігі көпқабатты үй салуға рұқсат ете алады.

RAMS Beyond Almaty жобасының қандай қоғамдық маңызы барын айту қиын. Алайда жобаның қысқаша сипаттамасында екі рет «премиум» деген сөз қолданылған: «Бұл – премиум резиденциялары бар премиум көпфункционалды кешен...»

https://rams-global.com сайтынан алынған рендер

Ауқымды жобаның қоғамдық маңызы жабық есік жағдайында бағаланды: бұған әкімдік пен қала құрылысы кеңесі қатысты. Қала құрылысы бойынша кеңес 2022 жылы жұмысын қайта бастады және құрылысшы компаниялардың тойымсыз тәбеті мен қала билігінің азаматтардың жайлы қалаға құқығын қорғай алмауы арасындағы буферге айналуы керек еді. 2023 жылға дейін қала құрылысы кеңесінде қаралған жобалардың барлығы онлайн режимде жарияланды, бірақ ол кезде де талқылау процесі ашық болмады. Мысалы, отырыстардың стенограммасы жарияланған жоқ.

Қазір жобаның мұқабасы ғана бар, ал өзін көру мүмкін емес. Әкімдік мұны қала құрылысы кеңесіне талқылауға ұсынылған жұмыстардың жобасын жариялау арқылы құрылыс компанияларының құқығы бұзылады деп түсіндірді. Олардың құқығы, әрине, қала тұрғындарының қай жерде не салынатынын білу құқығынан маңыздырақ. Таяуда терезеңіздің түбінен мектебі, ауруханасы жоқ, жол қозғалысы қолайсыз 30 қабатты үйлер салынатын болса, көшу жайлы қазірден ойлана беру қажет болар. Әлде әлі де күте тұруға бола ма?

RAMS-тың оқиғасы қала тұрғындарының Алматының көрінісіне қатысты талқыға қатыспайтынын, сонымен қатар елімізде эксперттік қоғам мүлдем жоқ екенін көрсетті. Қала құрылысы кеңесі қалайша бұл жобадан бір ілік таппай өткізіп жібергені белгісіз. Бұл көпқабатты ғимараттың қала көрінісін қалай жақсартатынын, оның жақын маңдағы Есентай Тауерстен несімен артық екенін де білмейміз.

2000 жылдары «елорда орталығын» салу кезінде оның қала орталығындағы қажетті құрылыс нысаны болғанын және онсыз қаланың «алтын шаршы» аумағы композициялық жағынан нашар көрінетіні айтылғаны анық есімде. Бұл нашар жоба екенін айтқандардың дауысы туралы сол кездің өзінде әлсін-әлсін естіліп жатты. Ондай пікірлер назарға алынған жоқ. Мемлекеттік жоспарлау комитеті ғимаратының орнына салынған «Қайсар плазаға» қатысты да дәл осындай жағдай болды.

Сурет krisha.kz сайтынан алынды

Өкінішке қарай, қазір де ештеңе өзгерген жоқ: наразылық әлеуметтік желі деңгейінде қалып қойып жатыр және жобаны жария талқылаудың жалғыз көрінісі де – осы ғана. Ал сәулетші, урбанист мамандар талқылаудан тыс қалып жатыр. Негізгі сөзді осы мамандар алып, 900 пәтерлі бұл жоба аудандағы көлік қозғалысын нашарлатады деп есептейтін тұрғындардың неліктен жаңылатынын түсіндіріп беруі керек еді.

Бізде сәулет және урбанистік жобалар арнайы мамандар арасында жария талқыланбайды, тиісті институциялар, алаңдар жоқ. Тіпті осының бәрі қажет деген түсінік те жоқ.

Сәулетшілердің не абыройы, не құқығы жоқ, олар шенеуніктерден бастап, құрылысшыларға, өзінің әріптестеріне дейін тәуелді. Бүгін сын айтсаң, ертесіне тапсырыссыз қаласың. Бірдеңе өзгертуге тырысып жүрген бірен-сараны болса, жүйемен бетпе-бет келіп көреді де, ақырындап аяқ тарта бастайды.

Содан да болар, қазір сәулет туралы жазылғанның бәрі өткен шақ туралы ойға қатысты: конструктивизм болды, кеңестік модернизм болды. Бұл қызық-ақ, бірақ қазіргі кезең ше? Біз не салып жатырмыз, неге ұмтыламыз, қандай қатеге бой алдырып жатырмыз? Қазақстан Есілдің жағасынан жап-жаңа қала салды, бірақ бұдан қала құрылысы мен урбанистік тәжірибе алды ма? Қандай тәжірибе алды? Біз бұл әңгімеге қашан дайын боламыз?

Өкінішке қарай, қазір қарым-қатынас тек жабық есік артында өрбіп жатыр: құрылысшылар қала мәслихатында отырады, олардың компаниялары әкімдік ғимаратын тендерге қатыспай-ақ 17 миллиард теңгеге жөндеп, қалпына келтіреді, басқа да қызық жобаларды алады. Қала құрылысы кеңесі қашан отырыс өткізіп, не талқылайтыны белгісіз. Мардымсыз есептері болса, бірнеше ай өткен соң сайтқа салынады. Ал алматылықтардың қаладағы өмірі тосын сый мен наразылыққа толы.