2073
2 июня 2025
Алмас Қайсар, Власть, Ralph Freso/Getty Images

Трамп авторитаризмді сынап көріп жатыр

АҚШ президенті болып қайта оралған Трамп саяси институттарды
құртып, қоғамның бір бөлігінің қарсылығына ұшырап жатыр

Трамп авторитаризмді сынап көріп жатыр

АҚШ президенті лауазымына кіріскен алғашқы күні-ақ Дональд Трамп бұрынғы президент Джо Байден қол қойған 78 жарлықтың күшін жойды. Олардың біразы нәсілдер теңдігіне, ЛГБТК+ адамдарды алалаумен күресуге қатысты.

Артынша мемлекеттік қызметшілерін қысқарту, иммигранттарды сот шешімінсіз елден шығару, «бәсекелестеріне» шүйлігу және елдегі саяси институттар мен адам құқығына зиян келтіретін басқа да шаралар басталды.

Әйтсе де Трамп пен оның әкімшілігі түрлі ұйымдар мен саясаткерлер бастап шыққан наразылық толқынына ұрынды.

Жаппай қысқарту

Халықаралық қауымдастықтың назары Владимир Путинді изоляциядан шығару, сауда соғысы және палестиналықтарды Газа секторынан басқа жерге «көшіру» туралы Трамп әкімшілігінің саясатына ауған кезде, АҚШ президенті өз еліндегі кәсіподақтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, мемлекеттік қызметшілері мен университеттерді қыспаққа алды.

Жаңа президент келісімен АҚШ мемлекет басқару тиімділігі департаменті (DOGE) құрылып, оның басшысы болып Трамптың сайлауалды кампаниясына ірі донор болған миллиардер Илон Маск тағайындалды. Ол триллион доллар болатын «мақсатсыз шығындардан» бас тарту арқылы «мемлекеттің тиімділігін арттыруды» мақсат етіп қойды, нәтижесінде жүз мыңдаған мемлекеттік қызметші жұмыстан қысқартылды, көптеген гуманитарлық бағдарлама жабылып қалды.

New York Times есебіне сәйкес, 250 мыңнан астам адам жұмыстан шығарылды, жұмыстан шыққалы жатыр немесе жұмыстан бас тарту төлемін алды. АҚШ-тың халықаралық дамыту агенттігінің (USAID) жұмысы тоқтады. Ол Америкадан тыс жерлерде мыңдаған гуманитарлық жобаны ұйымдастырып келді, арасында Эфиопияның миллиондаған тұрғынына азық-түлікпен көмектесу, Кенияның тоя тамақ ішпейтін балаларын емдеу, Сенегалда безгекпен күресу, басқа да жобалар бар.

Сонымен қатар, Трамп АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігін жабу туралы жарлыққа қол қойды, оған әлемге хабар тарататын екі медиа — «Азаттық» және «Америка дауысы» радиосы кіреді. 49 тілде (соның ішінде қазақ тілінде хабар таратқан «Азаттық радиосы» бар) жұмыс істеген осы ақпарат құралдарының жалпы аудиториясы 361 млн адамға жетеді.

Қысқартуға білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, энергетика және әлеуметтік қызмет саласының қызметкерлері іліге бастады. Бұдан бөлек, Трамп жүз мыңдаған мемлекеттік қызметшіні ұжымдық келіссөз жүргізу құқығынан айыруды тапсырып, олардың кәсіподаққа кіру мүмкіндігін шектеді.

Илон Маск пен Дональд Трамп, фото: AP

Қарсыластармен күрес және авторитаризм

Артынша Трамп антисемитизм, «өшпенділік пен ақымақтықты» насихаттайды, «радикал солшыл идеология» үстемдік етеді деген желеумен бірқатар америкалық университетке шүйлікті.

«Біз Американың жоғары білімін радикал солшылдардан құтқармақшымыз (...) Марксистік бюрократтарды жұмыстан қуып, батыс өркениетіне құрметпен қарауды қалпына келтіргіміз келеді», — деді ол.

Оның әкімшілігі жеті университетті таңдады, енді оларға қаржы бөлуді қысқартамыз деп сес көрсетіп отыр. Мысалы, былтыр Палестинаны қолдайтын акциялар өткен Колумбия университетіне кейбір факультетті арнайы бақылауға алу, кампустың қауіпсіздік қызметін нығайту және наразылық саясатын қатайту туралы талап қойылды. ЖОО басшылығы осы шарттарға келісім берді, себебі 400 миллион доллар көлеміндегі мемлекет бөлетін қаржыға қауіп төнді.

Кейбір университет қарсылық танытты. Олардың арасында «антисемитизмді қудалағауға жел беріп отырған немесе идеологиямен жаулап алуды көздейтін бағдарламалар мен бөлімдерге аудит жүргізу үшін» басқа тарапты жұмылдыру туралы ұсынысты қайтарып тастаған Гарвард университеті бар. Оның президенті Алан Гарбер университет «тәуелсіздігінен немесе конституциялық құқығынан бас тартпайды» деп мәлімдеді. Нәтижесінде Гарвард университеті шетел студенттерін оқыту құқығынан айырылды. Бұл шешім қазір сотта қаралып жатыр.

Университеттерден бөлек АҚШ-тың жаңа президентіне қарсы шыққан басқа да тұлғалар таяқ жеді. Трамптың 2021 жылы Капитолийдегі тәртіпсіздікке қатысқанын тергеген әділет министрлігінің прокурорларын жұмыстан шығарды. Сонымен қатар шабуылға қатысқаны үшін сотталған мың бес жүздей адамға рақымшылық жасау туралы жарлық шығарды.

Трамп байланыс жөніндегі федералдық комиссиясына өзіне қатысты жағымсыз сөз айтқан бұқаралық ақпарат құралдарынан лицензияны қайтарып алуды ұсынды, сондай-ақ оның жоспарына кедергі болған судьяларға қоқан-лоққы көрсетті.

Трамптың осындай қылығына Республикалық партия биліктің заңнама шығару тармағын бақылауына алуы әсер етіп отыр. Бұл президентке импичмент жариялауға мүмкіндік бермейді. Ал Жоғарғы сотта тоғыз судьяның алтауын республикалықтар тағайындаған.

Бұл Трампқа бүкіл әлемнен импортталатын тауарға баж салығын қосуға, сонымен қатар агенттіктерді бір тараптың шешімімен таратып жіберуге және мемлекет қызметшілерін жұмыстан шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол «1977 жылғы төтенше өкілеттік туралы заң» секілді соғыс уақытының заңдарына сүйеніп отыр.

Колумбия университеті алдындағы наразылық, фото: NYT

Депортация

Трамптың күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі — АҚШ-тың көші-қон саясаты. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ол Америка мен Мексика шекарасында төтенше жағдай орнайды деп жариялады және жаппай депортация болады деді. Жыл басынан бері үш жүз елуден астам депортация рейсі жасалды.

Олардың ең елеулісі наурызда, Трамп венесуэлалық Tren de Aragua бандасының мүшелері деген жорамалмен екі жүзден астам адамды соттан тыс тәртіппен елден шығару үшін 1978 жылғы «Жат елдік дұшпандар туралы актіні» қолданған кезде болды. Сот қарауына қарамастан Трамп Жоғарғы сотта дегеніне жетті.

«Біздің елге Tren de Aragua секілді қылмыстық ұйымдар кіріп жатыр. Ұлтымызды қорғау үшін және АҚШ аумағына көп қылмыс әкелетін жат елдің барлық бандасы мен қылмыс желісін құрту үшін «Жат елдік дұшпандар туралы актіні» қолданамын», — деді ол.

Осыдан кейін ішкі қауіпсіздік министрлігі (ІҚМ) Кубадан, Гаитиден, Никарагуадан және Венесуэладан келген 500 мыңдай мигранттан құқық статусын қайтарып алу туралы жарлық шығарды, бұның арты оларды елден шығаруға апаруы мүмкін.

Сонымен қатар Трамп ІҚМ қызметкерлерінің штатын кем дегенде 20 мың адамға арттыруды тапсырды, ал Big Beautiful Bill деген ірі заң жобасының аясында медицина сақтандыруына, азық-түлік талонына және қалпына келетін энергия көздеріне арналған салық жеңілдігіне шығынды қысқарта отырып, қорғаныс пен шекара қауіпсіздігіне шығынды арттыруды тапсырды.

АҚШ пен Мексика шекарасы, фото: Frederic J. Brown/AFP/Getty Images

Қарсылық

Алайда Трамп саясатына Америка қоғамының бір бөлігі айтарлықтай қарсылық танытып жатыр. Мысалы, 5 сәуірде 50 штаттың барлығында жаңа әкімшіліктің әлеуметтік саясатына қарсы «Тарт қолыңды!» наразылық акциясы өтті. Нью-Йоркте шерушілер саны сол күні 100 мыңға жетті.

Сонымен қатар түрлі ұйымдар мен кәсіподақтар президент шешімдерімен сот арқылы күресуін тоқтатқан жоқ. New York Times есебі бойынша, бір апта ішінде президент әкімшілігінің кейбір әрекеті кем дегенде 123 сот шешімі арқылы уақытша тоқтатылды. Жоғары білім беру саласының төрт жүзден астам басшысы университет қызметіне «саяси араласуды» айыптайтын хатқа қол қойды.

Трамп саясатын қолдамайтындарды біріктіруге арналған үлкен талпыныстың бірін Вермонт штатының 83 жастағы сенаторы Берни Сандерс пен 35 жастағы конгрессвумен Александрия Окасио-Кортес, сондай-ақ басқа да озық ойлы конгрессмендер қолға алды. Олар Fight Oligarchy («Олигархиямен күрес») деген турға аттанып, 21 ақпаннан бастап Американың 19 қаласында болды. Денвер мен Лос-Анжелесте олардың шарасына 34 мың және 36 мың адам жиналды.

Сандерс әлеуметтік қамтамасыз етуді қысқарту мәселелері бойынша, Medicare және Medicaid мәселелері бойынша конгрессмендерді қыспаққа алу, сондай-ақ үкіметке қарсы ашу-ызадан үлкен наразылық қозғалысын тудыру — жақын арадағы мақсатым деп мәлімдеді.

«Қазіргі республикалықтарға қарсы тұрып қана қоймай, осы елде өз округі атынан шыққан әр адамды жұмысшылар табының мүддесін қорғағанын талап ететін төменнен басталатын қозғалыс құруды мақсат етіп отырмын», — деді ол.

Александрия Окасио-Кортес пен Берни Сандерс, фото: Arizona Mirror

Ал Демократиялық партия сайлауда жеңілгеннен кейін ауыр дағдарысты бастан кешіп жатыр. Ол 20 жылдан бері алғаш рет президентті сайлауда сайлаушылар дауысы бойынша жеңілді және Өкілдер палатасы мен Сенатты сайлауда ешқандай мүмкіндік ала алмады. Оларды қолдау деңгейі демографиялық топтардың барлығында дерлік түсіп кетті.

Әйтсе де кейбір демократтар Трампқа қарсылық танытуға тырысып жатыр. Сенатор Кори Букер Нью-Джерсиде Трамптың әрекеттеріне мін тағып, 25 сағат сөз сөйледі, ал Өкілдер палатасындағы демократтар көшбасшысы Хаким Джеффрис Big Beautiful Bill заң жобасын қабылдауды жоспарлағаны үшін Республикалық партияны 12 сағат бойы сынады.

Демократиялық партияда жаңа көшбасшы, 2028 жылы президентті сайлауға түсуі мүмкін кандидат туралы мәселе көтеріліп жатыр. Партияның келесі праймеризі бәсекеге толы болады деген үміт бар — қазір талапкер болуы мүмкін адамдар қатарында 19 адам бар. Әрқайсының міндеті — жұмысшылар табындағы сайлаушыларды партияға қайтару және күн тәртібінде тұрған Трамптың жаңа саясатына қарсы тұру.

Бұрынғы вице-президент және өткен сайлауда кандидат болған Камала Харрис президент сайлауына және өзінің туған штаты Калифорнияда өтетін алдағы губернатор сайлауына қатысатыны жайлы ештеңе айтқан жоқ. Кандидат болуы мүмкін өзге де адамдар арасынан бұрынғы көлік министрі Пит Буттеджидж пен Александрия Окасио-Кортес есімдері ерекше аталып жүр. Бірақ олардың ешқайсы сайлауға қатысуға нақты ниеті бар екенін мәлімдеген жоқ.

Ал республикалықтар арасында Трамптың үшінші мерзімі туралы сөз көп. Наурызда ол ешкім екі реттен артық президент болып сайлана алмайды деген 22-түзетуден айналып өтетін «әдістер» бар деп айтты. Бірақ кейін Трамп «осы керемет төрт жылды өткізіп, келесі мерзімді басқа біреуге, дұрысында — ұлы республикалыққа тапсыруға» ниетін білдірді. Ықтимал ізбасары ретінде вице-президент Джей Ди Вэнсті және мемлекеттік хатшы Марко Рубионы атады.