3600
23 июня 2023
Ақбота Узбекбай, суретті Бейімбет Молдағали түсірген, Власть

Астанадағы өрт, қаңтар бойынша сот отырыстары, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің қайта қамалуы

Апта жаңалықтарына шолу

Астанадағы өрт, қаңтар бойынша сот отырыстары, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің қайта қамалуы

Апта Qazaq koktemi арт-қозғалысы белсенділерінің Алматыдағы Панфилов көшесінде “Шындық” деп аталатын мемориал орнатуынан басталды. Оның бір жағында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, екінші бір жағында қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнесі, жоғарғы тұсында “Халыққа атылған оқ, шіріген билік тоқ, ұрпаққа қалғаны шоқ” деген жазу бар.

Онда тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қаралы оқиғалар тізімі көрсетілген: 2022 жылғы қаңтар оқиғасы, 2011 жылғы Жаңаөзен көтерілісі, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, Абайдағы орман өрті мен Арыстағы қару-жарақ қоймасының жарылысы. Мемориал қабырғасында қаза болған журналистер, белсенділер мен саясаткерлердің аты-жөні де жазылған.

Алайда көп ұзамай “Шындық” ескерткішін алып тастады.

Сурет Rukh2k19 парақшасынан

Маусым айының 19-ы күні Астанада, Қорғалжын тасжолы мен Қосшы қаласына апаратын айналма жол арасында қураған шөп пен қамыс өртеніп, өрт аумағы 80 гектарға жетті. Таңғы 9-да басталған өрттің оқшауланғаны туралы кешкі 21:00-ге қарай хабарлады. Өртті сөндіруге қатты жел және батпақ кедергі болғаны айтылады. Өртті толық сөндіруге 1-2 апта уақыт керек делінген.

“ҚазМұнайГаз” компаниясы “ӨзенМұнайГаз” бен оның мердігер компанияларын тексеріп біткенін хабарлады: тексеріс нәтижесінде 118 заңсыздық пен сәйкессіздік анықталған; 7 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілген; 10 факт бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр; 101 факт бойынша жауапты тұлғаларға тәртіптік айыппұл салынады, деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі. Алдын ала болжам бойынша, 47 миллион теңге шамасында шығын келген. Бұл тексеріске сәуір айында жұмыссыз қалып, Астанаға барған “Берәлі Маңғыстау Company” жұмысшыларының наразылығы себеп болған.

Суретті Жанара Каримова түсірген

Бейсенбі күні журналист Думан Мұхамеммедкәрім 25 күн қамаудан соң бостандыққа шығуы керек еді. Жақтастары мен туыстары полиция алдына жиналып, оны босатуды талап етті. Алайда оған “экстремизмді қаржыландырды” деген айып тағылып, тағы 2 айға қамауға алынды. Есіңізге салсақ, 2 маусым күні Думан Мұхаммедкәрім “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп 25 тәулікке қамалған. Журналист жыл басынан бері төртінші рет қамауда.

Қазақстан парламенті “Прокуратура туралы” конституциялық заңға елден шығарылған активтерді қайтару механизмін бекіткет түзетулерді мақұлдады. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару туралы жиі айта бастады. Ал былтыр осы процесті бірыңғайлайтын заң қабылдауды тапсырған.

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды. Ол Үндістанда “Алтын адам” көрмесін өткізуге бөлінген 221 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған. Экс-министр бұған дейін сотта кінәсін мойындамаған еді.

Қаңтар істері

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, жыл басынан бері азаптау фактісі бойынша 35 күштік құрылым қызметкерінің ісі сотқа жіберілген, оның 17-сі сотталған.

21 маусым күні Семей қаласының №2 соты уақытша ұстау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубекованы қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, азаптаудан көз жұмған Жандос Жотабаевтың өліміне кінәлі деп танып, бір жыл шартты жаза кесті. Ол "Кездейсоқ бір адамның өліміне әкелген медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындамау" бабы (317-бап) бойынша айыпты деп танылды. Сот сондай-ақ оны медициналық ұйымдарда фельдшер болып жұмыс істеу құқығынан үш жылға айырды. Сот Жотабаевтың бауырының моральдық өтемақы туралы өтінішін ішінара мақұлдап, 500 мың теңге төлеуді міндеттеді.


Сурет автордікі

Бұған дейін Гүлмира Төлеубекованы қорғаушылар айыптауларға келіспейтінін, бірінші кезекте Жотабаевты азаптаған полиция қызметкерлері мен уақытша ұстау изоляторының бастығын жауапқа тарту керегін айтқан. Жандос Жотабаевтың қазасы бойынша екі полицейге 146-бап ("Қатігез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар") бойынша айып тағылып, сот процесі жүріп жатыр.

Қаңтарда көлік ішінде оққа ұшқан Сейітқұловтар отбасының ісі соңына жетіп қалды. Жұма күнгі жарыссөзде прокурор “билік өкілетін асыра пайдаланды” деп қатардағы жауынгер Данияр Егембаевты 7 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл іс Нұрболат Сейітқұлов пен қызы Нұрай Оразханның қазасы бойынша ғана өтіп жатыр. Сот шешімі дүйсенбі күні оқылады. Ал Сейітқұловтың жұбайы Алтынай Етаеваның қазасы бойынша іс жеке өндіріске шығарылған.