1999 жылдан бастап Қазақстанда жан басына шаққандағы су көлемі 21%-ға азайған. Тамыры тереңге тартып бара жатқан бұл дағдарыстың нақты себебі неде?
Ескірген инфрақұрылым мен тиімсіз басқарудың салдарынан Қазақстандағы су ресурстарының 42%-ы ғана пайдалануға жарамды. Қолданыстағы судың 45%-дан астамы – Қытайдан келетін Ертіс пен Іле өзені, Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау алатын Сырдария сияқты трансшекаралық ресурс. Бұл Қазақстанды көршілес елдердің су саясаты мен басқарудағы қателіктеріне тәуелді етеді.
Ауыл шаруашылығында пайдаланылатын әр текше метр су (1000 литр су) 0,5 доллардан аз пайда әкеледі. Сондай-ақ, суару жүйесінің тозуы мен аз өнім беретін, суды көп қажет ететін дақылдардың өсірілуі экономикалық тұрғыда пайда табу мүмкіндігінен айырып отыр. Тиімсіз санитария мемлекетке жыл сайын 750 млн доллар шығын әкеледі. Дегенмен, бұл мәселені толық шешу үшін шамамен 500 млн доллар көлеміндегі инвестиция жеткілікті.
Мұздықтар
Қазақстанның негізгі су көздері Тянь-Шань мұздықтарынан бастау алатын өзендерге тәуелді. Бұл аймақтағы мұздықтардың шамамен 30 пайызы еріп кетті, 2050 жылға қарай тағы жартысына дейін азаюы мүмкін.
Әзірге біз мұздықтардың күрт еріп жатқанын және су келіп жатқанын көріп келеміз. Алайда бұл құбылыс ұзаққа созылмайды. Көп ұзамай жаз мезгілінде, судың ең қажет кезеңінде, яғни суару кезінде өзендер тартылып қалуы мүмкін. Бұл маусым ішіндегі су жетіспеуі мен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы
2021 жылы Қазақстанда жұмсалған судың 63%-ы ауыл шаруашылығының қажетіне кеткен. Салыстырмалы түрде алсақ, тұрмыстық тұтынуға бар болғаны судың 19%-ы кетеді.
Дегенмен суаруға арналған судың тек жартысы егістікке дейін жетеді. Оның өзінде барлық суармалы жердің небәрі 16%-ы заманауи тәсілмен, демек тамшылатып немесе жаңбырлатып суғарылады. 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік су ресурстарын басқару тұжырымдамасында бұл мәселелер бар екені айтылып, негізгі арналардағы су шығынын 20%-дан 15%-ға дейін азайту деген мақсат қойылған.
Ауыл шаруашылығындағы мұндай тиімсіз әдіс су тапшылығы мәселесін қиындатып қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығына да қауіп төндіреді.
Су ресурстарына бәрінің бірдей қолы жетпейді
Мемлекеттің су инфрақұрылымын модернизациялауға бағытталған әрекетіне қарамастан, қала мен ауыл арасындағы алшақтық әлі де сақталып отыр. Қалаларда орталықтандырылған су жүйесі мен кәріз қалыпты жағдай болса, ауылдық жерлерде мұндай жүйе әлі күнге дейін шектеулі деңгейде ғана бар. Бұл халықтың денсаулығына және өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді.
2024 жылғы деректер бойынша, қала тұрғындарының 99,5%-ы таза ауыз су қолдана алса, ауылда бұл көрсеткіш 97,8%. Алайда су құбырына қосылу деңгейі әлдеқайда алшақ: қалаларда — 94%, ауылдарда небәрі 60% шамасында. Көптеген ауыл тұрғындары колонка немесе құдықтарды пайдалануға мәжбүр.
Бұл алшақтық тек техникалық мәселені емес, сонымен қатар әлеуметтік жағын да қозғап отыр. Ол денсаулыққа, экономикалық даму мен әлеуметтік теңдікке тікелей әсер етеді. Мәселені ауыл инфрақұрылымына инвестиция салу, жергілікті қауымдастықтарды тарту және суды бәріне тең қолжетімді етуге бағытталған реформалар қабылдау арқылы шешуге болады.
Геосаясат
Қазақстандағы су ресурстарының едәуір бөлігі шекарааралық екені бұған дейін де айтылды. Атап айтқанда, Іле және Ертіс өзендері Қытай аумағынан бастау алады, бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және жалпы экожүйе үшін өмірлік маңызы бар өзендер.
Қазақстан мен Қытай суды әділ бөлу жолдарын талқылап келеді. Бүгінге дейін белгілі бір нәтиже бар, мысалы, Қорғас өзенінде бірлесіп жасаған гидротехникалық құрылыс. Алайда, жалпы келісім әлі жасалған жоқ.
Басқа шекаралық өзендерге тәуелді болу да жағдайды қиындатады. Мысалы, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін Сырдария өзені бар. Мұндай өзендерді тиімді пайдалану үшін өңірлік ынтымақ қажет. Бірақ әр елдің мүддесі әртүрлі болғандықтан, оңай жүзеге асатын шаруа емес.
Соған қарамастан, Қазақстан жағдайды оңтайландыруға бағытталған нақты қадамдар жасап келеді. Мысалы, Өзбекстанмен бірге шекаралық өзендерге су есептегіш құрылғылар орнатылды. Бұл нақты қанша су кеткенін бақылауға және мәлімет алмасуға мүмкіндік береді.
Дегенмен халықаралық құқықтық тұрғыдан міндеттейтін келісімдер жасалмағандықтан және өңірде суға деген сұраныс арта беретіндіктен, Қазақстанның су қауіпсіздігіне төнетін қауіп әлі де бар. Аталған геосаяси мәселелерді шешу су ресурстарын тұрақты басқару мен жанжалдардың алдын алу кілті болмақ.
Алда не күтіп тұр?
Earth.Org ұйымының болжамына сүйенсек, алаңдатарлық жағдайда тұрмыз. 1990-жылдардан бері Қазақстандағы қалпына келетін ішкі су ресурстарының көлемі тұрақты түрде азайып келеді. 2031 жылға қарай бұл көрсеткіш бір адамға шаққанда жылына небәрі 2750 текше метрге дейін төмендеуі мүмкін.
Белгісіздіктің ұзарып кетуі тезірек әрекет ету керек екенін көрсетеді: саяси реформалар, су үнемдейтін технологияларға инвестиция құю және өңірлік ынтымақтастықты күшейту.
Су тапшылығы денсаулыққа, орнықты экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін фактор. Қазірден әрекетке көшу керек.
Поддержите журналистику, которой доверяют.