2321
14 июля 2025
Ольга Логинова, «Власть», Денис Спиридоновтың фотосы

Оралда ит өлтіргендерді полиция емес, жергілікті тұрғындар іздеп жүр

Қалада иесіз иттер ғана емес, кейде асыранды иттер
де атылып жатыр, бірақ полиция кінәлілерді таппайды

Оралда ит өлтіргендерді полиция емес, жергілікті тұрғындар іздеп жүр

Былтыр күзден бері Орал тұрғындары иесіз иттердің жаппай атылуына куә болып келеді. Ауладан, көшеден және балалар алаңынан улы үшкір оқ тиген өліктер табылып жүр. Қазіргі заңда иесіз иттердің санын реттеу үшін оларды өлтіруге тыйым салынған. Бірақ полиция оқ атқан адамдарды таппайды немесе кей жағдайда асыранды иттер де құрбан болып кетіп жатқанына қарамастан, істі жауып тастайды.

Қаладағы қараусыз жануарларға қатысты проблема өршіп тұр — бұл туралы жануарларды қорғаушылар да, қала билігі де айтып жүр, бірақ оны шешуге келгенде ортақ тәсіл жоқ.

«Власть» Оралға барып қайтты, бұл мақалада тұрғындар иттерді өлтіру ісін қалай зерттеп жүргенін, жануарларды қорғаушылар қаңғыбас жануарлар мәселесін шешудің қандай жолын ұсынып отырғанын баяндаймыз.

«Қылмыс камераға түскен жоқ»

22 сәуір күні күндіз Валентина терезеден Киров атындағы саябақтың жанында тұрған «ГАЗель» автокөлігін байқайды. Мәшине айналып келіп, саябақта қоршаудың арғы жағында жатқан иттерге қарай бет алады. Валентина бұл иттер саябақ аумағын бұрыннан мекендейтінін, тұрғындар оларды ақша жинап стерилдегенін айтады.

«Жүргізуші менің терезеден қарап тұрғанымды байқап кетіп қалды», — дейді ол. Күйеуіне саябаққа ит аулайтындар келді деп айтып үлгеріп, сыртқа көліктің артынан жүгіріп шығыпты.

Валентинаның күйеуі де далаға шығып, саябақтан шығаберісте қалшылдап жатқан қарала итті көрді. Осы жерді мекендеп жүрген ит көп кешікпей өліп қалады. Валентина полиция шақырып, арыз жазады.

Ертесіне еріктілер жақын маңдағы дүкендерден бейнежазбаларды сұратты. Бейнежазбадан көліктің келе жатып кері бұрылып, ит өлген жерге тоқтағаны көрініп тұр. Валентина «ГАЗель» нөмірін есінде сақтап қалған, сөйтсе ол қаланың ветеринария қызметіне тиесілі болып шықты.

Валентина

Валентинаның айтуынша, полиция оған еріктілердің қолында ешқандай дәлел жоқ деген. «Бұл неғылған бассыздық, сіздер неге бұлай бейқам қарайсыздар, жануарларды қорғау туралы бап бар, заң бар деп дауласа бастадық», — деп еске алды Валентина. Оған кейін хабарласамыз деп уәде бергенімен, ешкім байланысқа шықпапты.

Ерікті әрі жануарлар туралы видеожобаның авторы Дмитрий Кузнецов Валентинаға көмектесіп, тергеу барысын білу үшін полицияға тұрақты түрде хабарласып тұрады.

«Бір рет оларды скверде орналасқан камераның жазбасын қарауға көндірдім. Жазбада ит жатқаны көрініп тұр, жеңіл киінген бір жігіт жүгіріп келеді де, итке қарай еңкейіп, сосын жүгіріп кетіп қалады», — дейді ол.

Сол кезде полиция оған ветстанцияға қоңырау шалдық, олардан түсінік алдық, [қызметкерлер] итті көріп қалып, не болғанын білу үшін қараған деген.

«Неліктен ол итке қарап еңкейеді? Оқ іздеді деп ойлаймын», — деп топшылады Кузнецов.

Жолға қарап тұрған басқа камераның жазбасын еріктілерге көрсетуді сұрады, оқ атылған сәт соған түсіп қалған болуы мүмкін еді. Бірақ полиция ештеңе көрінбейді, себебі сол күні камера басқа жаққа қарап тұрды деп жауап берген.

«Ит тірі болды, ветстанция келгеннен кейін екі минуттан кейін ит өліп қалды, ал қызметкерлер біртүрлі әрекеттер жасап жүрді. Тоқтады, итке жүгіріп келіп қарады да кетіп қалды. Біз жанынан өтіп бара жаттық, ештеңе білмейміз деп отыр, — дейді Кузнецов. — Полицияның ұстанымы қызық: қылмыс камераға түскен жоқ, демек, қылмыс болған жоқ».

Абай полиция бөлімі «Власть» басылымына телефон арқылы істің барысы туралы айтудан бас тартты.

«Мұнымен қалай күресерімізді білмейміз, — деп күрсінді Валентина. — Атуды қолдайтындар бар. Қатыгездікке қарсылар бар. Мұндай өлімді ауыр қабылдайтындар бар».

Еріктілердің айтуынша, биыл көктемде және жазда осындай жағдайлар жиілеп кеткен, ал негізі бәрі былтыр басталған.

«Жүрегімнің бөлшегін жұлып әкетті»

Зашаған тұрғыны Анна 2023 жылы қыста Моника деген ақ итті күшік кезінде тауып алды. Итті емдеп, жаңа қожайын табу үшін үйіне алып кетті де, кейін өзі жақсы көріп қалды.

«Күн сайын серуенге шығып, басқа иттермен ойнап жүрдік. Ол өте көпшіл еді, таңертең жүгіруге шығатынбыз, сол кезде өзіме лайық ит екенін түсіндім. Одан айырылғым келген жоқ», — деп еске алды Анна.

Былтыр 22 қаңтар күні кеш түскенде Анна Мониканы ертіп серуенге шықты. Моникамен ойнап жүргенде көшеден Анна тамақ беріп, емдеп жүрген күшікті кездестірді. Жолшыбай Анна нан апарып бермек болып, қарт көршісіне бірнеше минутқа бас сұқты. Екі итті аулада қалдырды. Шықса, иттер жоқ.

Анна Мониканы шақырып, іздей бастады, подъезд алдында қалшылдап жатқан жерінен тапты. Ол итті құтқара алмады. Моникамен бірге ойнаған күшікті подъезд баспалдағының астынан үшкір оқ қадалған күйінде тапты.

Анна өз итін бірден көмді, ал күшікті келесі күні кешке ғана баспалдақ астынан шығарудың сәті түсті. Бойжеткен полиция шақырып, арыз жазды, итті сараптамаға алып барды. Мамандар зерттеу жүргізді, бірақ зертхана болмағандықтан итке атылған заттың құрамын анықтай алмады. Аннаның айтуынша, үшкір оқтағы у тыныс алудың жиілеуіне, қан құйылуға және жүрек жұмысының әлсіреуіне әкелді деген тұжырым жасалған.

Бақылау камералары арқылы Анна өзі подъезге кіріп кеткен сәтте келген мәшинені анықтады. Көліктің артқы есігі бірнеше секундқа ашылды, әлдекім бірнеше рет оқ атты да, көлік кетіп қалды.

Полиция Аннаға алдымен бұл мәшинені таба алмай жатырмыз деген. Ақырында көлік ветстанция қызметкеріне тиесілі болып болып шықты — бұл оның жекеменшік көлігі екен.

Полиция Анна мен қызметкерді бір-бірімен кездестірді, бірақ бұл көзбе-көз жүздестіру ретінде тіркелген жоқ. Қыздың айтуынша, одан арызды қайтарып алуды немесе бапты басқасына өзгертуді сұраған, ендігәрі бұлай істемейміз деп уәде берген. Ол бұған келіспегеннен кейін ветстанция бәрін теріске шығара бастаған.

Анна

«Бір жыл бойы табалдырық тоздырып, шапқылағаныма қарамастан, іс 2025 жылғы 1 ақпанда мерзімі ескірді деп жабылып тынды», — деді бойжеткен. Аннаның айтуынша, қаулыда ветстанция қызметкерінің үшкір оқпен атып, иттерді өлтіруі жануарларға қатыгездік таныту ретінде саналмайды деп жазылған.

«Бір жыл созып жүріп алды да, мерзімі өтіп кетті деді. Қатты көңілім қалды. Менің күресіп жүргенімді, арызды текке жазбағанымды көріп тұр, итімді қалай жақсы көретінімді біліп тұр. Жүрегімнің бөлшегін жұлып әкетті», — дейді Анна.

Іс жабылғаннан кейін де Анна онымен таныса алмады, ветстанция қызметкерлері жауап алу кезінде не айтқаны оған беймәлім. Процесті бастан-ақ әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап отырды.

«Маған аулама кіріп итімді атып кетті деп жазған адамдар бар. Біреулер иті қартайып өлді деп ойлап, өлігін аударып қарағанда үшкір оқ тапқан. Барлық жағдайда нөмірі көрінбейтін немесе нөмірі жоқ көлік көзге түскен. Мен Volkswagen көлігін байқадым, кейбірі нөмірі жоқ «Нива», тағы біреулер ақ «Лада» көрген. Олар осы мәшинелермен жүреді. Күн санап, ай санап құтырып кетті», — дейді ол.

«Доброе Сердце Уральск» қорының директоры Елена Иноземцева былтыр күз түскенге дейін қалада ит ату оқиғасы бірді-екілі ғана болатын еді дейді.

«Мұндай жағдайлар қазіргідей ашықтан-ашық әрі жаппай болмайтын, стерильденген, чип салынған иттер аулада көп жыл тірі жүретін, адамдар оларды тамақтандырып жүрді, — дейді жануарларды қорғаушы. — Иттер ауланың тұрғындарын, балаларды танитын, олар өзі тұратын ауланы қорып жүретін. Бір күні жағдай күрт өзгерді — бір түнде түгелге жуығы өлтірілді, әсіресе стерильденген, чип салынған иттердің көзі жойылды. Соңғы кезде ит аулау қызметі жүрген жерлерде иттердің атылуында бір сәйкестік бар».

Оның айтуынша, еріктілер полицияға да, табиғат қорғау прокуратурасына да жүгінгенімен, кінәлілер анықталған жоқ, ит ату да тоқтаған жоқ.

«Жануарлардың өлігі табылған жерлерде камера істен шыққан болып шығады. Түптеп келгенде қаланың еш жерінде камера істемейтін болып тұр ғой, себебі ит атылмаған қалтарыс қалған жоқ», — дейді ол.

Жануарларды қорғаушылар әкімнің орынбасарына да кірген, бірақ ол қаланың ветеринария станциясының бұған қатысы жоқ деп мәлімдеген, ал оқ атқандарды таба алмаған.

«Демек, қарулы адамдар қалаға келіп оқ атып жүр, олар кездейсоқ адамға да тигізуі мүмкін ғой, арты қайғыға ұласуы мүмкін! Бірақ бәрі үнсіз және шара қолданып жатқан жоқ», — дейді Иноземцева.

«Кез келген адам ит аулай алады»

Анастасия Кузнецова Оралда екі жылдан бері тұрады. Былтыр жазда ол еріктілерге аяғын көлік басып кеткен иесіз күшіктің емін төлеуге көмектесті. Күзде еріктілерден сол итті әлдекімдер көшеде атып кеткенін естіді. Анастасия Оралдағы жаппай ату туралы осылай білді.

Желтоқсанда Настя қаланың ветстанция басшысымен кездесті. Ол ұсталған иттердің бәрі стерильденіп, қайта далаға жіберіледі деп сендірді, тек қабаған иттерге ғана эвтаназия жасалатынын айтты.

«Мен иесіз иттермен жұмыс істеуге қатысты өзіміздің жүйемізді ұсындым. Бұл жобаға қор құру кіреді, өйткені, ветстанция басшысы айтқандай, стерильдеуге бөлінетін қаржы тым аз», — деді Кузнецова.

Ол, сонымен қатар, ветеринария станциясында иттің тілін таба алатын еріктілер жұмыс істесін деген ұсыныс айтты. Мәселен, сайт немесе қолданба жасап, Оралдың кез келген тұрғыны сол арқылы ветстанция жұмысын бақылай алар еді — қанша ит ұсталғанын, оларға қатысты қандай жұмыс атқарылғанын, қай жерге босатылғанын көріп отырар еді.

Анастасия Кузнецова

Ветеринария станциясының басшысы ай ішінде әкіммен кездесуге шақыруға уәде берді, бірақ ешкім хабарласқан жоқ. Ақырында Анастасия әкімнің жеке қабылдауына өзі жазылды. Белгіленген күні келгенінде қабылдауға адам көп екенін көрді.

«Әкімнің кетіп қалғанын, қабылдау болмайтынын естігенде адамдар екінші қабатқа лап қойды», — деп еске алды ол. Ол тоғыз сағат күтіп, қабылдауға кіргенімен, сауалдарына жауап ала алмапты.

«Кезекте өткізген тоғыз сағат уақытыма ішім ашиды. Әкімдікке барғаннан кейін түсінгенім, олармен диалог жүргізудің еш мәні жоқ», — деп ой түйді ол.

«Власть» ветстанция жұмысы туралы білу үшін облыстың ветеринария басқармасының талдау, болжау, ветеринариялық есеп және лицензиялау бөлімінің басшысы Берік Иралиевпен кездесті.

Иралиевтің айтуынша, биыл облыста қаңғыбас жануарларды аулауға, стерильдеуге және түр-түсін анықтауға 73 миллион теңге бөлінген.

«Қазіргі кезде облыс бойынша 1064 қаңғыбас ит-мысық ауланды, 576 қаңғыбас ит-мысық стерильденді, азаматтардың өтінішімен 488-і өлтірілді, олардың көбі иттер», — деді ол. Нақтылау үшін қойылған сұрақтарға орай ол қабаған иттер ғана өлтіріледі деп түсіндірді.

Иралиевтің айтуынша, жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң күшіне енгенге дейін жеке кәсіпкерлер аймақта иесіз жануарларды ата алатын, мұндай жұмысқа тендер өткізіліп жүрді. Оның айтуынша, иттерді жаппай атумен әлі күнге дейін солар айналысып жүрген болуы мүмкін.

«Олар тұрғындардың талабымен бейресми тәртіппен атып жүрген шығар деп ойлаймын. Ветеринария станциясына қазір [ит атуға] тыйым салынды, — деді Иралиев. — Бұрынырақта сатып алған ескі препараттар қалып жатса, жай тұрғындар, жеке тұлғалар [атқан болуы мүмкін]. Ондайда тек үшкір оқ қана керек, олар еркін сатылып жатыр, препаратты Ресейден алдыртуға болады, пневматикалық қару болса кез келген адам ит аулауы мүмкін».

Ит атылған жерлерде ветстанция машинасы неліктен жүр деп сұрағанда, қызметкерлер азаматтар хабарласқан кезде жануардың өлексесін жинауға шығатынын айтты.

Берік Иралиев

Иралиев қазір қолданылып жүрген аулау, стерильдеу, вакцина салу және босату (АСВБ) бағдарламасын тиімсіз деп санайды.

«Бұралқы иттер стерильденгеннен кейін қайтадан тіршілік ету ортасына босатылады, яғни қаңғыбас иттер саны азаймайды. Керісінше, олардың саны өседі, өйткені стерильденген иттерге қожайындарына керексіз болып қалған стерильденбеген иттер де қосылады, заңға сәйкес оларды бұрынғыдай көшеде өлтіруге болмайды», — дейді ол.

Иралиев уақытша ұстау орнында 15 күннен артық болған иесіз жануарларды өлтіруге мүмкіндік беретін түзету енгізу қажет деп санайды.

Оралда әзірге ауланған жануарларды уақытша ұстауға арналған үлкен орын жоқ. Ауланған ит-мысықты босатудың алдында стерильдеу және вакцина салу үшін қазір Жәңгір хан атындағы университет жанындағы «Жәрдем-Вет» клиникасына әкеліп жүр, оған 75 жануар сыяды.

Иралиевтің айтуынша, қазір ауланған жануарларды уақытша ұстауға арналған мемлекеттік бекет Круглоозерное кентінде салынады деп жоспарланып отыр. «Сол жерде ветеринария бекеті бар, бірақ ол бастапқыда өлтіретін жер ретінде жобаланған», — деді Иралиев. Оның айтуынша, ол иттерді уақытша ұстайтын питомнигі бар ветеринария бекеті ретінде қайта рәсімделді, реконструкция мен жөндеу жобасына бюджетке өтінім берілді.

«Бұл уақытша ұстауға арналған питомник болады, иттер осында әкелінеді, шамамен 300–350 қаңғыбас ит пен мысық ұстайтындай мүмкіндігі болады. Заң бойынша 15 күннен кейін эвтаназия қолдануға болмайды, сондықтан иттер сол жерде белгілі бір уақыт ұсталатын шығар», — деді Иралиев.

Елена Иноземцева жануарларды қорғаушылар бұған қарсы дейді. Ол Круглоозерное кентінде бұрын болған бекетте жануарлар ауруға душар болды, оларға тірі жан деп қараған жоқ дейді.

«Біз сол жерге барып, күзетшілерден жануарларды ақша беріп сатып алып жүрдік. Клиникаға апарып, емдедік, панажайға алып кетіп жүрдік. Бізде сол кезеңдерден аман алып қалған иттер әлі де бар», — дейді Иноземцева. Ол 350 итке арналған орын бүкіл қаланың проблемасын шешпейді дейді, олар ұсталғаннан кейін өлтіріледі, сосын орнына басқа иттер әкелінеді деген қаупін жеткізді.

«Жануарға қатысты жұмыстың барлығын жекеменшік панажайлар атқарып жатыр»

Елена Иноземцеваның сауда орталығында бутигі бар. Жұмыстан кейін қызымен және тағы бір еріктімен бірге ашқан панажайға барады, сол жерде түн ортасына дейін болады.

«Біз аздан бастадық, сосын үлкейдік, себебі көмекке зәру жануар көп. Өз қаражатымызға аумақты жалға алып, панажай аштық. Сол кезде 15–20 ит болды. Қазір біздің панажайда үш жүзден астам ит бар», — деді ол.

Былтыр қараша айында еріктілер стерильдеу бюджеті игеріліп біткенін, енді жаңасы тек қаңтарда басталатынын білгеннен кейін ит саны көбейген.

«Қараша мен желтоқсан айларында қалалық ветстанция иттерді ұстап әкелген де, ертесіне өлтіріп отырған, — дейді Иноземцева. — Екі ай бойы иттерді өзімізге алып кетіп отырдық. Базалармен келісіп, сонда орналастырдық, осыншама итті сыйғыза алмадық. Сол кезде панажайымыз толып қалды».

Былтыр көктемгі тасқын кезінде қайық мінген еріктілер иттерді саяжайлардан көшірді, иелері тастап кеткен иттерге тамақ апарды.

«Құтқарылған жануарларды панажайымызға әкелдік. Жаралы, ауру иттер де болды, олар әлі де біздің панажайда, — дейді Иноземцева. Дегенмен, бәріне бірдей орын жеткен жоқ дейді. — Көмек қолын созған адамдар болды, ақылы түрде ұстауға алғандар болды. Олар әлі де бар, ақылы ұстауға айына 250 мың төлейміз».

«Жануарларға қатысты жұмыстың барлығын жекеменшік панажайлар, еріктілер, мәселеге бей-жай қарай алмайтын адамдар атқарып жүр. Ауыртпалықтың көбі панажайларға түседі, себебі зардап шеккен иттерді біз алып кетеміз, емдейміз, сосын панажайға әкелеміз. Біз оларды босатып жібере алмаймыз, өйткені оларды құтқаруға көп күш жұмсадық, енді оларды босатып, тағы атылып кеткенін қаламаймыз», — деді Иноземцева.

Дөңгелек үстел басындағы жиындарға қатысқан жануарларды қорғаушылар жекеменшік панажайларға ең болмаса азғантай қолдау көрсетуді — мейрамханалар жинап қоятын тамақ қалдығын жеткізіп беруді немесе тасқыннан кейін саяжайларда пайдаға аспай қалған құрылыс материалдарын беруді талай сұрады.

«Олар уәде еткен нәрсенің ешқайсын жасаған жоқ. Жалпы панажайларды қоса қаржыландыру заңда жазылған, бірақ бұл орындалып жатқан жоқ. Біз өтініш айтамыз, бюджетке кірмейді, қаражат жоқ деп айтады», — дейді Иноземцева.

Жануарларды қорғаушы аулау, стерильдеу, вакцина салу және босату бағдарламасы өңірде бес жылдан бері бар, онымен қалалық ветстанция айналысқан кезде стерильдеу сапасыз және жансыздандыратын дәрі қолданылмай жасалды дейді.

«Біз мұның бәрін видеоға түсіріп, Астанаға жөнелттік, президентке хат жазып, шағым түсірдік, Бриджит Бардо қорына жаздық, бұған төзу мүмкін емес еді», — деп еске алды ол. Сосын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы стерильдеу «Жәрдем-Вет» клиникасына берілді. Жануарларды қорғаушы сол кезден бастап бағдарлама жолға қойылды дейді.

«Нәтижесін көріп отырмыз, жағдайдан шығудың жалғыз жолы — АСВБ бағдарламасы, басқасы болмауы керек. Бұл жануарлардың шектен тыс көбеюін тоқтататын ізгі тәсіл, әлемдік практика», — деді ол.

Әйтсе де қалада ит саны әлі де көп. Себебі, Иноземцеваның айтуынша, күн сайын біреу итін көшеге қуып жібереді, олардың бәрін стерильдеп үлгеру мүмкін емес. Еріктілердің ветстанция жұмысына да сұрағы бар, себебі бұрын стерильденген иттерді ұстап, қайтадан әкелу жағдайы көп.

«Біз панажай жұмысын өз ақшамызға, күш-жігерімізді жұмсап, жағдайға бей-жай қарамайтын адамдар есебінен жүргізіп отырмыз. Бұл біздің қолымыздан келіп отыр. Ал мемлекеттің күші көбірек қой, қолға алса, бұл мәселені қиындықсыз шешуге болар еді», — деп сөзін қорытты Иноземцева.

Бұл материал OY-DETOX AIMAQTAR+ жобасының аясында дайындалды. Оның мақсаты — Қазақстан аймақтарында жария фокус топтар өткізу арқылы өзекті проблемаларды талқылауға қоғамдық ашық алаң құру, сондай-ақ өңірлердің тыныс-тіршілігін жергілікті тұрғындар арқылы көрсету. Жоба авторы — Әйнел Әмірхан. Оралдық фокус топ қатысқан шығарылымды мына сілтеме арқылы көре аласыз.