2763
18 сентября 2023
Ольга Логинова, Власть, фотолар Викрам Рузахуновтың жеке архивінен

Викрам Рузахунов, музыкант: «Қазақстан билігі әлі кешірім сұрай алмай отыр»

Мародер деп айыпталған музыкант ішкі істер министрлігімен соттасқаны, азаптауларға қатысты тергеу мен оған қайта өмір сыйлаған музыка туралы

 Викрам Рузахунов, музыкант: «Қазақстан билігі әлі кешірім сұрай алмай отыр»

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов ұсталды. Азаптауға шыдамаған азамат камера алдында 90 мың теңге үшін митингіге қатысқанын мойындай сөйлеуге мәжбүр болды. Бейнежазба мемлекеттік телеарнада көрсетіліп, әлеуметтік желілерде тарап кетті. Соның арқасында оны әріптестері танып, босатуды талап етті. Екі жылға жуық уақыт бойы музыкант Қазақстан билігінен әділдік пен ресми кешірім сұрауын талап етіп жүр.

Қазақстандағы Қаңтар оқиғасына дейінгі өміріңіз қандай еді?

Кішкентай кезімнен музыкамен айналысамын. Бішкектегі музыка мектебін үздік бітірдім, кейін Бішкектегі Күренкеев атындағы музыка училищесіне түстім. Эстрадалық фортепиано класын үздік тәмамдап, диплом алдым. Музыка училищесінен кейін Қырғыз Республикасы президентінің жанындағы басқару академиясына оқуға түстім, онда менеджмент және бизнесті басқару мамандығы бойынша білім алдым, бірақ сонда да музыкамен айналысуды тоқтатпадым. 2008 жылы жеке триомен халықаралық джаз фестиваліндегі дебютімді сыншылар өте жоғары бағалады. 2009 жылы Қазақстанның Шымкент қаласында өткен «Оңтүстік түні» халықаралық джаз фестивалінің лауреаты атандым, джаз туындыларын ерекше өңдеп, қызықты интерпретация жасағаным үшін марапатталдым.

Содан кейін триодан оркестр болып қалыптасып, жобаларымды халықаралық фестивальдерге ұсындым. Қазақстанға гастрольдік сапарларды да сол кезде бастадым. 2010 жылы мені 18 жылдық тарихы бар «Джаз Бішкек көктемі» фестивалінің бірлескен ұйымдастырушысы ретінде шақырды. Көп музыкант ретінде мені сол шара арқылы біледі, өйткені бұл фестивальге қатысатын әртістер әлемнің түкпір-түкпірінен жиналады.

Инстаграм парақшама кірсеңіздер, Қаңтар оқиғасына дейін онда тек музыкалық контент болғанын, яғни тек концерттерден фото-видеолар жарияланғанын көре аласыздар. Оқиғадан кейін контент өзгеріп кетті, себебі менің дүниетанымым өзгерді. Қазақстанда болған оқиғаларға дейін не болып жатқаны, мені жолдан ұстап алып, белгісіз жаққа апарып, ойына келгенін істеуі мүмкін екені миыма кіріп-шықпапты. Бұған дейін саясатқа мүлде қызықпайтынмын. Осы жағдайлардан соң парақшамдағы контент те өзгерді.

Сіздің оқиғаңызды ұмыта қойған жоқпыз. Дегенмен, қайтадан 2022 жылдың басына оралсақ, сол кезде эмоциялық тұрғыда қандай күйде болдыңыз?

Эмоция жағынан да ауыр болды. Шок болдым, есеңгіреп қалдым деу де аз. Мен үшін бұл тозақ тек үш күнге созылғанына қарамастан, өте ұзақ болып көрінді. Тіпті тезірек өлгім келді, ондай кезде біреудің саған күш қолданғанына төзбеу үшін ғана тезірек атып тастаса екен дейсің.

Қалай ойлайсыз, неліктен сол кезде сізді өзіңізді айыптай сөйлеп, аңызға бергісіз әңгімені айтуға мәжбүрледі?

Олар қайткенде де өзін ақтап алуы керек болды, сырттан келген жауды табуы қажет болды. Жиырма мың террористі сол күйі ешкімге көрсеткен жоқ. Солардың бірі ретінде мені көрсетті, интернетте жазылған пікірлерге қарағанда, басқа ешкімді таппаған да. Бұл ойдан шығарылған аңыз, ал оны бізге айттыру үшін жабық бөлмеде азаптады. Сүйтіп жүріп күтпеген жерден қолдарына мен түсіп қалдым. Сол кезде маған дем жатпай жатқан, сондықтан мені таңдаған болуы мүмкін.

Мүмкін олар «қазір бұл өледі, оған бәрібір ғой, әзірге сөйлеп жатқанында айтқызып алу керек» деген шығар.

Мойындау бейнежазбасы осылай пайда болды.

Ұшақпен депортация жасаймыз деді. Мені де ынталандырғаны осы, азаптау аяқталуы үшін бәрін айтуға дайын болдым. Депортация жасаса да мейлі дедім, бұдан кейін мүлде Қазақстанға келмеуге де дайын болдым, тек бәрі осымен бітсе дедім.

Кейін видеоны көргендер мені танып қойды. Оларға сенбейтінін ескерткенмін. Аты-жөнімді айтқанымды (бейнежазбадан) кесіп тастаған. Бірақ мені сонда да танып қойды. Бұған ешкім сенбейтінін, жұмысым бар екенін айтсам да, тыңдамады. Бірақ, бір жағынан, мен осылайша аман қалдым. Себебі адамдар танып, қайда екенімді біліп, шу шығып кеткен соң, мені босатты. Босатпас бұрын, әрине, өздері екінші рет кінәлі болып қалмау үшін тағы интервью жазып алды. Бейнежазбаға осының бәрін өзім ойлап тапқанымды, мұны бір камерада жатқан адамдар осылай істесең тезірек шығасың деп айтқанын естіп алып істегенімді айтуға тиіс болдым.

Бұл (интервью) — олардың мені босату үшін қойған талаптарының бірі. Тек осы шартты орындаған соң елшімен таныстырды. Ол кезде ұсталғандарға елшілерді де, адвокаттарды да кіргізбейтін. Себебі ол кезде ақтап алу үшін жұмыс істеліп жатты, «айтпасаң, жібермейміз, өміріңнің соңына дейін осында боласың, сені өлтіреміз» деп айтып жатты. Мұны сонда болған куәгерлер де растайды.

Қайтадан қалыпқа келу қиын болған шығар?

Үш күннен кейін босатып, елге қайтарды. Кейін бір тәулік үйде болдым. Осыдан кейін туыстарымның сөзіне көндім де, сараптамаға бардым. Жағдайым жақсы, тек бір-екі жерім көгергені бар, жақпамай жақсам, бәрі кетеді деп ойладым. Бірақ тексергеннен кейін қабырғаларым сынғаны, өкпемнің 25-30%-ы зақымдалғаны, миым шайқалғаны белгілі болды. Сол жерден бірден реанимацияға түсіп, бір айға жуық ауруханада жаттым. Шок кете бастағандықтан, денедегі ауырсыну қаттырақ сезіле бастады. Ауырсынуды басатын дәрілер көмектеспей, жылап жіберген кездерім болды. Бұл ойға батып, ішім алай-дүлей болған қиын кез еді.

Неге мұнша қиналып жатырмын деп ойладым. Неліктен ешқандай себепсіз мұндай азапқа төтеп беруге мәжбүрмін? Мені осы халге душар еткендер жауап беруі керек қой дедім.

Сосын түнде мазалайтын қорқынышты ойлардан арылу үшін музыкамен байланысты жұмыстарға араласа бастадым. 17-фестиваль таяп қалған еді, жұмысқа, концерттерге кірісіп, кейін бәрін болған күйінде айтып беруім керек деп шештім.

Мені әкелген кезде қауіпсіздік қызметі сұхбат беруге тыйым салып, аузымды жаппақ болды. Бәрі жақсы деп, қинамағанын, олардың маған жақсы қарағанын айттым. Бірақ осының бәрін бастан өткергеннен кейін болған жайт туралы қайта ойланып, сұхбат бере бастадым. Бұл да маған белгілі бір дәрежеде көмектесті, себебі жиірек сұхбат беретін болдым, әр сұхбат сайын толығырақ айтқан соң, жеңілдей түстім. Бұған қоса, өмірге оралуыма музыка, концерттер көмектесті, осының арқасында ойым бөлініп, жақсы нәрселер туралы да ойлай алатын болдым. Кейін құқық қорғаумен айналыса бастап, қауымдастықтарға қосылып, осы тақырыпта сөз сөйлей бастадым. Былтырғы ақпанда Қырғызстан мен Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды, ол әлі күнге жалғасып келеді.

Сізді азаптау бойынша іс қазір қалай жүріп жатыр? Бір жарым жылда аса бір ілгерілеу болмаған сияқты, солай ма?

Иә, іс әлі сотқа дейінгі тергеу деңгейінде тұр.

Неге осынша ұзақ боп жатыр?

Қарапайым тілмен айтқанда, өзіңді табу, өзіңді ұстап алып, түрмеге отырғызу қиын – дәлел көп болса да, мұны ешкім жасағысы келмейді. Мен атап көрсеткен, түрін таныған адамдар бар. Оларды басқа жәбірленушілер де атап өтті, бірақ жүйе өз адамдарын қорғайды. Жүйе өз адамдарын сатпайды, сатса, ол күйрей бастайды және сенімсіздік пайда болады. Екінші мәселе, бұл – Қырғызстан тарихында ел азаматын шетел аумағында азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған алғашқы оқиға. Қырғызстан тәжірибесінде мұндай іс болмағандықтан, осы жағынан да өзіндік қиындықтары бар. Тағы бір айта кететін жайт, 2022 жылы азаптау ісін тергеумен Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі айналысты, 2023 жылдан бастап іс прокуратураға тапсырылды. Осындай бюрократиялық процестер де істі тежейді. Осы факторлардың барлығы әсер етеді.

Қандай тергеу әрекеті жүргізілді? Өзіңіз күдіктілермен бетпе-бет кездестіңіз бе?

Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, биыл прокуратура да біраз тергеді, тіпті кейде тергеу әрекеттері қайталанады. Қылмыс болған жерге барып, кімнің кім екенін баяндап, кімді қалай ұстап, ұрғанын баяндау деген сияқты. Бір нәрсені екі рет істедім. Бұған қоса, былтыр полиция қызметкерлерін фото бойынша сәйкестендіру арқылы анықтап, бетпе-бет кездесу ұйымдастырылды. Биыл бұл іс ҰҚК-ның арнайы отрядымен бірге жасалды, олармен де бетпе-бет кездесу ұйымдастырылды.

Әзірге күдіктілер анықталмады. Сонымен қатар олардың көбі әлі күнге қызметін атқарып, әлі де билік органында жұмыс істеп жүр.

Полиция мен ҰҚК қызметкерлерінен қанша адамды көрсеттіңіз?

Меніңше, оннан аса полиция қызметкері мен ҰҚК-нің үш қызметкері болды. Өз басым менен қажет болғанның бәрін істедім деп ойлаймын. Қазір тек прокуратура істі қашан сотқа жеткізер екен деп күтіп отырмыз.

Сіз сол видеоны таратқаны үшін телеарна мен полицияны сотқа беріп, ресми түрде кешірім сұрауды талап етіп отырсыз. Сот процесі қалай жүріп жатыр?

Ұтылып қалдық, апелляциялық шағым түсірдік, оны қабылдаудан бас тартты. Қазір Астана қалалық сотының шешіміне жоғарғы сотқа шағымдану үшін кассациялық шағым дайындап жатырмыз. Біз бұл шешіммен келіспейміз және жеткілікті дәлел келтірдік деп есептейміз. Бірақ сот, неге екені белгісіз, біз ұсынған дәлелердерді ескермей, ішкі істер министрлігінің айтқанының бәрін ескеріп отыр.

Видеоны полиция таратқаны дәлелденбегендіктен, шағымыңыз қанағаттандырылмаған көрінеді. Ішкі істер министрлігінің дерекқорындағы жазбаның телеарнаның қолына қалай түскені туралы ақпаратты талап ету мүмкін бе екен?

Өкілім бұл ақпаратты да сұратты. Бұл деректер құпия әрі қарапайым азаматтарға берілмейтін болған соң оны сұрап, өтініш жібердік, өтінішіміз қабылданбады. Іс бірінші инстанцияда аудандық сотта қаралған кезде Qazaqstan телеарнасының өкілдері соттан менің «мойындауым» бар видеоның ішкі істер министрлігінің сайтында жарияланғаны туралы, видеоның сайттан өшірілгені туралы техникалық ақпарат беруді сұрады. Сот сол тұста кеңесіп, бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

ІІМ олардың құрылымы, атап айтқанда, Алматы қалалық полиция департаменті бұл материалды қабылдап, оны министрліктің серверіне өткізгенін растады. Ол кезде интернет болмады, бірақ олардың серверлері жұмыс істеп тұрған. ІІМ тәртіптік объект болғандықтан, бұл үшін толық жауапты – солар, бірақ видеоның қалай телеарнаға өтіп кеткенін ешкім білмейді. Телеарна видеоны ІІМ өзге жерден алуы мүмкін емес екенін айтады. ІІМ бұл бойынша ештеңе түсіндіре алмай, үнсіз қалып отыр. Олар осы жағдайға жауапты болса да, ақпараттың неліктен «тарап кеткені» туралы тиісті тергеу жүргізбеді.

Бұл видеоның ішкі істер министрлігінде болғанын прокуратура анықтағанын да айтып едіңіз?

Иә. Ішкі істер министрлігінде іздеу жұмыстары жүргізілді. Өйткені, ішкі істер министрлігі осы уақытқа дейін оларда бейнежазба бар екенін жоққа шығарды. Бірақ прокуратура тінтуге рұқсат берді, осылайша, видеоның түпнұсқасы да қолға түсті. Бұл факті бойынша бірқатар сараптама аяқталды. Бейнежазбадан маған сценарийді, нені және қалай айту керегін айтып, жауаптарды сыбырлап тұрған адам болғанын көруге болады. Сотта куәгер болғандардың бәрі мұны жоққа шығарып, ондай адам жоқ екенін айтты, бірақ түбі бәрі әшкере болды. Ал ІІМ осы уақыт бойы бейнежазба жоқ деп өтірік айтқан болып шықты.

Осы сот тексерулері нәтижесінде қандай нәтижеге қол жеткізгіңіз келеді?

Біріншіден, осы қылмысты жасағандардың жазаланғанын қалаймын. Басқалары ендігәрі мұндай әрекет жасай алмастай болуы үшін олардың жаза мерзімін әділ тағайындап, кейін мемлекеттік қызметке келуіне тыйым салғанын, айрықша құқықтарынан, зейнетақысынан айырғанын қалаймын. Бұл жаза басқаларға сабақ болуы керек. Әйтпесе, мұның бәрі жалғаса береді және бұл кез келген адамның басына келуі мүмкін. Бұл жағдайға балаларымыз да ұрынуы мүмкін. Сондықтан мұның дәл менің басыма келгені бірдеңе істеуім керегінің белгісі болар деп ойладым.

Екіншіден, менен ресми кешірім сұрауын талап етемін. Бір күнде бейнежазба түсіріп, оны жариялау қолдарынан келді. Қаңтар оқиғасына жақында екі жыл болады, ал олар әлі күнге дейін жай ғана кешірім сұрауға шамасы келмей жүр.

Қарапайым қазақстандықтар кешірім сұрап жатыр. Олар ұялды. Бірақ мұны істеген адамдар мемлекеттік деңгейде кешірім сұрай алмай-ақ қойды.

Сонымен қатар, келтірілген моральдық және физикалық залал үшін тиісті өтемақы төленуін талап етемін. Тонаушы екенімді, Алматыда ұрлық жасағанымды айтып, қалтамдағы ақшамды, костюмдерім мен киімдерім салынған шабаданды тартып алды. Қалтамда үш мың доллардан аса ақшам болды, бәрін алып қойды. Мені тонаушы, адам өлтіруші деп, іс жүзінде өздері мені тонап кетті. Бұл қалай болғаны? Олар бәрін қайтарып беруі керек деп есептеймін.

Қаңтарда Қазақстанда зардап шеккен Қырғызстанның басқа азаматтарының тағдыры не болғанын білесіз бе, бақылап көрдіңіз бе?

Басқалардың ісін, әрине, бақылап отырамын. Басында жалғыз едім, қазір алты адам болдық. Бұл алты адам да мен жүрген бағытпен жүріп, Тарғап ауылында ұсталған. Кейін бізді бірге Қошмамбет ауылына апарып азаптады. Адамдардың санасы оянып, олар да осы күреске қосыла бастады. Кейбірінің азаптау фактілері бойынша тергеу ісі менікімен бірге жүріп жатыр. Өйткені келген жолымыз бен шағымданған қылмыскер бірдей.

Сіздің ісіңізге халықаралық қауымдастықтың реакциясы қандай?

Қазақстанда мені «Қадір-Қасиет» қоғамдық бірлестігі мен адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро қолдап отыр. Олар адвокат беріп, осы мәселе бойынша көмектесіп, істің қазақстандық жағын басқарады. Әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау бар, қадағалап отыр, бірақ қазір халықаралық деңгейге жеткенше ұлттық тетіктерді сарқып алу сатысында тұрмыз.

Құқық қорғау саласындағы қызметіңіз туралы айтсаңыз, қазір тағы немен айналысып жүрсіз?

Қазір қалай болып жатқаны туралы әлемдік деңгейде баяндаймын, конференцияларда сөйлеймін. Осы жазда Қырғызстанда азаптауға қарсы коалиция және Қырғыз Республикасының азаптаудың алдын алу ұлттық орталығымен бірлесіп, көптеген іс-шара өткіздік, түрлі коллаборация ұйымдастырдық. Осылайша, өз құқығын білетін адам көбейіп, адамдар мұндай зұлымдық бар екенін және оған қалай қарсы тұру керегін білді. Бұған қоса музыкам арқылы «Музыка зорлыққа қарсы» деген ұранды таратамын және ойымды қолдайтындар, қарсылығын шығармашылығы арқылы көрсете алатын суретшілер, музыканттар маған қосылғанын қалаймын. Бұл тұста Қазақстанда Қантар құрбандарын еске алуға арналған портреттердің тұтас көрмесін жасаған Асхат Ахмедьяровты жарқын мысал ретінде қарастыруға болады. Өзім оқиғаға бір жыл болғанда азаптау құрбандарына арнап реквием жаздым. Кәсіби заңгер емеспін, адвокат емеспін, бірақ бұл тақырыпты өнерім арқылы қолдауға тырысамын. Бұған қоса қазір өз ісім бойынша оң нәтижеге қол жеткізсем, кейін басқа біреуге көмектесе аламын. Өз нәтижем сәтсіз болып қалса, басқаларға қалай көмектесемін?

Осындай жағдайға тап болған адамдар хабарласады, кеңесімді беріп, оларға көмектесе алатын, дұрыс жол көрсетіп, не істеуге болатынын айта алатын ұйымдармен байланыстырамын. Себебі өзім осы жағдайға тап болғанда басым қатып, кімге және қайда жүгінерімді білмедім. Ал қазір тәжірибем бар болған соң, осы жағдайға түсіп қалған адамдарға көмектесемін. Сонымен қатар азаптаулардың алдын алу ұлттық орталығының ізгі ниетті елшісі болып тағайындалдым, конференцияларға қатысып, азаптау мен онымен күресуге назар аударамын және мемлекеттік органдардың және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының өкілдеріне жағдайды қалай жақсартуға болатыны туралы өз ойымды ұсынамын.