1746
4 октября 2023
Паоло Сорбелло, суретті Ұлыбританияның Астанадағы елшілігі ұсынды

«Қазақстанға экологиялық әлеуетін іске асыруға көмектескіміз келеді»

Ұлыбританияның Еуропа ісі жөніндегі министрі Лео Докертимен эксклюзив сұхбат

«Қазақстанға экологиялық әлеуетін іске асыруға көмектескіміз келеді»

2 қазанда Ұлыбританияның Еуропа ісі жөніндегі министрі Лео Докерти «Ұлыбритания–Қазақстан» стратегиялық диалогы аясында Астанаға келді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен келіссөз жүргізді және ресми тұлғалар, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен бірқатар кездесуге қатысты.

Докерти мырза, Астанаға сапарыңыз кезінде қазақстандық әріптестеріңізбен әңгіме тақырыбы қандай болды?

Біз бірқатар мәселені талқыладық, оның ішінде екіжақты стратегиялық серіктестік, климаттың өзгеруі және Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіруінің салдары сияқты жаһандық мәселелер де бар. Ұлыбритания Еуропалық Одақтың құрамынан шыққаннан кейін екіжақты қарым-қатынасымызға негіз болатын стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық жөнінде келісім жасау бойынша жаңадан келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жақын арада құжаттарға қол қоямыз деп үміттенеміз.

Келісім кең көлемді стратегиялық серіктестік, саяси диалог және ауқымды бағыттар, соның ішінде сыртқы саясат, қауіпсіздік, экономика, сауда және инвестиция, энергетика және климаттың өзгеруі, білім беру, сот төрелігі және адам құқықтары бойынша тығыз ынтымаққа негіз болады.

Сапар кезінде тағы кімдермен кездестіңіз?

Қысқа сапарым барысында мықты тәуелсіз БАҚ жасау бағытында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ инвестиция салуға, соның ішінде "Орта дәліз" сияқты мүмкіндіктерге инвестиция салуға ниетті бизнес өкілдерімен кездестім.

Бизнес, азаматтық қоғам және басқа да секторлардың өкілдері, соның ішінде британиялық университеттердің мықты түлектері алдағы 30 жыл ішінде әділ және өркендеген Қазақстанды құруда шешуші рөл атқарады. Мен олардың Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға қатысты ұстанымдарын естігім келді. Сонымен бірге, кейінгі 31 жыл ішіндегі қарым-қатынасымыздың негізгі бағыттарының кейбірін, соның ішінде бизнес, білім беру және қауіпсіздік саласындағы ынтымақ, яғни бітімгершілікке қатысты қарым-қатынасты қалай нығайтуға болатыны жөнінде пікірлерін білгім келді.

Ұлыбритания–Қазақстан стратегиялық диалогы шеңберінде қандай бастамаларға назар аудардыңыз? Соның ішінде климаттың өзгеруі, бейбітшілікті нығайту және Ресейдің Украинадағы соғысын тоқтату жөнінде не дейсіз?

Біз Ресейдің Украинадағы соғысы бүкіл әлем елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да орасан экономикалық зиян келтіріп отырғанын білеміз. Баға көтеріліп, жеткізу тізбегі бұзылып жатыр. Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау және БҰҰ Жарғысының талаптарына сәйкес соғысты реттеу ісіндегі дәйекті және түбегейлі ұстанымы үшін Қазақстанға алғысымды білдіремін. Ұлыбритания басқа серіктестерімен бірге Украинаға егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауына көмектесіп, соғысты тоқтату үшін қажетті қолдау көрсетуге бел буып отыр.

Климаттың өзгеруіне қарсы күреске келетін болсақ, Ұлыбритания Қазақстанға 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көмектесетін мол тәжірибесін ұсына алады деп санаймын. Ұлыбританияның көмірден жаңартылатын энергия көздеріне ауысу бойынша өзіндік тәжірибесі бар. 15 жылдың ішінде біз электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын көмірдің үлесін 40%-дан 5%-дан да аз шамаға дейін қысқарттық. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесін жел мен күн энергиясы, био және гидроэнергия арқылы 2008 жылғы 5%-дан аз шамадан қазіргі уақытта 40%-дан астамға дейін арттырдық. Сутегі сияқты жаңа технологиялар бойынша алдыңғы шепте тұрмыз және энергия тиімділігі шығарындыларды азайту үшін жасауға болатын ең арзан инвестиция екенін дәлелдедік.

Қазақстанға "жасыл" әлеуетін іске асыруда көмектескіміз келеді және оның жаңартылатын энергия көздеріне салынып жатқан қомақты инвестициясы, метан бойынша Жаһандық міндеттемеге қол қоюға мүдделі болуы, сондай-ақ орманды қалпына келтіруге және орман өсіруге мақсатты күш салуы көңілімізден шығады. "Табиғат байлығын үнемдеу" деп аталатын шешімдер су ресурстары мен экожүйелерді қорғауға көмектесетін маңызды элементтер болып саналады.

Украинадағы соғысқа және онымен байланысты Ресейге қарсы салынған санкцияға қатысты Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда санкцияны айналып өту жағдайлары болып жатқанын бақылай отырып, Ұлыбритания не нәрсеге назар аударады? Санкцияларды айналып өтудің осы схемалары жалғаса берген жағдайда Қазақстанға санкция салыну қаупі бар ма?

Санкциялар президент Путинді заңсыз соғысты тоқтатуға мәжбүрлеуді көздейді. Сонымен қатар, біздің технологиямыз бейбіт халықты өлтіру мақсатында пайдаланылмауын қамтамасыз ету де осы бағыттағы стратегиямыздың маңызды бөлігі. Қазақстан санкцияларды сақтайтынын және оны айналып өтетін "қара жолға" айналмайтынын көрсетіп келе жатыр. Осы мәселе бойынша ашық диалог жүргізіп жатқанымызға ризамын. Ізгі ниет пен серіктестік рухта жұмыс істей отырып, Ресейдің Украинадағы соғысының Қазақстан үшін экономикалық салдарын азайту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасауды жалғастыра береміз.

Британиялық компаниялар Қазақстанға ондаған жылдар бойы инвестиция салып келеді. Инфляцияның қарқынын, жоғары пайыздық мөлшерлеме мен халық арасында кедейлік деңгейінің өсуін ескере отырып, британиялық жеке сектор үшін Қазақстандағы алдағы бірнеше жыл қалай болады деп ойлайсыз?

Білім, авиация, қаржы және құқық сияқты негізгі стратегиялық секторларды құру бойынша Қазақстанға қолдау көрсетуде британдық компаниялар, институттар мен біздің тәжірибеміз шешуші рөл атқарды. Қазақстан күрделі экономикалық проблемаларға кезігіп отырғанына қарамастан, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан британдық компаниялар тарапынан сенімділікті байқап отырмыз.

Бірнеше мысал келтірейік: аса маңызды пайдалы қазбаларды өндіру және тау-кен өнеркәсібі сияқты салаларда бізде жаңа жобаларды белсенді түрде іздейтін ірі және шағын тау-кен компаниялары бар, ал жеткізу тізбегіндегі жетекші компаниялар қауіпсіз және тұрақты тау-кен кәсіпорындарын құрудың техникалық шешімдерін ұсынады.

Сапар барысында AstraZeneca компаниясы ең жақсы бренд өнімдерінің кейбірін жергілікті жерде өндіру туралы Денсаулық сақтау министрлігімен келісімге қол қойды. Үкімет бизнес жүргізу жағдайын үнемі жақсартып отырса, бизнеске құлақ асса, салық саясаты сияқты мәселелерде ең жақсы халықаралық тәжірибеге сәйкес келуін қадағалап отыруын жалғастырса, күмәндануға себеп жоқ.

Жуырдағы реформаларға, әсіресе заңсыз шығарылған активті қайтару туралы заңнамаға (байлықтың арғы тегі туралы Ұлыбританиядағы заңға ұқсас) қарағанда, Қазақстан үкіметі сыбайлас жемқорлық пен клептократиямен күресуге ниетті сыңайлы. Бұл шаралар депутат Маргарет Ходждың екі жыл бұрын айтқан дәлелдеріне сәйкес келетін сияқты. Сіздер үкіметпен кеңес өткізесіздер ме? Осы саладағы соңғы өзгерістерге қалай қарайсыздар?

Заңсыз қаржы ағыны қоғам мен экономикаға елеулі және жойқын әсер етеді. Біз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі ұсыныстарын қолдаймыз және заңсыз қаржыландырумен және активтерді қайтарумен байланысты мәселе бойынша қазақстандық әріптестерімізбен ынтымақтаса әрекет етеміз. Кейінгі жылдары Ұлыбритания сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша заңнамалық құралдарын, соның ішінде елеулі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу немесе оған қарсы тұру мақсатында қаржылық санкциялар салу көзделген 2018 жылғы санкциялар мен ақшаны жылыстатуға қарсы заңды едәуір нығайтты.

Қазақстанда халықаралық соты және төрелік орталығы бар "Астана" халықаралық қаржы орталығының үлгісі табысты, бұл қазақстандық заңгерлердің жаңа буынының коммерциялық құқықтағы үздік халықаралық практика бойынша қажетті тәжірибе жинауына мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Орталық табысты жұмыс істеп отыр: 2018 жылдың қаңтарынан бастап жалпы сомасы 700 миллион АҚШ доллары болатын 2000-нан аса іс қаралды. Көптеген серіктесіміз сияқты, біз қылмыстық құқық саласында судьяларды оқытуға, алқабилер сотын дайындауға көптеген жыл бойы қаражат салып келе жатырмыз. Бірақ, әрине, кез келген қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тағы бір маңызды элементі – батыл, фактілерге негізделген журналистік зерттеу.

Британдық комиссия Алматыға келіп, бірнеше ай түрмеде отырып шыққан саяси белсенді Жанболат Мамайдың ісін қарау кезінде процестік нормалардың сақталу жағдайын қатты сынға алды. Қазақстандағы адам құқықтарының жай-күйін қалай бағалайсыз? Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли наурыз айындағы сапары кезінде БАҚ бостандығы мен адам құқықтарына байланысты ахуалды жақсарту қажеттігін атап өтті. Осы саладағы ынтымақтастық қалай дамып жатыр деп ойлайсыз?

Соңғы 18 айда біз президент Тоқаевтың саяси реформалар мен адам құқықтарын қорғауды күшейту, соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге анағұрлым жоғары конституциялық мәртебе беру және қаржыландыруды ұлғайту жолымен, сондай-ақ Конституциялық сот құру арқылы күшейту шаралары көзделетін "жаңа", адал және әділ Қазақстан идеясын құптадық.

Атап айтқанда, қазақстандық ҮЕҰ 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғаны және кемінде 238 адамның, соның ішінде құқық қорғау органдарының 19 қызметкерінің қалай қаза тапқанын ашық тергеу мен бұл туралы жария есеп берудің маңызын айтуды әділетті түрде жалғастыруда.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комиссары 2023 жылдың сәуір айындағы сапары кезінде айтқандай, негізгі міндет – "адам құқықтарына қатысты әрекет етуге берілген уәденің жергілікті жерде іске асып жатқанына" көз жеткізу. Мен проблемаларды шынайы көрсету, үкіметті жауапкершілікке тарту және осылай анағұрлым тиімді және жауапты институттар құру үшін әрбір елдегі, соның ішінде Ұлыбритания мен Қазақстандағы кәсіби, тәуелсіз журналистиканың маңызын тағы да атап өткім келеді.

Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасын талқылау және БАҚ тәуелсіздігін қолдау жөнінде талқылау жалғасып жатқанынан хабардармын. Бұл – осы өмірлік маңызды мәселе бойынша қызу және белсенді пікірталас жүріп жатқанын көрсететін жақсы белгі.

Original version in English here.