3484
31 октября 2023
Ирина Гумыркина, басты фото экология министрлігінің сайтынан алынды

Киік жыры

Мемлекеттің киіктер санын реттеуге қатысты ұстанымы қалай өзгерді

Киік жыры

Кейінгі жиырма жыл ішінде мемлекет Қазақстандағы киіктерді қорғауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен стратегиялық құжаттар қабылдады. Аңды қорғау үшін 2020 жылы Батыс Қазақстан облысының аумағында «Бөкей Орда» табиғи резерватын және Ащыөзек мемлекеттік қаумалын құруға шешім қабылданды. Бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Үш жылдан кейін Экология министрлігі саны тым көбейіп, 2 млн басқа жеткен, ал төлдеуін есепке алсақ 2,6 млн басқа жетіп, ауыл шаруашылығына зиян тигізіп жатқан киік популяциясының 20 пайызын жоюға шешім қабылдады.

Власть Экология министрлігінің осы мәселеге қатысты ұстанымы қалай өзгергенін баяндайды.

***

Қазақстанда киіктің үш популяциясы бар: Бетпақдалада (Орталық Қазақстан), Үстіртте (Маңғыстау және Ақтөбе облысы) және Оралда (Батыс Қазақстан облысы). Онда киіктердің әлемдік популяциясының 95 пайызы бар. 1990 жылдардың басынан бері браконьерліктің кесірінен киік күрт азайып, 2000 жылдардың басында небәрі 20 мыңдай бас қалды. 1999 жылы Қазақстан бұл жануарды атуға тыйым салды, әлі күнге дейін солай. Мораторий 2023 жылдың соңында аяқталады және оны тағы бір рет ұзарту жоспарда жоқ: популяциясы едәуір артып, киіктер егістік жерлерге зиян келтіріп жатыр. Сондықтан Экология министрлігі жануарлардың бір бөлігін өлтіруге түпкілікті шешім қабылдап отыр.

Кейінгі 20 жылда Қазақстанда киіктер бірнеше рет аурудан жаппай қырылды. Мысалы, 2010-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысында киіктер қырылып қалды — 12 мыңнан астамы өлген еді. 2013 жылы Солтүстік Қазақстандағы Қорғалжын қорығының аумағында 1,5 мың бас қырылды. Ақмола мен Қостанай облыстарындағы Бетпақдала популяциясы ең көп зардап шекті — 2015 жылы өлгендер саны, түрлі дерекке сенсек, 130 мыңнан 200 мың басқа дейін барды (2015 жылы олардың саны 295 470 мың еді), ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, 2016 жылы ақбөкендер саны 63,3 пайызға азайған. Барлық жағдайда да олардың қырылу себебі деп ресми түрде пастереллез аталды.

Киіктерге қатер төндіретін тағы бір жағдай — браконьерлік. Мысалы, 2019–2021 жылдары 12,5 мың киік мүйізі тәркіленген, бұл 2016–2018 жылдармен салыстырғанда үш есе көп (3,7 мың). Ал атып алған ақбөкен саны тоғыз жүз қырық бестен 1498 басқа дейін жеткен. Қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарымен бірлескен арнайы операция барысында Маңғыстау облысында киік мүйізін заңсыз олжалап, сатуды жолға қоюға қатысы бар адамдар тобын қылмыс үстінде ұстады; табиғатқа келген зиян 1 млрд теңгеден асады. Ал биылғы наурыз айында Атырауда полицейлер браконьерлерден 2,4 мыңнан асатын киік мүйізін тәркіледі, зиян көлемі 6,2 млрд теңгеден көп.

Популяциясы қысқарған кезде мемлекет оны арттыруға шара қабылдады. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы тұяқты жануарлар түрлері мен киіктерді сақтау және қалпына келтіру бойынша бірінші бағдарлама 2005 жылы қабылданып, 2007 жылға дейін іске асуға тиіс еді. Оны жүзеге асыруға 844,5 млн теңге қарастырылды, оның 552,5 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді.

2008 жылы «Қазақстан Республикасының 2008–2010 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау» бағдарламасы бекітіліп, оған «биологиялық алуан түрлілігін сақтау және орнықты пайдалану» кірді. Келесі қабылданған 2010–2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» бағдарламасы ақбөкендер санын 2011 жылдан бастап жыл сайын 10 пайызға арттырып отыруға көмектесуге тиіс еді. Киіктер санын есепке алуға және мониторинг жүргізуге республикалық бюджеттен 93,9 млн теңге, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы тұяқты жануар түрлері мен киіктерді қорғауға тағы 1,83 млрд теңге қарастырылды.

Одан кейін Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің 2011–2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, 2014–2018 жылдарға, 2017–2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарлары қабылданды. Әр жоспарда киіктер санын жыл сайын 10 пайызға арттырып отыру қарастырылды. 2020 жылы пандемияға байланысты ақбөкендерге санақ жүргізілген жоқ, сондықтан Экология министрлігінің мәліметі бойынша, «киіктердің көбеюі бойынша орта арифметикалық есебі» жасалып, өсім жоспарланғандай 15 пайыз болды.

Киіктердің 2015 жылғы қырылуы, фото Reuters сайтынан

***

2021 жылы мамырда Білім министрлігінің ғылым комитетіне қарасты зоология институтының ғалымдары киіктері санын басқару мәселесінде асығыс шешім қабылдауға болмайды деген еді. Киіктерді зерттейтін арнайы мемлекеттік бағдарлама болмаса да, институттың көп жылдық зерттеуі көрсеткендей, олар мен үй жануарлары арасында айтарлықтай бәсеке жоқ, бірақ бұл мәселені жақсылап зерделеу қажет. Ғалымдар киіктердің Орал популяциясының тарихи ареалы аймағында жердің өз мақсатымен пайдаланылуына ретроспективалық талдау жүргізуді, жеткілікті суарылатынына талдау жүргізуді, жасанды суару орындарын құру мүмкіндігін ойластыруды, жайылым жерлердің жеп-шөп шамасы мен киіктердің оңтайлы санын, сондай-ақ жеп-шөп пен су тұрғысынан алғанда үй жануарларымен бәсекелесу дәрежесін анықтауды ұсынды. Сонымен қатар түрдің негізгі биологиялық-экологиялық параметрлерін анықтау қажет.

Бір жылдан кейін, былтыр жазда Экология министрлігі киіктер санын ату арқылы реттеу қажеттігі туралы сөз қозғады. Сол кездегі министр Серікқали Брекешев ақбөкендер саны шамадан тыс көп болғандықтан, олардың санын реттеу үшін Зоология институты бионегіздеме мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Олар төрт түлік малмен бәсекелесіп, жайылымды таптай бастаған. Министр сол кезде цифрлар келтірген еді: Қазақстандағы киіктердің жалпы саны бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 40 пайызға өсіп, 1,3 млн басқа жеткен, ал негізінде 700–800 мың бас жеткілікті еді.

Бір ай өтпей Экология министрлігі Орал популяциясынан 80 мың киікті атуға шешім қабылдады. Брекешев сол кезде «киіктер санын реттеуге қажеттілік бар екенін айтып жатқан» ғалымдар бионегіздемесін алға тартты. Алайда бұл «бионегіздеме» «Ашық НҚА» сайтындағы бұйрықты талқылау кезеңінде-ақ қарсы болған қоғамға таныстырылған жоқ. Соған қарамастан, шешім ақыры қабылданды.

Есесіне қоғамға мемлекет басшысының реакциясы берілді: шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев 80 мың бас жануарды өлтірумен келіспей, Брекешевке сөгіс жариялады және «мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осыншалық деңгейіне шығармай», бұл мәселені мамандармен ақылдасуды тапсырды.

«Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек», – деген Тоқаев киік санын реттеудің басқа да әдістері бар екенін атап өтті. Ал ату, яғни өлтіру – «ең шетін шара». Бірақ президент сол кездің өзінде «бұл амалға да баруға тура келуі мүмкін» екенін жоққа шығарған жоқ.

Президенттің сынынан кейін келесі күні Экология министрлігі ақтала бастады: тиімді мониторинг пен ресурстарды басқару үшін киіктер популяциясы ареалының экожүйесін бағалау бойынша ғылыми зерттеуге ақша сұрадық, бірақ ақша берген жоқ. Серікқали Брекешев үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа «терең ғылыми зерттеу жүргізу қажет» деп, қаржы бөлуді сұрады. Сондай-ақ, ол ақбөкендерден зиян көрген ауылшаруашылық өндірушілеріне өтемақы төлеу мәселесін қарастыру қажет екенін айтты. Зиянды есептеу әдісін және қаржыландыру механизмін әзірлеу үшін де ақша керек.

Бірнеше аптадан соң Брекешев жануарларды ату туралы шешім асығыс болды, алдымен мұқият ғылыми зерттеу жүргізу қажет деп түсіндірді, бұған екі жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Сонымен қатар министрлік ақбөкендердің 1980 жылдан бергі санының динамикасын талдады: сол кезден бері 11 рет жаппай қырылуы тіркелген, яғни орта есеппен әр 3,5 жыл сайын деген сөз, әр осындай жағдай сайын орта есеппен бүкіл популяциясының 34 пайызы немесе жалпы алғанда 18 пайызы өлген. Тиісті ғылыми зерттеу болмағандықтан, кезекті жаппай қырылуды болжау мүмкін емес. Министрдің айтуынша, сондықтан «індет пен жұт салдарынан киіктер санының күрт өзгеруін жоққа шығаруға болмайды».

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев ғылыми институттарға киіктердің ауыл шаруашылыққа пайдаланылатын жерлерге өтіп кетуі мәселесін қарастыруға тапсырма берілгенін айтты. Алайда олар қарастырып болғанша Экология министрлігі бұл проблеманы шешуге қатысты өз ұсынысын жариялады.

Wikipedia фотосы

Былтыр тамызда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазанның соңына дейін киіктерге қатысты шешім қабылдауға уәде берді. Ведомство басшысы қоғамнан түскен ұсыныстар қаралып жатқанын айтты. Соның бірі — ақбөкендерді басқа аймақтарға жер аудару, қасқыр санын көбейту және ақылы түрде спорт-әуесқой тәсілмен киік аулау. Алайда, министрдің айтуынша, ғылыми қауымдастық алғашқы екі әдісті тиімсіз деп таныды.

Бірақ қазанның соңында да, кейін де министрлік киіктерге қатысты нақты шешімін жариялаған жоқ, тек желтоқсанда ғана атуға мораторий 2023 жылдың соңына дейін ұзартылатынын хабарлады.

2023 жылғы қаңтарда Экология министрлігінің басшысы ауысты — Серікқали Брекешевтің орнына Зүлфия Сүлейменова келді. Жаңа министр басшылық еткен тұста, қаңтардың соңында популяцияны зерттеу үшін жануарларды болашақта ауыл шаруашылығында пайдалану немесе оларды қолға үйрету мәселесін қарастыру үшін 1,8 мыңнан астам киік төлін үйірінен алуға шешім қабылданғаны белгілі болды. Ведомство мәліметінше, «киік аулауға тыйым салынғаннан бері күрделі ғылыми зерттеу жүргізілген жоқ, болашақта киіктерді қорғау, жаңғырту және пайдалану бойынша мемлекеттік стратегия қалыптастыру үшін кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет». Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми ұйымдармен бірлесіп биыл популяцияның дамуына, жем-шөп базасына болжам жасайтын, ареалы мен миграция жолдары нақтыланатын, нәтижесінде ауыл шаруашылығымен бәсекені төмендету бойынша ұсыныстар әзірленетін зерттеулер жүргізуді жоспарлаған болатын.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким киіктің 1 815 лағы қоршауда ұсталады, бұл Зоология институты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті, Ұлттық ветеринария бойынша референт орталығы секілді ғылыми ұйымдардың өтінімі арқылы жасалған деп түсіндірді.

Экология министрлігінің мәліметі бойынша, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінде 2012 жылдан бері түрді сақтау және рационал пайдалану үшін киік өсіретін питомник жұмыс істейді, ветеринария саласында ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр және киіктерді жартылай еркін жағдайда ұстаудың технологиялары мен әдістері қаралып жатыр. Бірақ «Время» газеті биыл наурызда жазғандай, бұл питомник бірнеше жылдан бері жұмыс істемейді. Осы питомникті құруға бастамашы болған Бибігүл Сәрсенова университеттегі басшылық ауысқаннан кейін жұмыстан шығып кеткен, оның басылымға айтуынша, питомниктегі жануарлар аштықтан және шөліркеп өліп қалған, өйткені оларды ұстауға ақша болмаған.

ЖОО мәліметінше, 2012–2014 жылдары жобаны Білім министрлігі қаржыландырды, 2015–2017 жылдары қаржыландыру университет ішілік «Биоалуандық орталығын ұйымдастыру және құру» жобасы аясында университет есебінен жасалды, 2018 жылдан бастап питомник университет қаражаты есебінен күн көрді, ал 2020 жылдан бері питомник «инбрединг депрессиясының кесіренен және ғылыми жұмыстарды тікелей қаржыландыру болмағандықтан» жұмыс істемейді. Алайда 2021 жылдан бастап БҚАТУ ғалымдарының ғылыми қолдауымен Қарағанды облысының ASAR шаруашылығының аумағында жаңа питомник ашу бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Бұл оқу орнының бюджет ақшасын жымқыру туралы іске қатысы болғанын айта кету керек, бірақ онда басқа ғылыми зерттеу туралы сөз қозғалды. 16 қазанда бас прокуратура хабарлағандай, Жәңгір хан атындағы университеттің ғылыми қызметкерлері 55 млн теңгені талан-таражға салды деген факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігі университетке бұл ақшаны аса қауіпті аурулардың таралуын ғылыми зерттеуге бөлген. Зерттеу нәтижелері халықаралық конференцияларда талқыланып, кейін тиісті патент алынуы керек еді. Бірақ ғылыми-зерттеу жұмыстары немқұрайлы жүргізілген, ал бөлінген қаражат жалған орындалған жұмыстар актісін жасау арқылы ұрланған.

zhaikpress.kz фотосы

***

Экология министрлігі биылғы мамырдың ортасына дейін ақбөкендердің ахуалы төңірегінде ештеңе айтпай келді. Содан кейін ғана Зүлфия Сүлейменова 20 мамырда Қазақстанға жануарларды қорғау бойынша халықаралық сарапшылар тобы келіп, киіктер санының өсіміне қатысты шешім қабылдауға көмектеседі деп журналистерге хабарлады. Сол кезде ол «бірнеше нұсқа, соның ішінде қасқырлар, экожүйе есебінен реттеу тұрғысынан да қаралғанын» айтты, алайда әр нұсқаның өз плюсі мен минусы бар. Министр киіктер популяциясын басқару — «нәзік» мәселе, оның өз ерекшелігі бар екенін мойындады. Сондықтан да халықаралық сарапшылар тобы, «соның ішінде тиісті жануар түрлерін қорғау бойынша тиісті конвенциядан да» шақырылған.

«Біздің ғалымдар қатысады. Осы сапар аясында киіктер популяциясын басқарудың биологиялық негіздемесі бойынша шешім қабылданады», — деді ведомство басшысы.

Бұл неғылған сарапшылар, олар шынымен Қазақстанға келді ме, Экология министрлігі хабарлаған жоқ. Ал ақбөкендерді үйірден «алу» туралы биологиялық негіздеме қоғам назарына ұсынылған жоқ.

Сарапшылар туралы сенаторлар биыл наурызда киіктер санын реттеу мәселесі бойынша жіберген депутаттық сауалға жауабында премьер-министр Әлихан Смайылов қана атап өтті. Жауабында үкімет басшысы 28 ақпаннан 1 наурызға дейін Қазақстанда киіктер популяциясын басқару мәселелері бойынша халықаралық және ұлттық сарапшылармен консультациялық кеңестің бірінші бөлігі өткенін жазды. Халықаралық сарапшылар CMS (көшпелі жануар түрлері бойынша конвенция) және CITES (жойылу қаупі бар жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенция) конвенцияларының хатшылығы атынан болды. Екінші кезеңде, 24 мамырдан 28 мамырға дейін киіктер мекендейтін жерлерге шығып, зерттеу жүргізу жоспарланды.

«Халықаралық және ұлттық сарапшылармен консультациялық кеңес өткізу нәтижесінде Қазақстанда киіктер популяциясын келешекте басқару бойынша ұсыныстар жасалып, олар жоспардағы биологиялық негіздемеде көрініс табады», — деп хабарлады Смайылов.

Бұл жұмысқа қандай «ұлттық сарапшылар» қатысқаны да белгісіз. Экология министрлігі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетін ғана атады, бұл ЖОО киіктер популяциясын қоршауда ұстау әдісін пайдаланып басқару бойынша биологиялық негіздеме әзірлеген: жануарларды кең тор қоршауға қамайды, сол жерде олар бірнеше ай бойы болады — осы кезеңде мүйізді қошқарлар алынады; еркек саны азайғанда жануарлар саны төмендеп қоймай, көбею мүмкіндігі де төмендейді. Ғылыми қауымдастықтың биологиялық негіздемесінде Орал популяциясынан 20 пайыздан асырмай, Бетпақдаладан 15 пайыздан асырмай «алу» ұсынылған. Экология министрлігі және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төраға орынбасары Андрей Кимнің мәліметі бойынша, 383 мың бас киік аулау, яғни «киіктер популяциясының 10 пайыздан 20 пайызына дейін алу» жоспарланған. Әйтсе де үйірден алынатын киіктер саны бойынша мәліметтер сәйкес келмейді. Мысалы, Орал популяциясынан 226 мың киік және Бетпақдала популяциясынан 111 795 киік алынады деп хабарланған еді. Қалған 45 мың бас қайсына тиесілі екені белгісіз. Ал дүйсенбіде экология министрі Ерлан Нысанбаев басқа сан айтты: жалпы алғанда 337 мың бас өлтіріледі.

Ведомствоның бұндай амалға баруы көп сұрақ тудырып қоймай, өз әрекетіне қарсы қойып отыр. Бұрын Экология министрлігі киіктерді атпайтынын бірнеше рет мәлімдеген еді, БҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжанов ет комбинаттарында жануарлар денесінен қорғасын бытыраны шығарып алатын аппаратура болмағандықтан оларды ату алынып тасталғанын айтқан болатын. Сондықтан оларды ұстап алып өлтіру, даладан бірден мүшелеп әкелуге шешім қабылданған. Алайда дүйсенбіде, 16 қазанда, Экология министрлігі ақбөкендер атылатынын хабарлады, өйткені ғалымдар ұсынған бастапқы әдіспен жұмыс жүргізуге ауа райының қолайсыздығы мүмкіндік бермейді екен. Сол кезге дейін 90 киік «ауланып» үлгерген.

«Биологиялық негіздемеге сәйкес өсімді реттеудің екі түрі ұсынылды. Біріншісі — қоршауда ұстау әдісі: торлар орнатылады, бұндай шара әдетте күндіз жүргізіледі. Екіншісі — түнгі уақытта атып алу. Біз бірінші жолды таңдадық, бірақ ауа райы жағдайына байланысты және көлікті тиімді пайдаланудың жолы болмағандықтан, біз екінші әдісті жоспарлап отырмыз», — деп түсінді экология министрі Ерлан Нысанбаев, ол сол кезде 14 бас атылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, жануарларды жаппай қырудан басқа мәселені шешудің тағы қандай шаралары қарастырылғаны белгісіз. Ондайды ғалымдар, белсенділер мен жануар қорғаушылар ұсынғаны анық. Мысалы, ақбөкендердің жабайы табиғаттағы саны өз жолымен реттелуі үшін қасқыр атуға тыйым салу. Киіктерді басқа аймақтарға көшіру, олардың миграция жолын қалыпқа келтіріп, сол үшін ауылшаруашылық жерлерін бекітуге, жол мен коммуникация құрылысына тыйым салу. Сондай-ақ, киіктерге арнап қорық құру (десек те ондай бұрыннан бар). Болмаса, тіптен жасанды жолмен реттеуді тоқтату, жануарлар саны шегіне жеткенде азық пен су үшін өзара ішкі бәсеке басталып, әлсіздері аурудан өледі. Экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев былтыр киіктер жүретін жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға мораторий енгізуді, миграция жолдарына мониторингті күшейтуді, экологиялық қоршау салу мәселесін зерделеуді ұсынды.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директоры Марлен Айнабековтың айтуынша, киіктерді Батыс Қазақстаннан басқа аймақтарға көшіру мүмкін емес. Алайда ол Жәңгір хан атындағы университет «Батыс Қазақстанда, Қарағандыда питомниктер салып жатыр», бұл жерлерде «киіктерді басқа аймақтарда өсіру мен өндіру бойынша жұмыстар басталады» деп атап өтті.

Айнабеков ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп киіктердің Қазақстан оңтүстігіне, солтүстігіне, батысы мен шығысына келешекте таралуына қатысты жұмыс жүріп жатқанын айтып, «Ғылыми зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, киіктердің Қазақстанның барлық өлкесіне жерсіндіруді мақсат етіп отырмыз», — деп түсіндірді.

«Охотзоопром» басшысы атап өткен аймақтардағы питомниктердің істеп тұрғанына бір жылдан асты. Былтыр шілдеде Батыс Қазақстанда жалпы көлемі 657 мың гектардан асатын «Бөкей орда» табиғи резерваты және Ащыөзек табиғи қаумалы жұмысын бастады. Сол кезде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болған Әлия Шалабекова ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұстауға республикалық бюджеттен 300 млн теңге бөлінетінін, ол жерде 78 адам жұмыс істейтінін, олардың ішінде 52 адам инспектор екенін айтқан еді. Сонымен қатар Экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Қазақстан биоалуандықты сақтау ассоциациясы мен Ұлыбританияның корольдік құстар қорғау қоғамы (RSPB) арасында қол қойылған келісімге сәйкес, резерват жұмысына қаржылық демеу мен ғылыми қолдау көрсетіледі.

«Жем-шөп қоры бойынша жағдай жасап, суару орындарын ұйымдастырып, мазалайтын факторларды болғызбай біз популяцияның белгілі бір бөлігін ерекше қорғалатын табиғи аумақта ұстап тұра аламыз», – деп сендірді вице-министр Шалабекова.

Алайда 120 мыңдай га жер немесе киіктер популяциясының табиғи төлдеу аймағының 90 пайызы әлі де резерватқа берілмеген. Бұл туралы наурызда депутат сауалына берген жауабында үкімет басшысы хабарлады. Оның ақпараты бойынша, бұл жерлерді ауылшаруашылық құрылымдары мен ауыл халқы жайылым ретінде пайдаланып отыр.

Сондай-ақ былтыр жазда Ұлытау облысының «Асар» фермерлік шаруашылық базасында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми жетекшілігімен жұмыс істейтін киік питомнигі ашылды, университеттің жобаға салған инвестициясы 100 млн теңге шамасында болды.

Сонымен қатар 2007 жылдан бастап Бетпақдала киіктер популяциясы мекендейтін ареалда Қазақстанда Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерваты орналасқан. Оның көлемі — 1,4 млн га. Құрылған кезден бері осы жердегі ақбөкендер басы 40 есеге көбейді: 12-13 мың киіктен 489 мыңға жетті (2022 жылғы әуеден санау мәліметі бойынша). Қорық қызметкерлерінің айтуынша, Жайық бойындағы жағдайдан айырмашылығы, киіктердің ауылшаруашылық жерлерін таптау оқиғасы тіркелген жоқ, себебі Ырғыз ауданы негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

kazpravda.kz фотосы

***

Экология министрлігінің киікті өндірістік мақсатпен ату туралы шешімі орман шаруашылығы комитеті басшысының киіктерді ғылыми мақсаттан басқа жағдайда (ғылыми мақсатта 2024 жылғы 15 ақпанға дейін жалпы алғанда 1 815 бас алуға рұқсат етілген) пайдалануға тыйым салу туралы бұйрығымен қалайша үйлесетіні түсініксіз күйде қалып отыр. Ет комбинаттары өлтірілген жануарларды қабылдай алмаса, олардың етін не істейтіні де, ал солардың мүйізін қалай пайдаға асыратыны да түсініксіз.

Кеңес заманында жануарларды өндірістік мақсатта атумен охотзоопромдар айналысты. Алайда мемлекет ату жоспарын аңның жалпы санына қарап, 20 пайыздан аспауы керек деп бекіткендіктен, бұндай жүйеде олардың саны екі есе артық көрсетілді. Ақырында іс жүзінде киіктердің 40 пайызы атылатын. Қазіргі кезде Экология министрлігі киік өлтіруді «Охотзоопром» РМК құзыретіне берді. Бұл кәсіпорын 2019 жылы браконьерлікке қатысты істі болғанын ұмытпаған жөн. Сол кезде Қостанай облысында киіктің 154 өлексесі табылған еді. Тергеу барысында бұған «Охотзоопром» қызметкерлерінің қатысы бар екені анықталды.

Бастапқыда «Охотзоопром» киік атушыларды белгіленген ақыға — бір бас үшін 4 200 теңгеге жұмысқа тартады деп жоспарланды. Бірақ лицензия арқылы ма, әлде жай келісіммен бе, бұл процедураның егжей-тегжейін билік айтқан жоқ. Қазір де атумен кім айналысатыны белгісіз, себебі бұндай әрекет қылмыстық заңнамада тыйым салынған (Қылмыстық кодекстің 339-бабы). Қыркүйекте Ғылым және жоғары білім министрлігі Зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов жануарларды ату кезінде процесті ешкім бақыламайтынын айтты: «олар 100 басқа лицензия алады, ал шын мәнінде олар қаншасын аулайтыны белгісіз».

Киіктердің мүйізі «Охотзоопром» кәсіпорнында сақталады деп жоспарланған. Өйткені бұл дериваттарды пайдаға асыруға болмайды (Қылмыстық кодекстің 339-бабы). Жойылу қаупі бар жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенцияға сәйкес оларды коммерциялық жолмен сатуға тыйым салынған.

Сенаторлардың премьер-министрге наурыздағы сауалында депутаттар, сондай-ақ, үкіметтен киік мүйіздерін ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да сату үшін, олардың айналымын бақылауда ұстауды ұйымдастыра отырып, киік мүйізін қайта өңдейтін зауыт салуды сұраған еді. Үкімет басшысы жауабында бұндай зауыт салу мәселесін мұқият қарастыруға уәде берді.

Бұрынырақ 2022 жылғы қыркүйекте киік мүйізін өңдейтін зауыт салу мәселесі Батыс Қазақстан облысы әкімінің Қытай инвестициялық қоры, Қытай фармацевтика мәдениетін зерттеу ассоциациясы, ұлттық жабайы табиғатты сәйкестендіру орталығы өкілдерімен басқосуында талқыланды. Бұл жобаны бастама қылып көтерген Қытай компаниялары. Қытай өкілдері ғылыми зерттеу үшін қанша киік аулауға болатынына қызығушылық танытып, жекеменшік қаражат есебінен аймақтан киік өсіретін питомник ашуды, сол жерде зертханада дериватты қайта өңдеу бойынша зауыт ашуды ұсынды. Қытайда киік мүйізі медицинада сұранысқа ие екенін айта кету керек. Аймақ басшысы бұл ұсынысты қарастыруға уәде берді, алайда екі айдан кейін облыс әкімі ауысып кетті, енді бұл мәселе көтерілмеген де шығар.

Былтыр сарапшылар ақбөкендерді ату ауылшаруашылық өндірушілерді қорғау үшін ғана емес, бұл жерде киік мүйізі үшін де қажет болуы мүмкін деген қаупін жеткізген еді. Сенаторлар жіберген сауалында 2017–2022 жылдары Батыс Қазақстан облысында 869 бас киік үйірден алынған, олардан 8 262 дериват шыққан. Ал 2020 жылы браконьерлер келтірген залал сомасы 890 млн теңгеден асқан: 641 киік өлексесі, 3 438 мүйіз тәркіленген.

«Облыста оларды сақтау және жою үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен 40–50 млн теңге бөлінеді. Киік дериваты заңсыз айналымда 1 келі үшін 2 мың АҚШ долларына бағаланатынын ескерсек, жоюдың экономикалық негіздемесі күмән тудырады», — делінген депутаттар сауалында.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Власть сауалында киік мүйізі туралы сұраққа да, жануарлар ахуалына қатысты 13 сұраққа да жауап берген жоқ. Соның ішінде, редакция ақбөкендер санын реттеу мақсатымен оларды үйірден «алу» туралы биологиялық негіздемеге қатысты жауап беруді сұраған еді — осы жұмыс үшін Қазақстанға қандай ұйымдар мен конвенцияның сарапшылары келді және қандай кеңес берді; жануарларды өлтіруден басқа киіктер санын реттеудің қандай тәсілдері қаралды, бұған бюджеттен қанша қаражат қарастырылған, киіктерді үйірден «алу» жыл сайын болып тұра ма және киік атуға мораторийді алып тастау мен жануарларды жаппай қыру ақырында олардың санының күрт азайып кетуіне әкеліп, мемлекет оларды қорғау үшін тағы шара қабылдауға мәжбүр болмай ма?

***

Бұл жолы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология министрлігінің киіктер популяциясының 20 пайызын қатыгез әдіспен өлтіру туралы шешіміне үн қатқан жоқ. Себебі әу бастан мемлекеттің басқа ешқандай нұсқасы болған жоқ, қоғаммен, тәуелсіз сарапшылармен, соның ішінде халықаралық сарапшылармен жөнді талқылаған жоқ деп шамалауға болады. Үкімет экологияға келгенде сараланған, тиімді саясат жүргізуге қабілетсіз екенін тағы бір рет көрсетті.

Кейінгі жылдары бір-біріне қайшы келетін шешімдер қабылдап келген Экология министрлігі Власть редакциясының киіктер популяциясын реттеу саясаты төңірегіндегі ахуал туралы 14 нақты сұрағы жазылған сауалына үш апта дегенде жауап берді.

Жауапта киіктерге қатысты шешім қабылдау үшін осы көктемде Қазақстан жағы күткен халықаралық сарапшылар экология және табиғи ресурстар министрлігіне жануарларды сақтау механизмін жасауға және адам мен киіктің үйлесімде тіршілік етуіне жағдайды жақсартуға кеңес бергені айтылған. Алайда экология министрлігі Орал популяциясынан максимум 226 мың, Бетпақдала популяциясынан 111 795 басты алуды және осы көрсеткішті жыл сайын ұстап тұру керек деп шешті.

Әйтсе де, жоспарланған киік популяциясын және олардың ауылшаруашылық жануарларымен бәсекесін зерттеу әлі жүргізілген жоқ, ал киіктер популяциясын басқару бойынша билологиялық негіздеме әлі де көпшілікке ашық жарияланған жоқ. Министрлік бұны «қызметте пайдалануға арналған құжат» деп түсіндірді. Атылған киіктердің мүйізі шетелге сатылады деп жоспарланған. Қазір ведомство тиісті квота алу үшін СІТЕЅ хатшылығына құжаттар жіберді.

«Бөкей Орда» табиғи резерваты мен Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалының тиімділігіне келсек, министрлік олар ақбөкендерден келетін залалды белгілі бір дәрежеде азайта алады, ерекше қорғалатын табиғи аймақ тиімді жұмыс істеуі үшін экожүйелердің байланысын қамтамасыз етіп, олардың аймаққа тән кемшіл тұстарын жақсарту қажет деп жауап берді.