3797
18 ноября 2023
Светлана Ромашкина, Власть, фотоларды Данияр Мүсіров түсірген

Қазақстандағы заманауи мозаикалар қандай және бұл өнерді кімдер дамытып жүр?

Алматыдағы мозаика шеберханасынан репортаж

Қазақстандағы заманауи мозаикалар қандай және бұл өнерді кімдер дамытып жүр?

Алматыда мозаика шеберханасы бар және қалада ақырындап жаңа паннолар ашылып жатыр. Италияға барып, осы өнер бойынша білім алып келген шеберлер бүгінде оқыған-тоқығанын басқаларға үйретіп жүр. Власть мозаикамен айналысып жүргендер туралы, қазіргі мозаиканың қандай болатыны жөнінде және бұл ежелгі өнердің эксперимент пен қайта ойлауға қалай көмектесетіні туралы баяндайды.

Аяла Ибрагимова: Италия мен кеңес заманының мозаикасы екі түрлі нәрсе

Суретші Аяла Ибрагимова мозаика өнерін Италияда меңгерген. Бұған дейін ол Алматыдағы көркемөнер мектебінде жұмыс істеген. Мектептің директоры бірнеше мұғалімге Италияның Спилимберго қаласына барып, мозаика мектебінде оқып қайтуды ұсынған. Аяланың айтуынша, бұған дейін ол мозаика жайлы мүлдем білмеген, бірақ өнердің бұл түрі оған бірден ұнапты.

«Суретшімін, иллюстрациялар саламын. Акварель бояумен жұмыс істегенде бітімін ерекше етіп көрсету керек. Ал мозаиканікі басқа, онда қолданған материалдың құрылымы көрінуі керек».

Ол Италияда үш жыл оқыған. Онда студенттер бірінші курста римдік мозаиканы, екінші курста византиялық және модерн мозаиканы, ал үшінші курста заманауи үлгіні үйренеді.

«Ең қызық деп заманауи мозаика жасауды үйренген үшінші жылымызды айтар едім, – дейді Аяла. – Меңгерген білімімізге қарай өз қолтаңбамызды, стилімізді табуымыз керек. Негізі төртінші оқу жылы да бар, бірақ ол көбірек тағылымдамаға ұқсайды. Біз ол жылы мектеп алған түрлі тапсырысты орындайтынбыз».

Италияда оқып келгенге дейін Аяла Алматыдағы мозаикаларды байқамаған. Бірінші курстан кейінгі демалыста елге оралғанда қалада қызық панно аз емес екенін түсінген. Оның айтуынша, итальяндық мектепте кеңес шығармаларын оқу «Мозаика тарихы» пәніне енгізілген. Сабақта мұғалім мысал ретінде Байқоңырдағы панно жайлы айтып берген.

2016 жылы, бірінші курста оқып жүрген Аяла басқа да мозаикашы қыздармен бірге Алматыдағы өнер мектебіне арнап кілемге ұқсайтын үлкен мозаикалық панно жасаған. Былтыр мозаика бөлшектеліп, қыздардың бірі оны үйіне алып кеткен. Қазір мозаика авторлары оны қоятын жер іздеп жүр. «Бұл біздің алғашқы жеке жобамыз еді, ол кезде әлі студент болған соң, бұл жұмыстың мен үшін орны зор», – дейді Аяла.

Италияда ол басында собор мен шіркеулерге арнап мозаика әзірлейтін шеберханада істеген. «Көбіне авторлық жұмыс емес, діни тақырыптар бойынша үлкен сызбалар жасайтынбыз. Шеберханада 20 адам болып істедік, бәріміз мозаиканың сызбасы бойынша бөліктерін жабыстыратынбыз. Бірақ үлкен бір механизмнің бір бөлшегі болған соң, өзіме бұл іс қатты ұнамайтын. Шығармашылықпен айналысқым келді. Кейін өз бетімше жұмыс істей бастадым, алғашқы тапсырыстар да түсе бастады».

Америкалық музыкант Фрэнк Заппаның мына портретін Аяла Ибрагимова 2,5 айда «Мозаика жасайтын жас таланттар» фестивалінің ұйымдастырушысының тапсырысы бойынша жасаған. Бұл мозаика модерн стилінде жасалған –- материалдың итальян тілінде тессера деп аталатын әрбір бөлігі жақсылап біріктірілген, ашық тұрған жері жоқ. Аяла осы фестиваль аясында актер Джанкарло Эспозитоның да портретін жасады. Ол көбіне табиғи тастарды пайдаланады, ал артқы фон үшін смальта, кейде пластик, металл, қағаз және тағы басқасын қосып отырады.

Сонымен қатар ол интерьерге арналған мозаика жасайды, бұл туындылар мейрамханада панно ретінде ілінсе, үйде төсектің бас жағына қойылды. Қазақстанда әлі мұндай тапсырыс түспеген.

Жазда Аяла жолдасымен бірге Италиядан Қазақстанға көлікпен келген. Кейін олар Моңғолия, Қытай және басқа да елдерге баруды жоспарлап отыр. Жол бойында Аяла сегіз келі «әртүрлі тас» жинаған, соның бәрін қосып, үлкен бір панно жасағысы келеді. «Мен мұны өте баяу жасаймын, бірақ үйде істеймін. Бұл жақта жеке шеберханам болмаған соң, аздап ыңғайсыз болып тұр. Ал Италияда кішігірім болса да, жеке шеберханам бар».

Аяла Ибрагимованың Instagram парақшасынан

Биыл Аяла Алматыда Art Oskolok деп аталатын мозаика шеберханасы бар екені туралы естіген. Шеберхананың иесі Дарья Заитоваға хабарласып, сол жерде заманауи мозаика бойынша шеберлік сабақтарын жүргізе бастаған. Аяланың айтуынша, қазіргі мозаика материалдары бойынша айтарлықтай ерекшеленеді: «Римдік мозаикаларда негізінен тастар, кейде смальта қолданылады. Византияда, керісінше, смальта көп. Қазіргі мозаикада мұндай шектеу жоқ, смальтамен де, табиғи тастармен де, металмен де, шыны немесе мастикамен және тағы басқасымен істей беруге болады».

Заманауи мозаика туралы түсіндіру үшін Аяла мысал ретінде мозаика бойынша түрлі эксперимент жасау керек деген Джулио Кандуссионың жұмысын талдап берді.

Аяла мозаика көп уақыт бойы қолөнер ретінде қабылданып келді, бірақ қазір ол жеке өнерге айналды деп есептейді: «Қазір мозаика кез келген негізді алып, ешқандай сызбасыз-ақ үстінен түрлі тас қоюға болатын бір жеке-дара өнер түріне айналды. Мозаика өзі бөлек тіл болғандықтан, ол картинаның әлдебір сызбасына және тағы басқа нәрсеге негізделіп жасалмауы керек. Меніңше, осылай қызығырақ, өйткені тастармен және смальтамен жұмыс істегенде, материалдың өзі сізге көп нәрсені айта алады. Бірнеше қызық бөлікті тауып, жұмыс істеп жатып, жаңа нәрсе ойластырып тұрасың. Процестің өзі шығармашылыққа толы әрі қызық. Ал белгілі бір сызба болған кезде ол сізді шектейді. Ондайда қолданылатын түстер тізімін анықтап алып, сол бойынша істеймін деп ойлап тұрасыз. Күдік, уайым болмас үшін (күліп). Бұл менің идеям емес, әр тессера – сөз, ал олардың арасындағы бос орын — сөздер ортасындағы кідіріс, сол үшін мозаика да тілге ұқсайды деп суретші Занетти айтқан болуы керек. Оның идеясы бойынша, әр мозаикашы өзін жеке суретші ретінде таныстыра алады, бұрын мозаикашылар қолөнер шебері болып есептелгені үшін қандай да бір сызба бойынша жұмыс істемеуі керек. Оларға бір сызба берілетін, сосын сол бойынша панно құрыстырған. Ал сызбаның авторы – суретші, артист. Заманауи мозаикашылар осы идеядан алыстауға тырысып жүр. Сонымен қатар мозаикаға арнап сызба жасайтын суретшілер оның қалай жұмыс істейтіні туралы мүлде хабары болмайтын жағдай да жиі болып тұрады».

Аяла кеңестік мозаика мен итальяндық мозаиканың арасында біршама айырмашылық бар дейді. Көбіне бұл матаға байланысты болады екен, кеңестік смальтаның түсі көбіне күңгірттеу, сұр реңкті келеді. Кейде смальтаның үлкен бөліктері пайдаланылғанын және тессералар арасында бос орындар бар екенін де көруге болады.

«Кеңестік және итальяндық мозаикаларды көргенде, айырмашылықты бірден байқауға болады, бұл екеуі екі түрлі тіл сияқты. Кеңес мозаикасында кеңестік кескіндеменің үлкендігін сезуге болады. Ешқандай ұсақ-түйекке деген құмарлық жоқ. Панноға алыстан қарау керек, сол кезде кейбір нәрсе қатты көзге түспей де қалады».

Аяла Алматыда көргендерінің арасында Н. Сац (бұрынғы АХБК сарайы) атындағы жасөспірімдер театрының ішіндегі мозаика қатты ұнағанын айтады: «Ішінде мозаикалық бағаналар бар. Маған түстер гаммасы мен оның орналасу реті қатты ұнады. Жалпы, 3D форматындағы мозаика басқаша ғой, пішінді қайталаған соң, түстің, сызықтардың арқасында туынды өте қызық болып шығады».

Кеңес дәуірінде ірі нысандарды салғанда мозаика, барельеф, сграффито, витраждар және тағы басқа ірі жұмыстарға қаражат бөлінді. Олар ғимараттардың қасбеті мен интерьеріне сән берді. Аяла Алматыда қазір мозаика қондыруға болатын бос қасбет көп екенін байқаған. Мозаика өте әсерлі көрінеді және ұзаққа жарайды. Метро станциялары салынып жатқанда, суретші ішіне қандай мозаикалар қойылар екен деп ойлаған. Бірақ қазір онда айтарлықтай көп мозаика жоқ: «Бұл — нағыз қаладағы барлық мозаика суретшілерін жинап, оларға қызық бір жоба беруге болатын жер».

Дарья Заитова: Есеп-қисаптан мозаикаға ауысу

Дарья Заитова досы жуынатын бөлмеге мозаика қоюға көмектесуін өтінгенге дейін бухгалтер болып жұмыс істеген. Дарьяға мұның ұнағаны сонша, бірден Алматыдан мозаика курстарын іздей бастайды. Таппаған соң, Санкт-Петербургке барып оқуға тура келіпті.

«Шығармашылыққа жаным құмар болды, мұның маған арналған іс екенін бірден түсіндім. Керек-жарағымды іздеп, құрылыс дүкендеріне бара бастадым, кейбіреуіне Ресейде жүріп тапсырыс бердім. Art Oskolok деп Instagram парақшамды аштым, картиналарды жариялап жүрдім. Кейін бір жәрмеңкеге қатысып, ол жерде бірде-бір зат сатпадым. Бірақ адамдар келіп, мұны жасауды қай жерден үйренуге болатынын сұрап жатты. Осылайша, шеберлік сабақтарын өткізуге болатынын түсіндім. Көрмеден кейін үйге келіп, сол күні шеберхана ашатын ғимарат тауып, жалға алдым. Кейінгі екі жыл бойы талмай жұмыс істедім, мозаика туралы ешкім біле бермеген соң, адамдарды білмейтін затына қызықтыру да қиын. Сондықтан басында ақша да болмады. Тапқанымның бәрін осы іске жұмсап жүрдім. Бірақ ақырындап адам жинала бастады. Адамдар Instagram желісінде пікір жазып, лайк басатын болды, бәрі жұмыстарымды ұнатып жатты. Бірақ басында мен тек шабыт пен адамдардың пікірінің арқасында жүрдім».

Дарья оқу басталмас бұрын мозаикаларды байқамағанын айтады: «Заттың не екенін білмеген кезде, жай ғана жанынан өтіп кете бересің. Өзім Петропавлда туғанмын, мозаикамен айналысып бастағаннан кейін осы жаққа келгенде қалада мозаиканың өте көп екенін байқадым. Бұл қалада 11 жыл өмір сүріп, мүлдем көрмеген екенмін. Адамдар Instagram парақшамды көрген соң немесе шеберлік дәрісіне қатысқаннан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен мозаика көрсе, оны суретке түсіріп, мені белгілеп, салып тұрады».

Дарья түрлі тапсырыс бойынша жұмыс істейді, бірақ мозаика өнері бойынша дәріс – оның тұрақты табысы. Ол сол арқылы қазіргі шығынын жауып отыр.

Мозаикалық панноларға сыйлық ретінде жиі тапсырыс түседі, Art Oskolok-қа қазір интерьер дизайнерлері тұрақты түрде тапсырыс беріп отырады. Осылайша Дарья дизайнермен бірге шкафтарға арналған екі панно, мозаика жасады. Ал қазір каминді безендіруді жоспарлап отыр.

Бұқар жырау гүлзарындағы Vanilla дәмханасында Алматыға арналған мозаика бар. Оны Дарьяның командасы жасаған. Аrt Oskolok-қа шеберлік дәрісіне барып жүрген бір қыз дәмхана қожайынына тапсырыспен панно жасатуға кеңес берген. «Менің ойымша, мекемелер мозаикаға тапсырыс беруі керек, өйткені бұл – бірден назар аударатын әдеттен тыс нәрсе. Vanilla-ның иесі панноны кім жасағанын сұрайтындар көп болған соң, бір бұрышына мұны біз жасағанымызды жазып қоюды сұрады. Сол туынды туралы өте көп пікір айтылды, өйткені бұл – Алматының әсерлі суреті», — дейді Дарья.

Аrt Oskolok-тың қазір Алматыда көше мозаикаларын жасау туралы өршіл идеясы бар. «Жарқын, заманауи дүние жасағым келеді. Бұрын бұл туралы ойлаған да емеспін. Көше мозаикасын жасауға үлкен команда керек, ал мен көп жыл бойы жалғыз болдым. Әйтеуір мұндай бір жұмыс істеуге күшім жетпейтіндей болатын, бұған қоса білімім де жете қоймас еді».

Қазір команда жасақталған: Аяла жарты жылға келген, шеберханада Украинада соғыс басталғаннан кейін Алматыға Санкт-Петербургтен көшіп келген екі мозаикашы сабақ береді. Александра Поминова деген тағы бір суретші бар, оған мозаика өнерін Дарья үйреткен. Үлкен панно жасау үшін бес адам жеткілікті. Дарьяның айтуынша, команда бұдан да үлкен болуы мүмкін еді. Алайда қазір жұмыс та көп емес.

Бұл мозаиканың бағасына байланысты болуы керек, бір туындының бағасы шаршы метріне бір жарым миллион теңгеге дейін баруы мүмкін. Өндірісті арзандату үшін Заитова әйнек плиткамен жұмыс істеп көргісі келіп жүр. Ол тас пен смальтадан арзандау. Сонда туындының бағасы шамамен шаршы метріне 500 мың теңгеге дейін арзандайды.

«Бізде бәрі қымбатшылыққа келіп тіреледі. Материал қымбат, құрал-сайман қымбат, бұған қоса мұны жасауға ұзақ уақыт кетеді», — дейді Дарья.

Ол керек-жарақты құрылыс дүкендерінен табады. Алматыда тас пен смальтаның алуан түсі болмаған соң, оларды Ресейден алдыруға тура келеді.

Дарья Евгений Сидоркиннің сграфитін мозаикаға көшіріп көрген. «Бұл сграфиттер мозаика жасауға жақсы, тура мозаика жасауға арналған сызба сияқты. Тастарды қай сызық бойынша қойып шығу керегін ойлап уайымдамайсың. Бұған қоса Сидоркин көз тартарлық туындылар жасаған». Дегенмен Дарья модерн техникасын қаттырақ ұнатады, яғни мозаиканың көп бөлігі үшін смальтаны қолданғанды дұрыс көреді, бірақ адамдар көбіне таспен көмкерілген римдік мозаикаға тапсырыс береді.

«Заманауи мозаика әлемінде ешқандай шектеу жоқ. Мозаиканы кез келген заттан-ақ жасауға болады. Жақында түрлі-түсті тәпішкелерден мозаика жасайтын баланың Instagram парақшасын көріп қалдым».

Елена Старожилова: Мозаика жасау үшін білімді болу керек

Елена Старожилова Алматыдағы №199 арнаулы гимназияда мозаика жасау бойынша сабақ береді. Бір кездері Кекілбайұлы көшесіндегі бұл ғимарат формалды орта қалыптасқан бір интернат болған, ал қазір бақтан кіші сәулет туындылары көрінеді, ал ғимараттың ішкі қабырғаларына оқушылардың жұмыстары ілінген.

Мозаика сыныбын ашқанда мектеп директоры Еленадан сабақ үшін не керегін сұраған. Сонда оның есіне итальяндық мозаика мектебінде жасалған үстелдер түскен. Ол сол мектепте 2014–2017 жылдары Аяламен бірге оқыған. Старожилованың өтініші бойынша, гимназия үшін дәл сондай бұрышы еңістеу келген, бүйір жақтаулары мен сөресі бар ыңғайлы үстелдер әзірленген.

Еленаның айтуынша, Италияда оқу қатты қымбат емес – жылына 600 еуро. Ол үшін тек бұдан былай мұғалім емес, қайта студент болатынын қабылдау қиын болған.

«Иә, бағдарламаның өзі де қатты оңай емес, бірақ өте қызық. Оған дейін мозаика туралы білдім дей алмаймын, бұл бағытпен Италияда таныстым. Иә, бізде де мозаика бар. Оқушыларымызға сабақта олардың қай ғимараттарда бар екенін, қандай материал қолданылғанын, қай шебер жасағанын айтып береміз. Бұған қоса қаламызда тіпті Гаудидің жұмыстарының негізінде жасалған trencadis техникасы да қолданылатынын, мұны ескі керамикалық аялдамалардан көре алатынымыз туралы да айтамыз. Бұл да мозаика техникасы бойынша жасалған шағын сәулет пішіндері, тек кішкене басқаша шыққан. Елімізде материал ерекшелігіне байланысты мозаика дамымай қалған. Бұл туралы сабақта балаларға айтқанда, әрине, олардың білімі тереңдей түседі. Өйткені мозаикадағы түстер олардың көзі үйреніп қалған бояудан қатты ерекшеленеді».

Еленаның айтуынша, гимназиядағы балалар түрлі материалмен жұмыс істеп көруге тырысады, оның ішінде әйнек, керамика, мозаика бар. «Иә, балалардың бәрі бірдей суретші болмайтынын түсінеміз, бірақ біз олардың бойына сіңіруге тырысып жүрген мәдени, эстетикалық негіз балаға бәрібір де қатты әсер етеді».

Еленаның сөзіне қарағанда, мақсатты түрде мозаиканы оқығысы келетін балалар да бар. Бұл балалар кейінірек осы өнермен кәсіби түрде айналыса алуы үшін гимназияда негізгі білім үйретіледі. «Біз мұнда кейбір материалдың орнына мастика, малтастар мен полимерлерді қолданып, мозаика жасауды үйретеміз. Алдағы уақытта да балалар сүйікті ісімен айналысып, Қазақстанда мозаика өнерін дамыта алуы үшін мүмкіндік жасалады деп үміттенеміз. Бірақ, өкінішке қарай, сәндік-қолданбалы өнер қазір құлдырап жатыр», — дейді Елена.

Мозаика кабинетінің қабырғасында мектеп оқушыларының қайта өңдеу арқылы жасаған жұмыстары ілулі тұр. Балалар бұл үшін пластикалық түтіктер, саз, тығындар, көбік, шеге, жіп пен қабықтар және тағы басқа түрлі материал қолданған.

Елена осылайша балалардың заттарға ұқыптылықпен қарап, материалдың сипаты мен пішіні туралы түсінгенін қалаған: «Олар әртүрлі материалдың микроскоппен қалай көрінетінін білді, фотосуреттер түсіріп, ағаштың қабығын үлкейтіп, жақыннан көріп, құрылымын зерттеді, көбелектің қанатын микроскоп арқылы көрді. Осындай шығармашылық ізденістен соң, балалар арасынан екінші өмір сыйлауға болатын материалдар іздей бастады».

Қазір балалар малтатастармен жұмыс істеуді бастап жатыр. Бұл үшін зоодүкеннен түрлі тас сатып алынған.

«Балалар керемет, күрделі бірнәрсе жасағысы келеді. Ал мен мұндай жұмысты мозаика мектебінде екі жыл оқыған адам бірнеше ай бойы жасайтынын түсіндіремін. Ал мектепте, оқу бағдарламасы аясында ондай туынды жасау мүмкін емес, оған уақыт жетпейді».

Актер Аль Пачиноның мына портретін Елена портреттер байқауына қатысу үшін Италиядағы мозаика мектебінде жүріп жасаған. Адамның беті түрлі таспен көмкерілген. Туындыны жасауға шамамен бір ай кеткен.

«Бұл – оптика, физика, түсті, пішінді, кеңістікті, тереңдікті, осы көлемді көрсете алу және басқа тұстар бойынша көп жұмыс пен білімді қажет ететін туынды. Мұнда пластикалық анатомияны, пішінді және жарықтандыруды ескеру қажет. Портреттегі ең қиын нәрсе — көз, тасты дұрыс қоймасаңыз, көз не қисық болып шығады, не екі көз екі жаққа қарап қалады. Жоғарғы, төменгі қабақ, көздің ағы мен қарасы деген сияқты ұсақ дүние көп. Сондықтан суретшілік бойынша алған білімнің пайдасы зор болды. Бірақ ең керемет суретші бола тұрып, топта, ұжымда жұмыс істей алмайтын болсаңыз, мозаика шебері де бола алмайсыз. Өйткені, ірі жаһандық жобаларды жалғыз жасау мүмкін емес. Бізге тіпті серіктесіңе бейімделуді үйрету үшін ұжымдық шығармалар жасауды үйретті. Ал бір жұмысты алты адам атқарса, оны алты адам істегені білінбеуі керек. Жұмыс тек бір адамның қолынан шыққандай болуы керек. Бұл сізді командада жұмыс істеуге үйретеді, тәртіпке бағындырады, осылайша жұмыстың жалпы жылдамдығы мен сапасына назар аударатын боласыз. Бұл өте маңызды, біз де балаларға осыны үйретуге тырысамыз, әр баланың өз мозаикасы болмаса да, бір жерде топтық жұмыс жасау керек болатын жоба жасадық».

«Балаларға гамма бар екенін, суық және жылы реңктер барын және олардың мозаикада қалай көрінетінін түсіндіремін. Осылайша, олар көзбен, мұрынмен қалай жұмыс істеу керек екенін, терінің қалай жұмыс істейтінін, жарық көздерін, бүйірін қалай жарықтандыратынымызды немесе көлеңке шығаратынымзды, шаштың құрылымын қалай жеткізуге болатынын, бетті бұзып алмай, үстіне шаш қоюды, осындай қызық пішінді классикалық формадан тыс қалай беруге болатынын түсіндіремін», – дейді Елена қыздың портретін көрсетіп.

Ол Италияға бара жатқанда балғамен соғу физикалық жағынан қиын болған соң, мозаика мектебінде негізінен ер адамдар оқиды деп ойлаған. Бірақ ол жерде қыздардың көбірек болып шықты. Өйткені ұлдар отырып алып, мозаиканы мұқият салуға шыдамдылық таныта бермейді. Соборға күмбез салу сияқты үлкен жұмыстарды ерлер жасайды.

Еленаның айтуынша, Алматыда да қызық мозаика көп. Мысалы, КИМЭП ғимаратында, Төле би мен Гагарин көшелерінің қиылысында, Көктөбе шыңында мозаика бар. Бірақ оның бәрі ескі, жаңасы жоқ.

«Әрине, жаңа, қызық нәрсе көргің келеді. Поллоктікі сияқты абстракцияларды көргім келмейді, бірақ мен жергілікті түстер мен дәстүрлерді ескере отырып жасалғым дүние болғанын қалар едім. Қазақ суретшісінің қандай да бір туындысынан мозаика жасаса да, тамаша болар еді, неге жасамасқа? Мысалы, Гүлфайрус Исмаилованың шығармаларын алайық: қазақ қызының сұлу бейнесі, оның сәукеле киіп тұрғанын өте әдемі етіп беруге болады. Иә, бұл үлкен жұмыс және мұндайда мозаика белгілі бір дәрежеде өнеркәсіптік мозаикаға айналады, өйткені ол қаладағы қабылдау басқаша, ауқымы да бөлек».

Елена Алматыда жерасты өткелдері жөнделіп жатқанда мозаикашылар мозаикалық кірістірулерді жасауды ұсынғанын, бірақ ол қымбат шыққанын және көп уақыт қажет еткенін айтты.

Евгений Антонов: Мозаика және тез ұмыт болатын дүниелер

Евгений Антонов Қазақстанға Ресейден көшіп келген, қазір Art Oskolok шеберханасында сабақ береді. Евгений – мамандық бойынша суретші, Челябіде оқыған. Кейін алты жыл Штиглиц Санкт-Петербург мемлекеттік көркемөнер-өнеркәсіп академиясында білім алған. Оған кеңес заманында алып ғимараттарды салумен айналысқан суретшілер сабақ берген. Оқып жүрген жылдары ол студент алмасу бағдарламасы бойынша Уильнюс қаласында монументті өнер кафедрасында білім алған.

«Бірінші үлкен жұмыстар мозаикалық техникамен байланысты болды. Үлкен жобалар арқылы мозаика туралы бәрі біле бермесе де, қандай да бір сұранысқа ие екенін түсіндім. Ресейде мемлекеттік тапсырыстар, шіркеу тапсырыстар бар, бәлкім, шіркеудікі көбірек те шығар. Бай адамдар шіркеу мозаикасына инвестиция салуды шешкен кездер туралы әңгіме де бар. Әрине, жеке тапсырыстар да бар. Жай ғана әдемі нәрсе жасатып, оны үйіне қойып қойғысы келетіндер көп. Бұл көше мозаикасы болуы да мүмкін, бәрі адамның қалтасының қалыңдығына байланысты».

Евгений Аллматыда осы техника бойынша жасалған кішігірім құрылыс нысандарын байқаған. Мысалы, Тастақ ауданындағы асықтар — ірі әрі жинақы мозаика. Суретшінің айтуынша, қазір мозаикамен материалдар мен технологиялардың ұтымды қолдану арқылы түрлі эксперимент жасалады. Мысалы, болгар зообағына келушілер жинаған пластик қақпақтардан жануарлар бейнеленген панно жасалған.

Евгений ірі мозаикаларды және тағам, оның ішінде фаст-фуд тақырыбын зерттеп жүр.

«Көне техника бойынша жасалған туындылар ұнайды, ал мозаика өміршеңдігімен ерекшеленеді деп ойлаймын. Оны қолдан әдейілеп бұзбасаң, мың жыл бойы да тұра береді. Осындай өміршең техниканы өткінші заттармен біріктіргенде қызық ойлар пайда болуы мүмкін. Шағын көлемді мүсіндер, гамбургерлер, балмұздақ конустары, ет бөліктері, тістелген шоколад бар деген сияқты нәрселер шығуы мүмкін. Барлығы смальта, плитка сияқты мозаикалық материалдан жасалған. Фотосуретте мұның бәрі әдемі әрі жеуге жарамды болып көрінуі мүмкін».

Жақында Евгений пиксельді мозаика жайлы біліп, сол бойынша шеберлік дәрістерін өткізді. Енді бірнеше ауқымдырақ жоба жасауға үміттеніп отыр.

Қазіргі заманның қызық мозаикашылары жайлы айтқанда Евгений бірнеше жыл бұрын өмірден өткен Чак Клаузды атап өтті. Оның жұмыстары Нью-Йорктегі метроға сән беріп тұр және көптеген суретші үшін нұсқаулыққа айналды.

«Заманауи мозаика кейбір танымал адамдар, мысалы, музыканттар мозаикалық студиялармен ынтымақтастық жасай алатынымен де қызық. Қазір Нью-Йорк метросындағы Ник Кэйвтің Every One жобасы есіме түсіп отыр».

Алматыдағы мозаикаларды талқылап отырып, Евгений монументалды өнер майталмандары бір академияда оқығанына қарамастан, кеңестік дәуірде осы жерде жасалған және Ресейде болған нәрсенің айырмашылығы бар екенін атап өтті: «Біреудің авторлық стилі бар. Бұл жақта сызбаны өз стилінде жасайтын бір немесе бірнеше негізгі суретші бар. Бір жеке қолтаңба бар және қазақстандық суретшілердің жұмысын сол арқылы бірден тануға болады. Осыған ұқсас дүниелердің Питерде немесе Мәскеуде қалай жасалғанын білемін, олар басқашалау. Бұған қоса мозаикада бәрібір қолданылатын дәстүрлі мотивтер барын да ұмытпау керек. Оюлар, бейнелер, мозаикалардағы кейіпкерлердің ұлттық ерешелікке байланысты бет-әлпеті де бар. Әрине, бұл бірден көрінеді».