2681
29 ноября 2023
Тамара Вааль, Дмитрий Мазоренко, фото ortcom.kz сайтынан

Тамара Дүйсенова, вице-премьер: «АрселорМиттал Теміртау жабдықтарын соңына дейін модернизациялаған жоқ»

Костенко атындағы шахтадағы апаттан кейін мемлекеттің еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік саясат бағытындағы әрекеті қандай болмақ?

Тамара Дүйсенова, вице-премьер: «АрселорМиттал Теміртау жабдықтарын соңына дейін модернизациялаған жоқ»

Қазан айының соңында Қарағанды облысында АрселорМиттал Теміртау компаниясына тиесілі Костенко атындағы шахтада ел тарихындағы ең ірі апат болды. 46 шахтер қаза тапқан қайғылы оқиға еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың сапасы туралы мәселені өзекті қыла түсті. Власть осы салаға жетекшілік ететін премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеновамен әзірленіп жатқан еңбек қауіпсіздігі тұжырымдамасы туралы, оны жұмыс берушілермен талқылау процесінің қиындығы және өндірістегі жазатайым оқиғаны ескертетін мемлекеттік органдардың жұмысының шалалығы туралы сұхбаттасты.

Еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласын реттеуді күшейтуді қажет деп санайсыз ба? Мемлекеттің осы бағыттағы жақын арадағы және ұзақ мерзімді әрекеттері қандай болмақ?

Еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі қатар жүруі керек екенін бәріміз түсінуіміз керек. Осы кешенді тәсіл әрбір жұмыс орнындағы қауіпсіздік деңгейін толықтай қамтамасыз етуге тиіс. Еңбекті қорғаудың бұл жаңа идеологиясы 2030 жылға дейінгі жаңа Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасына енгізілген, бұл жоба жыл басында дайындалды және қазір мемлекет басшысының тапсырмасымен жылдың соңына дейін қабылдау үшін іске қосылды.

Жыл басында жаңа «2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек» тұжырымдамасының жобасы әзірленді. 2023 жылы сәуірде мен оны Астанада EXPO-да жыл сайын өтіп жүрген Халықаралық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі конференцияда таныстырған едім. Онда 6 бағыт қарастырылған.

Біріншіден, еңбек жағдайы немесе кәсіби қатерді бағалау бойынша өндірістік объектілерді аттестациялау негізінде бекітілетін еңбек қауіпсіздігінің қажет деңгейін анықтау қажет. Бұл аттестацияны арнаулы ұйымдар өткізеді. Олар өлшемдер жүргізіп, жұмыс орнындағы қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге арналған барлық параметрді анықтайды.

Бізде өндірістің зияны мен қаупін, жабдықпен жұмыс істеген кездегі қауіпті, т.б. ескеретін қатерлерді интегралдық бағалау болады. Біз қатерлерді басқару жүйесін енгізіп жатырмыз, қатерлерді жұмыс орнының ерекшелігіне қарай бағалайтын боламыз.

Әдістеменің өзін жұмыс берушілер әлі талқылап жатыр. Олардың тарапынан осы шаралардың қалай іске асатынына байланысты келіспеушілік бар. Біз жұмыс берушілерге бұл өнеркәсіп қауіпсіздігі мен еңбек инспекторларына ғана емес, олардың өзіне де жақсы екенін айтып жатырмыз. Яғни ең қаупі жоғары жұмыс орындарына көңіл бөле алады. Мысалы, мәліметтерді автоматты түрде бере алатын, инспекцияға түрлі фактілерді растайтын, еңбек жағдайын жақсартуға қолданылатын, т.б. датчиктер орнату қажет.

Жалпы алғанда қазір тұжырымдама дайын, оны талқылап жатыр. Жақында, республикалық үшжақты комиссия жиналысында ERG компаниясы пилоттық жобаны кеңейтіп, басқа кәсіпорындарға қолдануды сұрады. Биылғы тамыздан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тұжырымдаманы 20 кәсіпорынға қолданып көреді. Мен кеңейту идеясын қолдаймын, бұл тағы не өзгерту қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді. Бірақ енгізілетін барлық әдістеме мен бағалаудың ғылыми негізделген аргументтері болуы керек.

Екіншіден, жұмыс орнындағы қатер дәрежесін бағалаған кезде, арнайы киіммен қамтамасыз етілуін немесе әлеуметтік кепілдікті жіктеуді ғана емес, сақтандыру тарифінің жіктелуін де ескереміз.

Сақтандыру тарифтерінің орташа көрсеткіштерін қолдану қазіргі ахуалдың талаптарына жауап бермейді. АрселорМиттал Теміртауда, мысалы, кәсіби қатердің класы ең жоғары, сондықтан сақтандыру тарифінің көлемі де оларда ең жоғары — 2,96%. Ол жіктелмеген. Біреу жер бетінде, ал басқа біреу жер астында бірнеше метр тереңде жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ бәріне бірдей тариф қолданылады.

Медицинада басқа үлгі қарастырылады. Хирургтің іс-қызметінде қатер көбірек, сондықтан олардың тарифі жоғары. Акушер-гинекологтарда төмендеу, ал терапевтердің қатері одан да төмен, тарифі де аз.

Осындай үлгі зиянды өндірістерге де енгізілуі керек. Тұжырымдама желтоқсанда қабылдануға тиіс, әрі қарай заңнама әзірленіп, парламентке ұсынылады.

Тағы бір маңызды нәрсе — жеке бас қорғану құралдары. ЖҚҚ да жұмыс орнына қарай өзгеріп отыруы керек. Жеке бас құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі де маңызды. Бұл жерде бірдей (орташа) нормативтер қолданылып жүр. Яғни мен құлақ тығынын тағуым керек болса, сіз де соны істеуге міндеттісіз. Енді бәрі жұмыс орнына байланысты болады: бекітілген кәсіби қатер дәрежесіне қарай біреуге керек-жараққа көзілдірік, біреуге каска қосу керек болады. Сондықтан нормативтерді түзету керек.

Қызметкерлерді оқытумен де айналысу қажет. Өмір сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйақысының 6 пайызын алдын алу шараларына, яғни жазатайым оқиғаны алдын ала ескертуге жұмсайтын болады. Бұл ақша қызметкерлерді еңбекті қорғау мәселелеріне оқытуға кетеді. Жазатайым оқиғалар санын азайтуға ұмтылу қажет, ондай оқиғалар көп болса, өмір сақтандыру компаниялары да банкрот болуы мүмкін, сондықтан олар оқиғалардың алдын алуға мүдделі болуға тиіс.

Фото azattytq.org сайтынан

Енді зиян және/немесе қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдік беру мәселесіне келсек. Бұл жерде «қатер неғұрлым жоғары болса, қорғау деңгейі де соғұрлым көп болады» деген принцип жұмыс істейді. Мысалы, еңбек демалысы – орта есеппен 24 күн. Зиян еңбек жағдайында істейтін қызметкерлерге еңбек демалысы жұмыс орнындағы қатер деңгейіне қарай 6 күннен 36 күнге дейін қосымша көбейеді. Әлеуметтік кепілдікке жұмысшылар ұжымдық келісімшартында қарастырған қосымша жеңілдіктер де кіруі керек.

Тексеріске келсек, мониторинг нәтижесі бойынша қатері жоғары топқа жататын жұмыс орындарының барлығы енді жыл сайынғы тексеріс жоспарына кіреді. Қызметкерлердің өкілдері де бұл амалға келіскен секілді, ал жұмыс берушілер мұны әлі де пысықтағысы келеді. Өйткені бұл белгілі бір қаржылық ауыртпалық екені белгілі.

Бұның бәрі ұзақ мерзімге арналған шаралар. Тұжырымдама қабылданады, заң қабылданады, енгізіледі дегенше біраз уақыт кетеді. Ал қысқа мерзімді әрекеттер бойынша не дейсіз?

Бізде қазірдің өзінде нормативтер бар, олардың сақталуын талап етуіміз керек. Жеке бас қорғану құралдарымен байланысты шараларды тұжырымдама қабылдағанға дейін іске асыра беруге болады.

Рұқсат етілген деңгейден асып кету деңгейін тіркейтін немесе ауа жағдайын талдайтын, түтін мен шу деңгейін өлшейтін барлық датчик немесе құрал ақаусыз жұмыс істеуі керек. Төтенше жағдайлар министрлігі барлық кәсіпорында осындай құралдарды қайта тексеріп жатқанын айтты. АрселорМиттал Теміртауда тексерістен кейін төрт шахтаның жұмысы жалғасты.

Кәсіпорындағы апаттар туралы айтсақ, жұмыс беруші барлық құралы дұрыс жұмыс істеді деп есептейді. Шынымен солай болса, неге ешкім қауіпті байқаған жоқ? Себебі неде? Осыны қазір мемлекеттік комиссия тексеріп жатыр.

Сонымен қатар ТЖМ қазір осы өлшеу құралдарының бәрі шын ахуалды көрсетуі үшін жұмыс істеп жатыр. Жекелеген кәсіпорындар бар, мысалы, Қазақмыстағы ахуал орталығы. Қандай да бір стандарттан тыс жағдай тіркелсе, осы орталықта қызыл шам жанады. Бұл мәселені кәсіпорындардың бәрі қарастыруы керек.

Сонымен қатар кәсіпорындар жұмысшылар киетін арнайы киімге, олардың денсаулық жағдайына көңіл бөлуі керек. Тексеру кезінде еңбек инспекторлары шектеулерге ұрынып жүр. Олар кәсіпорыннан ЖҚҚ мен каска бар-жоғын сұраса, олар бар деп жауап береді. Бірақ мәселе осыған ғана тіреліп тұр ма? Қайтыс болған шахтерлер арнайы киімсіз болып па еді? Бәрінде арнайы киім болды.

Еңбек инспекторларында бәрін мұқият тексеруге құзырет бола бермейді немесе бұны жасауға ресурс жетпейді. Олардың құзыреті мен білігін күшейтесіздер ме?

2013 жылы еңбек инспекциясы жергілікті атқарушы органдарға берілді. Бұрын ол министрлік жанында еді. Қазір арамызда әлдебір түсінбеушілік бар. Біз кейде жедел ақпаратты еңбек инспекциясынан емес, кәсіпорынның өзінен аламыз. Өкінішке қарай, бұл – факт.

Тағы бір мысал. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлерін өндірістегі жазатайым жағдайдан сақтандыруы керек. Өткен жылдың басына қарай барлық қызметкердің 30 пайызы ғана бұл жүйеге тартылған. Бұл жергілікті инспекциялардың жұмысы тиімсіз екенінің салдары. Еңбек инспекторларының да еңбек дауының алдын алу бағытында белсенділігі байқалмайды.

Бұндай инспекцияның мәні неде?

Кей жағдайда олар үлгереді, кей жағдайда үлгермейді. Ең басты сұрақ — олар қарастырылған функцияның барлығын атқара ма? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бұның бәрін бақылауға мүмкіндік бола бермейді, өйткені еңбек инспекциялары әкімдіктерге бағынады. Сондықтан депутаттар еңбек инспекциясын министрлікке қайтаруды ұсынды. Бұл министрлік, прокуратура секілді еңбек кодексін орындау немесе сақтау тұрғысында тәуелсіз қадағалаушы орган болуы үшін керек. Бұл еңбекті қорғау мәселесі ғана емес, еңбек қатынастары мәселесі, мысалы, еңбекті төлеудің сәйкес болмауы да осыған жатады. Сондықтан оларды министрлік қарауына қайтару қажет. Бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының да ұсынысы бар.

Сонымен қатар отбасының цифрлық картасы сияқты әр кәсіпорынның цифрлық картасын құрғымыз келеді. Бізде әрқайсында қандай тексеріс, қанша заң бұзу болғаны туралы нақты ақпарат жинақталған. Біз бұл жұмысты еңбек инспекциясы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып жалғастыруы керек деп есептейміз. Бұл жұмыс басталып қойды. Мен Мусинмен сөйлестім. Оларда барлық халыққа қызмет көрсету орталығы бойынша ахуал орталығы бар. Кәсіпорындардың цифрлық картасы да сондай болуы керек, біз жұмыс беруші қабылдайтын шараларды көріп отыруымыз керек. Егер ол әлдебір нәрсені ескермесе, жүйеде еңбек инспекциясының ұсыныстары пайда болады. Кәсіпорындардың цифрлық картасы келесі жылдың ортасында іске қосылады деп жоспарланған.

Фото kursiv.media сайтынан

Бұның бәрі жүзеге асып, жұмыс істеуі үшін қанша уақыт қажет?

Барлық бағыт бойынша жұмыс қатар жүріп отырады. Осыған дейін бұндай жұмыстар болған жоқ деуден аулақпын. Біраз кәсіпорында еңбек жағдайының жақсарғанын байқауға болады. Көбі өз жүйесін енгізуге ғана емес, дамытуға да дайын. Мысалы, Кентаудағы трансформатор зауыты мен оның Петропавлдағы филиалына кіріп қарасаңыз, еңбекті қорғаудың заманауи қауіпсіздік жүйесін көре аласыз.

Демек, бұл меншік иесіне байланысты ма?

АрселорМиттал Теміртау бойынша ұйғарым көп болды. Экология министрлігі, ТЖМ мен еңбек инспекциялары берген. Компания индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әзірлеген жол картасы да болды, қазір ол өнеркәсіп және құрылыс министрлігі деп аталады. Олар өзгеріске кезең-кезеңмен өтеді деген келісім болды. Белгілі бір жұмысты атқарғаны рас, бірақ негізгі бөлігі аяқсыз қалды.

Бәрі қағаз жүзінде болғаны ма?

Кейбір шаралар орындалды, кейбірі орындалған жоқ. Бірақ жабдықты ауыстыруға немесе модернизациялауға қатысты мәселелер соңына дейін іске асқан жоқ. Шахтадағы (Костенко атындағы – В.) апат себептерінің бірі де осыдан деп ойлаймын. «Зиян» деп аталатын өндірісте ешқашан жазатайым оқиға болмайды деп айтуға болмайды. Алайда қажет құралдың барлығы дұрыс істеп тұрса, жазатайым оқиғалардың алдын алуға болады.

Ал АрселорМитталдың шахталарында бұл датчиктер кейбір жерде болған, кейбір жерде болмаған. Бұл да қаражат бөлумен байланысты шығар. Біз ешқандай ақшалай инвестиция салынған жоқ деуден аулақпыз. Бірақ ахуалды жақсарту үшін бұдан да көп жұмсауға болар еді.

Жаңа меншік иесінен осының бәрін талап етуге тырысасыздар ма?

Бұл – бірінші талап. Бастысы АрселорМиттал Теміртау мен Қазақмыс бір аймақта орналасқан. Адамдар АрселорМиттал Теміртаудан Қазақмысқа кеткен кездер де талай болған. Ол жақта бәрі мінсіз дей алмаймын. Бірақ оның объектісінен еңбекті қорғау қауіпсіздігіне қатысты үлкен кінәрат естіп жүрген жоқпыз. Жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі қандай екені кәсіпорынның иесіне байланысты. Біз де оларға үнемі қысым көрсетіп, полицей құсап үстінен төніп тұра алмаймыз.

Бірақ АрселорМиттал Теміртаудың кәсіподақ ұйымдарына лайықты бағасын беру керек. 2010 жылға дейін оларда қызметкерлер санының нормативіне қатысты мәселе болды. Мысалы, компания үш адам, бір топ істеуге тиіс жерге бір адам ғана алған кездер болды. Мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың арқасында бұл мәселе қызметкерлер пайдасына шешілді.

Қазір көбі жұмыс беруші кінәлі дейді. Иә, жұмыс беруші бірінші кезекте кінәлі. Өйткені ол кәсіпорын иесі. Ол қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек еді, оның сондай міндеттері бар. Содан кейін ғана тиісті органдардың бақылауы туралы айтуға болады.

Ал мемлекет қолынан келгеннің бәрін істеді ме? Әлде мемлекет жете атқармаған нәрсе бар ма?

Жол картасы туралы айтсақ, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті ең қажетті талаптар тұрғысынан нақты жұмыстарды атқарды. Онсыз ахуал бұдан да нашар болар еді. Инвестор осы кәсіпорынды қабылдаған кезде мойнына алған міндеттердің барлығын орындауға тиіс.