3851
26 февраля 2024
Жанат Тукпиев, фотосуреттерді Жанар Каримова түсірді және Василий Тоскиннің жеке архивінен алынды

Василий Тоскин, сәулетші: «Құрылыс компанияларының жауапкершілігін қайта қарайтын кез келді»

Целиноградтың бұрынғы бас сәулетшісімен сұхбат

Василий Тоскин, сәулетші: «Құрылыс компанияларының жауапкершілігін қайта қарайтын кез келді»

Оның жұмыстары қазір де елорданың тарихи орталығындағы беткеұстар сәулет үлгісі болып тұр. Пионерлер сарайы, «Турист» қонақүйі, Жастар сарайы және басқа да белгілі нысандар Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Василий Филиппович Тоскиннің қолынан шыққан.

1984 жылы сәуірде Василий Тоскин Целиноградтың, ал келесі жылы бүкіл облыстың бас сәулетшісі болып тағайындалды. Қала сәулетінің кураторы қызметін қатар атқарды. Елорда салынып жатқан кезеңде бас сәулетшінің орынбасары болды: Қазақстанның астанасын көшіруге, бас жоспарды жобалауға және жаңа орталық құруға белсенді араласты. 77 жасқа келсе де, Василий Тоскин әлі де аттан түспей еңбек етіп жүр.

Целиноград қалай салынды, кеңестік қала құрылысының ерекшелігі қандай болды, Астана қалай пайда болды және қазір бұл қаладан неліктен бірыңғай құрылыс тұжырымдамасын байқамаймыз? Власть Василий Тоскинмен осы жайында әңгімелесті.

«Осы жерде туып, осы жердің қажетіне жарадым»

Көп жыл қала мен облыстың бас сәулетшісі болдыңыз, ел астанасын көшіруге белсенді қатыстыңыз. Өміріңіздің 50 жылын осы қалаға арнапсыз. Еңбек жолыңыз неден басталған еді, алғашқы жобаларыңыз қандай болып еді?

Мәскеуден 1971 жылы уақытша келіп едім. Жастар сарайы жобасын іске асыруға авторлық қадағалау жасап, ол аяқталғасын кері қайтуым керек болатын. Бірақ осы жерде дүниеге келгендіктен, осы жердің қажетіне жараппын. Бір жұмыстың артынан екіншісі, үшіншісі шыға берді… Содан бері бір тынбай жұмыс істеп келемін.

Жастар сарайы

Целиноград қаласындағы алғашқы жұмысым Жастар сарайы болды (авторлары — Анатолий Полянский, Кирилл Миронов және Циля Нахутина). Мен осы ауқымды жобаға авторлық қадағалау жасадым. Сосын «Целингорсельпроект» мемлекеттік жобалау институтындағы қызметім басталды. Келесі жұмысым – Ленин мен Авдеев көшелерінің қиылысындағы (Абай және Уәлиханов көшелері — автор ескертпесі) «Океан», «Одежда», «Ткани» дүкендері орналасқан, біртұтас күшті тұғырбетті 9 қабатты тұрғын үй кешені. Бұл маңызы зор жоба, өйткені қалада сол кез үшін ең үлкен сауда орны мен қайталанбас интерьері бар тұңғыш тұрғын үй кешені пайда болды. Орталықты егжей-тегжейлі жоспарлау идеясы осы жобадан басталды.

Целиноградтың бас жоспарына сәйкес, әкімшілік орталық Ақбұлақ ауданында орналасты. Басқа да құжаттар секілді мұнда да заң талаптары сақталуға тиіс еді. Тың өлкесін иг ұреру аяқталғаннан кейін қала орталығы тарихи орнына оралды, бірақ ол заңдастырылмаған еді. Сауда орталығы бар үй салуды жоспарлай бастағанымда, оны тарихи орталықпен ұштастырып, осы байланысты дәлелдеуім керек болды. Менің схемамды осы қалаға көп еңбегі сіңген обком хатшысы Николай Ефимович Кручина қарады. Содан кейін маған Целиноградтың орталығын жаңадан егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен айналысуды тапсырды. Сөйтіп жұмысқа кірістім: алғашқы эскиздер осыдан басталды.

Целиноград, 1971 жылғы сәуір, фото Василий Тоскиннің жеке архивінен алынды

Сұхбаттарыңыздың бірінде Целиноградтың бас жоспары — кеңестік қала құрылысындағы үздік үлгінің бірі, ол сәулет туралы барлық оқулыққа кірген деп айтыпсыз. Оның ерекшелігі неде?

Бұл – үлкен ғылыми базаны ескере отырып толыққанды және зерттеу жұмыстарының негізінде әзірленген бас жоспардың бірі. 1953 жылғы бірінші схема авторы — Орталық қала құрылысы ғылыми-зерттеу және жобалау институтының сәулетшісі Вячеслав Алексеевич Шквариков. Әрі қарай Целиноградтың бас жоспарын сәулетші Григорий Яковлевич Гладштейннің жетекшілік етуімен Ленинград қала құрылысы институты әзірледі. Бұл жобада қатарлы қаланың классикалық схемасы пайдаланылған. Ол не деген сөз? Су акваториясы (Есіл өзені) композициялық негізі болды. Соған қатарлас, кезекпен, бір-бірімен қиылыспайтын рекреациялық аймақ, тұрғындарға арналған аумақ, сосын өндірістік аймақ дамиды. Соған сәйкес көлік және коммуникация инфрақұрылымы шешілді. Целиноград осы схема бойынша дамыды, ол қатарлы қаланың теориялық мысалы болды және солай болып қалды. Қатарлы схема ландшафт жағдайы шектеулі қалаларды дамытуға жақсы. Жалпы, Кеңес Одағында қала құрылысының деңгейі жоғары болды.

Целиноград, 1971 жылғы сәуір

Астананы дамытудың бірінші схемасын әзірлеуге қатысты жайтты айқындасақ. Онымен «Ақмола — Алматы» тобы айналысты ғой, солай ма? Кейін жапон архитекторы Кисё Курокаваны шақырды…

Иә, топ екі сәулетшілер ұжымынан тұрды және «Ақмола — Алматы» деп аталды. Қаланы сол жағалауды дамыту және тарихи бөлігін реконструкциялау идеясын ұсынған біздің топ конкурста жеңіске жетті. Содан кейінгі жақсы бас жоспарды арабтар ұсынды. Кейін Курокава алдыңғы жасалған жұмыстың барлығын пайдаланды. Әрі қарай қаламен айналысу «Астана бас жоспарына» берілді, олар да Курокава секілді алдыңғы жылдардың тәжірибесін пайдаланды.

Астананы көшіру өте сәтті коммерциялық жобалардың бірі болды деп санаймын. Бұл құрылыс индустриясының дамуына, сонымен қатар, әсіресе қуатты инвестиция тартудың арқасында мемлекеттің жалпы дамуына әсер етті. Бас жоспардың кейінгі әзірлемесі әрі қарай дамыту қажет екенін көрсетті. Сондықтан қала екі жағалау да кіретін схема бойынша дами бастады, сол кезеңде бұл дұрыс шешім болды. Алайда, мен үнемі баса айтып жүргені жайт — сол кезеңде әзірленген қала құрылысы жобасының бәрі рекреациялық аймақтарды белсенді пайдаланды. Қазір құрылыс жүргізіп жатқан немесе көмілген су айдынын айтамын. Қаламызда тұратын баспана да, жұмыс істейтін жер де бар. Алайда, тарихи орталық демалыс саябағынан басқа демалатын жер жоқ.

Сіз Астананың бас жоспарының бірінші нұсқасында сол жағалау қарастырылмағанын айтқан едіңіз, тіпті сол жағалауды дамытпаса да болар еді дедіңіз.

Ойға алған істерге қатысты әртүрлі әңгіме айтылады, дегенмен, елорданы тарихи қала аумағына реконструкция жасау және дамыту арқылы орналастырып, Целиноградтың бас жоспарына соны негіз етуге болар еді дегенді айта аламын. Сонда миллион тұрғыны бар жинақы қала болар еді. Елорданы Астанаға (Ақмолаға) көшірудің дәл алдында Швеция Стокгольмде осындай реконструкция жүргізді. Нәтижесінде қала аумағы бірнеше есе кішірейіп, тығыздығы артты. Сол кезде менікі дұрыс болды ма, әлде қате болды ма, білмеймін. Бірақ бұл мысал ықтимал нұсқаның бірі болуы мүмкін еді, мұны бұрын да айтқан болатынмын. Біздің құрылыс индустриямыз сол кезде мұндай жұмысты атқара алар ма еді, алмас па еді, бұл бөлек әңгіме. Менің ойымша, қаржы жағынан көтере алмас едік, оның үстіне құрылыс индустриясының дамуы Стокгольмдегідей жұмыс жүргізетін деңгейде болған жоқ. Сол кезде оған аса дайын болмаған шығармыз, бірақ қазір қаланың шекарасын қалыптан тыс ұлғайта берудің орнына, оң жағалаудың іске аспаған ресурсына көңіл бөлетін уақыт келді деп санаймын.

«Идеялық негіз жоқ»

Жақында ғана Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Олқылығын, ескерілмей қалған тұстарын аңғардыңыз ба? Не нәрсеге назар аудару керек деп ойлайсыз?

Мен оны мұқият қарадым, бірнеше рет талқылауға қатыстым, ескертулерімді айттым. Алайда оған ешкім жауап берген жоқ. Дәл қазір талас-тартыстың қажеті жоқ, жоспарды іске асыру керек. Түсінесіз бе… Бас жоспар ешқашан қала тұрғындары мен бұл саланы білмейтін адамдардың көңілінен шықпайды. Бас жоспар — қаланы дамытудың жалпы бағыты. Әр кезеңде ол белгілі бір міндетті немесе тапсырман оты орындайды.

Айта берсе, сөз көп. Мені оның қалай әзірленгенінен гөрі, бұрынғы бас жоспардың неліктен көп бұзылғаны алаңдатады. Неліктен жаңасын әзірлеу қажет болды? Өйткені олқылығы көп болды, халықтың шын мәніндегі саны есептелген көрсеткіштен бірнеше есе артып кетті, алдын ала ескерілмеген қажеттіліктер пайда болды.

Қазір әр ауданда мектеп пен балабақша болуы керек, жетпей жатыр деп айтады. Неліктен жетпейді?

Әр бас жоспарда әлеуметтік нысандар міндетті түрде болады. Демек, олар салынбай қалды деген сөз. Әлеуметтік қажеттілікке арналған орындарда тұрғын үй орамдары пайда болды. Пайда үшін қармап қалып жатыр. Бәріне құрылыстың ойластырылмай жүруі және жаппай коммерциялануы кінәлі.

Астананы жоспарлағанда дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгені белгілі. Қаланың қазіргі жаңа бөлігінің келбетін, соның ішінде, салынып жатқан тұрғын үй кешендерін, олардың сапасын, сыртқы көрінісін, қауіпсіздігін қалай бағалайсыз? Барлығы дұрыс деп ойлайсыз ба?

Қиын сұрақ. Мен әріптестерімді сынағанды аса ұнатпаймын, бірақ қалаға және басшылыққа нұқсан келтіретін нәрселер бар. Ол негізінен алдыңғы мәселемен, яғни аймаққа бөлуді өзгертумен және қордаланған қателік саны тым көп болғандықтан бас жоспарды өзгертумен байланысты. Жағдай осылай жалғаса беруі мүмкін…

Қазіргі кезде мені мазалайтын мәселеге келсек, жағдай былай: иә, құрылыс компанияларының мүмкіндігі де, құқықтары да бұрынғыдан гөрі айтарлықтай көп, алайда қалаға қатысты міндеттері тым аз. Құрылыстың шектен тыс коммерциялануы деген тағы бір қауіп пайда болды. Қаланың иесі болуы керек. Қала бірегейлігімен ерекшеленуі үшін нақты идея болуы аздық етеді, оны орындайтын тәртіп те керек. Кіші Талдыкөл жаққа ғана емес, әуежай жаққа қарай да қаптатып тұрғын үй салып тастады. Мен ол жақта негізінен рекреациялық аймақты дамыту керек деген пікірде болғанмын, әлі де сол ойымнан айныған жоқпын, арасында тұрғын үйлер болса да, қазіргідей көп болмауы керек еді және тек қана аласа үйлер болуы керек еді. Ал қазіргі жағдай таза бизнес, басқа ештеңе емес.

Нақты мысал келтіре аласыз ба?

Мысал ретінде екі учаскені келтірейін. Бұл екеуін бас жоспарды және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бұзу деп қарастыруға болады. «Хан Шатыр» сауда орталығының алдындағы алаң. Алаңның айналасындағы нысандардың деңгейі жаман емес, бірақ одан да жақсы етіп жасауға болар еді. Қызықтырақ етуге мүмкіндік бар еді. Жобасын біздің ұжым жасаған нысан бар, ол алаңның қала қалыптастырушы рөлін атқарды. Ол кеңістікті екі қапталынан қоршайды. Бұл 21 қабаттан тұратын, ұлттық нақыштағы кешен болуға тиіс еді, осы нақышы үшін Халықаралық сәулетшілер одағының алтын медалін алған. Бірақ, оның орнына кенет жеті қабатты кеңсе пайда болды. Ол алаңның қалыптасуына және оны қоршаған қала кеңістігіне ешқандай да әсер еткен жоқ. Қаланың кейбір учаскелері бір сәттік, коммерциялық шешімдерге жабық болуы керек. Қалада сәулет өнерін әрі қарай дамытуға түрткі бола алатын нысандардың бой көтеруіне жағдай жасау керек.

Тағы бір мысал — Ұлттық музей жанындағы алаң. Ол жерде де қос қапталдан кеңістік қалыптастыратын дүние болуы керек еді. Алайда, ол жерге қала қалыптастыру міндетін былай қойғанда, эстетикалық келбеті де жоқ, коммерциялық мәні ғана бар үлкен тұрғын үй кешені салынды. Бәлкім, «кеше» бұл кешен орынды болар ма еді, ал қазір ол жердің сәулет деңгейіне сай келмейді, мағынасын ашпайды. Мұндай учаскелер қала қалыптастыру жағынан және кәсіби тұрғыдан мүлдем басқа шешімді қажет етеді.

Ең жарқын мысал ретінде «Хан Шатыр» СО және EXPO кешені секілді бірегей нысандарды айтуға болады. Көпқабатты тұрғын үй кешендерінің тасасында қалған бұл нысандар қала кеңістігінен де тыс қалып отыр.

Мұндай тұрғын үй кешендері көп-ақ…

Бұрын әрлеу материалдары біртекті болды делік, ал қазір ше? Жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің неліктен өзіндік ерекшелігі жоқ, неге бәрі бір-біріне ұқсас? «Қабатты» сәулет пайда болды, бір жағынан жақсы сияқты болғанымен, ондайды топырлатып сала берудің керегі жоқ. Мұндай нысандар қала келбетінің дамуына әсер етпейді. Сәулет өнерінің үлгісі ретінде қаланы дамытуға негіз болатындай мықты мысал жоқ. Соны іске асырғысы келетін құрылыс компаниясы да жоқ. Мені осы мәселе мазалайды.

Өзіндік келбетінің болмауы да қаланы қабылдауға кері әсер етеді. «Турист» қонақүйі мен «Жастар» сарайының алдын, жалпы тарихи орталықты көркейткен өте дұрыс. Бірақ мұндайды кез келген жерге жасауға болады, ана жерде жасауға да болады, болмаса басқа жаққа көшірілуі де мүмкін. Адамдар жаяу жүріп, балаларымен серуендейтіндей нақты бір орынмен байланыс, соған тән сипат, идеялық негіз жоқ, тұтас жаяу жүргіншілер жүйесі жоқ, тек жекелеген, бір-бірімен қосылмайтын бөліктер ғана бар.

Ғимараттардағы жарнама сияқты визуал берекетсіздікпен қалай күресуге болады? Оны кім бақылауы керек?

Бұл да сол коммерциялану салдарынан болып жатқан сұмдық. Ала-құла жарнамадан тазарту жұмысы жүріп жатқанын байқаймын, бірақ әлі де белсенді күрес жетпей жатыр. Бұл заңнама деңгейінде қатаң реттелуі керек. Бізде кадастр әзірленіп, қабылданса да, заңнама мен орындау жүйесінде шикілік бар. Бұл туралы тоқтаусыз айта беруге болады, нақты талап қойып, әр тапсырыс берушінің жауапкершілігін қалыптастыру оңай жұмыс емес. Бірақ оны жасау керек. Соның бір мысалы — «Турист» қонақүйін реконструкциялау бойынша біздің жаңа жобамыз.

«Молодость» ғимаратының көзін құртты

Кеңестік сәулет нысандарын «заманауи» келбетке келтіру де өзекті мселенің бірі. Целиноградта талай ғимаратты жобалаған кәсіби маман ретінде де, қала тұрғыны ретінде де мұндай «модернизациялау» жаныңызды жаралайтын шығар. Бар дүниені құртуға деген талпыныс бардай көрінеді кейде…

Бұл мұқият көңіл бөлуді қажет ететін өте өзекті мәселе. Деңгейіміз төмен екенін мойындау керек. Осының бәрін түсінетін уақыт туатын шығар деп ойлаймын. Қазір, былайша айтқанда, «заманауи» жасау толқыны жүріп жатыр. Мұндайға кәсіби білігі төмен адамдар араласады. Немесе жұмысты атқаратындардың деңгейі төмен. Мысалы, менің Пионерлер үйімді алайық (қазір М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайы — автор ескертпесі). Оны алғаш рет реконструкция жасағанда, вестибюльдегі жазудың бәрін құртыпты.

Ренжіген шығарсыз?

Әлбетте, ренжисің. Вестюбиль идеясы жойылды. Әйтсе де, бір жақсысы, екінші реконструкция кезінде әкімшілік интерьерді және түстерді қалпына келтірді. Алайда жалпы ойды қалпына келтіру мүмкін емес, себебі идея толықтай жазуға негізделген. Ол жазулар кімге кедергі болды? Бұрын қалай болғанын еске алатын, өткен шақтың естелігін бағалай бастайтын уақыт та келер. Сол кезде, бәлкім, жақсырақ жасай бастармыз.

Жобасын мен жасаған нысандардағы гранит плинтусты немесе қымбат ағаштан жасалған плинтусты майлы бояумен сырлап жатқаны, әрине, көңілімді түсіреді. Бұл тапсырыс беруші мен орындаушының кәсіби деңгейінің төмендігін білдіреді.

«Жастар» сарайының бұрынғы келбетінен де түк қалмады. Бұл жайында не ойлайсыз?

«Жастар» сарайы – конкурстық жүйенің құрбаны. Тендер ешқашан сапалы орындау мәселесін шеше алмайды. Баға тапсырысты орындайтын адамның кәсіби деңгейін көрсете алмайды. Осы жұмыстарды орындауға тартылғанның бәрінің, тапсырысты жазған адамнан бастап, оны орындаушыларға дейінгінің бәрінің кәсіби білігі жеткіліксіз деген сөз.

Ал бұл – КСРО мемлекеттік сыйлығын алған нысан. Өзгеше орындалған, дәрежесі биік сарайдың әрбір бөлшегін сақтап қалу керек еді. Бұл тұнып тұрған тарих қой. Әр нысанның ғұмыры бар, ең бастысы, белгілі бір уақыттан хабар беретін тұсын көрсете білу керек. Сипаты мен стилистикасына мұқият болу керек. Қасбетіндегі «Жастар» деген атауды көргенде жабырқамай тұра алмайсың. Фотоархив бар, қалай болғанын интернеттен қарап алуға болар еді ғой… Ғимаратқа атау жабыстыру талғамның жоқтығын көрсетеді. Мұны басқаша атау қиын. Белгілі бір нысан бар, оның жобасы белгілі, бүлдірмес бұрын тарихын оқу керек. Қандай болғанына қарамастан тарихқа құрметпен қарау – мәдениеттің белгісі.

Тығырықтан шығар жол қандай?

Кәсіби (сарапшылық) талқылауға қаланың бас сәулетшілерін тартатын кез келді деп есептеймін. Бұл коммерция қайраткерлерінің өмірін қиындататын шығар, бірақ қаланы дамытуға еш кедергісі болмайды. Жобаларды талқылауға кәсіби мамандарды қатыстыру өзекті және кезек күттірмей шешуді талап ететін мәселе. Бұл бірінші кезекте қала басшыларына керек және мәселені шешу солардың міндеті. Сол жағалау да, тарихи орталық та мемлекеттік мәселе, олардың екеуі де Қазақстанға тиесілі.

Ескі қаланы реконструкциялау және реставрациялау, тұрғын үйлерді реновациялау — бірінші кезектегі міндет деп ойлаймын.

Бәлкім, бұл үзілді-кесілді пікір шығар, бірақ менің ойым осындай және оны айтуға құқығым бар.

Сәулет өнерінің мән-маңызы болуы керек, бұл тұрғыда тарихи орталықтың әлеуеті зор. Целиноградтың бренді деуге болатын нысандар бар. Қаланың осы кезеңімен байланысты дүниенің бәрі неліктен кенет түкке жарамсыз бола қалды? Тарихи маңызы бар ғимараттардың барлығын қалпына келтіріп, тарихи орталық атмосферасын сақтау керек. Көлік тұрағы ретке келмеген, құлайын деп тұрған үйлер мәселесі шешілмеген жағдайда, мұндай жүйелі проблемаларды жиып қойып, орталық алаңды қайта жөндеу дегенді түсінбеймін. Қала тұрғындарының сүйікті ауданына жаңа тыныс беру керек. Оған тарихи орталық дәрежесін беру керек. Әлемде мұндай мысалдар жетіп артылады. Жай ғана көркейту — бірінші кезектегі міндет емес.

Әдет-ғұрып үйі де ерекше назарға лайық. Оны неге сақтап қала алмадық?

Ол біреуге ұнап, біреуге ұнамаған шығар. Бұл нағыз мәдениеттің жоқтығы мен қолда барды қадірлей білмеудің көрінісі. Кезінде бұл сарай үздік ұлттық нысан санатында болды. Иә, ол шағындау еді, бірақ қала деген тек үлкен ғимараттардан тұрмайды ғой, бастысы ауқымы. Қала құрылымы әртүрлі типтегі және деңгейдегі нысандардан тұрады.

Мұны соншалықты тұрпайылықпен құртқаны жаныма батады, бәріне өзім куә болдым. Мұнда Михаил Яковлевич Антонюктің және Василий Иванович Товтиннің қайталанбас витраждары мен интерьері болды. Негізгі витраж сол ғимараттың эмблемасы болатын, мен оны «Молодость» ғимараты деп атадым. Соны алды да жоқ қылды. Мен бұны моральдық қателік деп есептеймін. Енді ол басқа бір нәрсенің символына айналды. Бастысы, дұрыс қорытынды шығару керек.

«Оларға мұның керегі жоқ»

Көп жыл бойы табиғат қаланың бір бөлігі ретінде қарастырылған жоқ. Бірақ қазір урбанистер табиғи дизайнға көбірек көңіл бөле бастады. Тіпті табиғаттың қала дизайнымен және жоспарымен ықпалдасуын білдіретін «биофилик қала» деген тұжырымдама бар. Осы тұжырымдаманы Сингапур, Барселона, Осло, Торонто, тағы басқа қалалар ұстанады. Әлбетте, Астананың жасыл белдеуі — керемет жоба. Әйтсе де Кіші Талдыкөлдегі жағдай — елорданың қасіреті. Көптеген шешім мүлдем кері бағытта қабылданатын сияқты…

Біріншіден, сәнге айналып кетсе де, медицина терминдерін сәулетті суреттеуге қолдануға қарсымын. Екіншіден, сіз жаңа бас жоспар туралы сұрадыңыз, ал мен сынағым келмейді деп жауап бердім. Алайда, қып-қызыл, зәулім ғимараттар сықасып тұрған Кіші Талдыкөл жақты көргенде, басқа шешімін табуға болар еді ғой деп ойлаймын. Бұл шешімнің урбанистерге немесе сәулетшілерге қатысы шамалы, ол осы ауданда құрылыс жүргізу үшін әкімшілік ресурсты пайдаланатындар мен бұдан үлкен пайда көретіндердің қолындағы мәселе. Қаланың басты проблемасы да осыған байланысты. Патриоттар жоқ. Басқа не деуге болады?

Фотосуретті Жанар Кәрімова түсірген

Сізге кез келген сұхбат барысында жолдағы көлік кептелісі, аулалардың тығыздығы, су басу, жалпы қаладағы өмір сүру ортасы туралы сұрақтар қойылып жүр. Осы мәселелердің басты себебі неде деп ойлайсыз?

Көлік саласы – өзінше бір күрделі мәселе. Бірінші кезекте бас жоспарды іске асыру керек. Қала инфрақұрылымын соның аясында шешу керек. Егер біз егжей-тегжейлі жоспардың бұрынғы жобасын алсақ, Республика даңғылының бойында, орталықта «қалта» түріндегі тұрақ қарастырылған. Неге екенін білмеймін, кейін оларды алып тастады. Бұдан кім ұтқаны түсініксіз. Біз қаланы адамға арнап жасаймыз ғой, демек, ол ең алдымен адамға ыңғайлы болуы керек.

Екінші жағы — көліктің жалпы санын реттеу. Бұл жерде қала тұрғындарының өзіне де үлкен жауапкершілік артылады. Қазір бізде кейбір отбасында үш-төрт автомобильден бар. Мұндайға ешқандай инфрақұрылымның шамасы келмейді. Демек, біздің қоғамдық көлік өз функциясын атқара алмай отыр деген сөз. Тұрғындар да кейбір талаптарды орындамайды. Біз көлікті аулаға қоямыз, бірақ аула бұған арналмаған. Осылайша, инфрақұрылымдық және экологиялық көлік проблемасынан бөлек, жалпы мәдениет мәселесі де бар. Суағардың болмауы да бас жоспарды бұзу, яғни қаланы жоспарлаудың іске аспауын көрсететін жағдай.

Елде қазір сәулетші мамандарды дайындау қалай болып жатыр?

Біраз уақыттан бері сабақ беруді доғардым, өйткені, біріншіден, қазіргі білім беру жүйесі кәсібилікті құртады деген ойдамын. Екіншіден, сәулет факультетін бітіргендердің көбі шынымен сәулетші болып істеп жатыр ма, арзан жұмыс күші болып кеткен жоқ па деген сұрақ туады. Коммерциялану проблемасына оралсақ. Құрылыс компаниялары өз мүддесіне қызмет ететін көптеген коммерциялық жобалау құрылымын құрып алды. Оларға үйдің типтік жобасын бір рет қана жасап алған қызық, сосын оны бүкіл жерге қолданады. Олар жобаны «су тегін» жасап беретіндерге тапсырады. Сәулетшілер саны көбейіп жатыр, ал жоба құны сәулет сапасына тура пропорционал түсіп жатыр. Нәтижесінде кәсіптің жаппай девальвациясы болып жатыр. Коммерциялану бәрін шарпыды. Сәулетшінің пікірі қазір беделді емес, ол ештеңе шеше алмайды. Елорда пайда болған кезде, алғашқы кезеңде көлем мен ауқым маңызды болды. Ал қазір құрылыс компанияларының жауапкершілік деңгейін қайта қарайтын кез келді. Қалаға көрік беретін, ерекшелейтін нысандар неге жоқ? Өкінішке қарай, бұл тапсырыс берушінің мүддесіне сай келмейді. Бұл мәселемен айналысуды мемлекет шындап қолға алмаса, саудагерлерге оның керегі жоқ.

Даланың көркі

Василий Толкиннің ойынша, Астананың ең көрікті жері қай жер?

Маған жағалау ұнайды, ол қала дамуының тұтас циклын көрсетеді. Ескі жаяу көпірге шықсақ, панель үйлерді, 50-жылдардағы үйлерді, Пионерлер үйін, сосын елорда кезеңіндегі биік үйлерді, заманауи көпірді, сосын жағалаудың өзін көреміз, ал қарсы бетте – қалалық саябақ. Бұл жерде қала тұрғындары көп қыдырады, алайда бұл локацияны әлі де реттеу керек. Тақырыптық жағынан «байыту» керек. Әзірге қарабайыр дүңгіршектер қарын тойдыру міндетін атқарғанымен, визуал мен эстетика тұрғысынан қанағаттанарлық емес. Адам көзімен көріп, көзбен қабылдайды. Адам баласы суға мәңгі қарап тұра алады. Ал өзен — бұл қаланың негізі. Қатарлы схема есіңізде ме? Бәрі содан басталды… Сондықтан да адамдар қыста да, жазда да осы жағалауға барады. Оны тақырыптық және функциялық жағынан бөліп, әр бөлігін жасап шығу керек. Бұл – өзін урбанист деп атайтындардың айналысатын жұмысы.

Астана жағалауы, Василий Тоскин түсірген фотосурет

Соңғы сұрақ: Астана қаласының идеясы неде?

Әр кезеңде бұл идея түрліше қалыптасты. Мен үшін ол «Дала маржаны» деген жобамнан – қоғамдық әрі тұрғын үй кешенінен көрінеді. Астана – Еуропа мен Азияны жалғайтын дала маржаны, Еуразияның жүрегі, Қазақстанның інжу-маржаны. Идеясы осында.