3377
13 июня 2024

«Не үшін ақталатынымды, кімнен кешірім сұрайтынымды білмеймін»

Қаңтар оқиғасында мемлекеттік ғимараттарға шабуылға қатысты сот үкімі шықты

«Не үшін ақталатынымды, кімнен кешірім сұрайтынымды білмеймін»

Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, Власть, суреттер Алмас Қайсардыкі

11 маусым күні Қаңтар оқиғасының 11 қатысушысына қатысты сот үкімі шықты, оларға «мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасады», соның ішінде президент резиденциясын басып алуға әрекет етті деген айып тағылды. Бұл осыған ұқсас процестердің ішіндегі ең ұзаққа созылған соттың бірі болды: сот тоғыз айға созылып, айыптау үкімімен аяқталды.

Сотталғандардың арасында оқ тиіп, кейін тағы азаптауға ұшырағандар бар, кәсіпкерлер мен жұмысшылар да бар. Олардың кейбірі қамауға алынып, кейін босатылды, тек біреуі екі жылдай тергеу изоляторында отырды.

Олар бір-бірін сотқа дейін танымағанын, кейбірі аурухана мен тергеу изоляторында танысқанын айтады. Кейбірі жаппай тәртіпсіздікке қатысқанын мойындаса, енді біреулері тек жараланғандарға көмектескенін, бейбіт шеруге қатысқанын немесе қылмыс жасайтын ниеті болмағанын, оқиғаны бақылағанын алға тартады.

«Власть» соттың қорытындысы мен сот үкімінен кейін темір тордың ар жағында қалғандар туралы баяндайды.

Мемлекет таққан айып

Сотталушылар қатарында 11 адам бар. Жетеуі ғимараттарға шабуылдағаны және жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін айыпталса, біреуіне тәртіпсіздікке шақырды деген айып тағылған.

Ақжол Жандарбеков – айыпталушылардың ішінде сот шешіміне дейін тергеу изоляторында жатқан жалғыз адам, бұған қоса оған «кепілге адам алды» деген айып тағылды. Қосай Маханбаев үйқамақта отырды. Қалған 9 адам ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.

Бірнеше айға созылған сот отырысынан кейін прокурор судья Ерлан Болатовтан барлық 11 сотталушыны айыпты деп тануды және оларды 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыптау актісіне сәйкес, олар «жаппай тәртіпсіздіктің [өзге] қатысушыларымен» қылмыстық келісім жасай отырып әрекет еткен, нәтижесінде 4 қаңтар мен 7 қаңтар аралығында 1216 полиция қызметкері мен әскери қызметші түрлі жарақат алып, мемлекетке келген шығын 22 млрд теңге болған.

Прокурор оларды «полицейлер мен әскерилер тобына шабуылды», «өртеуді», «мүлікті жоюды» көре тұра «жаппай тәртіпсіздікке» қатысуын жалғастырды деп айыптап отыр.

Сотталушылар Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаев 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні полицейлерге күш қолданды, сосын өзге жаппай тәртіпсіздікке қатысушылармен бірге «әкімдікке шабуыл жасады» деп айыпталды. Айыптау актісінде сотталушылар «күш көрсеткен» полиция қызметкерлерінің есімі көрсетілген.

Нұрсұлтан Байгисиевті, басқаларын былай қойғанда, «билік халықты атып жатыр» деген жалған ақпарат таратып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деп айыптады.

Салмақты айып Ақжол Жандарбековке тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, полициямен қақтығыс кезінде ол резеңке сойылмен және газ граната ататын қарумен қаруланған. Әкімдікті басып алу кезінде бірнеше әскери курсантты кепілге алған, сосын оларды өлтіремін деп қорқытып, ұрған, президент резиденциясындағы әскерилерден ғимаратты беруді деп талап еткен.

Дәурен Бакиев пен Серікбол Орынғазы Алмалы ауданының полиция департаментіне шабуыл жасады деп айыпталып отыр, біріншісі есікті ұрғылаған, екіншісі ғимарат жаққа тас лақтырған. Қалғаны президент резиденциясына шабуыл жасады деп күдікке ілінді.

Оқиға Алматының түрлі орындарында болған, ал сотталушылар ауруханаға түскенге дейін немесе сот процесіне дейін бір-бірін танымаған болса да, олардың ісі біріктірілген.

Сотталушылар кімдер?

Айыпталушылардың басым бөлігі Қаңтар оқиғасы кезінде жараланғандар. Олар ауруханаға жатқызылды, ауруханадан күштік құрылымдар тұтқындап әкеткен. Оларды азаптау бойынша істер жабылған.

Айыпталушылар – 43 жастағы Нұртас Қаранеев пен 41 жастағы Қосай Маханбаев алғашқылардың бірі болып азаптау туралы арыз жазды, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсетті.

«Бізді азаптау бойынша қозғалған іс әділ тергелуі үшін күрестік. Әділдікке қол жеткізе аламыз, Жаңа Қазақстан болады деп сендік. Оларға бұл ұнамады. Ақырында маған 269-баптың 3-бөлімі (ғимараттарға шабуыл) бойынша айып тағылды», – деді Маханбаев.

Қаранеев азаптау бойынша істі жапқан кезде «нақты дәлел жоқ» деп хабарлағанын мәлімдеді.

«Бізге қарсы айыптаудың да дәлелі жоқ, бірақ олар істі сотқа дейін жеткізіп отыр», – деді ол.

Бірнеше оқ тиіп жараланған Маханбаевтың денсаулығы әлі күнге дейін оңалмаған. «Басымда үш өскін бар, соның кесірінен жылына екі рет емделемін, әйтпесе бас ауруы басталады. Үш рет оқ тиіп жараландым», – дейді ол.

Ол зардап шегуші деп танылды, содан кейін «Қазақстан халқына» қорынан үш миллион теңге бөлінді. Алайда бұл ақшаның бәрі оған «ғимаратқа шабуылдады» деген бап бойынша айып тағылғаны белгілі болғаннан кейін ажырасуға бел буған зайыбына алимент төлеуге кетті.

«Мен жұмыссызбын, үйқамақта отырмын. Ең өкініштісі, істі болғаныма бір жыл жеті айдан асты, менің қалай өмір сүріп жатқанымды ойлаған жан баласы жоқ», – дейді ол. Маханбаев бұрын балалар дәрігері болған, кейін кәсіпкерлікпен айналысқан.

Басқа айыпталушылар да осындай жағдайға душар болды. Кәмелетке толмаған үш бала бағып отырған жалғызбасты әке, 53 жастағы Орынғазы Серікбол Қаңтар оқиғасы кезінде басынан жарақат алған. Ол да азаптауға ұшыраған, денсаулығы әлі қалыпқа келмеген.

«Материалдық өтемақы ретінде 3 млн теңге төленді, оның бәрі несиеге кетті», – дейді ол.

Кәмелетке толмаған үш баланың әкесі, Қаңтар оқиғасы қарсаңында Алматыға табыс табуға келген 49 жастағы Арман Әлімбеков те жараланды, кейін азапталды. Нәтижесінде үшінші топ мүгедегі болып, қазір таяқпен жүреді.

«Аяғыма тағы операция жасату керек, бірақ жасата алмай жүрмін. Тараздан құжаттар алып кету керек, шыға алмай жатырмын. Ол жақтағы отбасым менің 50 мың теңге зейнетақыма қарап отыр», – дейді Әлімбеков.

Сотталушылардың көбі Қазақстанның түрлі өңірінен шыққан, әдеттегідей олар Алматыға табыс іздеп келген. Кейбірі уақытша жұмыссыз, кейбірі барбер, дәрігер, кәсіпкер, жиһаз цехының басшысы, колледжде күзетші және жылу электр орталығында жұмысшы дегендей түрлі салада жұмыс істеген. Ең үлкені 53 жаста, кішісі 23 жаста.

«Иә, митингіге шықтым. Әр адам жеке пікірін айтуға құқылы. Мен шықсам, елімнің, халқымның қамын ойлап шықтым», – дейді 49 жастағы Рысбек Мамыров. Жараланғандардың біріне көмек көрсетуге тырысқан сәтінде, президент резиденциясының маңында оған оқ тиген.

Қорғаушылардың уәжі

Процестің басынан бері 11 сотталушының қорғаушысы істі қайта тергеуге жіберілсін деп келді, олардың ойынша, сотталушылардың әрекетінде ғимаратқа шабуылдау белгісі жоқ. Алайда судья бас тартты.

Сот процесінің нәтижесінде 8 адам кінәсін ішінара мойындады, негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысу бабы бойынша, ал Рысбек Мамыров, Нұртас Қаранеев пен Серік Кекілбаев айыпты мүлдем мойындаған жоқ.

Сотталушылардың кінәсіне дәлел ретінде айыптаушы видеожазбалар мен куәгерлердің сөзін келтіреді. Мысалы, Маханбаевқа қатысты прокурор куәгерлердің сөзін және төрт видеожазба келтірді.

Солардың біреуінде Маханбаев ауруханада жатыр, қалған үш видео Алматыда түрлі локацияда түсірілген, бірақ оның жүзі көрінбейді – тергеу нұсқасы бойынша, ол видеода «түсі ұқсас күрте мен баскиім киген» адам.

Бірінші зайыбы ғана оны ереуілшілер арасынан «жүрісінен» таниды, бірақ Маханбаевтың сөзінше, сот сараптамасы бұл видеода адамды тану мүмкін емес деген қорытындыға келген.

«Маған қатысты бірде-бір 100% дәлел келтірілмеді. Соған қарамастан прокуратура дегенінен қайтпай, 10 жыл сұрады», – деді ол «Власть» журналистерімен сөйлескенде.

Қаранеев те солай айтып отыр, дәлел ретінде келтірілген аудиожазбаларда ол адамдарды резиденция қоршауына жақындамауға шақырған.

«Сарапшы бұл аудиожазбаларда жаппай тәртіпсіздікке шақыру жоқ екенін айтты», – деп түсіндірді ол.

Қаранеев ешқандай айыпты мойындаған жоқ, ол «бейбіт митинг емес» екенін білген соң үйге қайтпақ болғанын айтты. Бірақ қайтар жолында резиденцияға қарама-қарсы орналасқан журналистер скверінің маңында жараланған.

«Мен бұл жерде өзімді куәгермін деп есептеймін, – деді Нұртас Қаранеев жауап алу кезінде. – Тергеу изоляторына 8 қаңтарда алып кеткендерді ғана сырттай көрдім. Қаңтарға дейін мен оларды таныған жоқпын».

Алматы әкімдігіне шабуыл жасады, полицейлерге күш көрсетті деп айыпталып жатқан Кекілбаев болса, қала әкімшілігінің маңында керісінше полицейлерді қорғағанын айтып отыр.

«Біреу билік өкілдері келуі мүмкін, сауалымды қоямыз деді. Мен де кірдім олармен ілесіп. Он минуттан соң бұл акция бейбіт болмайтынын түсініп, кері шығып кетіп, жұмысқа оралдым», – дейді ол.

Ол сойылды қолға алғанын мойындады, оны полицейлерді құтқаруға тырысқанда арандатушылар қорқытқандықтан өзін қорғау үшін ұстаған.

Оның сөзі кейін бейнебақылау камерасындағы кадрлар арқылы расталып, видеода ереуілшілерді қақтығыстан қайтаруға тырысқаны, бір полицейді күртесімен жасырғаны көрінеді.

Серікбол Кекілбаев бейнежазбада көрсетілген сәті (қызылмен қоршалған), скриншот Qazaq Times Youtube арнасынан

Кекілбаевтың айтуынша, полицейлердің бірін құтқарған кезде, ол нөпірдің арасынан қашып шықсын деп итеріп жіберген. Енді «құқық қорғау органдары қызметкерінің өміріне қастандық жасады» деп айыпталып отыр. Сот процесіне келген полицейдің өзі Кекілбаев оны ұрмағанын, оған шағымы жоқ екенін айтты.

«Ақталамын дейтіндей, не үшін ақталатынымды білмеймін. Кімнен кешірім сұрайтынымды білмеймін(...) 6 балам бар, әке-шешем бар деп олардың атын жабылмай-ақ қояйын. Бірақ ертең “террористің баласы” деген жаман атқа қалғанын қаламаймын. Әділ шешім шығарып, ақтап алуыңызды сұраймын», – деді ол соңғы сөзінде.

Рысбек Мамыров, Тұрсынбай Алпысбаев, Абидолла Таубай және Арман Әлімбеков сынды басқа айыпталушылар әкімдік пен президент резиденциясының жанындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған, бірақ озбыр әрекет жасамаған. Мысалы, видеода Мамыровтың жаралы адамды алып кету үшін резиденцияның қоршауы артына қалай өтіп кеткені, бірақ өзі жараланғаны көрінеді.

«Қаңтарда інімнің әйеліне көлікте кетіп бара жатқан жерінен оқ тиіп, қайтыс болды. Талай жастар қайтыс болды. (Оларға оқ атқандар) сотталды ма, сотталмады ма, білмеймін. Бізде қару да болған жоқ, тас та лақтырған жоқпыз. Бейбіт шеруді көруге бардық. Талдар арасында жүргенде жарақат алдым. Оның резиденция маңы екенін де білмедім», – деді Арман Әлімбеков соңғы сөзінде.

Ақжол Жандарбековты қорғап жатқан адвокат Шынқуат Байжанов сотталушылар арандатушылардың кесірінен ғимаратқа шабуылдады деп айыпталып отыр деп есептейді.

«Мына сотталушылар шынымен арандатушылар ма, бұлар шабуыл жасаушылар ма? Әлде бұлар әлгі арандатушылардың айтқанына еріп, ілескен адамдар ма? Осының аражігін ажыратқанымыз өте дұрыс болар еді», – деді ол.

Жандарбековтың өзі билікке қарсылық көрсеткенін, екі курсантты ұстап, оларға қарсы күш қолданғанын мойындайды. Бірақ «адамды кепілге алу» және «ғимаратқа шабуылдау» айыбымен келіспейді.

«Әділ жаза беретін болса, атып тастаса да, мен сол нәрсені мойындаймын. Ал егерде ақиқаты жоқ жаза болатын болса, мен ол нәрсені мойындамаймын», – дейді ол.

Үкім

9 айға созылған сот талқылауынан кейін судья үкімді 10 маусым күні таңғы сағат 10-да жариялайтын болды. Бірақ сол күн ішінде сот бірнеше рет кейінге шегерілді.

Күн ыстық. Наурызбай аудандық соты ғимаратының жанында сотты күтіп тұрған айыпталушылар, адвокаттар, қолдауға келгендер мен бақылаушылар жүр. Олар бір сәкіден екіншісіне барып, ары-бері жүрумен болды.

Кешігіп жатқан сотқа журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жабық сотына барып келген белсенділер де келіп үлгерді. Олар «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген жазуы бар және журналистің суреті бар көк шолақ жейде киіп алған.

Кешке қарай белсенділер қайтсек наразылығымызды білдірсек деп тұрды, бірақ оларды сотталушылар тоқтатып, қазір олардың тағдыры шешіліп жатқанын, не болса да күтуге дайын екенін ескертті. Кей белсенділер «бәрі шешіліп қойған» деп жауап берді. Кешке таман сот үкімі ертеңге қалғаны белгілі болды.

Сот ғимаратына жанындағы полиция автозактары

Келесі күні бәрі тезірек болды. Сот процесі өткен залдан орындықтар алынып тасталған, ал айдауыл әскерилері сотқа қатысуға келгендерді судья жаққа жақындатпады.

Айыпталушылардың кейбірі оларды қолдауға келген адамдармен қатар, әскерилерге қарата өз ойларын дауыстап жеткізе бастады:

«Он жыл түрмеден кейін қандай болып шығамыз? Сендердің бәрің, формадағылар, Қаңтар кезінде не болғанын көрдіңдер. Қандай бұйрық берілді сол кезде? Атуға бұйрық берілді ғой!» – дейді Қаранеев.

«Халқымыз үшін шыққанымызға кінәлі шығармыз, бірақ мен ештеңе тонаған жоқпын, ал енді келіп сол кезде болған жағдайдың бәріне, барлық тонаушы үшін жауап беріп отырмыз. Азаптау камераларында болдық, небір қатыгездікті көрдік. Енді біз түрмеге қамамақшы, осы әділ ме?» – деді Жандарбеков темір тордың ар жағынан. Ол сот бойы жалғыз өзі шыны камерада отырды.

Судья сот залына келіп, асығыс үкімді оқи бастады. Таяққа сүйеніп жүретін айыпталушылардың бірнешеуі отырып тыңдады.

Сотқа келген адамдар «Құдайым, әділ шешім шықса екен» деп ақырын күрсініп отыр.

Бірінші болып соттағы ең жас айыпталушы 23 жастағы Тұрсынбай Алпысбаевқа қатысты үкімді оқыды. Оны барлық үш бап бойынша кінәлі деп тапқан. Алайда «ғимаратқа шабуыл» (269) бабы «күзетілетін нысанға заңсыз кіру» (269-1) бабына ауыстырылған. Мұны естіген Алпысбаев күйгелектене бастады. Сот 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы дегенде ол талып қалатындай қатты күрсінді.

Тұрсынбай Алпысбаев

Біраздан кейін судья айыпталушы рақымшылыққа ілінетінін және оның түпкілікті жазасы 1 жыл 9 ай болады деп нақтылады. Басқа да айыпталушыларға осындай жаза берілді. Тек Ақжол Жандарбековтың 16 жыл жазасы 4 жылға қысқартылды. Ол екі жыл тергеу изоляторында отырғандықтан, оған берілген жазаның көп бөлігін өтеп қойды – тергеу изоляторындағы бір күн колонияның екі күніне тең.

Сотта айыпталушылар үкімді әртүрлі қабылдады. Маханбаев басқаларын қолдауға тырысты, cотқа келушілер жаққа қарап «жарайды» деді. Кекілбаевтың көзі қызарып кетті, қолдап келгендер жаққа жабырқау күйде ұзақ қарап тұрды. Сот залында айыпталушының туыстарының жылаған дауысы естілді.

Судья Ерлан Болатов жергілікті және халықаралық сот тәжірибесіне сүйенгенін, сонымен қатар екі тараптың да барлық дәлелі мен өтінішіне баға бергенін түсіндірді. Нәтижесінде ол қылмыстардың ауырлығын азайту мақсатында кейбір баптарды қайта саралау туралы шешім қабылдаған.

«Неге шартты жаза тағайындалмады деулеріңіз мүмкін. Бірақ мен ондай шешімге бармадым, себебі, өздеріңіз білесіздер, қылмысқа қатыстыңыздар және оның соңы миллиардтаған залалға әкелді. Біз оны жасамадық деп айтуыңыз мүмкін. Жасаған болсаңыздар, басқа жаза тағайындалатын еді. Бірақ сол жерге қатысқандарыңыздың өзі осындай залалға әкелді (...) Арандатушылар болды және солардың айтқанына еліктеп кеткен, қосылып кеткен сіздер кінәлісіздер», – деп түсіндірді сот.

Болатов олар әлі апелляцияға шағым түсіре алатынын айтып, сот залын босатуды сұрады. Айыпталушыларды қамауға алмас бұрын туыстарымен қоштасуға рұқсат берді.

Жақындарымен қоштасып тұрған Кекілбаев журналистерге «ешқандай әділдік жоқ» деді. Барлық айыптауды жоққа шығарды. Қаранеев жазамен келіспейтінін айтты, бірақ апелляцияға беретініне әлі сенімді емес.

«Қылмыстың ауырлық деңгейін саралағанына ризамын. Бірақ бірде-бір дәлел болмады, – деді Маханбаев. – Кім кінәлі, кім кінәлі емес екенін қарау керек еді. Дәлел бар ма?».

Тұрсынбай Алпысбай атасымен қоштасып тұр

Кейінірек кей сотталушылар апелляцияға өтініш білдіретінін мәлімдеді. Бұл туралы «Власть» журналистеріне адвокат Жалғас Сапарханова хабарлады.

«Сотқа оларға шартты жаза бергені дұрыс болатынын айттым. Судья мұны апелляцияда шешуге болатынын жеткізді. Қысқасы, 15 күн ішінде өтініш береміз, оны қанағаттандырмаса, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш береміз», – деді Сапарханова.

Оның айтуынша, көптеген сотталушының жаза мерзімінен уақытша ұстау изоляторында, үйқамақта отырған уақыты қысқартылады, сондай-ақ апелляциялық комиссияның шешімі шыққанға дейін де уақыт өтеді.

Сот отырысын бақылаған «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының бақылаушысы Ринат Исағалиев сотта бейтараптық принциптері бұзылып, айыптау сарынымен өтті деп есептейді.

Оның айтуынша, жарыссөзде мемлекеттік айыпталушының айтқан қорытындысы мен бастапқыда оқылған айыптау актісінің айырмасы жоқ.

«Сонда біз неге сот талқылауын, сот тергеуін өткіздік деген сұрақ туындайды. Осыдан көруге болады соттың біржақты өткенін. Сотта нақтыланған детальдар ескерілмейтін болса, 9 айға созып не керегі бар еді?» – дейді ол.

Сонымен қатар, Исағалиевтің пікірінше, айыптау тарапы іс материалдарында келтірілген видеоларда өздеріне керек сәттерді ғана қиып көрсеткен, ал сотталушының бірі Нұртас Қаранеевке қатысты келтірген видеода оның кім екенін анықтау мүмкін емес.

«Ол видеоларда арандатушылардың бет-жүзі көрінген – қолына ағаш ұстаған, күштік құрылым қызметкерлерін соғып, бір топ адамның арасына кіріп кетеді. Олар сотқа шақырылмады, тергелмеді», – дейді Исағалиев.

Исағалиевтің пікірінше, сотталушыларға шартты жаза берілуі керек еді, себебі олардың қылмыстық мотиві болмаған, көбі бұған дейін тіпті әкімшілік жазаға да тартылмаған адамдар.

Бірақ бақылаушы біржақты айыптау Қаңтар оқиғасына қатысты барлық істе болды дейді, адвокаттардың көп хаты кері қайтарылған, не ашық күйде қалған, сотқа тергеушілерді қатыстыра алмаған.

«Мұндай саяси үлкен процестер біржақты айыптау бағытында өтеді… Нағыз арандатушылар, нағыз ұйымдастырушылар айқындалмай, оларды соттамай, бейбіт азаматтарды соттағаннан ештеңеге жетпейміз», – деп есептейді ол.