6314
13 сентября 2024
Дмитрий Мазоренко, фото авторы Лиза Попова

Үсті-үстіне төгіліп жатқан қоқыс

Алматы іргесіндегі ауылдың тұрғындары бірнеше жылдан бері заңсыз қоқыс алаңымен күресіп келеді, ал жергілікті билік мәселеге назар аудармай отыр

Үсті-үстіне төгіліп жатқан қоқыс

Алматы облысының Іргелі ауылдық округіне қарайтын Көксай кентінің тұрғындары үй іргесіндегі қоқыс алаңымен көп жылдан бері күресіп келеді. Алматының әр түкпірінен әкеп төгілетін тұрмыстық және өндірістік қалдықтың иісі мүңкіп тұрады, мұнда өрт те жиі болады.

Жергілікті әкімдік те, жоғарғы билік те бұған назар аудармай келеді: қоқыс алаңының жұмысы заңсыз екенін мойындағанмен, оны жою үшін шара қолданбайды. Қоқыс полигоны орналасқан жер учаскесінің иесіне болмашы ақшалай айыппұл салады — оны заңсыз полигонға қоқыс әкелетін жүк көлігінің бірнешеуінен-ақ жинап алуға болады.

Экологиялық коллапс

Алматыдан 5 шақырым жерде орналасқан Көксайдағы полигон 2008 жылдан бері бар. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары құрылысқа жерді 2010 жылдың басында сатып ала бастады. Тұрғын үй көбейгеніне қарамастан, қоқыс полигонының аумағы да жайыла түсті.

Тұрғындардың есептеуінше, тәулігіне 300 көлік келеді, әрқайсына қоқыс өткізетін заңды тұлға 45 мың теңгедей төлейді. Қоқыс алаңы заңсыз болғандықтан, жұрт мұнда бір-бірінен естіп келеді.

Көксай ауылының тұрғыны Арманның айтуынша, бастапқыда полигонға құрылыс қалдықтары әкелініп жүрген, 2022 жылдан бастап тұрмыстық қалдықтарды да қабылдай бастаған.

«Жел тұрғанда қоқыс көтеріліп, ауыл ішінде ұшып жүреді, ал мұнда үнемі жел соғып тұрады. Көше, үйлердің ауласы түгел қоқыс. Ең жаманы — иіс. Соған қарап, бұл жаққа ассенизаторлар да қалдығын төге ме деп қаласың».

Лиза Попова түсірген сурет

Қоқыс алаңының шекарасы үнемі ұлғайып отырса да, оған келетін қоқыстың бәрін сыйғызу мүмкін емес. Кенттің тағы бір тұрғыны Шәріптің айтуынша, осының кесірінен көліктер қоқыстың бір бөлігін Ақсай өзеніне төгеді.

«Бүкіл Қазақстанда су проблемасы бар, ал бізде не істеп жатыр? Өзенді сақтап, арнасын тазалаудың орнына, керісінше, оған бәрін тастап жатыр. Барлық жерде көгал орнына полиэтилен жатады».

Полигон қалдықтың барлық түрін қабылдай бермейді. Оған келетін адамдар сондай кезде ауыл арасындағы жолға төгіп кетеді.

«Діни мерекелер кезінде мұнда малдың терісі мен етін әкеледі. Полигонға қалдық төгуге кіргізбесе, әрірек барып, жолға төгіп кетеді. Бірде бізде сиырдың өлексесі шіріп жатты. Қорапқа салып, қойдың ішек-қарнын тастап кететіндер көп. Құрттап-шіріп жатады. Біз де жақын жерде мал ұстаймыз, бұл өте қауіпті», — дейді Шәріп.

Іргелі ауылдық округінің әкімдігі бұны жоққа шығарып отыр: «Ағын суды ластау немесе мал терісін тастау фактісі тіркелген жоқ. Мұндай факті анықталған жағдайда міндетті түрде жауапқа тартылады».

Сонымен қатар түнде полигонда мыс пен алюминий алу үшін оқшаулағыш материалдар жиі жағылады. Ал қыста полигон қызметкерлері жылыну үшін қоқыс жағады. Кейде бұдан өрт тез таралып, қызметкерлер оны ауыздықтай алмай қалып жатады.

«Бұл жерде үнемі өрт қаупі бар болғандықтан, өрт сөндірушілерді шақыруға тырысамыз. Бірде бір айда қатарынан екі рет өрт болды. Бірақ ТЖД жану болған кезде ғана шара қолдана аламыз дейді», — деді кент тұрғыны Гүлнәр.

Сондай-ақ, көлік ағыны көп болғандықтан кентте жол жиі бүлінеді. Көксай тұрғындары өз есебінен асфальт төсеуге тырысқан екен, ол да тез тозыпты.

«Көктем мен күзде бұл жер үнемі лас болып жатады. Көлікпен жүру мүмкін емес, ал кейбірінде машина да жоқ. Балалар мектепке жаяу қатынайды. Біздің кентте жылыжай бар, жиһаз өндіріледі. Қираған жолдың кесірінен бизнес шығын көреді», — деді тұрғындардың бірі.

Биліктің үнсіздігі

2019 жылдан бері осында тұратын Гүлнәр төрт жыл бойы биліктің назарын аударуға тырысумен келеді. Ол Іргелі ауылдық округінен бастап, экология министрлігіне дейін арыз жазған, бұл процеске Көксайдың басқа тұрғындарын да тартқан.

«Бұған қоса, полигон басшылығын сөйлесуге шақырдық, алайда бұдан ештеңе шықпады. Бізден ешқайда арызданбауды сұрады, өйткені полигонда 100 шақты адам жұмыс істейді. Арасында басқа елдерден келгендер де бар».

Мемлекеттік органдармен коммуникация да қиын әрі нәтижесіз болды. Мысалы, жағдайды қолға алуды өтініп экология министрлігіне жүгінгенде, олар бірден бас тартқан.

«Қабылдау бөлмесіндегілер қай аудан екенін сұраған кезде-ақ менің мәселем шешілмейтінін жеткізді, Қарасай ауданында жергілікті органдардың ешқайсы жұмыс істемейді».

Лиза Попова түсірген сурет

Көксай кентінің аумағына Қарасай ауданының бас жоспарында тұрғын үйге арналған деген мәртебе берілсін деп арыз жазуға талпынғанымен, онысынан да ештеңе шықпапты.

«Әкімдікке бардық, бірақ арызымызды қабылдаған жоқ. Бізге мұнымыздан түк шықпайтынын айтты. Шекара өзгерту үкімет деңгейінде қаралады деуге болады, ал ондай деңгейге дейін жергілікті билік барғысы келмейді».

Қол жеткізген жалғыз нәрсе — Көксай тұрғындарының 2022 жылы полигон басшылығымен және билікпен бірлескен кездесуі. Оған Іргелі ауылдық округінің және Қасқелең қаласының өкілдері, сондай-ақ экология департаментінің және ТЖД қызметкерлері қатысыпты.

Кездесу нәтижесінде тұрғындар мен полигон басшылығы арасында медиациялық келісім жасалды. Оның шарттары бойынша, екі жыл ішінде қоқыс алаңы пеноблок жасайтын зауытқа айналуға тиіс еді. Мұндай мерзім полигон аумағын жаңа қоқыспен тегістеу үшін қажет болды. Іргелі ауылдық округінің әкімдігі жол мәселесін шешуге уәде берді.

Екі жыл өткенімен, ангар салу жұмысы басталған жоқ. Жол да жөнделмеді.

«Медиациялық келісім жасағаннан кейін полигон басшылығы берген уәдені орындаған жоқ. Билік өкілдері де жоқ болды. Бастапқыда олар проблеманы шешіп жатқан түр танытып, жолдың ой-шұңқырын жөндеді. Осыдан кейін бәрі тынып қалды».

Іргелі ауылдық округінің әкімдігінде бұны «Көксай» кентіндегі жол «басымдық берілетін» жолға жатпайды деп түсіндірді, яғни ол тек магистраль жолдар кіретін, «жөндеуді қажет ететін маңызды жолдар» тізіміне кірмейді.

Мемлекеттік органдардың немқұрайлығынан көңілі қалып, 2024 жылы қыста Көксай тұрғындары кентке апаратын ауылдық округ жолын бөгеп тастады. Алайда, Гүлнәрдың айтуынша, бұдан кейін де билік ешқандай әрекет еткен жоқ.

«Власть» сауалына берген жауабында ТЖМ «Іргелі ауылдың округі Көксай ауылының солтүстік бөлігіндегі» құрылыс және тұрмыстық қалдықтар полигоны «заңсыз орналасқанын» хабарлады. Полигон орналасқан жалпы көлемі 2,65 гектар жер учаскесі ресми түрде ауыл шаруашылығына (жайылым) арналған.

Кристина Михайлова түсірген сурет

Іргелі ауылдық округінің әкімдігі «Власть» редакциясына тұрғындар мен полигон басшылары арасындағы медиациялық келісім жасауға билік өкілдері қатысқан жоқ деп жауап берді.

«Сонымен қатар жекеменшік жобалардың іске асуын бақылау жергілікті атқарушы органның құзыретіне, бюджет қаражаты қатысқан жағдайдан басқа жағдайда кірмейді», — делінген Іргелі ауылдық округі әкімдігінің жауабында.

Әйтсе де, ведомство 2024 жылғы маусымның ортасында кентке экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары барғанын айтты. Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, онымен бірге Алматы облысының экология департаментінің маманы, Іргелі ауылдың округі әкімінің орынбасары және Қарасай АІІБ инспекторы болған.

Аумақты қарап шыққаннан кейін мамандар әкімшілік хаттама толтырып, жер учаскесінің иесі Есен Тілеухановқа 73 840 теңге айыппұл салған.

Айыппұлдан бөлек Тілеухановқа жер учаскесін абаттандыру ережесі, экологиялық заңнама нормаларын сақтау туралы ауызша түсіндірген.

2022 жылы Тілеуханов осы себептермен 155 мың теңге айыппұл арқалаған. Ал 2023 жылы осы тексерістің жалғасы ретінде Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Амантай Терлікбаевқа қатты тұрмыстық қалдықтарды Қарасай ауданының аумағына заңсыз орналастырғаны үшін 172,5 мың теңге айыппұл салынған.

ТЖМ облыстың төтенше жағдайлар департаменті мен атқарушы органдары қоқысты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып сақтауға және өртеуге жол бермеуге арналған түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін хабарлады. Өрт бола қалған жағдайда, ведомство кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тартады.

«Жоғарыда аталған мекен-жайда жүргізілген жұмыстардың арқасында биыл тұтану және өртену жағдайлары тіркелген жоқ», — деді ведомство. Алайда Көксай тұрғындары басқаша айтады.

Полигон жұмысына және оның иесіне қатаңдау жаза қолдануға қатысты «Власть» журналистерінің басқа сұрақтарын төрт ведомство жауапсыз қалдырды.

Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар бұл жағдайды елеусіз қалдыруы Көксай тұрғындарын тығырыққа тіреп отыр. Сотқа шағым беруден нәтиже болуы мүмкін, бірақ тұрғындар ол қымбатқа түсе ме деп қорқады.

«Бұның шығыны көп. Оған шамамыз жетпейді», — дейді олар.

Күн сайын кенттегі заңсыз полигонға қоқыс әкеліп жатқан жүк көліктеріне қарап, Көксай тұрғындарының шенеуніктер бір күні немқұрайлықтан арылып, елдің проблемасына назар аударады деп үміттенгеннен басқа амалы жоқ. Бірақ оның ауылы әлі алыс сияқты.