4841
21 февраля 2025
Айсұлу Тойшыбек, арнайы Власть үшін, коллажын жасаған Данияр Мүсіров

Цензура түбі жарға жығады

Елдегі жағдайды музыка қалай жеткізіп жүр?

Цензура түбі жарға жығады

2025 жылғы 28 қаңтарда үкіметтің биылғы алғашқы бірлескен отырысы өтті. Қазнетте көбінесе салық реформасы мен ҚҚС мөлшерлемесіндегі өзгеріс талқыланғанымен, назар аударуға тұрарлық басқа да жаңалық бар. Музыка туралы BAYSA подкастын жүргізуші және Bulbul подкаст студиясының продюсері Айсұлу Тойшыбек Қазақстанның тәуелсіз музыкасына цензура бұлты үйіріліп тұрғаны жайында ой қозғайды.

Отырыс кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға айтарын тұспалдап жеткізді:

«Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, оның ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды» (akorda.kz сайтынан алынған дәйексөз).

Президент кімді меңзегенін аңғару қиын, ол ешкімнің атын атап, түсін түстеген жоқ. Бірақ бұл сын тиктокерлерден бастап, комиктер мен музыканттарға дейінгі азаматтарды қамтиды.

Қоғамдық пікір деген түсінік бар. Өнердегі осындай тәсіл арқылы өнер адамы шығармашылығында қоғамда болып жатқан оқиғалар мен процестер туралы ойын жеткізеді. Медиумдар, яғни құралдар әртүрлі болуы мүмкін: перформанс, картина, қойылым, фильм, видеоойын, музыка деп тізімді шексіз жалғастыруға болады.

Қазақ(стан) музыкасын мысалға алып, қоғамдық пікір туралы айтып берейін — Батырхан Шүкенов атындағы қормен бірлескен Қазақстан музыкасы туралы BAYSA подкастында соңғы үш жылымды осыған арнадым.

Пол Наткиннің фотосуреті/Getty Images

Сонымен, танымал әнде әлеуметтік пікір метафора мен басқа да стилистикалық сөз орамы арқылы беріледі, болмаса тікелей айтылуы мүмкін. Мысалы, баршаға белгілі Scorpions тобының Wind of change — «Өзгеріс лебі» әні Қырғи-қабақ соғыстың аяқталуына қатысты қоғамдық пікірге айналды. Немесе рэпер 2Pac-тың 2Pacalypse Now алғашқы альбомына кірген Trapped әні Америкада полицейлердің афроамерикалықтарға зорлық-зомбылық көрсетуі туралы. Айтпақшы, ән 1991 жылдың соңында — Лос-Анжелесте афроамерикалық Родни Киңді полицейлер соққыға жыққаннан кейін шықты, ал 1992 жылы көктемде Киңді сабаған ақ нәсілді төрт полицейді сот ақтап алғаны үшін қалада жаппай наразылық күшейді.

10-сыныпта қатты бүлікшіл болып кеттім, бірақ сабағым жақсы болды. Бір күні акт залында көпшілік алдына шығып сөз сөйледім. Кеңестік кезеңдегі ковролинмен қапталған шағын сахнада микрофонға жақындап, айтарымды айттым. Сөз соңын: «Power to the people cause people want peace», — деп аяқтадым, өйткені сол кезде Public Enemy тобын көп тыңдаушы едім.

Қоғамдық пікір тұрғысынан хип-хоп, шынымен, алға озып кетті, өйткені 2023 жылы елу жылдығын атап өткен жанрдың пайда болуына әсер еткен себептің бірі — әлеуметтің айтары еді. Ондаған жылдан кейін де хип-хоп әлеуметтік тақырыпқа рефлексия білдіретін жанр болып қалды. 2018 жылы планетаның ең танымал рэпері Кендрик Ламар DAMN альбомы үшін Пулитцер сыйлығын алды, онда Құрама Штаттардағы афроамерикалық халықтың өміріндегі түрлі аспекті көрініс табады. Ал 2025 жылы ақпанда Жаңа Орлеанда ҰФЛ Суперкубогінде үзіліс кезінде өнер көрсетті, бұл осы спорт шарасының тарихындағы ең саяси өнер көрсету болды деуге болатын шығар.

Фотосурет: Getty Images

Сөйтсек, Қазақстандағы өмір — хип-хопты дамытуға, әсіресе әлеуметтік тақырыптан шабыт алатын хип-хопқа өте қолайлы әлем екен.

90-жылдары, Қазақстанға хип-хоп келгенде жастар таспамен, караоке микрофонымен және шумақпен эксперимент жасай бастады. BigSom Clan, ДМХ, «НеБезДари», басқа да ондаған рэп-ұжым әндерінде тоқсаныншы жылдардың қатігез өмір шындығын суреттеп, Американың Шығыс және Батыс жағалауының дәстүрін жалғастырды. Мен осы рэперлердің буынын «бағытынан жаңылған ересектердің бағытынан жаңылған балалары» деп атаймын.

Алғашқы буынның рэпі қарабайыр, аңғал болса да, орындаушылар жанрдың іргетасын қалады, режиссер Ермек Тұрсыновтың сөзімен айтсақ, «тарих алқабында тезек болу бұйырды».

Бірақ тоқсаныншы жылдар мәңгілік емес, оның орнына екі мыңыншы жылдар келді. Мұнай доллары, жылтырақ пен гламур дәуірі басталды, цифрлық технологияның дамуы жаһандық поп-мәдениеттен шалғай өмір сүремін деген сезімді өшірді. Экономика ойын-сауық индустриясының дамуына жаңа серпіліс берді. Шоумендер мен продюсерлер нарыққа икемделді, Батыс пен Ресейдің форматын қабылдады, оны жергілікті бұқараға бейімдеді. Солардың арасындағы озықтары жас дарындарды — гёрлз- және бойзбэндтерді сахнаға шығарды, өз күшімен топ құрғандарға продюсер болуды қолға алды. Ал осы кезде хип-хоп бұрынғыдай андеграундта қалып қойды. Ghetto Dogs пайда болғанға дейін солай болды, ал бұл топ әлеуметтік пікір жанрын жаңа деңгейге көтерді. Олардың музыкасы көңілді, өткір, сатираға толы болды. Олар Алматы тұрғыны бола тұра осы қаланың өмірін әжуалады. Әрі дебют, әрі жалғыз саналатын Ghetto Dogs-тың «Город 7272» альбомында жастардың өміріне әсер еткен көп нәрсе көрініс тапты: жаңа астана мен оның жаңа табы — жас әрі амбициясы жоғары ақ жағалылар, Алматыдағы 2008 жылғы дағдарысқа дейінгі құрылыс бумы, автокөліктің алдыңғы әйнектерін қараңғылауға тыйым салу осы қатарда.

Постотар қоғамда өскен жастардың ішкі сезімін солар ғана бір тармақпен бере алды: «Казах без понтов — беспонтовый казах».

«Қазақстандағы хип-хоп бастапқы кезде жастардың музыкасы болды, олар: талантын, уақытын және түскі асқа деп берілген ақшасын музыкаға арнаған жоғары сынып оқушылары, колледж бен университет студенттері. Радио мен телевидениеге шығуға жол жабық болса да, жанр аудиториясына жетіп жатты».

Екі мыңыншы жылдардың жылтырағы Жаңаөзен оқиғасы, 2009 және 2014 жылдардағы девальвациялар сияқты күйзелістердің фонында біртіндеп жоғалды. Бірақ Қазақстанның хип-хоп жанрында әлеуметтік пікір андеграундта болса да, дәстүрін жалғастырды. Мысалы, Тәкежанның «2050: Письмо из будущего» және «Жол-жол» тректері.

2014 жылы көпшілікке Skryptonite ретінде белгілі, қазақстандық рэпер Әділ Жәлелов VBVVCTND деген трек пен клип шығарған кезде әлеуметтің пікірі тағы да өзекті бола түсті. Осы әріптер жиынтығының артында «Нұсқасы жоқ таңдау — бізге бергенің осы» деген ән жолы жасырылған. Ол тек Қазақстандағы емес, біздің коммунистік өткеніміздің белгісі ретіндегі жұмысшылар кентіне толы тұтас аймақ аудиториясының жанды жеріне тиді. Ал Әділ осы ұрпақтың үніне айналды, өйткені өзі де Ленин кентінде өсті, осындай мекендердің келешегін жақсы түсінді. Бұл қоғамдық пікір Скриптонитке алғашқы табыс әкелді: халықтың сүйіспеншілігіне бөленді және мәскеулік GAZGOLDER лейблімен келісімшарт жасады.

Stay true

Қоғамдық пікір неліктен танымал?

Жауабы әрі қарапайым, әрі күрделі: тану.

Ән музыкасы — бірінші кезекте сторителлинг. Музыканттар хикаяны баяндайды. Хикая өзекті болған сайын оның тыңдаушыға жетуі де күшті болады. Біз өзімізді өзгелерден көреміз, осындай ортақ тәжірибе байланысты сезінуге көмектеседі.

Кейінгі 30 жылда қазақстандықтар әлдебір әділетсіздік сезімімен өмір сүріп келе жатыр. Ақталмаған үміттер, күшейіп келе жатқан экономика тұрақсыздығы және дамымай қалу заманауи хип-хоп музыканттардың лирикасынан көрініс тауып жатыр. Олардың музыкасы жұбаныш қана емес, түңілуден, ызадан, ирониядан тұратын коктейльге арналған ыдысқа айналды, сүйеніш рөлін атқарды.

«Ирина Кайратовна» жобасы әлеуметтік пікір сияқты құралды монетизация жасауға ыңғайлы сәтте пайда болды — Қазнетте әлеуметтік желі аудиториясы жүз мыңдаған қаралымға жетіп, идолдар жасап алып жатқан кез еді.

2019 жылы ИК Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық пен маскулиндікке қатысты дағдарысқа арналған «Беги» деген трек жазып, клип түсірді. Олар туралы БАҚ пен пікір қалыптастырушылар көп жазды. 2020 жылы бұрынғыдан да кең таралып кеткен «5000» трегі мен клипі шықты. Қазақстанның өткені мен қазіргі жағдайына қатысты ой айтатын батыл да креатив дүниені аудитория өте жақсы қабылдады, тіпті 5 000 теңге — Қазақстандағы параның орташа мөлшері деген қауесет тарады.

Осы жұмыстардың бәріне режиссер болған және идеясын ұсынған Кука Бейсек болғанын айта кету керек. «Ирина Кайратовнаның» тағы бір пікірі — шымкенттік рэпермен бірлесіп жасаған Kök Tu жұмысы. Бұл ән мен клип — жобаның Қанды Қаңтардан кейін шыққан алғашқы жұмысы. Бірақ оның бұрынғы жұмыстардан өзгешелігі көп: сын мен сатираның орнына бұл жерде мақтаныш, бауырластық және патриархал ұлтшылдық басым. «П» деп бас әріппен жазылған патриотизм.

«Ирина Кайратовнаның» шығармашылығы билікшіл ұйымдарға ұнайтыны таңғалдырмайды: 2025 жылғы ақпанда гендерге қарсы белсенділер «Феминитаның» жабық шарасына «Айдаһар» әнін қосып қойып шабуыл жасады, ал бір жыл бұрын, 7 наурызда әйелдер құқығына арналған рұқсат етілген митингіде сол белсенділер сахнада «Чина» трегіне биледі.

Елдегі саяси дағдарыспен сәйкес келген бағыттың осылай күрт өзгеруі — «Ирина Кайратовна» және оның қатысушылары осы уақыттан бері әлеуметтік пікірге жағынып келді, соның есебінен өзіне ұпай жинап келді деген ойға жетелейді. ИК триосы (Кука Бейсек жобадан кейін, 2022 жылы кетті) әр екінші жарнамадан бізге жымиып қарап тұратынын ескерсек, олар діттегеніне жетсе керек.

Йоу, ********тар

2015 жылдан бері Қазақ(стан) музыкасы өрлеп келе жатып, соңғы бірнеше жылда бұрын-соңды болмаған серпілісті бастан өткізді: синглдар, винилге басылған альбомдар (!) шығып жатыр, жыл сайын болатын фестивальдерге жергілікті орындаушыларды тыңдағысы келетіндер мыңдап жиналады. Бұның бәрі тегін емес: заманауи Қазақ(стан) музыкасы қызық, болмысы бөлек, батыл, сан алуан.

Оның басты назарда болуы әділ де, ал Қазақ(стан) музыка сахнасының алғы шебінде хип-хоп тұр. Иә, көп әннің месседжі бейтарап: рэперлер көңіл көтеру, қарым-қатынас, жастық шақ туралы оқиды, бірақ қазір ең есте қалатын тректер (оларды білсеңіз, кімді меңзеп тұрғанымды түсінесіз) — әлі де әлеуметтік пікір болып тұр. Әсіресе елде өмір деңгейі тым тез әрі тым елеулі төмендеп бара жатқандықтан, бұл өзекті бола түседі.

Осы жылдар бойы Ақорда балама поп-мәдениеттің дамуына кедергі келтірген жоқ, жазылушылар аудиториясы ондаған, жүздеген мың аккаунтқа жететін ең танымал әртістерді кейде қанатының астына алуға тырысып келді. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың «елімізді мазақ қылу» туралы мәлімдемесі, рэпер Карим Асылбековке қарсы әкімшілік іс, Темірлан Еңсебекті қылмыстық қудалау және интернеттен «Йоу, орыстар» әнін жою талабы әртістерге жасалған ескерту болуы мүмкін: азусыз кальян рэпін, патриоттық жастар гимнін жазыңдар, ниет болса, бап та табылады.

Мәтінді осылай пессимистік бағытта аяқтағым келмейді, сондықтан былай дейін: әлеуметтік пікір — жай ғана шығармашылық тәсіл емес, әртістердің өзі өмір сүріп отырған шынайы өмірге қалыпты реакциясы. Бұл қазіргіні зерделеу, мүмкін болса, болашаққа әсер ету тәсілі. Еститін және түсінетін адам бар кезде — өнер өлмейді.