Жетісу облысындағы Көксу өзенінде су электр станцияларының ауқымды құрылысы басталмақшы. Археологтар бұған қарсы, өйткені бірегей және толық зерттелмеген Ешкіөлмес жотасына — ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасы объектілерінің алдын ала тізіміне кірген, Қазақстандағы ең ірі петроглифтер жиынтығына қатер төніп тұр.
Бұған қарсылық білдіргендер қатарында экологтар мен туризм саласының өкілдері де, рафтинг федерациясы да бар.
«Власть» сол жерде құрылыс жүргізетін компаниялар туралы, қоғам белсенділері неліктен қарсы болып отырғанын және мемлекеттік органдар наразылыққа қалай жауап бергенін баяндайды.
Талдықорғанда тұратын қоғам белсендісі Андрей Тансари отбасымен бірге Көксу өзеніне демалуға және балық аулауға тұрақты түрде барып тұрады. Сондай сапарларының бірінде ол өзенге құрылысқа арналған контейнерлер әкеліне бастағанын байқады. Мұны әлеуметтік желіге жазды. Аз уақыттан кейін өзенге демалуға тағы барғанда техника әкелінгенін көреді. Қоғам белсендісі бұны да әлеуметтік желіге жариялайды. Екі жазбасы да үлкен реакция тудырған жоқ.
«Біз [сол кезде] бұның ауқымын түсінбеген екенбіз, — дейді ол. — Сұрау сала бастағаннан кейін Көксу өзенінде 10 СЭС болатынын білдік».
Орман қорының аумағында белсенді құрылыс жұмысы жүре бастады, әлеуметтік желілерге бірнеше жазба жарияланғаннан кейін ғана нысанның паспорты пайда болды.
«Охотники за петроглифами» қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова 10 СЭС өзеннің 60 шақырымға созылып жатқан учаскесіне салынады деп жоспарланғанын, олардың құрылысы жасыл энергетиканы дамыту бағдарламасы бойынша жүргізілетінін айтты.
«Олар үш ауданда орналасады, осы аудандардың басшылығы жақын жерде өзге су электр станциялары салынатынын білмейтін болып шықты. Кейбір су электр станциясында тіреу бөгеті болады», — деді Гумирова ақпанда өткен баспасөз конференциясында. Солай бола тұра қоғам белсенділері жоспарланған су электр станцияларының ешқайсына толық құжат ала алмай отыр.
Көксу өзеніндегі су электр станцияларының тізімі су энергетикасы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспарында бар, бірақ ол бекітілген кезден бері өзгертулер енгізілді. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, белгіленген жиынтық қуаты 151 МВт болатын жеті СЭС жоспарда тұр.
Одан бөлек, жоспардағы кейбір СЭС министрлік жоспарына кірмейді, олар туралы мәліметті «Власть» редакциясына облыстың энергетика басқармасы берді.
Құрылыс кімге тиесілі?
Андрей Тансари алғаш байқаған Рудничный СЭС-1 және СЭС-2 құрылысын «Энергобилдсервис» ЖШС жүргізеді. «Орда» басылымы бұл компанияның түпкі бенефициарлары — «Элитстрой групп» компаниясының тең иегері Қайрат Оразбеков, бизнесмен Ален Байғазин және миллиардер Владимир Ким мен оның серіктестеріне тиесілі KAZ Minerals холдингі деп хабарлады.
Жоба құны 44 млрд теңгеден асады, қаражаттың басым бөлігін «Энергобилдсервис» былтыр Қазақстанның даму банкінен кредитке алды, оның үлесі 37,5 миллиардқа дейін барады. KAZ Minerals-тың «Энергобилдсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі үлесіне иелік ететін компаниялардың бірі — Powerbridge Limited жеке компаниясы, оны 2023 жылдан бері Руслан Ысқақов басқарады, ол 2022 жылға дейін Қазақстанның даму банкінің төрағасы, ал бұрын біраз уақыт соның еншілес құрылымында жұмыс істеді.
Қайрат Оразбековтың інісі Әнуарбек Оразбеков — Көксуда СЭС салуды жоспарлап отырған тағы бір компания — «Көксу Қуат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түпкі иелерінің бірі.
Көксу өзенінде 53 МВт болатын Қызылбұлақ су электр станциясын салуды жоспарлап отырған «Koksu Hydro» ЖШС — Forbes нұсқасы бойынша 2024 жылы Қазақстанның ең бай 75 бизнесменнің ішінде 66-орында болған Бауыржан Оспановқа тиесілі.
«Ескельдинская ГЭС» ЖШС және «Верхне-Талаптинская ГЭС» ЖШС түрлі сала бизнесмендерінің ортақ тобына тиесілі, олардың қатарында — кәсіпкер және Екібастұзда орналасқан BTC KZ майнинг орталығының директоры Айбек Үмбеталин бар. Бұл бизнесмендер Көксу өзенінде тағы бір СЭС салуды жоспарлап отырған Cascade NRG компаниясына иелік етеді.
Энергетика басқармасының мәліметі бойынша, Көксу және Ескелді аудандарының шекарасында «Коксуйские ГЭС» ЖШС тағы бір СЭС салмақшы. Компания «АСПМК-519» холдингіне иелік ететін бизнесмендерге тиесілі. Осы холдингке тағы бір компания — «Темірбетон» ЖШС кіреді, оның аты Жетісу облысында петроглифтерді бұзып, қоғам белсенділері шу көтергенде шығып еді. 2023 жылы диорит өндіру кезінде компания Темір шоқысында жарылыс жұмыстарын жүргізді, соның кесірінен көне жартас суреттері табылған тау қирады. Былтыр қыркүйекте жұмыс тоқтатылды, ал жергілікті билік Қызылтас жотасын түгелдей қорғауға алуға уәде берді.
Көксу өзенінде де петроглифтер, ескі қорымдар бар, қоғам белсенділері солар бүлінеді деп уайымдайды.
«Әлі толық зерттеліп болмаған суреттерді қына бүлдіреді»
Ольга Гумированың айтуынша, қоғам белсенділері Рудничный СЭС-1 салынатын жерге барып, компанияға құрылыс жүргізуге рұқсат археологиялық сараптамасыз берілгенін анықтады.
«Археология институтының өкілі Қайрат Жамболатов құрылыс алаңын дайындау кезінде сақ және түркі қорғандарының ірі қорымы сүрілгенін сол жерден анықтады», — деді Гумирова. Оның айтуынша, компанияға айыппұл салынады, ал археологиялық сараптама тендері қорымдар бүлінгеннен кейін жарияланған.
Қоғам белсенділерінің хабарлауынша, наурыз айында Қазақстандағы ең ірі және әлі толық зерттелмеген Ешкіөлмес петроглифтері шоғырланған жерге жақын орналасқан Талапты су электр станциясының құрылысы басталуға тиіс. Гумированың айтуынша, жақын арада Мәмбет ауылының маңында СЭС құрылысы басталады — бөгет жартастағы суреттердің дәл жанында орналасады деген болжам бар.
«Судың жартасқа әсері бар, — дейді Гумирова. — Әлі толық ашылмаған және таспаға түсірілмеген суреттерді қына жоқ қылады».
Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячевтің айтуынша, Көксу өзенінің аңғарында сауда, керуен және көші-қон жолдары болған, аңғардағы ескерткіштер көне дәуірден бастау алады.
Ешкіөлмес жотасы петроглифтерінің табылғанына аса көп уақыт өткен жоқ — 1970 жылдардың басында геологиялық барлау жұмыстары кезінде кездейсоқ анықталған еді. Археологтардың бірінші экспедициясы бұның жартастағы суреттері көп бірегей кешен екенін дәлелдеді.
Горячевтің айтуынша, бұл мекенде жартастағы сурет саны шамамен 25 мыңға жетеді деп болжанған. Сонымен қатар, осы жерде ерте темір ғасырына жататын екі жүзден астам қорған, қола дәуірінің қорымдары табылған, ал тау асуында қазақ рулары мен тайпаларының бірнеше зираты анықталды.
Маман Қапшағай су электр станциясы салынбас бұрын арнайы археологиялық комиссия болашақта су тұратын жерде ежелгі қорғандарды, қоныстар мен қорымдарды бірнеше жыл зерттегенін айтты.
«Бұл учаскені зерттеу әрекеті үлкен шығынға әкеліп, СЭС салу экономикалық тұрғыда тиімсіз болып шығуы мүмкін, ол жерде археологиялық нысандардың көптігі сонша, оларды зерттеу белгілі бір уақыт пен ресурсты қажет етеді», — деген ойын жеткізді маман.
Ол Ешкіөлмес жотасының өзі Баянжүрек, Құлжабасы және Арпаөзен петроглиф кешендерімен қоса ЮНЕСКО дүниежүзілік мәдени мұра ескерткіштері номинациясына енгізілгенін айтты.
«Қоршаған табиғи ландшафт жойылған жағдайда ескерткіш қана емес, сонымен бірге тағы бірнеше бірегей объект ЮНЕСКО-ға кіру құқығынан айырылады, өйткені олардың бәрі бір-бірімен байланысты, халықаралық институттар оны мойындау үшін олардың аутентикасы аса маңызды, ал ескерткіш шынымен соған лайық», — деді Горячев.
Мәдениет министрлігі «Власть» сауалына ЮНЕСКО номинациясына қарамастан, Ешкіөлмес петроглифтерін қорғау мәселесі жергілікті органдардың құзыретіне кіреді деп жауап берді. Ведомство, сондай-ақ, ЮНЕСКО номинациясынан қайтарып алуға болмайды, бірақ Қазақстан мүше ел ретінде номинацияға ұсынғысы келетін нысандар тізімін қайта қарай алады және жаңарта алады деп хабарлады.
Көксу өзенінде рафтингтен Азия чемпионаты, Рафтинг Федерациясының Facebook парақшасынан алынған сурет
«Бұл аңғар халықаралық жарыстар өткізуге өте қолайлы»
Археологтардан бөлек Көксу өзеніне СЭС салуға спортшылар мен туризм саласының қызметкерлері де қарсы шығып отыр. Рафтинг федерациясының президенті Константин О айтуынша, Көксу өзенінде 2023 жылы Орталық Азияда тұңғыш рет осы спорт түрінен Азия чемпионаты өтті.
«Біз оны қазір Рудничный СЭС-1 мен СЭС-2 салынғалы жатқан жерде өткіздік. Бұл аңғар ерекше, халықаралық жарыстар өткізуге өте қолайлы», — деді ол. Халықаралық рафтинг федерациясы да осы учаскені халықаралық жарыстар өткізуге болатын орындар тізіміне қосып қойған.
«Халықаралық рафтинг федерациясы өзеннің осы учаскесіне уайымдайды, құрылысқа басқа орын қарастыруды сұрау үшін біздің спорт министрлігіне ресми хат жазып жатыр», — деді федерация президенті.
Константин О айтуынша, осы учаскеде Қазақстанның слалом есуден олимпиада құрамасы жаттығады.
«Власть» сауалына берген жауабында туризм және спорт министрлігі Қазақстанда рафтинг спорт түрі деп мойындалмағанын, ал федерация ресми аккредитациядан өтпегенін хабарлады.
Константин О 2005 жылы құрылған кезден бері федерация өз қаражатына күнелтіп келе жатқанын, мемлекеттен ешқандай қаржы алмайтынын айтты.
«Әрине, біз субсидия берілетін спорт түрлерінің тізіміне кіруді қалаймыз, бірақ, әзірше бұл іске асқан жоқ, — деді ол ақпанда өткен баспасөз конференциясында. — Біздің спорт онсыз да жағдайы мәз емес, сонда да үстінен тепкілеп жатыр».
Туризм және спорт министрлігі «Власть» тілшісінің Көксу өзеніне он СЭС салу өңірдегі туризмге қалай әсер етеді деген сұрағына еш жауап берген жоқ.
«Тритон» туристік клубының жетекшісі Салтанат Өтешбаева Көксу өзеніне жыл сайын спортшылар ғана емес, экстрим спортты ұнататын әуесқойлар да барады дейді. Электр станцияларын толтырып салатын болса, өзен туристік тартымдылығынан айырылып қала ма деп қауіптенеді.
«Менде 95 шақырымға созылатын «Көксу өзенінің әуені» деп аталатын бес күндік маршрут бар, маршрут бойында көптеген су сатысы кездеседі. Егер СЭС салынатын болса, кейбір жерінде су бітеледі, кейбір жерінде өзен бетон арналармен ағызылады, кейбір жеріне су толтырылып, сақталады», — дейді Өтешбаева.
Ол, сонымен қатар, су электр станциясы өңірдегі ауыл шаруашылығына әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.
«Кербұлақ ауданында омарташылар өте көп, ал көбелектер мен аралар экологияның өзгерісіне өте сезімтал келеді. Өзен бойындағы көп кәсіпкер қант қызылшасы, майбұршақ, картоп секілді дақылдар егеді. Бір-екі СЭС салынғанның өзінде Көксу өзенінің биоалуандығына біраз кесірі тиеді», — деген уайымын жеткізді ол.
Көксу ауданының әкімдігі «Власть» тілшісіне ауданда ауылшаруашылық дақылдарын өсіретін мың төрт жүзден астам шаруашылық бар, олардың барлығы дерлік егінге Көксу өзенінің суын пайдаланады деп хабарлады.
Ауданда қазір екі СЭС салынып жатыр. «Су электр станцияларын салудың ауыл шаруашылығына кері салдары болады деген болжам жоқ», — деп сендірді сенімде әкімдік.
«Жаңартылатын энергетика объектілеріне арналған учаскелердің экологиялық өлшемшарты жоқ»
Экология департаментінің мәліметі бойынша, жоспарланған жұмыстар туралы өтініш әзірге екі компаниядан келді, атап айтқанда — Рудничный СЭС-1 және СЭС-2 объектілерін салатын «Энергобилдсервис» ЖШС, мемлекеттік сараптама оларға 2017 жылы оң баға беріп қойған еді, сондай-ақ төрт су электр станциясын салып жатқан «Ескельдинская ГЭС» ЖШС. Департамент мәліметінше, ішіндегі біреуіне қоршаған ортаға әсерін бағалау қажет емес, тағы біреуіне — Талапты су электр станциясына департамент осындай бағалау жүргізу керек деген тұжырым берді.
Осы су электр станциясына қатысты ескертпеде жобаға ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің және өңірдің ТЖ департаментінің мақұлдауы қажет деп көрсетілген. Сондай-ақ, экология департаменті СЭС учаскелерінің шекарасы және сауықтыру, реакрациялық, тарихи-мәдени мақсаттағы жерлердің шекарасы және ерекше қорғалатын табиғат аумақтары көрсетілген карта-сызбасын беру керек екенін айтқан.
Жоспарланған басқа су электр станцияларын салуға қатысты құжаттар облыстың экология департаментіне әзірге түскен жоқ.
«Шекарасыз өзендер» қоғамдық қорының директоры Александр Колотов жаңартылатын энергетика бойынша аукцион жеңімпаздарының есебін талдадық дейді.
«Олардың ережесінде жаңартылатын энергетика нысандарына арналған учаскелердің экологиялық өлшемшарты еш жерде көрсетілмеген», — дейді сарапшы. Ол жаңартылатын энергетика нысандары үшін аукционда ойнатылатын учаскелер алдын ала экономикалық бағалануы керек екенін айтты.
«Салынатын барлық нысанның жиынтық әсері әр нысанның жекелей алғандағы әсерінен әлдеқайда көп болады. Бұл туралы ештеңе айтылмаған, бұны ешкім қаперге алмай отыр», — деді Колотов.
Сонымен қатар, ол «Шекарасыз өзендер» қоры екі жарым жыл бойы арнайы карта құрып, оған Орталық Азия өзендерінде орналасқан және жоспарланған бөгеттер туралы мәлімет жинады, сондай-ақ олардың экожүйеге әсері туралы да мәлімет бар. Осы мәліметтердің анализі аймақта биоалуандық үшін керек бағалы учаскелер саны өте аз қалғанын көрсетіп отыр.
Жетісу облысы энергетика басқармасының мәліметі бойынша, былтыр тұтынылған электр энергиясының 38 пайызын ғана облыстың өзі өндірген, қалғаны басқа көздерден сатып алынды. Энергетика министрлігінің жоспары бойынша, облыста 9 өзен бойына қуаты әр түрлі 24 су электр станциясы салынады деп жоспарланып отыр.
«Шекарасыз өзендер» қоры СЭС беретін электр энергиясының өзіндік құны басқа жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) қарағанда жоғары екенін байқаған. ЖЭК бойынша халықаралық агенттік мәліметіне сенсек, жаңартылатын энергия көздерінің біраз түрінде құрылыс және электр энергиясын өндіру құны арзандап жатыр, ал су электр станцияларына қатысты тенденция керісінше: 2010 жылдан бері СЭС салу құны белгіленген қуатының әр киловаты үшін екі еседен көп шамаға өскен.
«Жеке инвесторлардың ешқайсы тәуекел еткісі келмейтіні анық, бәрі де мемлекеттің көмегімен, мемлекеттің субсидиясымен салынып жатыр», — дейді Александр Колотов.
Сарапшы, сондай-ақ, Қазақстан Орхус конвенциясына қол қойғанын атап өтті, бұл құжат барлық мүдделі тараптың пікірі ескерілетініне кепілдік береді.
«Ақпарат құралдарындағы хабарлардан түйгеніміз [Көксуға қатысты], бұл орындалған жоқ. Әлдебір қоғамдық талқы болғаны туралы анықтамалар бар, бірақ ауыр техника келген кезде қағазда көрсетілген тыңдаудың ешқайсы іс жүзінде болмағаны анықталды», — деді ол.
Қоғам белсендісі Андрей Тансари Рудничный су электр станциялары бойынша алғашқы қоғамдық тыңдау 2017 жылы болған деседі, бірақ құрылыс жүргізуші компанияда хаттама жоқ дейді. Оның айтуынша, «Энергобилдсервис» ЖШС өкілі қоғам белсенділеріне сол тыңдауға қатысқан адамдардың тізімін көрсеткен, бірақ тұрғындардың кейбірі құжатқа қол қоймағанын айтып отыр.
Оның айтуынша, тағы бір тыңдау күзде — құрылысқа дайындық басталғаннан кейін экопортал арқылы онлайн өтті. Алайда тыңдау туралы хабарландыру Рудничный мен Көксу тұрғындары жазылмаған газеттерде жарияланды.
Қоғам белсендісінің айтуынша, осыдан кейін билік Рудничный су электр станцияларын таныстырып, олардың артықшылығын айтқан, осы таныстыруды тыңдау ретінде көрсетпек болыпты.
Тансаридің айтуынша, әкімдік СЭС салып жатқан компаниямен келісім жасап, онда компания орындауға тиіс түрлі талаптарды тізіп көрсетті.
«Менің түсінгенім, әкімдік екі кент — Рудничный мен Көксуды дамытуға қатысты өз пайымына сүйеніп тізім құрастырған. Олар тұрғындардың көңілін аулау үшін түрлі нәрсені жазған, бірақ [құрылыс жүргізуші компаниялар] бұның бәрін орындайтынын жоққа шығарып отыр. Яғни тұрғындарға орындалмайтын нәрселер айтылған болып тұр, — дейді қоғам белсендісі. — Тұрғындарды да түсінуге болады: оларға жұмыс, спортзал, мәдениет үйі, инфрақұрылым, балалар алаңы болады деп уәде берді. Бұндайды кім қаламасын? Бірақ бұның бәрін жүзеге асырайын деп отырған ешкім жоқ».
Поддержите журналистику, которой доверяют.