«Ештеңені түсінбестен, сезбестен, жыламастан, қиналмай көз жұмды деп сенемін. Сол ғана жұбаныш. Оның енді жоқ екеніне бірден көндім, өйткені басқа амал жоқ», — деп жазған көлік апатынан көз жұмған 5 жастағы қыздың анасы. Бұл «Жад жолы» атты зерттеу мен партиципаторлық көрмеге жақынын жоғалтқандары туралы оқиғасын бөліскен 472 адамның бірі.
Осы оқиғалардың бір бөлігі Алматыда ашылған көрменің негізі болды. Көрмені сторителлер Дастан Аққожа мен суретші Мөлдір Қарубайқызы жасады.
Көрме
«Қайғысын бөліскен әрбір адамның оқиғасын жүректен өткізіп, таныса аласыздар деп ойлаймын. Бүгін мен осы бір қорғансыз күй қауіпсіз ортада болады деп күтемін», — деп көрмені Дастан Аққожа ашты.
Оның артында көрме қонақтарының үстінде қалықтап тұрған 17 метрлік ақ мата ілулі тұр. Матаның бетінде түрлі формадағы құрақ бейнеленген. Бұл құрақтарды көрме авторлары жүздеген адамнан жиналған марқұмдар жайлы естелікке сүйене отырып құраған.
«Қазақта қайтқан адамның затын сақтайтын тәжірибе бар. Біз соған бір форма берсек дедік. Адамдарға қайғысын валидация ете алатын кеңістік берсек деп ойластырғанбыз. Сондықтан қазақтың құрағын антропологиялық жағынан зерттедік. Көбі қазір білмейді, бірақ десе де, құрақ көрпе біреудің тойынан, не асынан алынған жыртыс матадан құралады», — деді Аққожа.
Зерттеу аясында оқиғасын бөліскен әр адам қайтқан жақынын сипаттап, кейбірі мата, киім-кешегін берді.
«Біз соған негіздей отырып, құрақтарды тіктік. Бізге әжелер туралы көп оқиға түсті, олардың бәрін тұмар формасында бердік. Қорғанымыз болып, көмектесіп жүретін адамдар», — деп түсіндірді ол.
Көрменің түпкі жағында әртүрлі пішін мен түстегі маталар «ағып жатқандай» әсер қалдыратын ашық сандық тұр. Бұл сандық көрме авторы Мөлдір Қарубайқызының ата-анасына тиесілі болған.
Сандыққа қарама-қарсы беттегі экспонат — «шағылыс» деп аталатын айна.
«Құрақ формасындағы айнаға қарасаңыз, «Жады жолын» және өзіңізді көре аласыз. Одан қорқудын қажеті жоқ, себебі біз күндердің бір күнінде біреудің құрағы болып қаламыз деген месседж», — деп түсіндірді Аққожа.
Көрме аясында Telegram арнаға өтетін QR код қойылған. Онда авторларға келіп түскен адамдар оқиғасы екі тілде жарияланған.
«Сол түні жақсы ұйықтадым, тырп етпей... Таңертең бейтаныс біреу есігімді қақты. Бірден ояндым. Ештеңе естімесем де, бәрін түсіндім. Не үшін тұрамын енді деп ойладым... Бірнеше минуттан кейін бөле ағам кіріп, мені құшақтап «Кеттік» деді... Сол бірнеше минутты ешқашан ұмытпаймын. Өмірім бір сәтте бос сияқты болып қалды. Адам емес, робот сияқты болып кеттім», — деп анасы өзіне қол жұмсаған адам қайғысын бөліскен.
«Өлім туралы айту керек, іштегіні шығару керек»
Суретші Мөлдір Қарубайқызы көрме идеясы былтыр қарашада Дастан Аққожамен Таразда өткен іс-шарадан қайтып бара жатқанда туындады дейді.
«Дастан киген шапанның арқасынан құрақты көрдім. Құрақтағы мата бала кезіндегі жөргектен жасалған екен. Сол кезде Дастан мырзаға бұдан мықты концепт тудыра аласыз, көрме жасап көруге болады дедім. Себебі әдетте көрмеде суретшілерге концепт жетіспей жатады. Суреттер бар, бірақ концептісі жоқ», — деді ол.
Бұл уақытта Дастан Аққожа да әкесінің дүниеден өткеніне жеті жыл болғанына байланысты ол кісі туралы естеліктерін айтып, бір туынды жасағысы келіп жүрген екен. Кейін бірнеше ай бойы Мөлдір мен Дастан мұны қандай формада беретінін ойлай бастаған.
Көрмеге дайындық жасап жатқанда бір жыл бұрын қатерлі ісікке шалдыққан Қарубайқызының анасы қайтыс болып, қайғыға душар болады.
«Осы көрмені жасау бір жағынан ауыр болды, бірақ мен анамның қайтқанына 100 күн өткеніне жасайық деп келістім», — дейді суретші.
Кейін авторлар адамдар естелігін жинай бастаған, бірнеше күннің ішінде 460 адамнан жауап келген. Суретші мұнша адамның оқиғасын бірден бөліскені, бұл тақырып олардың ішкі жарасы екенін, ол туралы үнемі кімге айтатыныңды іздеп тұрасың деп топшылады.
Суретші көрме арқылы адамдар бір-бірімен сөйлесіп, рефлексия жасап, іштегі жарасын шығаруға келеді деп үміттенеді.
«Анамның қырқын өткізгенге дейін қасымызда туыстарымыз жүрді. Олар жанымызда болғанда оңай болды, өйткені ішіңдегіні шығарасың, жылап аласың. Ал ешкім жоқ кезде, жападан жалғыз қалғанда, ең ауыры сол болады», — дейді ол.
«Соңғы құшақ»
Төбеде ілінген 17 метрлік ақ матаның қабырға жағында құшақтаған адам кейпіндегі матадан тігілген экспонат тұр. Оның жанында шапан пішінінде жасалған басқа да костюмдер қойылған.
Көрме авторлары бұл жұмысты «Соңғы құшақ» деп атап, көрмеге келгендерге оны ұстап көруге, киіп көруге, сезінуге шақырды.
«Кейбіріміз қайтқан адамды соңғы рет құшақтап үлгермей қаламыз. Мен анамды құшақтап үлгермедім, қалада жүргенімде қайтыс болып кетті. Ол құшақ ұмытыла бастайды ғой. Басында қатты болады, одан кейін ортасы кішкене ауырлау, одан кейін ол азая бастайтынын көрсеткіміз келді», — деді Қарубайқызы.
«Жады жолына» ол марқұм анасының образын моншақтары қадалған қызыл түсті дөңгелек формада берген.
Бұл Қарубайқызы жасап отырған алғашқы көрме емес. Алдыңғы «Тамыр» жобасында ол ұлттық тамырымызға үңілуге шақырған. Ал «Жеті апа» атты жұмысын шежіреде тек ер адамдардың есімі көрсетілетінін айтып, есімі ұмыт қалған әжелерге арнаған.
Заманауи концептуал өнерге суретші 2023 жылы ғана келген. Оған дейін кенепке сурет салатын. Өзінің айтуынша, оны матамен жұмыс істеуге тартқан нәрсе — матаның қолмен ұстауға, сезінуге болатын жұмсақ әрі тактиль табиғаты.
«Көбіне апам мен анамның жанында жүріп көргеннен кейін, мата өте жылы сезіледі. Әрі бұл біздің халықтың өнерін жалғастыру болып елестейді. Қазір көбіне текстильмен жұмыс істеймін», — дейді ол.
Алайда оның айтуынша, осы жолы матамен жұмыс істеу оңай болмаған. Құрақтың кішкентай бір бөлшегі үшін бір метр мата алуға тура келген. Бірақ болашақта авторлар матаны адамдардан жинап, «Жады жолын» жалғастырғысы келеді.
«Бізде өлім және қайғы — табу тақырып»
«Қандай да бір қорытындыға келдім деп айту қиын. Зерттеу аясында ойға келген біраз тезис бар. Көп жағдайда естелік сақтайтын әйелдер болып шықты. Сондай-ақ, адамдардың естелік сақтау формалары ерекше екен. 200-ге жуық естелікті ғана бейнелей алдық, себебі адамдар образды емес, тек ол адамнан қалған әсерді жаттап қалады екен. Күлкісі ашық болатын, мейірімді болған деген секілді айтады, бірақ үстіндегі киімі, дауысы, иісін сипаттай алмайды», — деп ойын бөлісті Аққожа.
Оның айтуынша, түрлі жастағы адамдар оқиғаларын айтқан соң, оған сай маталарды табу қиын болған.
«Қазақ тілінде маталардың атауы уақыт өте келе өзгерген екен. Апалардан сұрап жүріп, кей матаны әрең таптық. Бұрын ата-әжелеріміздің заттарын сақтау оңай болса, бүгін қиын екен. Бұрын әшекейлерін, көрпешелерін сақтаса, қазір қолдан жасалған бұйымдар аз. Адамдар капитализм аясында көп зат тұтынған кесірінен, ұзақтап қалдыратын зат та жоқ», — дейді көрме авторы.
Аққожа анкетаны толтырған көп адам үшін бұл сезімін бөліскен алғашқы тәжірибе болғанын айтады. Себебі қоғамда бұл тақырыпты айту көбіне табу болып есептеледі.
Аққожаның айтуынша, мұндай тақырыптағы көрмені ұйымдастыруға бизнес тарапынан қолдау табу қиын.
«Көп адам бізге жоқ деді, себебі позитив жарнама болғанын қалаймыз деді. Біздің түсінігімізде бұл негатив нәрсе емес, бұл бар нәрсе. Қаражат бойынша Арайлым Назар және оның Taza эко-бренді көмектесті. Ол кісі көмектесуге бірден келісті. Сосын жер іздей бастадық. Алматыда, өкінішке қарай, арт кеңістіктердің жағдайы қиын. Одан кейін, бізге негізгі инсталляция төбеде ілінуі маңызды болды, себебі сол арқылы адамдар естелігі әрдайым біздің жанымызда екенін көрсеткіміз келді. Ондай жерлерді табу қиын. Almaty Gallery осы кеңістікті бергеніне қуаныштымыз», — дейді ол.
Көрме Алматыдағы Almaty Galery кеңістігінде 29 шілдеге дейін жалғасады. Авторлардың айтуынша, олар көрмені Қазақстанның басқа қалаларына да апаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жақында көрме аясында жиналған 472 марқұм жайлы оқиғаға негізделген зерттеу нәтижесін таныстыру жоспарланып отыр.
Поддержите журналистику, которой доверяют.