14765
12 октября 2021
Юна Коростелева, иллюстрациялар Мария Аманжолованыкі, фотолар Юна Коростелеваныкі. Басты беттегі сурет – Christopher Herwig

COVID–19 және жоспарлы егу

Пандемия туберкулездің, қызылшаның және полиомиелиттің жаңа дүмпуіне алып келуі мүмкін бе?

COVID–19 және жоспарлы егу

Ақтөбелік Индира Бекмұханбетова дәл пандемияның алдында – 2020 жылы 19 ақпанда босанғандықтан, баласы перзентханада салынатын жоспарлы екпелерді ғана (BCG мен В гепатитіне қарсы – V анықтамасы) алып үлгерген. Наурызда карантин басталғанда Индира мен баласы үйден 14-ші мамырға дейін шыға алмады. Маусымда Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар саны арта бастады. Ауруханалар ковидке арналған госпитальдерге айналып, науқастар қайтыс болып жатқанда медициналық мекемелерге ретсіз бара беру де қорқынышты еді. Жағдай оңала салысымен Индира карантин аяқталғанға дейін екпе алмаймын деп уақытша бас тарту жазып береді. Қазір баласы бір жас, үш айға толды. Бала перзентханадағы екпелерден басқа жоспарлы екпе алмаған.

Мұндай оқиғалар аз емес және бұл бүкіл әлемде орын алып жатты. 2021 жылдың сәуірінде ең көп рецензияланатын ғылыми журналдардың бірі Nature COVID-19 басқа қауіпті аурулармен күресуге қалай кедергі келтіргені туралы мақала жариялады. Жоспарлы егуді тоқтату, екпе жеткізудегі кідіру, ауруханада коронавирус жұқтырып алудан қорқып, екпелерден уақытша бас тарту – мұның бәрі уақыт өте келе үлкен індетке алып баруы мүмкін. Мақала авторы Лесли Робертс ықтимал мәселені бірнеше қауіпті инфекция мысалында талдаған. Ал біз халықаралық эпиджағдайды Қазақстандағы жайтармен салыстырайық деп шештік. Сондай-ақ материал соңында баласы карантин кезінде егуді өткізіп алған ата-аналарға арнап күнтізбені қуып жету бойынша жадынама дайындадық.

Туберкулез мен BCG

Туберкулезден жыл сайын 1,4 миллион адам қайтыс болады. Nature туберкулездің жаңа дүмпуінен болуы мүмкін қауіпті Үндістанның мысалында түсіндіреді. Ол жақта 2020 жылы наурызда карантин шаралары (оқшаулану) енгізілгеннен кейін, туберкулездің жаңа жағдайларын анықтау бір айдың ішінде 70%-ға түсіп кеткен. Үндістан бұл ауру туралы деректерді нақты уақыт режимінде жинайтын әлемдегі жалғыз ел екенін ескерсек, бұл – қорқынышты дерек.

Осы инфекциямен күресу үшін құрылған «Остановить туберкулез» серіктестігі де мұндай статистикаға үреймен қарайды. Серіктестіктің атқарушы директоры Люцика Дитиу Ұндістан да басқа елдер сияқты барлық медициналық ресурсын COVID-19-бен күрес үшін жұмсап жатқандықтан, туберкулез жағдайлары анықталмай, науқастар тиісті ем ала алмай жатқанына алаңдайды. Ол туберкулез бойынша статистика өсе береді деп болжайды. Өйткені ауру тығыз қарым-қатынас кезінде тарай алады (мысалы, үйде немесе түрмеде) және мұндай жағдайда әлеуметтік арақашықтық көмектеспеуі мүмкін.

Дитиудің болжамы расталды. 2021 жылы наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлемде туберкулезге қарсы ем алып жатқан науқастардың саны бір миллионнан көпке қысқарғанын, яғни аурумен күрес он немесе одан да көп жылға кейінге шегерілгенін хабарлады. ДДСҰ есебінше, былтыр туберкулезден қайтыс болғандар саны әдеттегіден шамамен 500 000-ға көп болу мүмкін.

Фото авторы: Mat Napo

Қазақстанда пандемияға байланысты жоспарлы егуді тоқтатудан бөлек туберкулезге қарсы екпе – BCG-ге қатысты тағы бір мәселе болған еді.

2019 жылы өндіруші екпесін қайтарып алып, 28-тамыз бен 23-қыркүйек аралығында туған қазақстандық балалар перзентханада BCG екпесін салдыра алмады. Аида Штуньнің қызы дәл осы егу тоқтаған аралықта дүниеге келген.

Аиданың отбасы Алматыда тұрады, екі баласы бар: ұлы 2003 жылы, қызы 2019 жылы туған. Үлкен ұлына екпені кесте бойынша салған. Ал кесетені тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген ауруханадағы педиатр ұсынған. Қазір Аида ұлы мен қызының егу құжатын салыстырып, үлкен ұлына кейбір екпелерді жеткізбегенін байқап жүр. Ал 2003 жылы екпе тура сенімді ақпарат алу мүмкін болмаған.

Келіншек қызын жекеменшік клиникада босанған. Жоспарлы қаралуға келгенде дәрігерлер оны шұғыл кесар тілігін жасатуға жібереді. Аида наркоздан айыға салысымен дәрігерлер одан BCG мен В гепатитіне қарсы екпе салуға рұқсат сұрайды. Бірақ кейін BCG-дің аурухада ғана емес, бүкіл қалада жоқ екенін, сондықтан екпені ата-аналар өз бетінше салуға тура келетінін айтқан.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің Vласть сауалына берген жауабына сәйкес, 2019 жылы 28-тамызда туберкулезге қарсы «Japan BCG Laboratory» екпесін өндіруші қайтарып алуына байланысты «қолда бар барлық BCG екпесін қолдану тоқтатылған». Бірақ сол жылы 23-қыркүйекте, ДДСҰ бұған дейін тиелген барлық екпе сапасы ұлттық реттеуші орган талаптарына сай келетіні туралы ресми ақпарат берген соң, екпе қайта қолданыла бастады.

Фото авторы – Mufid Majnun

Министрліктің дерегінше 2019 жылы 345 776 бала перзентханада, 39 336 бала перзентханадан шыққаннан кейінгі бөлімшеде екпе салдырған. Жалпы екпемен қамту 97%. 2020 жылы туберкулез жұқтырып ресми тіркелген науқастардың саны былтырғымен салыстырғанда шамамен 2000 адамға аз болған. Бірақ 2021 жылдың басынан бері статистика өсіп келеді: небәрі 4 ай ішінде анықталған науқас саны карантинге дейінгі жыл көрсеткішінің төрттен бірінен көп.

2019 жылы – 8 436, 2020 жылы – 6 685, ал 2021 жылдың алғашқы 4 айында 2 415 туберкулез жағдайы тіркелген. Бұл маусымдық арту ма, әлде карантиннен кейін диагностиканың жақсарғаны ма, белгісіз. Нақтысы 2021 жылдың аяғындағы деректерден білеміз.

Енді Аиданың оқиғасына оралайық. Әйтеуір қызына BCG салдырған соң невропатолог оларға 8 айға дейінгі екпелер бойынша қарсы көрсетілім береді. Сөйтіп қызы құрамында АжКДС бар бірінші екпені 2020 жылдың мамырында ғана, 9 айға толғанда салдырады. Жазда олар отбасымен коронавируспен ауырады. Балалар да ауырған. Ал тамыздың аяғында, бір жасқа таяған кезде қызылша, паротит қызамыққа қарсы (ҚПҚ – V анықтамасы) екпе салдырады. Содан бері Аида құрамында АжКДС бар қалған екпелерді салдырғысы келіп жүр, бірақ үйінде үнемі біреу ауырып қалады екен. Ал егу кестесін жалпылама түсінуге қатысты ол былай дейді: «Қай кезде қандай екпе салу керек екенін білу үшін егу бөлмесіне барып, көңіліме сенім ұялатқан дәрігермен сөйлестім. Қай кезде нені салуды сол ғана дұрыстап түсіндіре алды. Дәрігер бірінші қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе салдырып, содан кейін бір ай өткенде ғана екінші АКДС салу керек екенін айтты. Ал педиатріміз бір апта өте салысымен хабарласып, дереу АКДС салу керек деген».

Министрлік COVID-19 пандемиясы кезінде профилактикалық егу жүргізу және ұйымдастыру бойынша арнайы алгоритм әзірлеген. Ол жақта екпелер арасындағы интервалға қатысты ұсыныстар бар: екпенің келесі дозасын барынша тезірек алған жөн. Тірі екпелердің арасындағы интервал төрт аптадан кем болмауы керек. Ал тірі және инактивті екпелердің арасында интервал сақталмайды». Бұл ұсыныстарға қарап, учаскелік дәрігер дұрыс айтқанын көруге болады: ҚПҚ салғаннан кейін бір аптадан соң АжКДС ексе бекітілген мерзім бұзылмас еді. Екпелердің біреуі инактивті болғандықтан (тірі емес), бұл екеуін бір күнде де салуға болады.

Сондай-ақ алгоритмде коронавирус инфекциясымен ауырған және COVID-19 жұқтырғандармен байланыста болған науқастарға екпе салуға қатысты белгілі медициналық қарсы көрсетілім жоқ екені жазылған. Сондай-ақ егу кезінде балаларға коронавирус инфекциясы жұғу қаупі артатыны туралы немесе оның ауру ағымына әсері туралы деректер де жоқ. Коронавируспен ауырған және науқаспен байланыста болғандар иммундауды өзгеріссіз, бірақ екпе салдыруға келген басқа адамдардан бөлек өтеді.

Қазақстанда BCG екпесін балаға өмірінің алғашқы күндерінде, перзентханада, кейін 6 жасында – мектепке барарда салады. Екеуінде де 2021 жылы Serum Institute of India Pvt. Ltd шығаратын екпе қолданылады. Бұл өндіруші туралы «Екпе» жобасының алғашқы материалдарының бірінде жазғанбыз. Ұлттық егу күнтізбесінде BCG неліктен сонша ерте тұрғанын алдағы материалдарымыздың бірінде айтамыз.

Қызылша мен ҚПҚ

Бұған дейін айтқан Nature журналындағы, COVID-19 басқа қауіпті аурулармен күресуге қалай кедергі келтіргені туралы туралы мақалада 2019 жылғы қызылша індеті аталады. Сол кезде әлемде тіркелген қызылша жағдайларының саны 870 000-ға дейін өсті, 210 000-ға жуық өлім жағдайы тіркелді. Әсіресе ерте жастағы балалардың арасында өлім-жітім көп болды. Бұл он жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш еді. Қазақстан сол жылы қызылшамен ауру деңгейі ең жоғары он елдің қатарына кірді. Ресми дерек бойынша ол кезде 13 326 қазақстандық қызылша жұқтырып, солардың ішінде 19 бала мен 3 ересек асқынудан қайтыс болған. Біз жобаның алғашқы материалдарының бірінде баласы қызылшаны ауыр өткерген отбасылардың оқиғасы мен індетке себеп болған елдегі алғышарттар туралы жазып, бұл тақырыпты толық талдағанбыз.

Статистиканы ұсынған Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті

Халықаралық жағдайға қайта оралайық: 2020 жылдың наурызында ДДСҰ елдерге COVID-19 таралуын азайту бойынша тиімді шараларды іздеу кезінде барлық жаппай егу кампанияларын уақытша тоқтата тұруға кеңес берді. Сәуірге қарай көп мемлекет жаппай егу ғана емес жоспарлы егу кампанияларын да тоқтатты немесе кейінге қалдырды. Бірақ ДДСҰ наурыздың аяғында-ақ пандемия кезінде халықты иммундау бойынша бірінші ұсыныстарын жариялаған еді. 2020 жылдың мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы егуді қауіпсіз қайта бастау бойынша толыққанды нұсқаулық шығарды. Дегенмен содан бері бір жыл өтсе де жоспарлы егуге әлі 24 мемлекет қайта оралған жоқ.

Қазақстанда жоспарлы егу 2020 жылдың 11 мамырында, екі айдай мерзімге созылған төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін қайта басталды. Бұған дейін айтқанымыздай, пандемия кезінде профилактикалық екпелерді егу бойынша арнайы алгоритм әзірленді. Өткізіп алған екпелердің орнын толтыру үшін жүргізілетін егудегі басым топ – жоспарлы егуді жіберіп алған бір жасқа дейінгі балалар. Бірақ әдеттегідей, іс жүзіндегі нәтиже жоспардағымен сәйкес келе бермейді. Индира Бекмұханбетованың оқиғасы соған дәлел.

2020 жылы ресми статистика бойынша медициналық қарсы көрсетілім саны шамамен 40 000-ға артқан. Бұған дейінгі жылдары бұл көрсеткіш 10 000 айналасында болатын.

Индира не істеу керегін, егу кестесін қалай қуып жететінін білмейді: «Әзірге балам көп ауырмайды. Үлкеніме барлық екпені жоспар бойынша салғыздым, бірақ әлі де пандемияның кесірінен баланы ауруханаға апаруға қорқамын. Қазір Ақтөбе сары аймаққа енді, сондықтан келесі аптада баламды анализ тапсыруға алып баратын шығармын. Оның гемоглобині төмен және атопиялық дерматиті бар. Десе де бәрібір екпе салу керегін түсінемін».

Жалған медициналық қарсы көрсетілімдер туралы материалымызда екпелерге қойылатын қарсы көрсетілімдер туралы жазғанбыз. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ауыр анемия кезінде және гемоглобин 70 к/л-дан төмен болғанда егуге уақытша қарсы көрсетілім қояды. Егер гемоглобин бұдан жоғары болса, екпені кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Қазіргі балалардың көбінде анықталып жатқан атопиялық дерматиттің жайы да осыған ұқсас. Біз бұл сұрақты атопиялық дерматит, ақуызға аллергия және ҚПҚ екпесі (қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе – V анықтамасы) туралы материалда талдағанбыз.

Қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе кесте бойынша бір және 6 жаста салынады. Екеуінде де «SERUM institute of INDIA» компаниясының екпесі қолданылады.

«COVID-19 пандемиясы кезінде профилактикалық егу жұмыстарын жүргізу және ұйымдастыру бойынша алгоритмдегі» ауруханалар мен емханаларға арналған жалпы ұсыныстар мыналар: карантин кезінде екпе салғыза алмаған және жасы бойынша екпе алу керек барлық азаматтар тізімін жасау. Оларды егуге алдын ала шақыру. Ауруханаға келушілердің барлығы маска тағып, арақашықтық сақтауға тиіс. Екпе жақсы желдетенетін, арнайы бөлмеде салынып, екпе салдырған балалар мен олардың қасына еріп келген үлкендер дәрігердің бақылауында жарты сағат отыра алуы керек. Баланың қасына бір ғана кісі еріп келе алады.

Полиомиелит пен АКДС

Тек Қазақстан емес, басқа елдер үшін де өте қатерлі ықтимал жайттардың бірі – полиомиелиттің оралу қаупі. Өйткені құрамында АжКДС бар заманауи екпелер көкжөтел, дифтерия және сіреспеден ғана қорғап қоймайды. Жоспар бойынша қазақстандық балаларға екі айлығында салынатын екпенің құрамында алты түрлі инфекцияға қарсы компонент бар: көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В гепатиті, полиомиелит және b типіндегі гемофильді таяқша. Біз бұл екпені алдыңғы материалымызда толық талдағанбыз. Сәйкесінше кестеден қалып қойған бала қауіпті асқынуға ұласуы мүмкін алты бірдей аурудан қорғаныссыз қалады.

2021 жылдың наурызында ДДСҰ Тәжікстандағы полиомиелит індеті туралы хабарлаған соң, бұл вирустық ауру туралы жеке материал дайындағанбыз. Бұған дейінгі жылдары полиомиелит ресми түрде Ауғанстан мен Пәкістанда ғана тіркелетін. Ал Тәжікстандағы індетке 2016-2018 жылдар аралығындағы инактивті екпе жеткізудегі мәселелер себеп болған. Ол жақта полиомиелиттің салданған формасымен ауырған адамдар 2020 жылдың соңында тіркеле бастады.

2020 жылы пандемия кезінде екпе жеткізу мәселесі туралы ресми сауал жолдағанымызда ҚР денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен СҚ-Фармациядан екі түрлі жауап алдық. Алғашқысы антирабиялық иммуноглобулиннен басқа жеткізуде ешқандай мәселе болмады дейді. Бірақ СҚ-Фармация кейбір қиындықтар болғанын мойындайды. Мемлекеттік ауруханаларда екпе жетіспеген жайттарды таба алмадық, дегенмен жекеменшік клиникаларда мұндай оқиғалар болған. Үшінші кейіпкеріміз – Маржан Жарқанбаеваның оқиғасы соған дәлел.

«Қызым 2019 жылы күзде дүниеге келді. Бірінші екпемізді алғанға дейін бұл тақырыпта көп нәрсе оқып, балама екпе салдыруға бекініп қойғанмын. Алматыдағы №2 ауруханада тіркеуде тұрдық. Бірінші рет патронаж мейірбекесі келгенде, ол бірден бізді ешкім екпе салуға шақырмайтынын және ненің қалай жүретінін өз бетімізше сұрастырып-білуге тура келетінін жеткізді. Сөйтіп балам екеуміз кабинет жағалап, сұрастыра бастағанымызда дәрігерлер жетіспейтінін түсіндік. Мысалы, невропотолог аптасына бір-ақ рет, оның өзінде бірер сағатқа келеді. Ал кезекте тұрған балалар көп. Терапевт тіпті бір сағатта бір ғана адам қабылдайды екен. Сол күйі егуге дейін жете алмадық.

Пандемия басталғанда жұбайым екеуміз сақтық үшін қызымызды жекеменшік клиникаларға апара бастадық. Ол жақта кезекпен еш қиындық болмады. Тіпті алғашқы екі АжКДС екпесі мен бір Превенар (пневмококк инфекциясына қарсы екпе – V анықтамасы) салғыздық. Кейінірек АжКДС жеткізумен кідірістер болып, бір жылдан аса уақыт – 2020 жылдың желтоқсанына дейін күтуімізге тура келді. Жекеменшік клиникада бізге егу күнтізбесін қуып жетуге арналған арнайы кесте жасап берген, бірақ ол аруханада дәрігерлер коронавируспен ауыра бастаған соң тағы да күте тұрайық дедік. Жақында баламды басқа емханаға тіркедім. Солай қызым бір жарым жасында үшінші АжКДС-ін салдырды».

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бір жарым жаста балада құрамында АжКДС компоненті бар төрт екпе болуы керек. Сондай-ақ бала бұл жаста ҚПҚ екпесін, пневмококк екпесінің үш дозасын және инактивті екпеден кейін ғана қолданылатын полиемиелитке қарсы оралды екпе алу керек.

Жеке практика клиникаларында егу жұмыстары қалай жүріп жатқанын материалымыздың медициналық кеңесшісі – IMC клиникасында отбасы дәрігері Ирина Шинкаренкодан сұрап көрдік:

«Наурызда медициналық орталықты жауып, онлайн қызмет көрсетуге көштік. Мамырда қайта ашылуға рұқсат берді, бірақ консультациялардың басым көпшілігі онлайн-режимде өте берді. Десе де офлайн-консультациялар да болатын. Қазақстанда бір жақсысы – емханалар мен жекеменшік ауруханаларда егу жұмыстарын маусымнан не шілдеден бастап қайта жүргізе бастады. Ал АҚШ-та әлі күнге дейін клиникалардың бәрі бірдей офлайн-режимге өткен жоқ.

Қазір медициналық мекемелерде карантин алынып, егу жұмыстары қайта басталған соң, баласы жоспарлы тексеріс пен егуді өткізіп алған ата-аналарды көріп жүрміз. Олар қуып жетуге арналған кесте құрып беруімізді сұрайды. Олардың ішінде егуден жарты-бір жылға қалып қойған балалар да бар.

Ауру саны артқан кезде екпе алу үшін медициналық мекемелерге бармай күту қаншалықты ақталады? Медициналық мекемеге қай кезде барсаңыз да өзіңізді қауіпке тігесіз. Мұнда сау адамдар сирек келеді. Әдетте бала екпе салған соң екі күннен кейін ауырып қалып жатады. Көп жағдайда бұл екпеден кейінгі асқыну емес, бала ауруханада жұқтырып алған бір ауру. Мысалы, маусымда пандемия ушыққан кезде маған қаралып жүрген ата-аналарға егуді кейінге ысыра тұруға кеңес бердім. Өйткені коронавируспен ауырып жатқандар көп еді. Ал қазір жағдай жаман емес, барлық нормалар сақталса, ауру жұқтыру қаупі мүлде төмен. Гигиена сақтау маңызды: өзіңіздің қолыңызды, балаңыздың қолын жуыңыз немесе антисептикпен сүртіңіз, клиникада барынша аз уақыт өткізіңіз, мүмкін болса сыртта күте тұрыңыз.

Егу бөлмесі

Коронавирус, тұмау және басқа да инфекциялар

Биыл тұмау бойынша өте жағымсыз жағдайды болжағанбыз. Коронавирустың қасына тағы тұмау қосылса тіптен қиын болады деп ойладық. Бірақ биыл тұмау бойынша статистика керісінше нөлде болды. Тұмауға қарсы егу COVID-19 тұсында жайсыз жағдайда жүргеніне қарамастан көрсеткіш осындай болды. Негізі Қазақстанға тұмауға қарсы екпенің бірнеше түрі әкелінеді (Инфлювак, Инфлювак Тетра, Гриппол, Ваксигрипп), бірақ биыл емханалар тек ресейлік «Грипполды» ғана сатып алды. Ал «Инфлювак» бәріне бірдей жеткен жоқ, тек сақтандыру қызметін көрсететін шектеулі ірі медорталықтарға ғана үлесті. Халық «Грипполға» аса қатты сенбейтіндіктен, ем алушыларымыздың көбі тіпті иммундаудан бас тартты. Десе де, биыл тұмауды мүлде көрмедік. Бізді таңқалдыратыны осы. Тіпті қарапайым ЖРВИ-мен ауыру азайғананын байқап отырмыз. Әлемдегі теңдессіз жайт – халық шынымен қолын жуып, бетперде тағып, бөлмесін желдете бастады. Барлық инфекция ұжымда тарайтындықтан балабақшалар мен мектептердің жабылуы да өз септігін тигізді. Тура коронавирус пандемиясының алдында бізде қызылша індеті болған. Оны кішкене жамап, ауқымын азайтуға тырысты, бірақ ауруханалар тола еді, науқастар көп болды. Коронавирус шыға салысымен қызылша жағдайы дереу оңалды. Бірақ пандемия кезінде екпе алмаған кісілер, егуден сол күйі өтпейтін болса, бұл жайт алдағы уақытта екпемен алдын алуға болатын аурулар індетіне ұласуы мүмкін. Әзірге жағдай бірқалыпты, бірақ бәрін уақыт көрсетеді.

Ал BCG туберкулездің ауыр формаларымен ауру қаупін азайтады.

Туберкулез – қоғамдық маңызы бар ауру болғандықтан, аурудың алдын алу мен емдеуге қатысты бар жүкті мемлекет өз мойнына алған және анықтау мен егу жағдайын ойдағыдай бақылап келеді. Егер BCG-ны жеткізумен қиындықтар туындаса (мысалы, 2019 жылы жапон өндірушісі екпесін қайтарып алғандай), әдетте, дәрігерлер қорғалмаған балалардың айналасында қауіпсіз орта қалыптасуын қадағалайды: тығыз байланыстағы кісілерді анықтайды, оқшаулайды, ем көрсетеді. Бізде флюорографияны барлық жерде жіті бақылайды, міндетті түрде соны талап етеді. Дей тұрғанмен, бұл шаралардың қаншалықты тиімді, тиімсіз болғанын уақыт көрсетеді. Мұның бәрі статистикада көрініп тұрады.

Егуді кейінге қалдыру несімен қауіпті?

Баланың жасы кіші болған сайын, оның денсаулығы да әлсіз болады. Сондықтан көп екпе бір жасқа дейін салынады. Нәресте енді ғана дүниеге келгенде онда анасының антиденелері болады. Алғашқы айларда баланы қорғайтын осылар. Белгілі бір жаста бұл қорғаныс таусылып, бала кез келген инфекцияны ауыр өткере бастайды. Туған кезде, әдетте, перзентханада балаға BCG мен В гепатитіне қарсы екпе салады. Қалғандарын 2 айдан бастап салғызады. Біздің мақсатымыз – балада барынша тез арада қорғаныс қалыптастыру.

Егу күнтізбесін жайдан-жай құрастырмайды. Оны жасау барысында ағза «жауын» ұзақ уақытқа жақсылап жаттап алу үшін иммунды жауап қарқыны мен қанша уақытқа созылатыны, бустер мен қайта егу қажеттілігі зерттеледі. Иммунды жауап қарқыны ағзаның өзіндік ерекшеліктеріне, сондай-ақ жасқа да байланысты. Кейбір екпелер жасы үлкен балаларға қалай әсер ететіні мүлде белгісіз (мысалы, «Гексаксим» аннотациясында дәл осылай – 24 айдан асқан балаларға екпе қалай әсер ететіні зерттелмеді деп жазылған). Яғни егу еш жанама әсерсіз өтіп, кестенің жылжуы жайсыз жайттарға әкеліп соқпаса да, бұл екпенің иммуногендігі (Антигеннің ағза ерекшеліктеріне қарамастан иммунды жауап шақыра алатын қабілеті – V анықтамасы) зақымдалуына әкеліп соғуы мүмкін. Мұнымен қоса иммундау шарасын созғанның кесірінен ата-ана баласына қажет екпелерді салып үлгермеуі мүмкін. Әдеттегі оқиға желісі былай жүреді: бір ана келеді де: «Балама бір күнде бірнеше екпе салады екен. Осыған алаңдап отырмын. Сол үшін қазір «Гексуді», сосын «Превенарды» келесі аптада, ал ҚПҚ-ны одан кейінгі апта салармыз», – дейді. Сөйтіп жүргенде осы аралықтың бірінде бала ауырып қалады, кейін інісіне жұқтырады, кейін жұмыс үйіледі, сосын жазғылыс демалыс дейміз, ақыры бала екпе ала алмай қалады. Тиісінше баланың қауіпті инфекцияларға қорғанысы болмайды. Бірақ бұл екпелердің бәрін бір күнде салса, иммунды жүйеге ешқандай жүк түспейді. Көп ата-ананың қорқатыны да осы ғой».

Қорытынды

№2295 Қаулыда бекітілгендей, жасөспірімдер мен балаларды профилактикалық егумен уақытылы оңтайлы қамту деңгейі 95%-дан кем болмауы керек. 2020 жылы профилактикалық екпелермен жалпы қамту деңгейі 90,2%, яғни оңтайлы деңгейден төмен болды. Жекелеген екпелер бойынша көрсеткіш (мысалы, ҚПҚ бойынша) бұдан да төмен. Мұның бәрі бізді көбі үміт артып үйреніп қалған тиісті ұжымдық иммунитет деңгейінен алыстата бермек. Егер сіздің де балаларыңыз карантин кезінде жоспарлы егуді жіберіп алса және егу күнтізбесін қуып жетуді ойлап жүрсеңіз арнайы сіз үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құжаттарына сүйеніп дайындаған жадынамамызды ұсынамыз.

Материалды дайындау барысында мына дереккөздерді қолдандық:

Мақала «COVID-19 басқа қауіпті аурулармен күреске кедергі келдіріп жатыр ма?

"Қазақстан Республикасы халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы "Қазақстан Республикасы мемлекеттік Бас санитария дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 67 қаулысымен бекітілген COVID-19 пандемиясы кезінде профилактикалық егу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу туралы Алгоритм

"Халыққа профилактикалық егу жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2018 жылғы 13 маусымдағы № 361 бұйрығы.

ДДСҰ-ның COVID-19 пандемиясы кезінде халықты иммундауды ұйымдастыру туралы нұсқаулығы

Ресми статистиканың барлығын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ұсынды.

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін (USAID).