16183
26 октября 2021
Инесса Цой-Шлапак және Әмина Мирсакиева, исллюстрациялар Мәрия Аманжолованыкі, фотолар Данияр Мүсіровтікі

«Ұжымдық иммунитеттің арқасында тірі жүрмін»

Егер бала кезінде екпе салдырмаса, егу күнтізбесін қалай «қуып жетуге» болады?

 «Ұжымдық иммунитеттің арқасында тірі жүрмін»

Бірінші оқиға – Эндрю Уэйкфилдтен сәлем

Данель Ходжаева қазақстандық медиалардың бірі – Steppe-те жұмыс істейді. Ол журналист және редактор ретінде иммундау тақырыбына да қызығады, бірақ өзі бала кезінде міндетті екпелерді алмаған.

«Алғаш рет екпе тақырыбына сонау бастауыш сыныптан қызыға бастадым. Айналамдағылардың бәрінің дерлік иығында бір белгі болатын да, менде болмайтын. Дәл сол BCG екпесінің ізі анама сұрақтар қоя бастауыма себеп болды.

Анамнан неге екпе алмағаным туралы сұрағанда, бұған сол кездегі дәрігерлер себеп болғанын айтады. Олар қандай да бір салдары болуы мүмкін, балада неврологиялық аурулар пайда болады деп, салдырмауға шақырған.

Кейін бұл тақырыпты өзім де түсіне бастағанда 1998 жылы Эндрю Уэйкфилдтің екпе мен аутизмнің байланысы туралы мақаласы шыққанын білдім. Ал мен дәл сол жылы дүниеге келгенмін. Бәрі орын-орнына келгендей болды: демек сол мақала БАҚ арқылы тарап, ақыры Қазақстанға да жеткені ғой. Бәрі осы мәселені талқылап, соңы менікіндей жағдаймен аяқталған»

Еске сала кетейік, ағылшын хирургі Эндрю Уэйкфилд 1998 жылы қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе аутизмге алып келетінін растайтын зерттеу нәтижелерін жариялады. Эндрю Уэйкфилдтің бұл жұмысына 12 бала қатысқан. Зерттеу нәтижелерін әртүрлі елдегі 12 тәуелсіз зерттеушілер тобы тексеріп көреді. Олар қызыша, паротит және қызамыққа қарсы екпе салдырған және салдырмаған жүздеген баланы зерттейді. Нәтижесінде екі топтың да аутизммен ауыру қаупі бірдей болған.

«Балабақшаға бармадым, тек мектепке дейінгі даярлық курстарына қатыстым. Ал мектептің өзінде ешқандай анықтама талап етпеген сияқты. Ол жақта кесте бойынша бір екпе салдыру керек болса, ата-анам бірден бас тартамыз деп жазып беретін. Осылай мектеп кезім де өтті.

Жұмыс және қызылшаға қарсы екпе

Егу тақырыбына жұмыс істей бастағанда шындап қызыға түстім. Ол кезде жасым шамамен 20-да еді. Материал дайындап жүріп егу тақырыбымен танысқан соң, барлығын зерттеп, оқи бастадым. Солай қызылша бойынша статистика мен Қазақстанда Африка елдерімен қатар індет тарай бастағаны туралы ақпарат тауып алдым. Аурудың сұмдық салдары туралы оқыған соң бірден: «О Құдайым, менде қызылшаға қарсы екпе жоқ қой», – деген ой келді.

Материалдармен жұмыс істеп жүріп невропотологпен де, аллергологпен де, екпеге қарсы адамдармен де сөйлестім. Ал материалдар жарияланған соң, анама қайтадан хабарласып, маған ештеңе салмағаны үшін ашуланғаным есімде. Өзім аллергик болғандықтан, екпе салдырмай тұрып аллергологпен кеңесіп алғым келді. Ол әртүрлі ананилиздер тапсыруға кеңес берген, бірақ осыған ұқсас жағдайларда жиі болатындай, созып жүріп алдым. Сөйтіп пандемия басталып кетті де, ауруханада ретсіз жүруге қорқатын болдым. Сондықтан да маған әлі ҚПҚ екпесі (қызылша, паротит және қызамыққа қарсы) салынбаған, бірақ жоспарымда бар».

«Екпе» жобасының алғашқы материалдарының бірінде атопиялық дерматит пен басқа да аллергиялық реакциялар ҚПҚ екпесінен бас тартуға қаншалықты себеп бола алатынын талдағанбыз.

Коронавирус және бірінші екпе

«Ковид бірнеше туысымыздың өмірін жалмап әкетті. Сондықтан, егу басталғанда 83-тегі әжемнің екпе салдырғанын көріп: «Әжем салдырып жатқанда, маған салдырмау тіптен ұят», – деп ойладым. Ешқашан дәрі-дәрмекке аллергиям болмағандықтан, аса-қатты уайымдамадым. Бірақ өсімдіктің тозаңынан болатын аллергиям болғандықтан, өсімдіктер гүлдейтін кезде екі рет Квинке ісігі болғаны бар. Сол үшін сақтық үшін аллергологпен кеңесіп алайын дедім.

Аурухана келгенде, дәрігерлерге бірден: «Мен негізі бірінші рет екпе салдырып жатырмын», – деп ескертіп қойдым. Олар жағдайымды өте сабырлы қабылдады: «Аа, қазір көбі екпе салдырмаған ғой», – деді де, егіп берді. Бірінші екпеге ешқандай жанама әсер болмады – тоңу да, қызу көтерлу де болған жоқ. Бірінші күні көп жаяу жүрдім, өзімді физикалық белсенділіктен мүлде шектемедім деуге болады. Енді бір аптадан соң екінші дозасын салдырмақшымын.

Бір қызығы, менімен кезекте тұрғандардың ішінде менімен қатар немесе, айталық, 10 жасқа үлкен бір де бір адам болмады. Бәрі 60-тан асқандар. Бұл масқара, өйткені олар онсыз да көбіне үйде отыратын халық тобы. Ал керісінше белсенді түрде әлеуметтенетін ықтимал вирус тасушылар екпе салдырмайды. Меніңше, бұл қол жетімді ақпаратты талдауға құлықсыздық және немқұрайлылық.

Түрлі жағдайлардың тоғысуы

Анаммен неге екпе салдырмағаны туралы көп талқыладық, оны екпеге қарсы адам деп айтуға келмейді ғой. Бұл түрлі жағдайдардың тоғысуы шығар. Эндрю Уэйкфилдтің мақаласы шыққанда, кейбір дәрігерлер оның гипотезасын қолдай бастады. Оған қоса енді ғана босанған аналар бәрінен қорқатынын да түсінемін. Оның үстіне, ол кезде эмоциялық қысым көрсетіп, аутизммен немесе БЦП-мен қорқытқан. Бұған тағы 20 жыл бұрынғы Интернет пен ақпараттың қолжетімді болмағанын қосыңыз. Сондықтан да кейбір аналар қорыққаннан бұл тақырыптың жай ғана бетіп жауып қоя салған. Анам да солай істеді. Одан бөлек, дәрігерлерден өлердей қорқатыным бар, бұл да әсер еткен шығар. Бала кезімде ауруханада кәдімгідей айқайлайтынмын. Шынымды айтсам, қазірдің өзінде дәрігердің қабылдауында отырғанда жеңіл тахикардия басталады.

Үлкен ағам мен жұбайы балаларына қажет екепелерді салдырып шықты. Үлкен інім қазір – 7-де, кішісі – 4-те. Білуімше екпені ойдағыдай қабылдаған, ары кетсе кішкене қызуы көтерілген шығар. Ағамның жұбайы арнайы француз екпесін іздегені есімде (Пентаксим мен Гексаксим – V анықтамасы). Сол кезде бір бөгеліс болса керек. Балаларына барлық екпені алдын ала терапевтпен және невропатологпен кеңесіп, күнтізбе бойынша салып шықты. ҚПҚ-дан басқа екпелерді жекеменшік орталықтарда салдырды: ҚПҚ-ны ғана тұрғылықты мекен жайы бойынша салғызған.

Иммундаудың «құрбандары»

Дақпырттар екпенің айнымас серігі сияқты. Коронавируспен де солай болды ғой. Мысалы, анам менімен осындай алып қашпа әңгімелерді әлсін-әлсін талқылап тұрады: «Босанбағандарға салмай-ақ қойса болады дейді ғой». Сосын барлығын қазбалап сұрай бастаймын: «Кім айтты? Қандай туыс? Ол мұны қайдан біледі?». Айтпақшы, анам да коронавирусқа қарсы екпе егіп алды. Бұл – жетістік.

Меніңше екпеге қарсы топ эмоцияға өте қатты әсер ететін қозғалыс сияқты. Олардың басты мәселесі де осы деп ойлаймын. Қандай да бір ауытқуы бар немесе басынан аяғына дейін бөртіп кеткен балалардың суретін жібереді. Ал адамдар мұның екпеден болмауы мүмкін ғой деп те ойламайды. Екпе салғаннан кейін адамда қандай да бір ауытқулар пайда болса болды, олар үшін екеуі міндетті түрде байланысты бола қалады. Оның үстіне мұндай қорқынышты хаттарды жіберетін адамдардың шын сөйлейтініне де кепіл жоқ.

Қызы жақында 3-ке толатын бір құрбымды осымен бір жарым жылдан бері екпе салдыруға иландырып жүрмін. Қызында BCG мен қызылша, паротит, қызамыққа қарсы екпе бар, бірақ АКДС жоқ. ҚПҚ екпесін әлі салдырмай жүргенде, оған: «Қызылша! Осындай да осындай салдары бар, оқы, көр. 2019 жылы індет болды», – деп тыным бермедім. Жалпы өзім баласы бар достарымның барлығына осылай белсенді түрде насихат жүргіземін. Ал олар маған: «Өзің де салмағансың ғой, аман жүрсің», – дейді. Мен болсам: «Кезінде ата-аналарың сендерге екпе салғанының арқасын тірі жүрмін. Ұжымдық иммунитеттің арқасы. Ал егер, мысалы, екпе біздегідей қол жетімді емес африкалық елдердің бірінде өмір сүргенде, тірі қалуым екі талай еді», – деймін.

Бізге дейінгі ата-әжелеріміз бен ата-аналарымызда екпе болды ғой. Әлі де ұжымдық иммунитет бар және соның арқасында көптеген аурулардың барын да ұмытып кеттік. Енді қайтадан «Салмай-ақ қойса қалай болар екен? Мүмкін бүйтсе ше...», – дегендер басталып жатыр. Бұлай дейтін адамдардың ортасында осы қауіпті инфекциялардың бірімен ауырған бала болмағандықтан солай сөйлейтінін түсінемін. Бірақ бұл ненің арқасы? Бізге дейінгі бірнеше буын екпе салдырғанының арқасы. Адамдар бұған сенуден бас тартып жатса: «Неге?!», – деген сұрақ туындайды. Қауіптің аурулардың көбі ортақ иммундаудың арқасында ұмытылды емес пе? Енді ол өз тұзағына өзі түсті: қауіпті жұқпалы аурулардан құтқарып, миллиондаған адамның өмірін сақтады, бірақ сол тірі қалғандарға екпеге қарсы шығуға мүмкіндік берді. Қазір біздің екпе туралы емін-еркін талқылап отырғанымыз да ұжымдық иммунитет қалыптасқанының арқасы. Бірақ бұған дейінгі балалар өлімінің статистикасын ұмытпағанымыз жөн деп ойлаймын»

Екінші оқиға: «Сары безгекпен бір күн ауырдым»

Әмина Мирсакиева – ғалым, ғылымды насихаттаушы және ғылым туралы «Белка и стрелка» подкастының авторы. Ол бізге не үшін ересек жасында қайта екпе салдыруға шешім қабылдағаны туралы айтып берді.

«26 жасымда Бразилияға бармақшы болдым. Бұл менің асыл арманым еді, асыл әрі өте қымбат арман. Сол үшін алдын ала дайындала бастадым: бірінші айда билет алдық, келесі айда тұратын үйімізді брондадық, ал үшіншісінде елшілік Бразиляға саяхаттайтындарға сары безгекке қарсы екпе салдыруға кеңес беретінін көрдім. Ересек жастағы қайталап егу туралы оқиғам осылай басталды.

Сары безгекке қарсы екпеден өліп қала жаздадым. Сол кездегі сезімдерім бойынша, шынымен өлтіргісі келгендей еді. Ал екпе салдырғандардың 1%-ы ауру симптомдарының толық спектрін сезетінін кейін ғана білдім. Демек сары безгекпен бір күн “ауырыппын”. Қатты ауырғаным сонша кафеде есімнен танып қалып, үйге жеткен соң досыма хабарластым да, ертең азанда тірімін бе, жоқ па тексеруін сұрадым. Мұндай жағымсыз жайттан кейін қорқып қалуым мүмкін еді, бірақ өзіме басқа қорытынды шығардым: егер екпенің өзінен осылай ауырсам, ауру жұқтырғанда қандай боламын? Сары безгекпен ауырғандардың 20%-ы тірі қалады. Сол 20%-дың ішінде болу ықтималдығым қандай? Меніңше ешқандай.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған. Авторы — Юлия Кузнецова

Жүктілерге арналған екпе

Шамамен сол жылы ортамда жүктілер пайда бола бастады. Құрбыларым бірінен соң бірі бала көтеруді ұйғарып, менен қызамыққа қарсы екпем бар-жоғын сұрайтын болды. Ал менде болған жоқ. Бала кездегі иммундау картамда BCG мен қызылшаға қарсы бір екпе болатын, одан бөлек желшешекпен ауырғанмын. Ал қызамық ауру түрінде де, екпе түрінде де мені айналып өтіпті. Ол кезде Швецияда тұрамын. Шведтердің денсаулық сақтау жүйесінде қызамыққа қарсы антиденелердің бар-жоғын анықтайтын анализді жүкті әйелдер ғана тапсыра алады. Ал жай ғана білгісі келетін, бірақ жүкті емес адамдарға мұны жасау тіпті мүмкін емес.

Не істерімді білмедім. Құрбыларым мен олардың әлі дүниеге келмеген балаларын, өзімді қалай қорғау керегін түсінбедім. Сол үшін ересек жастағы егу тақырыбын зерттей бастадым: егер ішінара екпе салдырған болсаңыз не істеу керек? Екпені қаншалықты жиі салдыру керек? Сөйтсем, адам өзінің иммундық статусын білмесе және антиденелерді анықтайтын анализді тапсыруғы мүмкіндігі болмаса, еш қорықпай қайтадан толық иммундаудан өтуге болады екен. Солай 29 жасымда қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе салдырдым. Қызылшаға қарсы бірінші рет бала кезде салдырғандықтан, бұл оған қарсы екінші екпем еді, ал қызамыққа қарсы бірінші. Бала кезімде, 90-шы жылдары, көбі қызылшаға қарсы екінші екпесін салдырмады, сол үшін қазіргі ересектердің біршамасы бұл аурудан қажет деңгейде қорғалмаған. Бұл әсіресе қазіргідей қызылшаның жиі-жиі өршіп тұрған тұсында маңызды.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған. Авторы — Полина Селиванова

Кейін полиомиелит компоненті бар АКДС екпесін салдырдым. Бала кезгі картамда көкжөтел мен полиомиелит жоқ. Қазақстанда өкінішке қарай, ересектер бұл екпені салдыра алмайды. Жалпыға бірдей сіреспе мен дифтерияға қарсы АДС қана қолжетімді. Оларды әр 10 жыл сайын салып отыру керек.

«Бейберекет өмір салтына» арналған екпе

«Балалар ауруларларына» қарсы стандартты екпелер жиынтығынан бөлек, кене энцефалиті мен адам папиллома вирусына қарсы екпе салдырдым. Мен үшін кене энцефалитіне қарсы екпе өте маңызды, өйткені өзім Алматыда туғанмын, ұзақ уақыт Стокгольмде тұрдым және қазір Штутгартта тұрып жатырмын. Бұл үшеуі де эндемикалық қалалар. Кененің бәрі ауру тасымаса да, тасығанның өзінде бәрі бірдей шаққан адамына вирус жұқтырмаса да тәуекел еткім келмеді. Кене энцефалиті ақырын өлтіріп жатқан адамдарды көрдім және осының өзі өмір бойына қорқып, ауруға қарсы екпе салдыруға жеткілікті болды.

Бәрінен қиын болғаны адам папиллома вирусына қарсы екпе салдыру. Қазақстанда жүргенде бұл туралы көп айтылмады. Швецияға көшкенде екпе салдыруға қаражатым болмады. Ал Германияда бейберекет өмір салтын меңзеген әдепсіз дәрігерлермен алысуға тура келді. Адам папиллома вирусы – өте зұлым, жатыр мойны қатерлі ісігіне алып келу мүмкін ауру. Вирус бәрі ойлайтындай жыныстық жолмен ғана емес, жай ғана адам денесімен тығыз қатынас кезінде де жұғуы мүмкін. АПВ-ға қарсы екпені, ең дұрысы, жыныстық өмір басталғанға дейін салу керек. Бірақ қазір әйелдер 45 жасқа дейін екпе салдыра алатынын білеміз және бұл олардың жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғану мүмкіндігін арттырады. Ал әлгі неміс дәрігері еш қысылмастан: «Эмм… бейберекет өмір салтын ұстануды жоспарлап отырсыз ба, жоқ па?» (негізі ол басқа сөз қолданған), – деп сұрады. Егер ондай ойым болмаса екпе жазып бермейтінін айтты. Солай... Кейде емделушілер екпе туралы кейбір дәрігерлерге қарағанда көп біледі. Ақыры дәрігерімді ауыстырып, қазір АПВ-ға қарсы екпе салдырып жүрмін. Екпенің бір дозасы 167 евро тұрады. Мұндай дозалардың үшеуін салдыру керек, менде соңғысы қалды.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған. Авторы — Полина Селиванова

Отбасымыздағылардың бәрі ересек жасында екпе салдырды: мен, інім, ата-анамыз. Інімнің жасы 29-да, қызылшаға қарсы екпені 2019 жылы індет кезінде Алматыдағы емханада қайта салдырды. Ата-анамыздың бірі 61-де, екіншісі 62-де. Оларға былтыр жазда өз ақшамызға Қазақстанда салдыруға болатын барлық дерлік қауіпті ауруларға қарсы екпе салдырдық. Бұлар – ҚПҚ (қызылша, паротит, қызамық), АДС, А және В гепатиттері, пневмококк. Бәрі екпені ойдағыдай қабылдады».

Дегенмен де, ересектерге екпе салдырудың және оны қайталаудың не қажеті бар?

Қысқаша айтсақ, екі себебі бар – өзіңді қорғау және басқаларды қорғау. Бала күніңізде екпе салдырғаннын өзінде, жылдар өте келе кейбір инфекцияларға қарсы қалыптасқан иммунитет әлсіреуі мүмкін. Ауру жұқтырып, оны жеңіл өткерсеңіз де, сізден ауру жұқтырған басқа адам бұл инфекциядан өліп кетуі мүмкін. ҚПҚ екпесінің жағдайында – бірінші кезекте жүкті әйелдер қызамықтан зардап шегеді. Ал АКДС-те – көкжөтел кішкентай балалар үшін өте қауіпті. Оның үстіне, бала күнімізде бізге барлық екпелер қолжетімді болған жоқ: мысалы, желшешекке немесе адам папиллома вирусына қарсы екпелер. Бұл екпелерді алдағы материалдарымызда талдаймыз, ал қазір Қазақстандағы екпелермен алдын алуға болатын аурулар туралы айтайық.

Әртүрлі аураларға иммунитеттің бар-жоғын білу үшін кез келген зертханада антиденелерді анықтайтын тест тапсыруға болады. Оларды өз ақшаңызға және әр ауру бойынша жеке-жеке тапсырасыз – бұл медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейді. Егер антиденелерді анықтайтын тест тапсыруға мүмкіндік болмаса, бұған дейін екпе алмаған адам ретінде қайта егуден өтуге болады. Егу тарихының болуы немесе болмауы қайта егу үшін қарсы көрсетілім емес.

Ересектер үшін міндетті және тегін екпелердің қатарында бір ғана екпе бар. Ол 10 жыл сайын салдыру керек дифтерия мен сіреспеге қарсы АДС-М екпесі. Одан бөлек міндетті екпелердің тізіміне кірмейтін ауру жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда және сондай адамдардың арасында ғана егілетін бірнеше екпе бар. Бұл екпелердің барлығы Республикалық бюджет есебінен сатып алынады және қазақстандықтар үшін тегін.

Міндетті тізімге кірмейтін екпелер

Тұмау. Ересектерге жыл сайын тұмауға қарсы екпе алып отырған дұрыс. ДДСҰ-ның дерегі бойынша тұмау мен оның асқынуларынан жыл сайын 650 мың адам қайтыс болатынын да естен шығармау керек. Оның үстіне тұмаудың қауіптілігі сонша, жүктілік кезінде оған қарсы екпе егу міндеттеледі. Бұл туралы «Жүктілік кезінде екпе салдыру: бала үшін сынақ па, әлде қажеттілік пе?» деген материалымызда айтқанбыз.

ҚПҚ – қызылша, паротит, қызамық. Ересектер де бұл үшеуіне қарсы антиденелерінің санын тексеруі керек. ҚПҚ – үш компоненті бар бір екпе және оны қазақстандықтардың көбі бір-ақ рет салдырған. Қазір ҚПҚ екі рет салынады. Егер егу картаңызда бір ғана екпе болса, емханаға немесе жекеменшік клиникаға барып иммунитетіңізді толтырып алғаныңыз жөн.

Менингококк. ДДСҰ дерегінше мұнымен ауырғандардың 50%-ы ғана тірі қалады, ал сауыққандардың 10-20%-ында есту қабілетінің нашарлауы, ақыл-ой кемтарлығы сынды ауыр салдары болады. Қазақстанда бұған қарсы екпені жекеменшік медициналық орталықтардан ғана таба аласыз. Мұны Қазақстандағы міндетті, яғни тегін екпелер күнтізбесіне қосу әлі жоспарда жоқ. Дегенмен, 2019 жылдың желтоқсанында халықаралық ғалымдар тобы Journal of Infection журналында (Volume 79, Issue 6, December 2019, Pages 528-541), ауру жұқтырғандардың саны азайса да, Қазақстанда менингококктен қайтыс болғандардың саны 2015 жылы 4,9%-дан 2018 жылы 22%-ға дейін өскенін жазды. Ғалымдардың ойынша, мұндай жағдайдың басты себептерінің бірі менингококкқа қарсы екпені ерікті түрде салдыруға рұқсат беру.

Пневмококк инфекциясы. Бұл ауруға қарсы екпе балалардың егу күнтізбесіне кіреді: 2, 4 және 12 айлығында салынады. Екпе Қазақстанда 2010 жылдан бері қолданылатындықтан, сәйкесінше 11 жасқа дейінгі балалардың көбі екпе салдырған. Мұны ересектердің егу күнтізбесіне қосу әзірге жоспарда жоқ. Пневмококктардың циркуляциясы әдетте 5 жасқа дейінгі балаларға және 60-тан асқан адамдарға тән. Егер 5 жасқа дейінгі балалар барынша екпемен қамтылса, егде жастағы кісілердің пневмококк инфекциясын жұқтыру қаупі азаяды. Бірақ пнемококк инфекциялары антибиотиктерге төзімділігі бойынша бірінші орында тұрғанын есте сақтаған жөн. Сондықтан, егер ақылы екпе алуға мүмкіндік болса және қарсы көрсетілім болмаса егу туралы ойланып көрген абзал.

А гепатиті және В гепатиті. Бұларға қарсы екпе балалардың міндетті егу күнтізбесіне кіреді, ал ересектер екпені өз бетінше жекеменшік немесе мемлекеттік клиникалардан таба алады. Бұл инфекциялар мен олардың қаупі туралы толығырақ алдағы материалдарымызда талдайтын боламыз.

Ал қазір ыңғайлы болу үшін бір кестеде Қазақстанда салдыруға болатын барлық екпелерді тізіп шықтық.

Қорытындылай келе, 2019 жылы қызылша 21 қазақстандықтың өмірін жалмағанын, оның ішінде көбі балалар болғанын еске салғымыз келеді. Сол жылы ресми түрде ауру жұқтырған 13 326 адам тіркелді. Бұл біздің халық тығыздығымыз үшін өте көп. Тіпті Қазақстан қызылшамен ауру деңгейі ең жоғары он елдің қатарына кірді. Бұл тізімде еліміз медицинаға қолжетімділік деңгейі Қазақстанмен салыстыруға да келмейтін африкалық республикалармен бірге тұр. Мұндай індеттің басты себептерінің бірі – иммунды қабаттың, сәйкесінше ұжымдық иммунитеттің төмендеуі. Қызылшаның өзі басқа ауруларға қарсы иммунитетті жоятын зұлым инфекция екенінен бөлек, оған қарсы екпе қызамық пен паротитке қарсы кампоненттермен бірге жүретінін ескеру керек. Яғни қазақстандықтардың қызылшаға қарсы жақсы ұжымдық иммунитеті болмаса, демек балалардың туа біткен ұсқынсыздығы мен ересектердің бедеулігіне алып келетін қызамық пен паротитке де қарсы иммунды қабат жоқ деген сөз.

Материалды дайындау барысында мына дереккөздерді қолдандық

Бүкіләлемдік иммундау аптасы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің статистикасы

Қазақстанда балалар мен ересектерге екпе егу

Бұйрық №361 «Халыққа профилактикалық егу жүргізу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар»

Қазақстан Республикасында тіркелген екпелер туралы ақпарат

CDC бойынша міндетті және эндемиқалық аймақтарда қажет деп бөлінген ересектерге арналған егу күнтізбесі

Қандай екпе алғаныңызды шамамен білуге болатын сайт (КСРО мен Ресей үшін)

Коронавирус кезінде егу туралы айтудың неліктен маңызды екені туралы Данель Ходжаева

Әмина Мирсакиеваның подкастінің ересек жастағы егу не үшін қажет екені туралы шығарылымы. Шақырылған қонақ – Антонина Обласова

ДДСҰ тұмау туралы

Менингококкты менингит

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін (USAID).