Өткен аптада зейнетақы қорындағы ақшаны алу шарты күрт өзгеріп, зейнетақы жарнасының алуға болатын сомасының төменгі шегі шамамен екі есеге өсті. Бұған наразылар зейнетақы қорындағы ақшаны алу шартын жеңілдетуді талап еткен онлайн петицияға қол жинай бастады. Осы және өзге жаңалықтарға Vласть шолу жасап көрді.
2022 жылы зейнетақы қорынан ақша алу шарты қалай өзгереді?
3 желтоқсан, жұма күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарын алу үшін жеткілікті шек деңгейінің көтерілгені туралы хабарлады. Бұл өзгерісті қор келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуымен байланыстырды.
БЖЗҚ мәліметі бойынша, зейнетақы қорындағы төменгі жеткілікті шекті анықтау үшін “жыл сайын қабылданатын көрсеткіштер” пайдаланылған.
“2022 жылғы әлеуметтік көрсеткіштер көлемі ұлғайды, ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көбейді, сонымен қатар, ең төменгі жеткілікті шек мөлшері де өсті”, – деп хабарлады қор.
Жаңа өзгеріске байланысты, 20 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуға тиіс жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңгеден 3 140 000 теңгеге дейін (84%-ға), 30 жастағы азаматтар үшін – 2 500 000 теңгеден 4 370 000 теңгеге дейін (75%-ға), 40 жастағы азаматтар үшін – 3 420 000 теңгеден 5 790 000 теңгеге дейін (69%-ға), 50 жастағы азаматтар үшін – 4 470 000 теңгеден 7 430 000 теңгеге дейін (66%-ға) дейін өсті.
Зейнетақы қорындағы жарнаға қатысты өзгеріс сынға алынып, оған наразылар зейнетақы қорындағы ақшаны алу шартын жеңілдетуді, жеткілікті шек мөлшерін төмендетуді талап еткен онлайн петицияға қол жинай бастады.
“Бұл зейнетақы қорынан ақша алудағы ең төменгі жеткілікті шек мөлшері мүлдем ақылға қонымсыз. Жаңа өзгерістерге дейін тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін жинақталған ақшаны алуға мүмкіндік болған еді”, – деп жазды петиция авторлары.
Еске сала кетсек, 2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтарына тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығы берілді. Жыл басынан бері салымшылар қордан шамамен 2 трлн тенге шешіп алған, көбіне тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында алған.
Қытай консулдығының алдындағы наразылық акциясына 300 күн
4 желтоқсан күні Алматыдағы Қытай консулдығының алдына бірнеше азаматтың наразылық акциясына шығып жүргеніне 300 күн болды. Олар 10 ай бойы Шыңжаңдағы “қайта тәрбиелеу лагерінен” туысқандарын босатуды талап етіп жүр. Vласть тілшілері акция қатысушыларынан сұхбат алуға консулдық алдына барғанымен, полиция оларды ұстап алып кеткеніне куә болып қайтты.
Сағат 11-де туысқандарының суретін ұстаған бірнеше азамат Қытай консулдығының алдына жиналды. Олар ақпан айынан бері күнделікті дерлік консулдық алдына жиналып, Қытайда “қайта тәрбиелеу лагеріне” қамалған туысқандарын босатуды талап етіп келеді. Осы уақыт аралығында полиция наразыларды бірнеше рет ұстап, айыппұл салды. Ал наразылық акциясынан ақпарат таратқан белсенді Байболат Күнболатұлын “заңсыз митинг ұйымдастырды” деп үш рет қамауға алды.
300-күні де наразылық акциясы басталғанда Медеу ауданы әкімдігінің өкілі келіп, рұқсат етілмеген митинг екенін ескертті. Ал наразылық білдірушілер митинг өткізу туралы әкімдікке үнемі хабарламалар жолдағанын, бірақ жауап ала алмағанын айтты.
Біраз уақыттан кейін полиция қызметкерлері жиналған белсенділердің бесеуін көлігіне отырғызып, ұстап алып кетті. Олардың қатарында Ақиқат Қалиолла, Халида Ақытхан, Тұрсынгүл Нұрақай, Жәмила Мәкен және Гүлбаран Өмірәлі бар. Полиция ұстауы кезінде Гүлфия Қазыбектің денсаулығы нашарлап, белсенді Байболат Күнболатұлымен бірге бесінші қалалық ауруханаға жеткізілді. Біраз уақыттан кейін полиция ұсталғандарды босатқан.
Кейінгі екі аптада полиция консулдыққа жиналғандарды жиі ұстай бастады. Қытай консулдығының алдында наразылық акциясы басталғаннан бері белсенділерге 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Соңғы ұстау кезінде наразылық білдірушілер тағы да айыппұл салынса, аштық жариялайтынын, ешкімде тұрақты жұмыс жоқ екенін хабарлады.
“Омикрон” штаммына байланысты Қазақстан Египетпен әуе қатынасын тоқтатты
Өткен аптада бірнеше елде коронавирустың жаңа штаммы – “Омикрон” табылды. Соңғы ресми деректер бойынша, Оңтүстік Африкада 100-ге жуық адам жұқтырған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа штамм зерттеліп жатқанын, сондықтан қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте екенін мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов елде “омикрон” штаммы тіркелмегенін мәлімдеді. Үкімет коронавирустың жаңа штамынан қорғану үшін қатаң шектеулер енгізді. Атап айтқанда, 3 желтоқсаннан бастап Оңтүстік Африка елдері азаматтарының Қазақстанға кіруіне шектеу қойылды. Сондай-ақ, Египетпен әуе қатынасы белгісіз мерзімге тоқтатылды.
«Омикрон» КВИ жаңа штаммының пайда болуын ескере отырып, оның республика аумағына таралуын тежеу мақсатында ведомствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап бірқатар шектеу шарасын енгізу туралы шешім қабылдады. Біріншіден, Ботсвана, Оңтүстік Африка, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Малавия, Мадагаскар, Эсватина, Танзания және Гонконгтан шетелдік азаматтардың Қазақстанға келуіне шектеу қойылсын», – деді Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов сейсенбі күні үкімет отырысында.
Сонымен қатар, коронавирустың жаңа штаммы анықталған елдерден келген адамдар, вакцина салдырғанына қарамастан, ПТР тестін тапсыруға міндетті.
“Бүгінде бұл Израиль, Чехия, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада елдері”, – деді Шоранов.
ПТР теріс нәтиже көрсетсе де, осы елдерден келген адамдар жеті күнге оқшаулануы керек.
Поддержите журналистику, которой доверяют.