9261
24 августа 2022

Отанға оралсам деген арман

Қазақстанның оңтүстік-шығысына қоныс аударған қандастар өмірі

Отанға оралсам деген арман

Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, Дария Зулфухарқызының қатысуымен, Власть, коллаж Данияр Мүсіровтікі

Тәуелсіздік алғаннан бері қарай Қазақстанға шетелден миллионнан астам этникалық қазақ қоныс аударды. Олар Қазақстанның әр өңіріне орналасты, дегенмен көбінің таңдауы оңтүстік өңірлерге түсті. Оларға «қандас» мәртебесі берілді, кейін Қазақстан азаматтығын алды. Қандастардың бейімделуі түрлі жолмен жүріп жатты. Кейбірі жеке кәсіппен айналысып, енді бірі мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, аз уақыт ішінде қоғамға араласып кетті. Ал енді бірі қандастар болып топтасып өмір сүріп жатты. Қандастардың көпшілігі мемлекеттен ешқандай көмек көрген жоқ: малшылар мен фермерлер жер ала алмады, мамандарға жұмыс табылмады. Оған қоса, басым көпшілігі құжатқа қатысты қиындыққа тап келді.

Власть материалдар топтамасында қазақтардың Отанына қалай оралғанын баяндайды. Бірінші мақала – қандастардың басым көпшілігі қоныстанған оңтүстік-шығыс өңірдегілер жайлы.

Үйге апарар жол

1992 жылы Қазақстан этникалық қазақтардың тарихи отанына қайтып оралу құқығы заңнамалық түрде бекітілген «Көші-қон туралы» заң қабылдады. Нәтижесінде 1991-1992 жылдары Қазақстанға 61 мың этникалық қазақ қоныс аударды.

Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) зерттеуіне сәйкес, репатриация бағдарламалары тәуелсіз Қазақстан басшылығына бірнеше себеппен қажет болған. Мемлекет ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткерді, оған қоса жұмыс күшінің жаппай эмиграциясы да әсер етті: 1991–2004 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,1 миллионнан астам адам көшіп кеткен.

Осындай жағдайда «оралмандар» (2020 жылға дейін қолданыста болған этникалық қазақтарды сипаттайтын термин, кейін қандастар болып өзгертілді – В.) ел басшылығына демографияны қалпына келтіріп, терең дағдарысты бастан өткерген ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін қажет болды.

Репатриацияны реттеу үшін мемлекет иммиграция квотасын белгілеп, этникалық иммиграция бойынша арнайы құрылымдар құрды. Квоталар жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға қарастырылды. Аймақтық квота бойынша көшіп келген қандастарға Қазақстанда түрлі жеңілдік беріліп, өтемақы төленді. Ал қалғанына кедендік төлемнен босату, жол жүру ақысының төленуі сияқты шектеулі жеңілдіктер пакеті ұсынылды.

1993 жылғы бірінші квота Қазақстанға 10 мың отбасының көшуіне мүмкіндік берді. Алайда 1999 жылға қарай квота саны 500 отбасына дейін қысқарған. Кейін экономикалық жағдай жақсарып, 2002 жылдан бастап квота көлемі қайтадан өсе бастады. Алайда, БҰҰ даму бағдарламасының зерттеуі 1996 жылдан бері қандастар саны квота мөлшерінен асып түскенін көрсетті. Осылайша, 2004 жылы қандастардың жалпы иммиграциясы квота мөлшерінен 86%-ға жоғары болды.

Бұл бір жағынан оралмандардың көбі квота қарастырылмаған оңтүстік өңірлерге қоныстануына байланысты болды. Себебі бұл өңірлерде қазақ тілі кеңінен қолданылады, оның үстіне қандастар үшін Қазақстандағы көшіп келетін өңірі бұрын мекендеген аймағына жақын болуы да маңызды рөл ойнады.

ХКҰ мәліметі бойынша, кейінгі бес жылда әлеуметтік-экономикалық факторларға байланысты көшіп келген этникалық қазақтар саны азайғаны байқалады. Мәселен, 2016 жылы Қазақстанға 33,7 мың қандасымыз келсе, 2020 жылы 13 мыңнан сәл астам келген. 2022 жылы қандастардың көбі, нақтырақ айтқанда, 30,5%-ы Алматы облысына қоныстанды.

«Этникалық көші-қонды басқару жүйесі жетіліп келеді. Дегенмен, күні бүгінге дейін жұмыспен қамту мәселесі шешілген жоқ, сондай-ақ, қандастардың еңбек ресурсына деген қажеттілігін ескерместен республика өңірлеріне біркелкі қоныстандырмау жалғасып келеді. Әрі иммигранттардың өз қалауы осы қажеттіліктерге қайшы келуі мүмкін», – деп атап өтті Халықаралық көші-қон ұйымының басшысы Зейнал Гаджиев Власть сайтына берген жауабында.

Власть сөйлескен қандастардың басым көпшілігі Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлеріне аймақтық квотасыз көшіп келген. Мұнда олар өзара қауымдасып өмір сүреді, көбіне саудамен және егін шаруашылығымен айналысады. Жартысы қоныс аудару кезіндегі қиындықтармен әлі де бетпе-бет келіп отыр, яғни: жемқорлық, жұмыссыздық, төмен жалақы мен тіл мәселесі.

Шелек

«Барлығы базарда жұмыс істейді. Жалпы, мұнда Қытайдан келген қандастар көп қой», – дейді Алматы мен Шелек арасында қатынайтын такси жүргізушісі. Қаладан Алматы облысындағы үлкен ауылға дейінгі жол шамамен бір жарым сағатты алады.

Шелектегі үйлер негізінен жер үй, көше-көшенің бәрі сауда нүктесі. Егде жастағы әйелдерден бастап жас балаларға дейін базарда саудамен айналысады. Көптеген дүкен мен базар, асхана, шаштаразда Қытайдан келген қандастар жұмыс істейді. Қандастарды жергілікті тұрғындар бірден таниды, төте жазумен жазылған маңдайшалар арқылы да оларды тез табуға болады.

«Отбасыммен Қытайдан 2006 жылы қарашада көшіп келгенбіз. Құлжаның Мұңғылкүре деген жерінен келдік. Сол жақта туып-өскенбіз. Әкеміз негізі Шелекте туған, кезінде 1932 жылы қуғын-сүргін кезінде Қытайға қашып барған. Сол жақта үйленіп, біз дүниеге келдік. Ата-анам өзінің туған жеріне келгісі келді, бірақ сол жақта қайтыс болды. Қарияның арманын орындап, осы жаққа біз көшіп келдік», – дейді Құрмаш Алқан. Ол мұнда шаруашылыққа қажет заттар дүкенінің иесі.

Құрмаш Алқан Қытайда тұрғанда су шаруашылығы саласында оқып, жұмысқа орналасар уақытта Қазақстанға көшіп келген. Қарапайым отбасынан шыққан. Айтуынша, отбасында көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысқан, арасында мемлекеттік қызмет істегендер бар. Сөзіне қарағанда, Шыңжаңда тұрғанда олар қазақ дәстүрін сақтауға тырысқан. Қытайда Құрмаштың әпкесі қалды, қазір шекара жабық болуына байланысты келе алмай отыр. Бірақ әпкесінің балалары Қазақстанға көшіп үлгерген.

«Менің кезімде бәрі жақсы болған. Көшемін дегендер еш қиындықсыз виза алып, көше беретін. 2014 жылдан бастап жағдай өзгерді, қазақ мектептерін жаба бастады. Виза беруді тоқтатты, қазір бара алмай отырғандар көп. Әке-шешесіне топырақ сала алмай қиналып қалғандар бар. Менің үнім жетпейді, үнім жетсе президентке қытайлар да келіп жатыр ғой, ең болмаса, мына жақта жылап жүрген қазақтарға барып келетін жол болса дегенді айтар едім», – дейді Құрмаш Алқан.

Құрмаш Алқан

Алғаш көшіп келген кезде жемқорлық жайлаған жүйемен бетпе-бет келгенін айтады. Азаматтыққа әзер қол жеткізген, ал кейбірі қайтадан Қытайға қайтып кеткен. Алқан бұл жаққа келгенде ешқандай қолдау көрмегенін айтты.

«Көшіп келгенде үкіметтен ешқандай көмек болған жоқ. Ұлтарақтай жер де берген жоқ, бәріне өз еңбегімізбен жеттік. Басында фермаларда, кафелерде істедік. Кәсіпкер болдық, қазір шүкір, жақсы. Кәсіп жақсы жүріп жатыр. Келгенде азаматтық алудың өзі қиын болды. Азаматтық алып болғанша, ақша тауып отбасын асырау керек. Тілге байланысты қиындық та болды. Үш жыл бұрын ауруханаға барғанымда маған бәрі орысша жауап беретін. Қазір жағдай жақсарды. Қытайда төте жазу болды, бірақ орыс (кирилл – В.) әліпбиін тез үйреніп алдым. Өйткені бұл жерде нан тауып жеу үшін оны білуің керек. Қалам, дәптер алып, біраз күн сонымен айналысып, тез үйреніп кеттік. Балаларымыз осы жақтың әліпбиімен оқып жатыр. Енді қиналмаймыз», – деп түсіндірді Құрмаш Алқан.

Ол кезінде кейбір жергілікті тұрғындар жақтырмағанын және әлі де мұндай жағдайлар болатынын айтты, бірақ бұған ренжімейді. Ол үшін ең бастысы – балаларының Қазақстан қоғамына бейімделіп кетуі.

«Негізі өзіміз бейімделдік. Сыртта жүргеннен кейін Қытай қазақтарының бәрі бауырмал, мейірбан болады, бір-біріне көмектеседі. Жергілікті қазақтар қиналып жатса, шама келгенше олардан да көмегімізді аямаймыз. Өйткені бәріміз мұсылманбыз, – дейді Алқан. – Шелекте тұрғаныма 16 жыл болды. 16 жылда Шелекте 5-6 әкім ауысты. Сөздің шынын айтқанда, олар ештеңе істеген жоқ. Екі жыл бұрын жаңа әкім келді. Сол келгелі ғана Шелекте кішкене жаңару байқалып, адамның көзі тоятын дүниелер болды. Қазақстан бай мемлекет қой, азып-тозбауы керек. Жаңару керек».

«Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын дейді ғой. Сол қалған ұл қазақ, мұсылман болсын деп келдік. Ата-дәстүр, салт-санамыз қытай болып кетпесін, қазақ болсын деген оймен келдік», – дейді Алқан.

Жақын маңдағы базарда қандастар жеміс-жидек, көкөніс сатумен айналысады. Солардың бірі Әсен Алпан Қазақстанға 2006 жылы көшіп келген. Оның ата-бабасы ежелден қазіргі Қытай жерінде өмір сүрген, бірақ Алпан балалары қазақ болып қалсын деген оймен елге қоныс аударған.

«Қытайда бұрыннан бері тұрғанмын. Күнес деген ауылда, Іле басындағы Шыңжаңда. Мен өзім шаруашылықта, үкімет жұмысында істедім, мұғалім де болдым. Сол жұмысымның бәрін тастап, бала-шағаны ойлап осы жаққа келдік. Әйтпесе ол жақта да тұрмысымыз жақсы болды. Біз мекен еткен жерде қытайлар көп тұратын. Қарым-қатынасымыз жақсы болды, “қазақсың” деп бөтен қылған жоқ. Өзім қытай тілін білемін, бірақ жазуын түсінбеймін», – деп есіне алды Әсен Алпан.

Ол туыстары осы жақта қоныстанғандықтан Шелекке көшіп келген. Жүктерін буып-түйіп, автобуспен келгенін есіне алды. Басында Қорғастан тауар тасумен айналысқан, кейін өз саудасын жүргізе бастаған. Қазір сауда бәсеңдеп қалғанын айтты, өйткені халықта ақша жоқ, ал баға күннен-күнге көтеріліп жатыр.

Әсен Алпан

«Үш балам бар. Қытайда одан артыққа рұқсат жоқ. Тұңғышым Талдықорғанда бір компанияда істейді, одан кейінгі ұлым Сарыағашта діни мектепті бітірді. Қызым Алматыда оқу бітіріп, қытай-ағылшын тілінен сабақ беретін орталық ашты. Өзім он ағайындымын. Менен басқасы Қазақстанға келмеді, бәрінің ауқаты жақсы. “Келсек қалай жан бағамыз, қиын болады” деп келуге қорықты», – дейді ол.

Әсен Алпан кирилл қарпін танымайды, сол үшін елде не болып жатқаны жайлы ақпарат алу қиын екенін атап өтті.

Ауылдың арғы басында аласа бойлы әйел нәп-нәзік қолымен қарбызды көтеріп, таразыға өлшеп жатыр. Жұмыр таспен бекітіп қойған матадан жасалған шатыр жел соққан сайын шайқалып тұр. Ол бір жағынан келушілерге қызмет көрсетіп үлгеріп, бір жағынан біздің сұрақтарымызға жауап беріп үлгеріп жатыр:

«Біз көп қиналдық, тұрмыс жағынан қиындық көрдік. Жер берілмеді, өз күшімізбен жан бағып жатырмыз, ешқандай көмек алған жоқпыз. Үйіміз де несиеге алынған. Тауарды қарызға алып, сата алғанша сатамын. Кейде пайда да көрмей қаламын. Нан-шайлық ақша қалады. Барлық құжаттама орыс (кирилл - В.) әліпбимен жазылған ғой, оны ұқпаймын», – дейді Сәуле (есімі өзгертілген – В.) күдіктене қарап.

Жолдасымен бірге 2012 жылы Қазақстанға көшіп келген. Оның да ата-анасы ұзақ уақыт қазіргі Қытай территориясында өмір сүрген. Сәуленің отбасы «туған жері» өмір сүру үшін Қазақстанға көшіп келген. Алайда, айтуынша, Қытайда тұрмыс жағдайы қазіргіден әлдеқайда жақсы болған. Ол жақта ауыл шаруашылығымен айналысыпты. Сәуле бала тәрбиесімен үйде отырған, жұмыс істеуге мәжбүрлік болмаған. Ал мұнда саудадан бөлек, егіс алқабына ауыр жұмысқа да шығады.

«Қарашаңыраққа оралу туралы сөз болғанда жылы орнымызды тастап, көшіп келдік. Біздің кінәміз не?»

Күн жанып тұр. Шелекке «Отандас-Ел» қоғамдық ұйымының ақсақалдар төрағасы Көшербай Қаменұлы келді. Біз жергілікті қандастар «Ақ үй» деп атайтын әкімдік ғимаратының алдындағы саябақта кездестік.

«Мен 1952 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келгенмін. 2012 жылы бала-шағаммен атамекенге оралғанбыз. Бұл дұрыс шешім болды. 2019 жылдан бері “Отандас-Елде” жұмыс істедім, ұйым қандастарға көмек көрсетумен айналысады, – дейді Қаменұлы. – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс сәтсіз аяқталғаннан кейін бабаларымыз арғы бетке өткен. Ата-бабам Райымбек ауданының Қақпақ деген жерінде тұрған екен. Үй-жайын, дүние-мүлкін тастап қашқан. Өйткені, ел көсемдерін түрмеге жауып жатқанда, олар “өлсек, біз өлейік, ұрпақты сақтандар, құтқарып қалыңдар” деп халыққа жасырын хат жазды. Сөйтіп олар Қытайға қарай қашқан. Ол жақта да тыныштық көрмеген, шабуыл мен тонауға ұшыраған».

Бұдан кейін де Көшербай Қаменұлының ата-бабасы ауылдан ауылға көшіп-қонып жүрген. «Көшербай» деп ат қойғаны да содан. Оның отбасы ағаш, тері, былғары өңдеп, ертоқым, мәсі, тоқым, киіз үй тігумен шұғылданған.

«1967–1976 жылдары Қытайда жағдай қиын болды. Біздің салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді құртты: киіз үй, әшекей, бас киім, тұрмыстық бұйымдарды тартып алып, әдет-ғұрыпқа қарсы шықты. Сойқан жылдар болды. Одан кейін Дэн Сяопин (ҚХР бұрынғы басшысы – В.) 1978 жылы билікке келіп, “ақ мысық, қара мысық – тышқан алған жақсы мысық” деп, бәрін қалпына келтірді. Кейін ұлттық салтымыз, тіл, жалпы бәрі жақсара бастады. Ұлттық киімізді киетін болдық. Көкпар, күрес, айтыс – рухани мәдениет қайтадан пайда болды», – деп түсіндірді ақсақал.

Көшербай Қаменұлы

Ол кезеңде Көшербай Қаменұлы мектепте мұғалім болған, әдебиеттен сабақ берген. Ортақ күш-жігердің арқасында ұлттық дәстүрді жандандырдық дейді. Аудандарда үш жылда бір, облыста бес жылда бір ұлттық айтыс өткізген. Ұлттық тағамдарға мән берілген. «Кезінде барлық ұлттың мәдениетін тең дамытты. Мал баққандар еркін тұрмыс кешті», – деп есіне алды.

Бірақ 2017 жылы жағдай өзгере бастаған.

«2017 жылы Қытайға бардым. Бірұлтты мемлекет деген саясат пайда болды. Билік ойына келгенін істеді. Бірінші зиялыларға тиісті. Бүкіл мұғалімді шығарып тастап, түрмеге отырғызды. Ал екінші тілге тиісті. Оқулықтан қазақ тілін алып тастады, бәрі қытай тілінде жүретін болды. Ол жақта дүниені Қытай жаратқан, басқа ешқандай ұлттың еңбегі жоқ деп үйретті. Одан кейін діннен қорықты. Халыққа үгіт жүргізіп, ауылдағы мешіттердің үнін өшірді. Осы жерге келген қазақтардың көбі баспанасын сатуға да мұрсаты келмеді. “Әй” десе түрмеге жауып қояды. Малын сатуға үлгермей келгендер бар», – дейді ол.

«Еңбекшіқазақ ауданы – Алматы облысы бойынша көлемі кең, жан саны мол, ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан. Бұл жерге келген қандастар аз емес: ауданның ана басынан мына басына дейін қоныстанған. Бірі жиенім, нағашым деп тартып келді, кейбіреуі кәсібіне қарай, енді бірі қалаға жақын болған соң ұмтылды. Бірақ жақсы тұрмыс сүріп жатқаны аздау. Мысалы, Тескенсудің өзінде 280 отбасы бар. Оларды еңбекпен қамтамасыз ету жағында еш қамқорлық болмады. Қандастарға 3–5 гектар егістік, суғармалы жер берсе, оны еңбекпен қамтамасыз еткен болар еді. Мемлекетіміз бірнеше жылдан бері баспана салуға 10 сотық жер телімін бермек болды, бірақ қазірге дейін мемлекеттің сол шешімімен 10 сотық алдым деген қандас жоқ», – деп күрсінді Көшербай ақсақал.

«Мына жігіт оралман ғой деймін. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс ұсынған сияқты. Сіз де оралмансыз ба?» – деп Көшербай Қаменұлы осы сәтте жақын маңда әкімдік саябағын суғарып жүрген орта жастағы ер адамға сұрақ қойды.

Көшербай Қаменұлы мен Жәрменді Әлдібай

–«Оралманмын!» – деп күліп жауап берді өзін Жәрменді Әлдібай деп таныстырған ер адам.

–Қанша айлыққа істейсіз?

–70 мың.

–Енді бұған да шүкіршілік етесіз. Қай жылы келдіңіз?

–2016.

–Мемлекеттің тегін 10 сотық жер беру туралы шешімі бар. Ала алдыңыз ба?

–Жоқ, қайдағы! 2016 жылдан бері күтіп жүрміз.

–Көрдіңіз бе! Ал ана жақта жері, малы болғаны анық. 2016 жылы үйіңізді сата алдыңыз ба?

–Жоқ, сата алмадым.

–Көрдіңіз бе? Қысым ғой.

Шамалы уақыт олар бір-бірін қайдан көргенін есіне түсіріп, әңгімелесіп отырды. Одан кейін Қытайдағы жұмыс орындары жайлы сөйлесе бастады. Ақсақал Әлдібайдың бұрын тұрған жерін білетін болып шықты.

«Міне, менің жаңағы айтып отырғаным осы. Көп қандастың мұнын тыңдадым. Университет, техникум бітірген, қысымға шыдамай, жұмыс орнын тастап кеткендер қаншама? Оларға мұнда жұмыс орны бар ма? Оқу ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау саласы, мал дәрігері, агроном, егіншілікпен айналысқан техник мамандар көшіп келді. Барлық жерде жер мәселесі бар. 62 отбасы қоныстанған Алматы облысындағы Асыға екі рет бардым. Олар жер берілмегенін айтты. Қарашаңыраққа оралуға үндеу тасталғанда, жылы орнымызды, үйіміз бен кәсібімізді тастап, бір шапан мен сөмкемізді арқалап келдік. Біздің кінәміз не?», – деп күрсінді ақсақал.

«Жылдар бойы халық балаларымен, немерелерімен бір үйде тұрып жатыр. Қазақ салтына, мәдениетіне бұл жат нәрсе. Жоқшылық ауыр тиіп отыр. Жер – алтын, ол адамды асырайды. Соңында қара жердің астына мәңгілік жатамыз. Қандастар – жерді қастерлеген халық. Тоқаев мырза жаңа Қазақстан, әділ мемлекет құрамын дейді, сол мемлекетте қандастарға да орын болса екен», – деп қосып қойды.

«Қытайда қазақ едік, елге келгенде оралман болдық»

Түске таман Тескенсу ауылындағы шөбі қурап қалған, жабдықтары да жүдеу футбол алаңына адамдар жинала бастады. Кейбірі бұл жерге ескі мотоциклге мініп келді. Жиналғандар алаңның шетінде орналасқан сәкінің көлеңкесіне жайғаса бастады. Мұнда келгендер – Тескенсуда жер ала алмай жүрген қандастар. Ауылда 280 қандас отбасы тұрады.

«Мұнда негізінен қарт кісілер, әйелдер мен балалар келді. Өйткені отбасының бас көтеретін азаматтары күнкөріс жолында жүр. Сондықтан бұл жерге еңбекке жарамсыз, үйде отырғандар жиналдық, – деп 2009 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Нұрбай есімді азамат сөз бастады. – Тескенсуға келгеніме төрт жыл болды. Бала-шағам бар, бірақ тіршілік мәні онша дұрыс емес. Қолдан жасалып отырған қымбатшылық мәселесі қинап тұр. Халықтың азаннан кешке дейін жұмыс істеп тапқаны ештеңеге жетпейді. Бір қап ұн – 15 мың, Қазақстанда не көп – бидай мен жер көп. Шетелден әкелу деген ұят қой. Картоп қымбат – 200 теңге, қызанақ – 500 теңге. Жер болса, соны өзіміз өсіріп алар едік. Қандастарымыздың техникасы жетеді. Бәрі оқыған. Көлік айдауға, агроном болуға, диқаншылыққа шамасы келеді».

Ол Қытайдан Қазақстанға балаларын «құл» ету үшін емес, мемлекеттің өркендеуіне ықпал ету үшін әкелгенін айтып өтті.

«Ұрпағымызға ең болмағанда бір жанға бір гектар жерден берсін. Бір отбасына – үш не бес гектар жер берсін. Бір гектар жерге бидай ексек, біз ол жерден 3–5 тонна бидай аламыз. Осылайша бес отбасын баға аламыз. Ұнды өзіміз тартып алар едік. Барлығының шамасы келеді. Жеріміз болса, қызанақ, сарымсақ, қиярды да өзіміз өсіретін едік. Қымбатшылықтан арылатын едік. Сондықтан көптің талабы – қандастарға, қара халыққа, қиыншылық көрген азаматтарға жер берілсін», – дейді Нұрбай есімді азамат.

Оның сөзін басқалар да қолдап, қол соқты. Жиналғандар әр адамның сөзінен кейін осылай қолдау білдіріп отырды. Олар бір-бірінің сөзін бөлмей, көбіне ортақ мәселелері – жер мен жұмыссыздық туралы сөз қозғады.

«Көшіп келгенде ауылдың басшыларымен сөйлестім. Бізге жерден басқа еш нәрсе керек емес екенін айттым. Олар жер бар екенін, барлығына жететінін айтты. Жер береміз деп уәде берген әкім ақыры кетті. Одан бері бес-алты жыл өтті, бір сотық та жер берген жоқ, – дейді Қазақстанға 2011 жылы көшіп келген Мұқат есімде азамат. – Мал бағатын жеріміз жоқ, халық сыймай жатыр. Бұрын мұнда темекі кеңшары болған, ауыл сонымен күн көреді деп, жерді басқа ауылдарға беріп жіберген. Үш-төрт отбасының ғана малы бар, олар да жайылымды жалға алып отыр. Балам екеуіміз бір сиырдың шөбін әрең қамдадық. Енді екінші сиырдың шөбін қамдау қажет».

Мұқат кедейшілік кесірінен үлкен балаларымен бірге тұруға мәжбүр екенін айтады. Ол мұны жөн көрмейді. Зейнет жасына жетпесе де, “қартайдың” деп көп мекеме жұмысқа алмапты. Ұлы таңғы бесте жұмысқа кеткеннен түнгі онда оралады. Күніне 10 мың теңге табады.

«Ұрпағымыз Қытайдың табанының астында қалмасын деп келгенбіз осы жаққа. Ал енді құтқарып әкелген балаларымыз қиыншылық көріп жатыр. Жұмыссыз, ақшасыз жүрміз. Ауырсақ, сақтандыру төлеуге де шамам жетпей қалады», – деп мұңын шақты Мұқат.

Ол ауылдағы көп отбасы ажырасып жатқанын айтты. Кейбір отбасында ер адамдар ішімдікке салынса, енді бірі отбасын асырай алмаған соң тастап кетіп жатыр екен.

Мұқат

«Еліміз бай, халқымыз кедей. Мемлекетті байыту үшін халық баюы қажет. Бизнесмендер миллион таппай қалса, қиыншылық көрдік деп жылайды. Біз күніне 10 мың теңге тапсақ қуанамыз. Біркүндік өмір сүруге ақшамыз болғанына мәз боламыз. Бұл қиыншылық мәңгілік болады деп ойламаймын. Халықты қолдау керек, байлар мемлекетті көркейте алмайды», – деп сенеді Мұқат.

«Атым Қуандық. Қытайдан 2006 жылы көшіп келдім. Жиырма жылдан бері үкіметтен ешқандай жақсылық көргеніміз жоқ. Үкімет “өлімісің, тірімісің” деп сұраған жоқ. Қараусыз қалған, ең сүйкімсіз, жексұрын оралман болып тұрмыз. Қай жерге барсақ та, сыймаймыз. Балаларымыз құл, қыздарымыз күң болды. Мен Тескенсу ауылдық округі мен Есік әкіміне, Шелек әкімдігіне, Nur Otan партиясына (билік партиясы, қазіргі атауы – Amanat) дейін бардым. Арыз-шағымымды олар да қараған жоқ. Мынау үкіметтен көңілім қалған адаммын. Неге бізге 10 сотық жер бермейді? Олар міндетті ғой! Ал біз жергілікті халықтың шіріп кеткен, жаман үйін миллионға алып тұрып жатырмыз. Далада қалмаймыз ғой. Кезінде ата-бабаларымыз Қытайға қашып кеткен. Соның кегін бізден алып жатыр ма? Бізді неге қинайды? – деді Қуандық, басқалар күле бастады. – Біз Қытайда адам едік, қазақ болатынбыз. Мұнда келіп оралман болдық. Ол жақта біздің жер-суымыз болған. Бәрін тастап ыстық көңілмен еліме, қазағыма деп келгенбіз. Келген кезде ит болдық, “пошел” деп, бақшасына барсақ қуады. Тескенсу ауылында сегіз бай бар, солардың ғана жағдайын жасайды, соларға субсидия, өсімі төмен несие береді. Менің талабым – Nur Otan бізге екі сиыр берген, енді Тоқаев шөп берсін».

Азатбек Қазақстанға 2007 жылы көшіп келген. Оның ата-анасы ашаршылық кезінде кеңестік қуғын-сүргіннен қашқан. Әкесінің бір ағасы Оралға жер аударылған, ал екіншісі Жаркент түрмесінде қайтыс болған. Азатбектің әкесі Қытайға қашқан.

«Біз атамекенге біреу міндетті, біреу қарыз деп келген жоқпыз. Еліміз, жеріміз, жұртымыз деп, ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жер деп келдік. Екі балам бар, бәріміз бір үйде отырмыз. Бір сотық жер ала алмай, әлі кезекте тұрмыз. Мәселен, ауылдың шығыс жағында жүздей отбасы бар. Мен келгенде ол жерде ештеңе жоқ болатын. Үйлер салынды. Оны оралмандар салды. Бірақ біздің наразы болатынымыз, соның бәрі сатылып кетті, ал бізге 10 сотық жер жоқ. Ақан деген әкімнің кезінде 100-ші болып кезекте тұрдым. Сосын кезекте жоқ болып кеттім. Ал 2012 жылы мораторий жарияланып, жер бөлінбей қалды. Кейін кезекте 48-49-шы болдым. Енді қайтадан жер жоқ», – дейді Азатбек.

Ол да жемқорлық жөнінде, ауыл шаруашылығымен айналысуға, үй салуға жер берілмейтіні жайлы айтты. Сонымен қатар, Азатбек ауылда ауыз суды күнделікті арбамен таситынын айтып шағынды, себебі ауылдың көп бөлігі су, жарық, интернетпен қамтамасыз етілмеген.

«Қысқасы, бай байға, сай сайға құяды. Қызметін пайдаланып жерді алып отыр. Ал осыны әкімге айтсақ, “Қазақстанға сендерді мен шақырдым ба?” дейді», – деп ренішін білдірді.

Одан кейін сөз кезегі жергілікті тұрғын Бақытгүл Досановаға тиді. Ол қандастар талабы орынды екенін айтты. Бақытгүл ханым жердің қандастар мен жұмыссыздарға, мүгедектерге сатылмайтынына да наразы.

«Әкімшілік халыққа ешқандай жағдай жасап жатқан жоқ. Жер жоқ емес, Тескенсуда жер көп, бәрі жекеменшікке сатылған. Байларға сатқан. Игерілмей жатқан жерді неге осы кісілерге бермейді? Жер болса, бұл кісілер өз күнін өзі көреді. Қытай жерінде диқаншылық жасап, ананы-мынаны егіп, күн көрген халық. Мысалы, бос жатқан ғимараттың біреуін тігін цехына айналдырды, киім тігеді. Біз оларға киім тіккіземіз, шетінен шебер. Біреу шаш қияды, тағы бірі тамақ пісіреді – нағыз еңбекқор халық. Мүгедектерге де, жалғызбасты аналарға әкімшіліктен ешқандай көмек жоқ. Отандастар қиыншылық көріп отыр, халдері мүшкіл», – дейді ол.

Қытайдан 15 жыл бұрын көшіп келген үш баланың анасы Әсемхан Жомарт та ешқандай көмек көрмегенін атап өтті.

«Менің денсаулығым жоқ, екі рет ота жасалды. Үш балам бар. Солардың болашағын ойлап, Қазақстаныма келдім. Жолдасым қазір үйде ауырып жатыр. Қалаға барып, байдың малын бақтым. Бергенін қанағат қылдым. Ай сайын 15 мың теңге пәтерге төлеймін. Не зейнетақы жоқ, не үкіметтің балаларға төлемақысы жоқ. Пәтерге төлеймін ба, балаларымның киім-кешегін алып беремін бе, әлде дәрі-дәрмек сатып аламын ба деген ойда жүремін. Бір гектар жер берсе екен», – деп ашынды әйел.

Әлике Тоқтасын есімді тағы бір әйелдің баласы науқас, жүрек дертіне шалдыққан. Жарты жыл сайын баласын тексерту үшін астанаға барады. Жалғызбасты ана үй жалдап тұрады.

«Балам алты жаста. Туғаннан жүректің екі құлақшасы жұмыс істемейді. Бес жылда бір рет құлақшасын ауыстыру керек екен. 25 жасқа дейін 7-8 рет ота жасау керек. Туғаннан бері ВТЭК төлемақысын (медициналық-әлеуметтік сараптама – В) алып жүрмін. Кейін ота жасатпадыңдар, әдейі үкіметтің ақшасын алып жүрсіңдер деп төлемақыны қысқартты. Бірақ баланың жағдайы ауыр болған соң, дәрігерлер жасамаған еді. Қазір өз қалтамнан ақша шығарып, астанаға емдетуге апарамын. Балалармен үйде отырмын, жұмыс істей алмаймын. Бәліш пісіріп, дүкенге сатуға беремін. Ел қатарлы жұмыс істегім келеді, аяққа тұрсам деймін. Бірақ баламның қан қысымы 150-ге дейін көтеріледі. Дәрігерлер балам жүгіріп ойнап жүріп, шалынып құласа да өліп қалуы мүмкін екенін айтты. “Бәріне дайын болыңыз” дейді. Үкімет ештеңе сұрамай, заңды ВТЭК төлемақысын қайтарса екен. Мен де баламды шетелге апарып емдеткім келеді. Ешкім баласынан айырылғысы келмейді», – деп ентіге сөйледі Тоқтасын.

Біраз уақыттан кейін стадионға жергілікті әкімдік қызметкерлері келді. Олар бәрімен амандасып, суретке, видеоға түсіре бастады. Бұдан кейін бірнеше адам сөз сөйлеуден бас тартты.

«Ендеше, мен бір ауыз сөйлейін, – деген Көшербай Қаменұлының дауысы естілді. – Тескенсу халқы, мұнда әкімшілік өкілдері келгені жақсы болды. Әкімшілік халықтікі болуы керек. Жаңа үкіметтің талабы осы. Қытайдан келген халық қазағым, отаным деп келді, құл боламын деп келген жоқ. Бағанадан бері халықтың сөзін естіп, көп нәрсеге ішім ашып отыр. Ауру бала, кемтар, мүгедек жан. Қаншама қиыншылық бар. Сұрауларың керек қой. Халықты жегенді қойыңдар енді. Патшаның інісінің (Болат Назарбаевты меңзеп тұр – В) жерін алып жатыр ғой. Халыққа берсін. Алған үйлері құлағалы тұр. 10 сотық жер берулерің керек. Ертеңгі ауыл мен ұрпақтың болашағы қандай болмақ? Азғантай бай мен бектің сөзін сөйлейтін дәуір кетті. Осыны айту үшін жиналдық. Бүгін осы жерге келеміз деп, күндік бес мың теңгесінен айырылса да, бұлар болашағы үшін келді. Кемтар еркек те келді. Сабырлы болыңыздар. Әділдік қашанда жер түбінде жатпайды».

Ауылдық округ әкімінің орынбасары Еламан Елубай халыққа беретін жер жоқ екенін айтты. Тескенсу ауылдық округінде тұрғындарға мал жаю үшін 3700 гектар жер берілген.

«Беретін жер берілді. Біреудің жерін тартып ала алмаймыз. Біреудің жерін алу мәселесін сот арқылы шешу қажет. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс әрқашан бар. Иә, түсінемін, күнкөріс үшін қалаға барады. Маусымдық жұмыс көп. Алмабақ бар. Ауыл болғаннан кейін осындай тіршілікпен өмір сүреді», – дейді ол.

Әкім орынбасарының айтуынша, қазір әкімшілік 40 гектар жердің жоба-смета құжаттамасын дайындап жатыр. Ол бойынша 300-ге жуық адам 10 сотық жерді ала алады. Бірақ алдымен әкімдік қажетті әлеуметтік инфрақұрылым жүргізуі керек, ал құрылыс келесі жылдың басында басталуы мүмкін. Дегенмен бөлінетін учаске барлық мәселені шеше алмайды – қазірдің өзінде 800-ден астам адам 10 сотық жерге кезекте тұр.

Балаларынан жырақта

Тескенсудағы адамдар жиналған стадионға жақын маңда шағын тұрғын үй орналасқан. Үйдің ауласында киіз үй тігілген. Үйдегілер қонақ күтуге дайындалып жүр. Есік алдында аяғын әзер басып, таяққа сүйеніп бір ата отыр. Басына ақ қалпақ, үстіне қара костюм киген. Ол үйге келген барлық адамды күлімсіреп қарсы алды. Бәрімен қол беріп амандасып, қолдарын көпке дейін жібермей қысып тұрды.

«Қытайда тудым. Мұңғылкүре деген жерде тұрамын. Әкеміз Боранбай деген кісі, 1916 жылы Қытайға өтіп кеткен екен. 1940 жылы қайтыс болды. Сөйтіп бала-шағалы, немере-шөберелі болдық. Қытайда біраз жеріміз, сиырымыз бар», – деп сөзін бастады Дәулетжан Боранбай.

Ол әйелі Рабиға Дәрібаймен бірге Қазақстанға 2019 жылы қызын көріп қайту үшін келген. Алайда пандемия басталып, шекара жабылып қалады. Қытайдағы үйіне жету үшін балалары ұшақ билетіне 50 мың юань жинап береді. Бірақ оларды ұшуға жібермейді, жасына байланысты ұшаққа мінуге тыйым салады. Дәулетжан Боранбай 87 жаста, әйелі 75-те. Содан бері олар қызының қолында қалған, дегенмен бір күні үйге жетеміз деген үміті сөнбеген.

«Балам, кете алмай жатырмыз. Қытайға не үшін өткізбегенін түспеймін. 50 мың сом төледік, оның 20 мыңын ғана қайтарды. Бала-шағамды сағындым. Қазір қызымның қолындамын, оның жанбағысы жақсы емес. Біреудің малын бағып отыр. Бізді бағу үшін қыста малға бармай, осы жақта қалды. Күйеубалам сол жақта мал бағып жүр. Бұл жер туған жеріміз екені рас, бірақ ол жақта (Қытайда) төрт ұлым, үш қызым бар. Немере-шөберелерім бар. Балаларымды көргім келеді, – дейді Боранбай ақсақал. Даусына діріл араласып, орамал алып, көз жасын сүртті.

«Келгендеріңе рахмет. Екі аяғым ауырып, жүре алмай қалдым. Көшеге шыға алмаймын. Мүмкіндік болса, шекарадан өткізсе, балам өзі көлікпен алып кетер еді. Бұл жақтан зиян көрмедік. Бұл жаққа мың рахмет. Жастарың ұзақ болсын. Өлсем де, балаларымның арасында өлсем деймін», – деп сөзін аяқтаған қария артынан бізге батасын берді.

«Қандастарды бейімдеумен ешкім айналыспайды»

«Ата-бабам 1920 жылдары Семейден Үрімші жаққа барған екен. Дегенмен, айта кететін жайт, Шығыс Түркістан (өңірдің ресми атауы – Шыңжаң) жақтағы қазақтар – ежелден сол жақта тұрып жатқандар. Соғыс, репрессия кезінде кеткендердің көбі 1962 жылы Қазақстанға қайтып келді. Қазіргі қандастардың көбі – сол жақта ежелден тұрып жатқан адамдар. Олардың бір бөлігі Қытайдағы қудалаудан қашып жатыр», – дейді Бекзат Максұтхан. Ол – «Нағыз атажұрт еріктілері» ұйымының төрағасы.

Бұл ұйым 2017 жылы құрылған. Олар Қытайдан келген және қысымға байланысты қашып келген этникалық қазақтардың құқығын қорғаумен айналысады. Алғашында ұйым “Атажұрт еріктілері” ретінде құрылып, кейін екіге бөлініп кетеді. Мақсұтханның сөзінше, бұл қауіпсіздік қызметкерлерінің араласуымен жүзеге асқан, ұйымның кейбір белсенділерін қорқытып, ақша ұсынған. Сондықтан ол басқа белсенділермен бірге «Нағыз атажұрт еріктілері» болып, бөлініп кетеді. 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін олар партия құратынын мәлімдеді.

«Қазақстанға 1999 жылы келдім, 23 жаста болатынмын. Қоғамдық мәселемен айналысамын, саясатқа араласамын деген ойым болған жоқ. Әрине, 14 жасымда телевизор көріп, газет-журнал оқығанда, қоғамдық мәселе мен саясатта болсақ деген ой болатын. Бірақ біз Қытайда төртінші не бесінші ұлт екенімізді тез түсіндік, бізге саясатқа араласуға жол бермейтін еді. Сөйтіп ағылшын тілін оқыдым. Қазақстанға келіп, қарапайым мұғалім болдым, сосын мұнай саласында жұмыс істедім. Кейбір нәрселерге қарсылық болды. Мысалы, мемлекеттің мүддесін қорғамау, әсіресе тілдің аяқасты болуы, сосын мемлекеттік идеологияның жоқтығы. Оның бәрі бізге сезілетін, бірақ оған араласатын ой болған жоқ. Ал енді қоғамдық әрекетке кіріспесек болмайды деген ой 2016 жылы жер мәселесі кезінде пайда болды», – дейді Мақсұтхан.

Бекзат Мақсұтхан

Ол алғашқыда қандастарды көшіру жұмысы жақсы жүргенін айтады. Оның себебін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның төңірегіндегілерге өз халқына арқа сүйеу маңызды болғанымен байланыстырады. Бірақ жағдай 2005 жылға қарай нашарлай бастаған, содан кейін мүлдем қиындаған.

«2012-2013 жылдар қатты есте қалды. Ол кезде сырттан келген қазақтарға бес жылсыз азаматтық берілмеді. Бұл енді сұмдық болды. Қытайдан келген қазақтарды алты ай визасы біткен күні шекарадан шығарып жіберетін. Үрімшідегі консулдықтың алдында сан мың адам неше күн виза алу үшін кезекте тұратын. Ал кейбіреулері Қытайға барып, қайтып келе алмай қалды. Түрлі себептерге байланысты келе алмады. 2019 жылы Қытай Шығыс Түркістанның қазақтарын азаптай бастаған кезде біздің сыртқы істер (министрлігі – В) тарапынан да, биліктен де ешқандай қарсылық болмады. Билік араласпай-ақ қойсын, қоғамдық құқық қорғау ұйымдарын немесе ықпалды адамдарды қолдануға болатын еді ғой. Олардың аузын жаптырып қойды. Менің тіпті Қытайдағы геноцидтің әу бастағы басталуына біздің жоғарғы билік қатысты бар болуы мүмкін деген күдігім бар», – дейді Мақсұтхан.

Сонымен қатар, Бекзат Мақсұтхан Қазақстанға көшіп келген жылдары қандастарға квота бойынша жер берілгенін есіне алды. Бірақ, оның ойынша, олай жасамау керек еді, себебі бұл жағдай жергілікті тұрғындармен арада алакөздік тудырған.

«Біздің жағдайымыз осындай нашар болып жатқанда, сырттан келіп жатқандарға неге сонша көп ақша бөлінеді деген түсінік қалыптасты. Ол ақша шынымен де сол сырттан келген қазақтың қолына тиген жоқ. Аз ғана бөлігі тиді, қалғанын шенеуніктер бөліп алды. Бұл квотасының пайдасынан зияны көп болды. Солтүстікке барғандар қайтып келіп жатыр. Себебі ол жақта жағдай жасалмаған, үйлері тозған. Бір де бір уәде орындалмады. Сондай-ақ, қазақша мектеп жоқ. Қандастар Қазақстанға не үшін келді? Бала-шағамыз қазақ болсын деп келді ғой. Менің білуімше, жақында солтүстікке Қытайдан келген жиырма қазақ отбасы көшіп барды, бірақ біреуі ғана қалып, он тоғызы қайтып келді», – дейді Мақсұтхан.

Сол себепті де көбіне этникалық қазақтар туыстары бар жерге және ауа райы сай келетін аймақтарға қоныстанады. Құлжадан келген қазақтарға Жетісудің климаты сай келеді. Алтайдан келгендерге Өскеменнің ауасы жағады. Түркіменнен келген этникалық қазақтар Маңғыстауға, өзбекстандық қазақтар оңтүстікке орналасады.

«Қазақтардың бейімделуімен айналысып жүргендер жоқ-ау. Қағаз жүзінде бар шығар. Мал өсіретін кейбір кісілердің жері жоқ. Көбіне біреудің жерін жалға алып, ақы төлейді. Игерілмей жатқан жерлер бар. Ал кейбір кісілер өндіріс орны, цех ашылсын деп жер сұрайды, бірақ ала аламайды. Меніңше, сырттан келген қазақтарды бейімдеу үшін, ешқандай әуреге салмай, азаматтық берілуі керек. Олардың кәсіп істеуіне жеңілдік жасалса. Мысалы, дүкен, цех ашатын болса, құжаттарын толықтырып беріп, көмектесетін адамдарды бекітіп берсе. Аяғына тұрып, кәсіп істеп кеткенге дейін бір-екі жыл салық салмаса. Мамандығымен жұмыс істеуге мүмкіндік берсе. Бюджеттен ақша бөлудің қажеті жоқ, мен оған қарсымын. Квота беру қажет емес, тек қана осы заң аясында жеңілдік жасап қойса. Мемлекет шынымен қазақ тілін мемлекеттік тіл қылып бекітсе», – деп ойлайды Мақсұтхан.

«Шіркін-ай, қазақ деп келгенде қазақша сөйлемеген қандай қиын»

Моңғолиядан келген 51 жастағы этникалық қазақ Батырбек Сыламханұлы Талдықорған қаласының іргесіндегі Қарабұлақ ауылында кішігірім бутикте киім-кешек сатумен айналысады. Сатып алушылардың аз болғанына қарамастан, ол әр келушіге барынша қызмет көрсетуге тырысып жүр. Әйелі де базардың арғы бетіндегі екінші бутикте киім сатады. Арасында екі бутик арасында жетпеген тауарды жеткізіп, алып кетіп жүр. Жұмыс арасында Сыламханұлы Қазақстанға көшіп келген кезін еске алып отырды.

«Моңғолдың орталығындағы Бозғұн деген жерде туып-өстік, Ұланбатырдан 150 шақырым жерде орналасқан. Қазақтар мен моңғолдар танысып, араласып жүріп, біреуі малды жаюға қыстауына, бірі жайлауына шақырып жүрген. Сөйтіп жүріп ата-бабам сол жақта қалып қойған. Біз 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бұрын келдік. Біреу елін сағынады, біреу жерін сағынады, біреу тойып ішкен тамағын сағынады. Жағдайы жақсы болып жүргендер арасында осы жаққа келіп нашарлағанда “қап, бекер келдім-ау” деген ойда болғандар да болды. Көпбалалы отбасынан шыққанбыз, бір әкеден 13 баламыз. Ол кезде мен 20 жастағы жас бала жігітпін, сондықтан көшуге белсенді атсалыспадым. Бізге бес жылдық куәлік жасап берді. Одан кейін оны ұзартқанымыз жоқ. “Оралман” деген куәлік алғанымыз алдық, алмағанымыз жүре бердік, сонымен 2001 жылы азаматтықты бірақ алдық. Көбіне Моңғолиядан келгендер Павлодар, Алматы, Талдықорған өңіріне орналасты. Баянауыл жерлері Моңғолдың табиғатына ұқсас болған соң сол жаққа көбі көшіп барды», – деп есіне алды ол.

Оның отбасымен бірге бір вагонда тағы 30 отбасы Моңголиядан көшіп келе жатқан. Олардың жартысы бір станцияда қалған, қалған бөлігін келесі станцияға дейін жеткізген. Ол жерден оларды автобус күтіп алып, ауыл орталығына жеткізіп салған. Тамақтандырып, жұмыс пен үй тапқанға дейін уақытша тұратын жер берген. Сыламханұлының отбасы өтемақы ретінде 144 рубль мен бір бұзаулы сиыр алған.

«Үйді әне береді, міне береді деп жүрді. Кейін әке-шешеміздің жиған-тергеніне осы жақтан үй алдық. Жеті үйдің бесеуі үй алды, екеуі алмады. Моңғолиядан келген халық ол жақта керемет шалқып өмір сүрді. Көшеміз дегендер шынында қазақ деп аңсап, арзан сатқанын арзан сатып, көшіп келді. Тіпті айғыр үйір жылқысын жақсы жолдастарына сыйлап кеткендер де болды. Ол жақта біз қой бақтық. Мұғалім не басқа сала мамандарына қарағанда қойшылардың, трактор айдап, егін саласында жұмыс істейтіндердің жағдайы жақсы болатын», – дейді Сыламханұлы.

Көшіп келе сала ол құрылыс саласына жұмысқа тұрған. Кейін трактор, комбайн айдап, диірменде істеген. Оның сөзінше, Моңғолиядан келген қазақтар көбіне жиһаз жасаумен айналысқан. «Ескі кітаптарда “Керейден ұл туса, ағашқа жан бітеді” деген ескі мақал бар. Моңғолияда көбіне керейлер тұрады. Текелідегі, Талдықорған мен Алматыдағы жиһазбен айналысқандардың бәрінің жағдайы жақсы».

«Жергілікті халық бізді жақсы қарсы алды, – дейді ол. – Бізде өңкей үлкен кісілер еді, бөлу деген болған жоқ. Жергілікті азаматтармен жақсы араласып кеттік. Бөліп-жарып, қудалады деп айта алмаймын, ондай болған жоқ». Бірақ Сыламханұлы басқа да этникалық қазақтар сияқты Қазақстанға көшіп келгенде тіл мәселесіне тап болған. Ол орысша сөйлеген адамдарды түсінбеген, қалай құжат толтыруды білмеген. Басында өмір сүру үшін орыс тіліндегі негізгі сөздерді жаттауға мәжбүр болған.

«Орысша бірінші үйренгенім “обед” деген сөз болды. Тамақ ішетін кез екенін білдіреді. “Обед” десе болды, үйіме қарай қайтамын. Дүкенге барғанда тауардың бағасын білу үшін орысша сандарды жаттадым. Бізден келген адамдар тілден қиналды. Қазірге дейін қиын. Шіркін-ай, қазақ деп келгенде қазақша сөйлемеген қандай қиын дедік. Бәрі орысша сөйлейді, кейде намысым оянып, неге қазақша сөйлемейсіздер деп сұраймын. Бізде ең бір қате нәрсе – 4-сыныпқа дейін балаларға білім беруде орыс тілі, ағылшын тілі дегенді араластыру. Мысалы, Моңғолияда 3-сыныпқа дейін моңғол тілі деген сабақ болмайтын, тек 4-сыныпта моңғол, орыс тілі қосылады», – дейді ол.

Қазақстанға көшіп келгеннен кейін бірнеше жыл өткенде Батырбек Моңғолиядан келген этникалық қазақ қызға үйленеді. Қазір олардың үш баласы бар, екеуі жоғары оқу орнында оқиды, ал біреуі колледжде.

«Оралманға оралман көмектеспесе, басқа ешкім көмектеспейді»

Талдықорғандағы “Ащыбұлақ” саяжайында көбіне Қытайдан келген этникалық қазақтар тұрады. Олар Құрбан айт мерекесін атап өтуде. Көп үйде дастархан жайылып, бір-біріне қонаққа барып жүр.

«Ораза айтты да, құрбан айтты да жұмысымызды тастап, атап өтіп жатырмыз. Жаңа ғана Жансүгіров ауылынан қонақтан келдік», –деп күліп жауап берді Бақытнұр Баймұқанның әйелі дастархан жайып жүріп. Қазақстанға көшіп келгенде жергілікті тұрғындардың бұл мерекені кең көлемде атап өтпейтіні оларды таңғалдырған екен.

«Жаңа жылды бұл жерде жақсы атап өтеді. Біз жаңа жылды тойламаймыз, есесіне Наурызды жақсы атап өтеміз. Тарсылдақ атпаймыз. Қазақстанға келгенде осыған таңғалдық. Бұрыннан келе жатқан дәстүрді ұстанамыз. Наурызда көжемізді жасап, көктем шықты деп қуанып, бала-шағамызбен қыдырамыз, бүкіл ауылды қонаққа шақырамыз».

2008 жылы 42 жастағы Бақытнұр Баймұқан әйелі, балаларымен бірге Қытайдан Қазақстанға көшіп келеді. Бес баласының екеуі Қытайда дүниеге келген. Басқа да этникалық қазақтар сияқты олар балаларын өз Отанында тәрбиелеп, өсіргісі келген. Бірақ көшіп келе сала олар біраз қиындыққа тап болған, атап айтқанда, жұмыссыздық, орыс тілін білмеу, баспана мәселесі.

«Көшіп келгенде қиындау болды, таныс жоқ, дайын үйіміз болмады, өзіміз үй салдық. Кішкентай балаларымызбен Қазақстанға “өз жеріміз, өз қазағымыз” деп келдік. Келген кезде бәрі өзгеше. Ешқандай көмек көрсетілмеді. Басынан бастап өзіміз салдық, қайда барсақ өзіміз жүрдік – құжатқа да, азаматтық алуда да. Көп қиындық болды, оның бәрі қазір ұмытылып та жатыр. Ол жақта үйіміз, жеріміз, малымыз болды. Бәрін сатып көшіп келгенбіз. Келгеннен кейін жер сатып алып, ары қарай тіршілік еттік. Тасымызды тасып, бір-бірімізге көмектестік. Оралманға оралман қарамаса, басқа ешкім қарамайды. Әкімшіліктен ешкім келіп қалай өмір сүріп жатқанымызды сұрамады. Басында шамамызға қарай мына жақтан кішкентай қылып үй салдық, сосын екі сиыр сатып алдық. Күйеуім екі білегін түріп қойып, балаларды бағу үшін түрлі ауыр жұмыс істеді. Құжаттардын бәрі ақшамен бітті, себебі Қазақстан жазуын (кириллица – В) білмейміз. Бізде бұрынғы төте жазу ғой. Қайда барарыңды білмейсің. Бәрі бір-біріне сілтейді. Мекенжай атаулары орысша болды. Атыңды да жаза алмайсың. Құжатты ішінде отырғандар толтырып бермей, сыртта халықтан сұрап, толтырасың. Олар жазып бергені үшін тиынын алады. Бір құжатты толтыру үшін 500 теңгеден төлеген кездер болды. Сөйтіп жүріп, азаматтық алдық», – дейді есімін атаудан бас тартқан Бақытнұр Баймұқанның әйелі.

Бақытнұр Баймұқан отбасымен

Оның сөзінше, осы қиындықтарды көтере алмай көп отбасы қайтадан Қытайға көшіп кеткен. «Бірақ барлық қиындық артта қалды, қазір бәрі жақсы», – дейді Баймұқан. Олар қаржылай көмек алу квотасына қол жеткізе алған. Көшіп келгеннен кейін ол құрылыста жұмыс істеген, кейін ескі танысымен бірге Қытайдан құмнан блок шығаратын станоктарға тапсырыс беріп, соны шығарумен айналысқан. Қазір бұл оның негізгі табыс көзіне айналған.

«Алғаш келгенде бәрі қиналды. Бәрі жастар еді. Көбіне құрылыста қызмет етті. Мамандығымен келген жігіттер де болды, бірақ олар жасаған орта мен мына жақ үйлеспейді ғой. Қазір әркім өз алдына бөлек жұмыс істейді. Мен құмнан блок жасаумен айналысамын, көршім КамАЗ айдайды. Мына жерде көбі мал бордақылайды, қысы-жазы ірі қара ұстайды. Қытайда бәріміз жартылай диқан, жартылай малшы отбасында дүниеге келгенбіз», – дейді Бақытнұр Баймұқан.

Бақытнұрдың әйелі мектепке еден жуушы болып жұмысқа кірмекші болған, бірақ барлық жерде жұмыс тәжірибесін сұрайды. Сондай-ақ, ол көпбалалы ауыл тұрғындарына кәсіп ашуға мемлекеттен бөлінген 500 мың теңге грантты екі рет алуға тырысқанмен, екеуінде де ала алмапты.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олар жергілікті тұрғындармен жақсы қарым-қатынаста болған, бірақ ара-тұра оларды жақтырмай қараған жағдайлар да кездесіпті.

«Басында, малымыз олардың жеріне кіріп кеткенде, кішігірім түсініспеушілік болды. Қазір бәрі жақсы. Негізі бөліп-жарған да дұрыс емес. Соғыс кезінде ата-бабаларымыз бөлек кеткен екен. Іле қазақ облысы қазақ жерінің бір бөлігі ғой. 1860 жылдары “ақ патша” кезінде жерді солай қаламның ұшымен бере салған. Ол қазақтың жері. 1928–33 жылдары қиын кезең болды, үлкен кісілердің есінде. Қудаланып кетпес үшін сол жақтағы туыстарына барды. Біздің ата-бабамыз 1958–60 жылдары барған, “қарақытай” деп атап кеткен. Әлі күнге дейін “қытай” деп айтатындар бар», – дейді Баймұқан.

Бақытнұр Баймұқан қазір ауылдастарымен бірге Ащыбұлақтың дамуына бар күш-жігерін салуда. Олар өз күшімен жолға асфальт төсеген, қазір саяжайға арнап жеке мектеп салуды талап етіп жүр, себебі балалар қаладағы алыс мектептерде оқуға мәжбүр. Баймұқанның айтуынша, 2008 жылдан бері мұндағы жағдай анағұрлым жақсарған – автобус 20 минут сайын жүріп тұрады, ал бұрын ол тек таңертең, түсте және кешке ғана жүретін еді.

«Көктемде бір жиналыс болды осы жердегі жігіттермен. Бір әкіміміз бар, ол кісі де шапқылап жүр, бірақ көбіне өзіміз бас болып, көшені реттеу, жан-жақты тазалау жұмысын атқарамыз. Өз жеріміз ғой. Үйіңді қалай күтсең, ауылыңды да солай күту керек», – дейді Баймұқан.

«Қазақстанда не болып жатқанын, халықтың өмірі жайлы әңгімені үлкендер радиодан тығылып тыңдайтын»

Ащыбұлақтың тағы бір тұрғыны Мұхтар Тоқау бала кезінде ата-анасы олардың орны Қытайда емес, Қазақстанда екенін жиі айтатынын еске алады. Ол кезде Мұхтар бұл сөздердің түпкі мағынасын түсінбеген. Бірақ уақыт өте келе ол ата-анасының Отанына оралу туралы арманын жүзеге асырған.

«Мен енді ес біліп келе жатқан кезде үлкен кісілер “радиодан өзімізді тыңдаймыз” деп отыратын. Үлкен кісілер Қазақстанда не болып жатқанын, халықтың жағдайы қандай екенін тығылып тыңдайтын. Жағдай болса, өз мемлекетімізге кетсек деп армандап отыратын. Олар “біздің ата-бабамыз – көшпенді халық, заманның тұрақсыздығына байланысты жан сауғалап келген” деп айтатын. 90-жылдары Қазақстанға көмек беруіміз керек, жаңа егемендік алып жатыр” деп, мал-мүлік жинап жіберетін. Біздің кісілер сол кезде аңсап жүретін. Сол санамызда қалды. Енді ол кісілердің арманын орындап, біз келдік. Ол кісілер сол жақта қалып қойды», – деп есіне алды Мұхтар Тоқау.

Мұхтар Тоқау әйелі Мақзере Асқабылмен

Қазақстанға келгенде оңтүстік-шығыс өңірге қоныстануды жөн көрген. Оның отбасы 90 мың теңге көлемінде қаржылай өтемақы алған. Екі жылдан кейін Тоқау Қытайдан келген этникалық қазақ Мақзере Асқабылға үйленіп, отбасын құрады. Олар қазір төрт баланы тәрбиеліп отыр. 2013 жылы ерлі-зайыптылар балалары қалада оқуы үшін, әрі өздері жұмыс табу үшін Ащыбұлаққа көшіп келеді. Бұл жақта өздеріне шағын үй тұрғызған, қазір тағы бір үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Біз келгенде Мұхтар мен Мақзере Құрбан айтқа келген қонақтарын шығарып салып жатты. Үйдің іші кең бөлмелерден тұрады, ал қонақ бөлмеде мерекелік тағамдар жайылған жер үстел тұр. Үстел айналасында қазақы ою-өрнек бейнеленген құрақ көрпе пен жастықтар төселген. Тағы осындай бірнеше көрпе бұрыштағы сандықтың үстінде жиналып тұр. Ал керегеде екі домбыра мен бір кітап ілініп тұр. Тоқау бала кезінен домбыра тартуды үйренгісі келгенімен, оның реті келмепті.

«Балаларым үйренсінші деп домбыра алып бергенмін, бірақ балалар әзірге мойын бұрмай жүр ғой. Әйтеуір үйде бір домбыра тұрсыншы деп ойладым. Келген қонақтар шертеді, өткенде көршім келіп шертіп кетті…» – деп күлді ол. Ал домбыраның жанындағы қабырғада орналасқан кітап олардың шығу тегін баяндайтын шежіре кітабы екен. «Балаларға шыққан тегі туралы айту маңызды», – деп атап өтті Мұхтар Тоқау.

Қазір ол ауылдастары сияқты құрылыс саласында жұмыс істейді, кейде дәнекерлеумен айналысады. Ал қыста мал бордақылайды. Ал әйелі – үй шаруасында, балаларға қарайды.

Олардың сөзінше, қандастарға ешкім ештеңе түсіндірмейді. Сондықтан олар алғашқыда құжаттарды қалай толтыру керек екенін білмей, делдалдарға жүгінген. Екі рет алаяқтарға тап болған. Қазір ерлі-зайыпты екеу жер ала алмай жүрген қандастарды қолдайтынын білдірді.

«Мемлекеттен ешкім ақша сұрамайды, ең басты мәселе жер алсақ дейді бәрі. Бірі диқаншылық етсек дейді, бірі мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Қайда барсаң да жер жоқ дейді, бірақ бос жатқан жер көп. Жер берсе, көмек сол болар еді», – деп есептейді Мұхтар.

Оның сөзінше, бес ағайындының үшеуі Қазақстанға көшіп үлгерген, қалғаны Қытайда қалған. Ол азаматтық алған кезде қате кетіп, тегі басқаша аталып кеткен. Ал Қазақстанға виза алуға тек тегі бір туыстар ғана шақырту жібере алады.

«Қазір оларға бірдеңе айтайын десем, телефоны тексерісте тұрады. Бір кесірім тиіп кетпесін деп, тек аман-сәлем жасап тұрамыз. Менің бір әпкем бар, жолдың арғы бетінде екі баласымен көшіп келді, жездемді алып қалған. Қысым басталмай тұрып, баласы оқуын аяқтар кезде виза уақыты бітеді деп, дипломын алмастан көшіп кетті. Әлі келе алмай жүр. Екі жақта бөлініп қалған отбасы көп. Соларға көмек болса дейміз, бірақ мемлекет тарапынан әрекет болмай жатыр. Қазір жол ашылды, бірақ тек қытайлар келіп жатыр», – деп түсіндірді ол.

«Ат ауыстыра бермей, мәселені шешу керек»

«1992 жылы қандастарды Қазақстанға шақырып, бір шаңырақтын астына жинау деген бірінші президенттің жарлығы шықты. Одан кейін Қазақстанға жан-жақтан қандастарымыз ағылып келе бастады. Ол кезде Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы (ДҚҚ) деген ұйым құрылды, төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Бірақ Қытай ДҚҚ-ны ұлтшыл ұйым деп таныған екен. Сондықтан “Отандас-Ел” қоғамдық бірлестігі құрылды. Оны Қытай халық Республикасынан келген Мамытқан Мұқан деген кісі басқарды. Ол кісі Қытайда облыстық жер комитеті бастығының орынбасары лауазымын тастап, 1994 жылы Қазақстанға көшіп келген», – дейді Төлеужан Дүйсентайұлы, ол – «Отандас-Ел» ұйымының қазіргі төрағасы.

Төлеужан Дүйсентайұлы

Төлеужан Дүйсентайұлының өзі 25 жылдан астам ішкі істер органында, он жылға жуық көші-қон комитетінде қызмет еткен. Ол көші-қон комитетінде қандастар ісімен айналысқаны қазіргі жұмысына да көмегін тигізіп жатқанын атап өтті, себебі көшіп келген қазақтардың мәселесімен жақсы таныс. Өзі “Қазақстан халық партиясының” Алматы қалалық филиалының төрағасы екен, бұл арқылы ол қандастар мәселесі бойынша мемлекеттік органдармен диалог жүргізуге мүмкіндігі бар.

«Осындай мәселе бар” деп телефонмен хабарласады. Түнде ұйықтап жатсам да қоңырау шалатын кездер болады. “Осы жаққа барасың, мынадай құжат жинайсың” деп бағыт беріп, кеңесімді айтамын. “Отандас-Ел” ұйымы болып қанша хат жаздық, жауап та бермейді. Сол үшін “Қазақстан Халық партиясы” атынан қаңтар айында дөңгелек үстел өткіздік, әртүрлі министрліктер, қалалық және облыстық көші-қон қызметінің бастықтары қатысты. Көптеген мәселені айттық. Қытайдағы дипломын растауы жайлы мәселені көтердік (Қытайдан келген этникалық қазақтар Қазақстанда дипломын растай алмайды – В.)», – деп пікірін білдірді Дүйсентайұлы.

Ол Қазақстан билігі этникалық репатриация бойынша Израиль, Германия және Польша елдерінің тәжірибесін басшылыққа алғанын айтады. Мұның түпкі себебі, оның ойынша, тәуелсіздік алғаннан кейін көп халықтың сыртқа кетуі.

«Қандас келді ме, оған жеке меншікке үй берілуі керек деп ойлаймын. Сол үйдің иесі ретінде санауы қажет, сол кезде кетпейді. Ол жақта үйді бес жылға жалға береді, кейін оны сатып алуың керек. Көші-қон қызметкерлерінің санын 2018 жылдан бері үш мәрте қысқартып тастады. Саны аз, жасайтын жұмыс көп. Көші-қон қызметінде көшірме жасайтын құрал тұру керек, онын жанында құжат толтырып беретін адамы болуы керек. Аудармашылар болу керек. Көші-қон қызметін полиция департаментінен бөлек шығарып, тікелей ішкі істер министрлігіне бағынатындай ету керек. Олар өзі бұйрық шығаратындай, штат құратындай мүмкіндік пен жауапкершілікті беру керек», – деп есептейді Төлеужан Дүйсентайұлы.

Ол жергілікті тұрғындар мен қандастар арасындағы кикілжің жер мен жұмыстың жоқтығынан туындайтынын айтады. Алматы облысында адам саны көп болып, қандастар “сыймай жатқандықтан”, билік “оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру” бағдарламасын ойлап тапты.

«Солтүстік Қазақстанға, Павлодарға барып қайттым, елді мекендерін аралап шықтым. Он мың адам тұрған жерде екі-үш отбасы ғана қалған. Үшқабатты мектеп жабылып қалған, адам жоқ. Адамдар санын көбейту үшін және де Ресейдің ұлт арасында іріткі салатын депутаттарының сөзінен кейін қазақтар көбірек барсын деген шешім қабылданды деп ойлаймын», – деп тұжырымдайды “Отандас-Ел” ұйымының төрағасы.

Оның айтуынша, жерге қатысты мәселе қандастар мен жергілікті тұрғындардың екіге бөлінуіне алып келген.

«Отандас-Елде” үш жылдай болдым. Тойларында да, жиындарында да боламын. Олардың той-жиындарында жергілікті тұрғындар жоқ. Мен жергілікті қазақ болғаннан кейін жергілікті қазақтардың тойында да боламын. Ол жерде екі-үш қандас болуы мүмкін. Бір-бірімен араласпайды. Неге олай екенін сұрағанымда, бір жергілікті қазақ ақсақалы: “Біз шақырамыз, өздері бөлектеніп, бір-бірін шақырып, бөлініп алады. Неге біз шақыра береміз, олар бізді неге шақырмайды?” – деді. Енді қандастардан сұрасам, “біздің дастарханымыз оларға ұқсамай қалады” деп ұялып, шақырмайтындары бар екен. Неше түрлі себеп бар. Қандастар мен жергілікті тұрғындар қыз алысып, қыз берісіп, құда-құдағи болуы керек. Менің әйелім – 1962 жылы Қытайдан келген қазақтын қызы. Ол қазір бір университетте профессор болып отыр. Оның жазған кітабын бүкіл Қазақстан оқып жатыр. Сол сияқты адамдар бөлінбеуі керек», – дейді ол.