5729
5 октября 2022
Юна Коростелева, суреттерді Ольга Логинова түсірген

Соғыстан қашқандар

Сені ешқашан мойындамайтындарға пана болу мүмкін бе?

Соғыстан қашқандар

Қазақстан соғыс басталғалы Ресейден қашқан халыққа пана болып келеді. Мобилизация жарияланғалы бері олардың саны айтарлықтай өсті. Ресеймен шекаралас облыстарда еріктілер арғы беттен келгендерге бейімделуге көмектесіп жатыр, ал әлеуметтік желілерде Қазақстандағы өмір туралы сұрақтарға жауап беретін чат көбейді. Адамшылық тұрғысынан қарағанда, қашқындарға көмектесу керек әрі бұл дұрыс әрекет. Себебі олар Ресей әскерінің қатарын арттырады. Ал бір жағынан империалистік өткені мен бүгіні толық сараланбаған халыққа көмектесу дұрыс па деген сұрақ туады.

Қыркүйектің 21-і күні президент Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялады. Әйтсе де, соғысқа әскери дайындығы жоқтарды да, жасы асып кеткендерді де әкетіп жатыр. Екі аптада Қазақстанға 200 мыңнан аса ресейлік келді. Кейбірі мұндай шешімді бернеше сағатта қабылдады, кейбірі отбасын тастап кетуге мәжбүр болды, кейбірі Қазақстан шекарасында бірнеше тәулік кезекте тұрды. Олардың халі мүшкіл, өйткені Ресей билігі таңдау қалдырмады.

Олардың қорқынышын жоққа шығара алмаймыз. Десе де, жадымызға терең енген өз қорқынышымызды да ұмытпау қажет. Отарлау, саяси репрессия, ашаршылық… Қазақстанның Ресейден көрген зұлматының бір бөлігі ғана. Бұл оқиғалар ұмтылмайды. Әсіресе, кінә мен жауап қазақстандықтардың өзіне артылған кезде оны ұмыту мүмкін емес.

Елімізде аласапыран болса, Ресей қазақстандықтарды құшақ жая қарсы ала ма? Ресейліктер біздің еріктілер секілді қашқындарға тұратын жер беріп, ас-ауқатын алдына ұсына ма?

Олар қазір қазақ мәдениетін қабылдауға әзір ме?

Жылдар бойы Ресейде Орталық Азия тұрғындары шеттетіліп келе жатыр. Түр-әлпет пен төлқұжаттың реңіне қарап, адам қатарына қоспау қалыпты жағдай қатарында. Бәлкім, ресейліктердің басым көпшілігі үшін Мәскеуге ұқсас қала салу қолынан келмейтін, дамымаған елден келген еңбек мигранты болып қала берерміз. Ресей мен Қазақстан шекарасы әлі ашық. Ал қазақстандықтар адамдарды соғысқа барудан сақтап қалып жатыр.

«Украинадағы ұлтшылдардың көзін жойып, Ресей аумағын азат етуге» Путин емес, Ресей халқы аттанып жатқанын естен шығармаған жөн. Олардың көбі үшін шешім қабылданып қойған. Алайда бейбіт өмір үшін адамдарды өлтіріп, қалаларды қиратып жатырмыз деп ойлайтындар да болуы әбден мүмкін. Алайда, бейбітшілік атын жамылған соғыс болмайды. Қазақстан да мұны біледі.

Ресейліктердің қашуына не себеп? Кісі өлтіргім келмейді деген қорқыныш па? Әлде өз басының қамы ма? Біріккен ұлттар ұйымы ұсынған, әлі де толықтырылып жатқан дерек бойынша, Украинада алты мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза болған. Ал бізге келіп жатқан ресейліктер «арнайы операцияны» қолдай ма? Қашқындар қазір ғана емес, болашақта да қонақжай Қазақстан халқына рақметін айта ма?

Бұл сұрақтарға жауап беру қиын. Бірақ, дәл қазір қорқынышты соғысты бастаған елдің азаматтарымен бірге өмір сүріп үйренуге мәжбүрміз.