5512
13 октября 2022
Ольга Логинова, фото Akorda.kz

Көзбояушылыққа толы «халық қолдауы»

«Жаңа Қазақстан» бұрынғыдан әлдеқайда ескірек. Неге?

Көзбояушылыққа толы «халық қолдауы»

Өткен аптада Amanat, «Ақ жол», «Халық партиясы» саяси күштері және түрлі қоғамдық бірлестік келісіп, кезектен тыс сайлауға кандидат ретінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Не бұрынғы, не қазіргі президентке қарсы келе алмаған үкіметшіл саяси бірлестіктердің бұл ісін «халық қолдауы» деп атай аламыз ба?

Тоқаевты қолдау мақсатында асығыс құрылған «Халық коалициясы», президенттің сөзіне қарағанда, «барлық әлеуметтік топты қамтиды». Ал мұқият қараған адам бұл бірлестік олардың кейбірінің ғана мүддесін көздейтінін байқай алады.

Тоқаев президент болғалы азаматтық белсенділердің бірде-бірі партиясын тіркеу процесін аяқтай алмады.

Қазіргі президентті қолдау мақсатында топтасқан партиялар парламент ішінде өтірік оппозиция рөлін ойнайды. Жеке әрі тәуелсіз бастама айтып көрген емес. Бұған дейінгі сайлауда бәсекеге әлсіз кандидаттарды ұсынып келсе, қазір президенттің төңірегінен кете алмай жүр. Бұл қазіргі жүйенің авторитар сипаты артып жатқанын ашық көрсетеді.

Бір күн ішінде құрылған коалицияға енген «30-дан астам республикалық қоғамдық бірлестіктің» толық тізімі әлі жарияланған жоқ. Ашық әрі нақты болудың орнына, сайлаушыға «Халық коалициясы» форумында түсірілген суреттерді көрсетеді. Ал бір ғимаратта мыңға жуық адам жиналғасын, олардың бет-әлпетін көре де алмайсыз.

Орталық сайлау комиссиясына Тоқаевты қолдау жөнінде құжат өткізген бірлестіктердің бірі – «QAZAQSTAN TEAM». Ұйым 2019 жылы Тоқаевты қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы жанынан ашылды. Бұл сайлауға дейін не бітіргені туралы ақпарат жоқтың қасы.

Партия жетекшілерінің Тоқаевты «мақтап қана қоймай, мақтан тұту» үндеуі секілді тенденция жеке басқа табынудың жаңа кезеңіне алып келеді. Сондай-ақ президентті «барлық саяси партиядан» емес, Қазақстан қоғамының шын жанайқайынан алыстатады.

2021 жылғы жалған парламент сайлауы және президенттің біржақты шешімдерін заңдастырған «референдум» өткенін ескерсек, Тоқаевтың қазіргі сайлау стратегиясы соңғы үш жылдағы «Жаңа Қазақстан» туралы иллюзияның жалғасы деуге негіз бар.