8920
25 января 2021
Вячеслав Абрамов, фотолар Жанар Кәрімова мен Данияр Мүсіровтікі

Жаңару тұрақтылыққа келіп тірелді

Мәжіліс бұрынғыша үшпартиялы болып қалды

Жаңару тұрақтылыққа келіп тірелді

Парламент сайлауы күткеніміздей аяқталды. Елдегі қалыптасқан жағдай өзгерген жоқ, яғни билік басындағы «Нұр Отан» партиясы саяси аренада сол күйі басым ойыншы болып қала береді. Ал қағаз жүзінде билікке жақын әрі сенімді «Ақ жол» мен Халықтық партия оған оппозиция іспетті. Бұған дейін көп айтылған «көппартиялы парламент болу үміті» ақталған жоқ, ал жаңару ретінде ескі күштер жұртшылыққа жаңа өкілдерін ұсынып жатыр.

Орын беру

Парламент мәжілісінде 2012 жылдан бері үш партия бар. «Нұр Отан» сол жылғы сайлауда басқа партияларға қатарынан орын берді, «Ақ жол» мен Коммунистік халықтық партия парламентке өтуге қажет шекті 7%-дан сәл асырып дауыс жинады. 2016 жылғы сайлауда осы нәтиже айна-қатесіз қайталанды. Ал бес жылдан кейін, оппозициясыз өткен сайлауда, билік басындағы партия сәл аздау, ал сайлау алдында атауын өзгертіп, «коммунистік» деген сөзден арылған Халықтық партия мен «Ақ жол» сәл көптеу алды.

Десе де, ойын ережесі өзгерген жоқ – билік басындағы партия қарсыластарын елеместен, қалауынша билеп-төстей алатын саяси басым күш ретінде қалды. Қағаз жүзіндегі оппозиция «Ақ жол» мен ҚХП мәжіліске тағы да өткенін қанағат қылатын сияқты.

2020 жылы қабылданған парламенттік оппозиция туралы заңға сәйкес, партияларға аз-маз портфель беріледі, сонымен бірге оларға құлақ асу керек. Бұрыннан бар десек те, бюджеттен қаржы беру де қарастырылған. Қанағат етуге тұрарлық нәтиже.

Қазақстандағы парламенттік модель Ресейдегі (тек Мемлекеттік думада үш емес, төрт партия бар) немесе Өзбекстандағы (бес партия) немесе Беларусьтегі модельге ұқсайды. Қазір бұған толықтай көзіміз жеткен сияқты. Ол жақта да парламентке биліктің айналасындағы партиялар өтіп, саяси жағдай жылдар бойы өзгермей келеді.

Парламентке өте алмады

Сайлау кампаниясын аса белсенді өткізген «Ауыл» мен «Адал» партиялары мәжіліске өте алмады. «Адал» партиясы қарашада өзгеріске ұшырап, жаңа мүшелермен толыққан еді. Бірақ сайлауда көздеген нәтижеден әлдеқайда аз дауыс жинады.

Ал «Ауылдың» жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі осы жолы жоғары сияқты еді. Партия былтырғы президент сайлауына да, биылғы сайлауға да белсенді қатысқан. Бірақ парламентке тағы да өте алмауы түсініксіз. Әйтпесе, билікке жақындығы парламентке өткен екі партия сияқты екені сайлаушыларға түсінікті еді.

«Ауылдан» да, «Адалдан» да жергілікті мәслихатта депутаттар болуы мүмкін (нақты деректер әлі белгісіз). Келесі сайлауда жолымыз болады деп үміттенуге негіз бар шығар, бірақ дөп басып айту қиын.

Бір қызығы, тәуелсіз бақылаушылар жариялаған бірнеше сайлау учаскесінің хаттамасынан «Ауылдың» да, «Адалдың» да әжептәуір дауыс жинағанын көруге болады. Әсіресе «Адалға» дауыс бергендер көп. Соған қарамастан, партиялар ресми нәтижемен келіспей, қарсы шыға қояды дегенге сену қиын. Олар ешқашан билікке қарсылас болған емес, болуға тырыспайтын да сияқты.

Наразылық білдірушілерге қарсы кеттлинг

Сайлау күні қазақстандықтар дауыс беруден бөлек, сайлауға қатысты тағы да екі жайттың куәсі болды: тәуелсіз бақылаушылар өз міндетін атқару үшін күрессе, оппозициялық күштер сайлауға қарсы наразылық білдірді. Қалай болғанда да, бұл күрестен екі топ та маңызды моральдық жеңіспен қайтты.

Өткен сайлау тәуелсіз бақылаушыларға ауыр тиді. Желтоқсанның басында-ақ Орталық сайлау комиссиясының шешімімен олардың мүмкіндігі айтарлықтай азайды, ал сайлау кезінде бақылаушылардың кейбірін тіпті сайлау бөлімшесіне кіргізбеді (орын болмауы, ПТР тест анықтамасының дұрыс болмауы, т.б. себептермен). Бас прокуратура бұл арадан ешқандай заңбұзушылық көрмейді. Оның үстіне, билікке жақын күштер оларға қарсы өздерінің мыңдаған бақылаушысын жіберген. «Сайлаудың әділ әрі таза, заң бұзусыз» өткенін көрген де солар.

Десе де тәуелсіз бақылаушылар бұл жолғы сайлауда да бірқатар сайлау учаскесінде жұмыс істей алды және соның арқасында бізге жеткен хаттамалардың нәтижесі жарияланған нәтижеден мүлдем бөлек екенін көруге болады.

Наразылық білдірушілер, болжағанымыздай, аз болды. Олар шамамен бір ай бұрын Тәуелсіздік күнінде митингіге шыққандардың күйін кешті. Арнайы жасақ наразылық білдіру үшін Алматыдағы Республика алаңына бара жатқан екі топты қоршауға алып, сол жерде ұстап тұрды. Құқық қорғаушылар бұл әдісті «кеттлинг» деп атайды, бұл – қоршаудағыларды сыртқа шығармай, сол жерде ұзақ уақыт ұстауды білдіреді. Іс жүзінде қамауға алғанмен бірдей. Сайлау күні қоршауға алынған екі топтың бірі жеті сағат, екіншісі тоғыз сағат тұрды.

Бұл өте ұзақ уақыт. Тоғыз сағаттың ішінде Алматыдан астанаға ары-бері үш рет ұшып барып келуге немесе Алматыдан Шымкентке көлікпен жетуге болады. Бұл толық жұмыс уақытынан да көп.

Қоршаудағылар ақыры жіберілді, олардың суреті желіде кеңінен тарады. Суретте олар жеңілген адамға ұқсамайды. Керісінше, адамгершілік үшін күрестің жеңімпаздары сияқты.