5064
23 ноября 2022
Назерке Құрманғазинова, суретті Алмас Қайсар түсірген

Саясат сайлаумен шектелмейді

Құқық пен бостандықты қамтитын «саясаттан тыс» өмір сүру мүмкін бе?

Саясат сайлаумен шектелмейді

Президентті сайлау тарихындағы сайлаушылар ең аз қатысқан кезекті кезектен тыс сайлау аяқталды. 2021 жылғы парламент сайлауы мен маусым айындағы референдум секілді бұл сайлауға да сайлаушылардың 70 пайызға жетер-жетпесі ғана қатысты. Қазақстандықтардың басым көпшілігі «саясатқа қызықпаймын», «саясатқа қатысым жоқ, маған тиіспеңдер» деу арқылы өзіне қауіпсіз тор құрып алады.

Тікелей құқығың мен бостандығыңа қатысты болса, «саясаттан тыс» өмір сүру мүмкін бе? Ал жұмыс беруші мен оқу орнының талабымен дауыс беріп, бюллетеньді суретке түсіріп алуды саяси белсенділікке жатқыза аламыз ба?

Дәл сол сияқты халықтың сайлауға бармауы да олардың саясаттан алшақ екенін білдірмейді. Оған түрлі себеп түрткі болуы мүмкін: кейбірі бұрынғы сайлаудағы заңсыздықтан көңілі қалса, енді бірінің қазіргі билікке сенімі жоқ.

Өңір тұрғындарымен елдегі жағдайға не үшін көңілі толмайтыны туралы ұзақ сөйлесуге болады, алайда «саясат» сөзі әңгімені шорт кеседі. Бұл сөз қоғамда айтуға болмайтын «Волан-де-Морт» секілді. Әйтпесе, сізде ешкімнің шаруасы болмаған «жалған қолайлы ортадан» айырыласыз.

Фридрих Эберт қоры 2016 жылы жастар арасында сауалнама жүргізген, сонда белгілі болғаны, жастардың жартысынан көбі еркіндікке қарағанда қауіпсіздік әлдеқайда маңызды деп есептейді. Сондай-ақ, 45,9 пайызы саясат пен азаматтық бастамаларға қатысуды «аса маңызды емес» десе, 35,5 пайызы «мүлде маңызды емес» деп жауап берген. Бұл сауалнама Назарбаевтың кезінде жүргізілген, алайда Тоқаев дәуірінде де өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. 2021 жылы сауалнамаға қатысушылардың жартысы ішкі саясатқа да, сыртқы саясатқа да қызықпайтынын айтқан.

Мұның маған қатысы жоқ қой дей отырып, проблеманы елемей, адам құқығының бұзылғанына көз жұмып өмір сүруге болады. Алайда бұл аурудан айықтырмайды. Жамандық жойылмайды, керісінше, қанат жая түседі.

Әрине, бұл сөзіммен барлығын халықтың мойнына артқым келмейді. Бұл жерде Қазақстан билігі әрдайым шектеу жасап отырғанын естен шығармаған жөн. «Саясат» сөзін биліктің өзі қауіптің синонимі ретінде көрсетіп келді. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев «әуелі экономика, содан кейін ғана саясат» ұстанымын басшылыққа алды. Онысы ақырында «саясатқа араласпаңдар, есесіне жәрдемақы төленіп, жеңілдікпен ипотека беріледі» деген қоғамдық келісімге алып келді.

Әйтсе де, саясат деген митингке шығумен шектелмейді, айналада болып жатқанның бәрі – саясат. Болашақты талқылау мен үніңнің естілгенін қалаудың өзі – саясат.

Ал қоғамның саяси процестерге қатысуға дайын болуы, «саясат» сөзінен қорықпауы енжарлықтан айығудың белгісі болмақ. Әзірге бұл белгіні байқау қиын.