4259
1 февраля 2023
Юна Коростелева, Власть. Басты фотоны Ольга Логинова түсірген

«Қарында гематома қалмайды деп ойлайтынмын»

Атырауда азаптаудан зардап шеккен Сергей Шутов қаңтар оқиғасынан кейін өмірі қалай өзгергені туралы

«Қарында гематома қалмайды деп ойлайтынмын»

Азаматтық белсенді Сергей Шутов Атыраудағы полиция қызметкерлерінің «Динамо» спорт залында азаптағаны туралы алғашқылардың бірі болып айтты. Конституциялық сотты жуырда ғана басқаруға келген адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова да мұндағы азаптаудан қалған ізді іздеді. Оқиғадан бір жыл өткен соң сол спортзалда зәбір көргендер әділдікке жете алмады – азаптауға қатысты істер жабылып қалды.

Власть Шутовпен сол кезде не болғаны және қаңтар оқиғасынан кейін өмірі қалай өзгергені жөнінде сөйлесті.

«Динамо» спорт залы

Атырауда митинг 4-5 қаңтарда өтті және сол сәттен бастап «Динамо» спорт залындағы азаптау конвейері істеп тұрды. 5-інен 13 қаңтарға дейін жеті күн бойы адамдар осында түсіп жатты, мұнын бәрі бастан кешірді және үнсіз қалды. Олар қатты қорқып қалған еді.

4 қаңтарда Исатай мен Махамбет алаңында өткен митингіге қатыстым, содан кейін байланыстың бәрі үзілді. 10-ы күні маған танымал белсенді хабарласып, «Сергей, телефоннан фото мен видеоның бәрін өшіріп таста», – деді. Ашып ештеңе айтпады. Өзім әрдайым бәрін бастан-аяқ түсіріп жүремін, барлығын салып тастасам, телефоннан өшірудің қандай мәні бар деп ойладым. Адамдарды полицияға әңгімелесуге шақырып жатқанын естідім, көп ұзамай маған да келетін шығар дедім. Міндетті түрде шақыру қағазын сұраймын, шақыру қағазын көрген соң ғана барамын деп ойладым. Содан кейін мені аз уақытқа заңсыз қамауға алатын шығар. Сол кездің өзінде әйелімді «олар мені түрмеге отырғызады», «өйткені айыппұл төлейтін ақшам жоқ» деп дайындай бастадым. Ол аса мән бере қоймады.

Келесі күні, сағат 11-12-лерде есікті қаға бастады. Кішкентай тесіктен қарағанда, бейтаныс, денелі келген екі адамды көрдім.

«Полиция, ашыңыз» деді. Қандай мәселе бойынша келгенін сұрай бастадым. Олар мені қалалық полиция бөліміне фотосуреттен адамдарды анықтап тануға апаруы керегін, шақыру қағазы бар екенін айтты. Есікті аштым. Қара киім киген, қолында автоматы бар, айрықша белгілері жоқ екі адам кірді. Олардың бірі куәлігін жылдам көрсетті, ал мен көз жүгіртіп те үлгермедім. Ешқайда бармаймын дедім. Олардың бірі менімен ұзақ әңгімелесіп тұрмайтынын айтты да, қолтығымнан ұстады.

«Тоқтатыңыз! Не істеп жатырсыз? Не үшін?» – деп айғай салдым. Сол сәтте әйелім арғы бөлмеден басын шығарып қарағанда менің жалаң табанымды ғана көргенін есіне алады. Осылайша, мені аяқкиімсіз, футболкамен, шолақ шалбармен суық кіреберісте, қарда сүйрей жөнелді. Сөйтті де көлікке апарып салды. Бірден қолды артқа, басты төмен салбыратып, еңкейіп жүруім үшін аяқтан ұра бастады. Көлікте бәтеңкемен, жұдырықпен басымнан ұрды.

Көліктің аяқ қоятын жері суық, малмандай су. Өтетін жердегі еденге етпетіңнен жат деді. Мен жатырмын, ал олар мені ұрып жатыр, телефонның құпиясөзін айтуымды талап етті. «Сізге нені көрсету керек екенін айтыңызшы? Өзім-ақ көрсетейін», – дедім. Содан кейін автоматтың дүмімен жауырынымнан ұра бастады. Сүйегіме тиді. Олар енді ғана жүре бастағанда қызметкердің бірі аяқкиім мен телефонды алу керек екенін айтты. Көлік күтіп тұрды, ал ол жүгіріп кіріп кетті, бір кезде қайтып келді. Әйелім өзінің есеңгіреп қалғанын, үйдің ішінде не істерін білмей, айналшықтап жүргенін айтты. Дәл осы кезде есікті қайта қаққан. Ол ашқан кезде полиция қызметкерінің бірі «аяқкиім мен телефонды бер» деген. Жаздық аяқкиімім сөрелердің бірінде тұрған еді, ол мелшиген күйі соны берген. Олар оның қолынан тартып, есіктен кіреберіске қарай шығарған, «телефонды бер, әйтпесе алып кетеміз» деп айтқан.

Олардың біреуі біз жүріп бара жатқанда бәтеңкесімен қабырғамнан басып тұрды. Сілейген күйі полиция бөліміне апара жатқан болар деп ойладым. Ештеңе көрінбейді, әйтеуір 15 минут бір жаққа жүрдік. Ал шығарған кезде айналаңа емес, тек жерге қарап жүр деді. Көліктен шыққанда асфальтты көрдім. Қазір бір бөлмеге кіргізеді деп топшыладым. Асфальт, асфальт, содан кейін спортзалдың едені. Қызғылтсары белгісі бар. Өте қорқынышты. Бояуы оңған. Әуелгіде қараусыз қалған мектепке әкелді деп ойладым.

Атыраудағы митинг, «Ақ Жайық» фотосы

Үстелдің жанына алып келді. Айналама қарай алмадым, еденді және алдымдағы үстелді ғана көрдім. Олар бірден не айтса, соны істеуімді және берген қағаздың бәріне қол қоюым керегін ескертті. Әйтпесе, арты жақсы болмайды. Үстелдегі адам қағаз берді, оған қол қойдым. Бұл осында әкелгені, ал менің қызметкерлерге шағымым жоқ екені туралы қағаз сияқты көрінді.

Мені қабырғаға тұрғызып қойды, дәл алдындағыдай – бетімді еденге қаратып, қолды артыма қойып және аяқты қаттырақ ашып тұруым керегін айтты. Барынша кең ашуым керек. Полицейлер қазіргіден де қаттырақ ашуың үшін ылғи өкшеңнен ұрады. Ауырғаны соншалықты, сүйеніп тұратын үшінші жерді іздей бастайсың. Ал бұл – қабырға. Қабырғаға сүйендім, ал онда жылу құбыры болды. Ол әжептәуір ыстық болғанымен, бәрібір суық еді, өйткені ангар үлкен, есіктер ылғи ашылып-жабылады. Міне, осылайша суықтан дірілдеп тұрасың, ал сүйенсең – сыздатып ауыртады.

Өз-өзіме келіп, айналама көз тастағанда қатып қалған қанды көрдім. Бұл жерді белсенділерге, митингіге қатысушыларға зәбір көрсететін орын деп ұқтым. Өйткені не үшін әкелгені және не болып жатқаны түсініксіз еді. Адамдар барлық жерде шамамен дәл осындай қалыпта тұр. Оларды дембе-дем әкеліп, қандай да бір әрекетті орындауы үшін сол жерде ұрып-соғып жатыр.

Мұның бәрі шамамен алты сағатқа созылды. Біршама уақыттан кейін маған қайтадан еденге қарап тұр деді және үстелдің біріне алып келді. Үстелде маған телефонның ішіндегі нәрселерге қатысты сұрақтар қоя бастады. Телефон өзімдікі екенін, бірақ көбіне жұмысқа қатысты мәселелерді шешуге арналғанын айттым. Полиция қызметкері сол кезде арнайы жасаққа қажет телефонды алып келмедіңдер деп бақыра бастады, осыдан кейін қайтадан әйеліме баратын болды ғой деп ойладым. Олар әлденені қате айтсам, әйелімді де осында әкелетінін айтып, қорқыта бастады.

Ресейде кейінгі рет қашан болғанымды сұрай бастады. Мен Ресейге кейінгі рет 2021 жылы әйеліммен барғанымды, ол Волгоградта көзіне операция жасатқанын айттым. Бұдан кейін барған емеспін. Сосын Ресейде кімдермен байланысым барын, мені мұнда кім жібергенін, тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруды кім қаржыландырғаны жөнінде сұрақтар қоя бастады. Бірден ешкім маған ақша бермегенін және жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанымды айттым.

Әрине, олар қорқытты, кейінірек бәрін мойындайтынымды айтты.

Содан кейін қабырғаға қайта апарып, кеудені жерден көтеретін жаттығуды жасатты. Әлім қалмаған кезде секір деді. Секіре алғанымша секірдім. Шаршаған кезде қорқыта бастады және отыруға мәжбүрледі. Мен еденге құлап түстім. Адамға дәл осылай жаттығу жасатса, қан бұлшықетке құйылып, қатты ісінеді және соққыдан кейінгі із аса көрінбейді екен.

Спортзалда, топшылауымша, алты үстел тұрды. Онда қарапайым киім киген қызметкерлер отырды. Дәретхана жақтағы қабырғада үш үстел бар, онда форма киген адамдар жұмыс істеді. Олардың арасында әйел кісі де болды. Мен жігіттердің біреуінен қайда екенімізді сұрадым, ол маған бұл қалалық полиция бөлімі аумағындағы «Динамо» спорт залы екенін айтты. Ал мен өзімді қаланың сыртына алып кетті деп ойлап едім.

Әйел отырған үстелден үнемі айғай естіліп жатты. Адамдарды сол жерге әкеледі, сол жерден күштеп алып кетеді. Ол жерде ұрып-соғып жатқаны түсінікті еді. Ешкім қарсы шыға алмайды, өйткені олар – міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлері. Қолыңның ұшы тисе, түрмеге қамаласың.

Әңгіме кезінде мені «қорқынышты бөлмеге» барасың деп қорқытты. «Үрейлі бөлме», «сұмдық бөлме» деген де болды. Бір кезде мені сол жерге ертіп барды. Мені не үшін ұрып-соғып жатқанын сұрадым, доғаруын өтіндім. Тағы да бетімді жерге қаратып, қолымды арқама қойдым.

Бұл душ бөлмесі еді. Іші бос болды, еденде бір щетка жатты. Онда қолғап пен «берцы» киген арнайы жасақ бар. Ол қайда тұруым керегін көрсетті. Содан кейін көкірегімнен ұруды бастады. Мықынымнан ұрды. Мен ауырсынғаннан тізерлеп отырып қалдым. «Тағы да митингіге барасың ба?» деп айғайлады. Бәтеңкесімен басымнан, бөксемнен, бүйрегімнен тепкіледі. Мен одан тоқтатуын сұрадым, бірнеше рет өтіндім, бірақ ешқандай реакция болған жоқ.

Содан кейін қызметкерлердің бірі мені кері апару керегін айтты. Ауырғаннан бүрісіп, қабырғаның бойындағы үстелдердің жанынан өттім. Мені қабырғаға қайтадан тұрғызды. Осы кезде қатты қиналып кеттім. Таяқ жегенім аздай, тағы да сол лас, суық қабырғаның бойында тұрмын. Қолым ұйып қалған, буыным ауырады. Өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері тепе-теңдікті жоғалтуымыз үшін қаттырақ шала бастады. Олар мықынның ішкі жағынан, сыртқы жағынан, артынан ұрды. Олардың бірі жаныма білдіртпестен келіп, бауырымнан қатты ұрды. Қарнымда жұдырықтың ізі қалды. Кейінірек қарнымнан мұндай гематоманың 11-ін байқадым. Мен қарында гематома қалмайды деп ойлайтынмын. Қалады екен.

Сергей Шутов, жеке мұрағатынан алынған сурет

Қызметкерлер біршама уақыттан соң маған жақындап келіп, бір ер адамның суретін көрсетті. Бұл видеоны көргенмін, онда алаңға қарай өтіп, жиналғысы келген халықты полиция арандатып жатыр. Арнайы жасақ пен жедел әрекет етуші арнайы жасақ көпшіліктің жолын кес-кестеп, жанжал шығып, төбелес бұрқ еткен, ал сондағы қатысушылардың бірі славян келбетті болған. Маған оның фотосын көрсетіп, «мынау сенсің» деді. Тіпті жанынан қараған күннің өзінде мен емес екенімді анық көруге болады. Олар маған көрсеткен зорлықты осылайша басқа біреумен шатыстырып алдық деп ақтап алғысы келгендей немесе фотодағы шынымен мен деп ойлап тұрғандай көрсеткісі келгендей болды.

«Ал, кәне, бұған дейін де болып едің, енді тағы бір рет баруың керек» деп, азаптайтын бөлмеге жетектейді. Қолтығыңнан сүйреп апарады. Бұл жолы қабырғаға қарап тұрып, қолыңды жоғары көтер деді. Арнайы жасақ жауырын, жүрек, бүйрек тұсымнан бірнеше рет ұрды. Осы ауырсынудан еңкейе бастағанда, мықынымның екі жағынан ұрды.

Мен төрт аяқтап құладым. Ыңырсыдым, айғайладым. «Тізеңмен еңбектеп жүр» деді. Душ бөлмесінен спортзалдың ортасына дейін жорғалап бардым. Ол қасымда, ал мен ит сияқты, көзімді көтерместен жүріп келе жатырмын, өйткені бұдан ауыр қорлық пен зәбір жоқ еді. Мұның бәрі сенің басыңнан өтіп жатпаған сияқты әсер қалдырады.

Сонан соң мені бесінші қабатқа шақырды. Аяғымды бүге алмаймын. Баспалдақтың таянышын қолыммен ұстап, протез киген адам сияқты әуелі бірінші аяғымды, кейін екіншісін қойып қана көтерілдім. Бесінші қабаттағы ҰҚК қызметкері отырған кабинетке апарды. Ол маған: «Ақсаңдамай жүр. Ауырып қалдың ба, немене?» – деді. «Иә, сіздердің уқалап сылағандарыңыздан кейін». Ол бәрін көзімен көрсе де, мені ешкім ұрмады дейді. 2016 жылы мені мемлекетке жұмыс істейтін блогер ету үшін әріптестік туралы келісімге қол қоюға мәжбүрлемек болған. Қазір де солай істейтінін біліп тұрмын. Осы туралы әңгіме өрбіді.

«Орыстар, осы сендерге не жетпейді? Сендерге ешкім тиіспейді ғой» деп сұрады. Былықтың бәрін Әблязов істегенін, қалаған жерде жұмыс істеуіме ешкім кедергі емес екенін айтты. «Сен патриот ретінде өз елің үшін не істей аласың?» – деп сұрады содан кейін. Мен бұл келісімге қол қоюдан үзілді-кесілді бас тарттым, өйткені болған жайттың бәрі ызамды келтірді. Полицияның жүзіндегі Отан менің намысымды таптады. Отанымның мені қадірлегенін, құқығымды таптағанын емес, қорғағанын қалар едім. Бұл жерден енді ешқашан шықпайтынымды айтып қорқытты. Ал менде әрі қарай не болатыны туралы ой пайда бола бастаған еді. Мұнда әйелімді де әкеліп, оған да осының бәрін жасай ма деп қорықтым. Мені қанша жылға соттайтыны туралы да ойлай бердім, өйткені адамдар мынадай қысымнан кейін кез келген нәрсеге қол қойып береді, бір-біріне жала жабады. Бұл жерден шығудың өзі бақыт боп көрінді.

Маған спортзалға қайтып бар деді. Бесінші қабаттан әрең түсіп, қайтадан қабырғаға тұрдым. Бұл кезде кеш түсіп кеткен екен. Жарықты қосты. Қабырғадан әр жолы көлеңке көрінгенде жиырыла түсесің, өйткені сені ұрады деп күтіп тұрасың. Спорттық төсеніштің жанында бір адам қозғалмастан жатты. Алып келгенде қалай жатса, әлі солай жатыр. Өліп қалғандай боп көрінді. Сөйтсем ол мас екен.

Біраз уақыттан кейін мені басқа үстелге алып барды, ондағы қызметкердің бірі менен Әблязовтің, 16.11 арнасын көретін-көрмейтінімді, оған көзқарасым қандай екенін, қандай байланысым бар екенін сұрай бастады. Олардың айтқаны бойынша түсініктеме жазуымды талап етті. «Айтқанын жазбасам, не болады екен?» деп ойлайсың. Осындай күндері митингіде болдым, оған белсене қатыстым деп жаздым. Сұрақ қоюға тыйым салды. Содан кейін қайтадан қабырғаға тұрдым, кейін тағы да басқа үстелге бардым. Олар менің үстімнен әкімшілік хаттама толтыра бастады. Босатқаннан кейін бірден арыз жазамын, соққы іздерін түсіртемін деп шештім, бірақ ұзақ уақыттан соң іздің бәрі жоқ боп кетеді деп уайымдадым.

Сонан кейін қарама-қарсы беттегі қабырғаға тұрғызды. Менің қасымда жігіттер болды, біреуі өзгелерінен ұстап тұр екен, өйткені аяғы жарақаттанған. Оны отырып-тұруға мәжбүрледі, бірақ қолынан келер емес. Екеуі оның екі шетінен демеп, отырып-тұруға көмектесті. Осылайша, бірдей отырамыз және бірдей тұрамыз. Содан кейін бірдей кеудемізді жоғары көтеру жаттығуын істейміз.

Маған біреу «Кәдеңе жарап қалады» деп бас киім ұстатты. Бұнысын кейін ғана түсіндім – уақытша ұстау камерасы азынап тұрады екен. Мені торы бар бөлмеге алып кетті, онда менімен бірге 16 адам болды. Бәріміз отырғанда сыйып кетуші едік, бірақ көбі таяқ жеген, кейбірі қатты соққыға жығылған, адамдар соларға өз орнын беріп, түрегеп тұрды. Бөшкедегі майшабақ сияқтымыз. Туыстарыма бірнеше сағаттан кейін жылы киімдерімді берудің сәті түсіпті. Азаптан аздап құтылғандай болдым.

Тұрып тұрған кезде ауырғаны аздап басылады. Ал отырған сәтте аяғың орындыққа тиіп, тері созылғанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Маған көпке дейін тік тұрған ұнап қалды. Аз уақытқа жатқанымда жігіттер менің қиналғанымды, ауырсынғанымды көрді. Жатсам, қабырғамның арасындағы бірдеңе ауырып тұр, соққы тиген жер зақымданған болуы керек және маған бұл жүрек ұстамасы сияқты болып көрінді. Жедел жәрдем екі рет – біріншісінде коронавирус жұқтырған кісіге, екіншісінде аяғы ауырып жатқан жігітке келді. Бұған дейін әкімшілік жаза алған жігіттер таңертең сот болатынын, содан кейін тергеу изоляторына апаратынын, ол жақта жайлырақ болатынын айтты. Қазір ешкімді ауруханаға жатқызбайды, әрі кетсе алғашқы көмек береді.

Осында түнеп шықтық, туыстары арқылы біреу су беріп жіберіпті. Дәретханаға екі рет – таңертең және кешке алып шығады, қалған уақытта бөлмедегі судан қалған бөтелкеге дәрет сындырдық. Әуелі одан кезектесіп су ішіп алдық, кейін дәрет сындырдық.

Әйеліме жылы киімдерді сұрап хабарласудың сәті түскенде оған: «Мына жер Окрестина сияқты» (Минскідегі 2020 жылғы митингілерден кейін ұсталғандарды қорлаған изолятор – В.), – дедім. Алайда ол мұнымды сәл түсініңкіремеді. Таңертең, сағат 10-да бізді камерадан алып шықты, бір жігітке туыстарына хабарласудың сәті түсті. Мен одан тез-тез телефон сұрадым да, әрірек кетіп, әйеліме хабарластым. Мені ұрып-соққанын және нені мойындатқысы келетінін білмейтінімді айтты. Ол абдырап қалды.

Содан кейін бізді тағы да 5-қабатқа апарды. Бөлмеде 30 адам бар. Отырғызбады, сүйендірмеді. Тек автомат асынған адам жүрді, ол бәрімізге тез арада жерге не жүресінен отыруға бұйрық берді. Дәл осындай келесі бұйрықтан кейін өзімнің отыра алмайтынымды түсіндім, өйткені аяғым бүгілмейді, ал отырсам, құлап түсемін. Осы кезде жігіттер маған тез орындық әкеліп берді, маңдайымды қабырғаға сүйеген күйі сол орындықта кешкі сағат 5-ке дейін отырыппын. Таңғы 10-нан бастап. Ешкім дәретханаға шығармады, ешкім су мен тамақ бермеді.

Осынша уақыт бойы онлайн сот өтіп жатты, акт залына бір адамнан кіргізіп отырды. Мен онда соңғылардың бірі болып бардым және алаңдай бастадым, өйткені барлығын дерлік алып кеткен. Акт залында мені орындыққа отырғызып, қолыма телефон берді, трансляцияны қосты. Судья қайсына келісіп, қайсына келіспейтінімді сұрай бастады. Полицей ишара жасап, әрдайым келісу қажетін айтты. Адвокат керек пе деп сұрағанда, полиция қызметкері қорқынышты түрмен аярлана күлді, содан кейін бас тарттым. Өйткені мұның бәрі тезірек біткенін қаладым. Прокурор маған тағы да экраннан полиция қызметкерлерімен төбелескен славян жігіттің фотосын көрсетті және бұл үшін көп жыл жаза берілетінін айтты. Мен сол күні қызыл күрте кигенімді, оның үстіне жанынан қарағанның өзінде оған ұқсамайтынымды айттым, ал мына адамды танымаймын деді. Прокурор митингіге белсене қатысқаным туралы түсініктемемді оқып берді. Мен белсене қатысу дегеннің әнұран айту екенін түсіндірдім. Судья екі күн жаза белгіледі.

Олар біраз уақыттан кейін бізді Химпоселокқа апаратынын айтты. Онда уақытша ұстау изоляторы жоқ екенін білетінмін. Сол жақта тергеу изоляторы бар еді, сонда екі ай отырамын деп ойладым. Ал бізді балалар интернатына алып келді. Үшінші қабатқа көтерілгенде, қабырғада патриоттық бірдеңелер, өлеңдер, күзге арналған қолөнер бұйымдары ілулі тұрды. Құдды бір балабақшаға кіргендей болдық. Бөлмедегі матрастарда 20 адам жатты. Жата алудың өзі артықшылық еді. Мен бұған қуандым, өйткені жылы бөлмеде жату түсіме де кірмеген еді. Тек тұрғанда, жатқанда өзгенің көмегі керек болады, өйткені өзің жығылып құлайсың. Кешке таман бізді алғаш рет тамақтандырды.

Ішінде қатты таяқ жеген жігіттер болды, олар да аяғын сүйретіп жүрді. Біреуінің беті түгелдей көгерген. Біршама уақыттан кейін бүйрек тұсым қатты ауырып жатқанын байқадым. Зәр шығару кезінде де ауырсыну болды, ал зәрімнің түсі шайдың түсіндей еді. Зардабы ауыр болады деп қорқа бастадым және тезірек ауруханаға барып, қаралғым келді.

Интернатта бір күн болдым, өйткені олар қалалық бөлім камерасындағы алғашқы күнді есептепті. Таңертең бос екенімді айтты. Туыстарым келді, бірден облыстық ауруханаға тарттық. Жеткен бойда туыстарым аурухананың әр бұрышында адамдарды түсіріп жүргенін байқаған. Бұл жайтты полиция мен ҰҚК қызметкерлері бақылап отырғандай көрінді.

«Динамо» спорт залы, ашық көздерден алынған фото

«Динамодан» кейінгі өмір жайлы

Дәрігерлердің жүзінен аяушылық сезілгендей болды, олар тіпті бірге қамығып тұрғандай көрінді. Маған компьютерлік томография (КТ) жасады және анализдер алды. Сол күні кешке КТ-дан ештеңе анықтала қоймады, олардың сөзінше, ештеңе болмаған. Мені бәрінен бұрын таңғалдырған анализ – зәрдің қалыпты болып шыққаны. Ал оның түсі шайдікіндей еді. Мен тағы да сұрай бастадым. Нәтижесі жазылған бланкіде зәрдің түсі «бидайдікіндей» болды. Екінші ретте де дәл осындай нәтиже шықты, бірақ түсі «шөптікіндей» болды. Хирург зәрдің қою болуының себебін ұзақ уақыт дәретханаға бармағаннан деп түсіндірді.

Таныстарым басқа автобустарда ұсталғандардың тісін шокермен ұрғанын айтып берді. Адамдардың үстінен секіріп, қабырғасын сындырған. Буындарын қайырып зақымдаған. Арыз жазуға оқталғандардың қыр соңына «белгісіз біреулер» түсіп алып, есігін қаққан және қорқытқан. Олар кімнің арыз жазғанын және қайда тұратынын да біледі. Адамдарды осылай қорқытады.

Мен тәуелсіз сараптама жасатуды ұйғардым. Өйткені дәрігерлер іздерді кетіру бойынша тапсырманы орындайды. Травматологқа бардым, ол бәрін ашық жазып берді. Оны алып, бірден арыз жазуға бардым. Бәрін екі параққа қысқаша етіп баяндап бердім. «Динамо» спорт залында менің бетіме қарап тұрып, «Құтырып тұрсың деп айттым ғой» деген бастықтың үстінен жаздым. Ал үйде болған жайттың бәрін сипаттап, бас прокуратураға көлемді етіп мәлімдеме жаза бастадым. Ең әуелі полицейлерден қорғауын өтіндім. Өйткені болған оқиғаның бәрі олардың адамға ойына келгенді жасай алатынын көрсетеді. Содан кейін маған полиция қызметкері хабарласып, әңгімелесуге шақырды. Ал оның азаптау істеріне басшылық жасағандардың бірі екенін кейін таныдым. Ешқайда бармаймын дедім және үйіме медициналық куәландыруға жолдама алып келгенін айттым. Алайда оны жұма күні әкелген еді, ал сот-медицина сараптамасы жұмыс күні де істемей тұрды. Азаптаудан қалған іздің кеткенін күтіп, уақытты созып жатқанын түсіндік.

Басқа қалаға кетемін деп шештім, сол кезде жақын маңдағы блокпостан мені өткізбей қояды деп ойладым. Төтенше жағдай режимі кезінде бұлар қалаға кіреберісте тұрды. Боранды күні шыққандықтан, біз өтіп кеттік. Жексенбіде мені басқа қалада бүйректі тексеріп емдейтін дәрігер қарады, ол бір бүйрегіме зақым келгенін анықтады. Мен тіпті сот-медицина сараптамасынан өтіп, ағзамды түгел қаратып та үлгердім.

Осы кезде туыстарым арқылы да, өзіме де қоқан-лоққы жасала бастады. Арызымды қайтарып алуды, ҰҚК қызметкерлерінің атын атамауды талап етті. Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратқаным үшін мені 8 жылға дейін түрмеге отырғызады-мыс. Кейін үстінен мен арыз жазған кісі қылмыстық жауапкершілікке тартамын деп жария түрде қорқыта бастады. Бірінші қабатта тұратын әйелім балконымыздың астында көлік тұрғанын көріп қалған. Билікке жұмыс істейтін белсенділер мен боттар менің зәрімнің фотосуреттерін мазаққа айналдырды. Бәрі жабылып талқылап, түсі осындай болуы керек деп айтты. Жағдай ушығып кетті. Бізге 20 қаңтарда елден кетуге тура келді.

Біз Қазақстанда емеспіз. Биыл да қоқан-лоққы тыйылмады. Балаларды кері қайтару үшін онлайн оқытуға да тыйым салуға тырысты. Әйеліме алаяқтық жасады деген айып тақты. Маусымда я шілдеде полицейлер ата-анамның үйінің қақпасын бұзып ашып, сол жерге кірудің де амалын тапты. Көршілеріміз мұның осымен сегізінші рет болғанын айтты, бірақ сол кезде мұны видеоға түсіріп алды. Полицияның жақындап, қоршауды шұқылап тұрғанын, кейін аулаға кіріп бара жатқанын көруге болады. Бұл видеоны жариялағанымда, олар менің аулама қарама-қарсы бетте құм жатқанын және бұған тыйым салынғанын мәлімдеді. Көршілерге айыппұл жазып берді. Есікті несіне сындырып ашқанын түсінбеймін. Бір кездері әпкемді қорқытты.

Менің ісімді басқа арызданушылардың ісімен қосып жіберді, олардың саны 20-ға жуық. Елде болмағандықтан, қатыса алмадым. Басқа арызданушылар сияқты мен де керектінің бәрін, таныған адамдарды тізіп бердім. Алайда мұны іске қоса алмайсың, олар осылай дейді. Қазанда әуелі басқа зардап шеккендердің ісін қозғаудан бас тартты, өйткені бұл істің бәрін Қылмыстық кодекстің 362-бабына – өкілетін асыра пайдалануға ауыстырып жіберді. Кейінірек бәрі жабылып қалды. Ешқайсында жеткілікті дәлел болмады. Ешкім ешқандай журналды бермеді, спортзалда бейнекамера көп болғанына қарамастан, ондағы жазбаны да алдыртпады. Ал өзімізде дәлелдер жоқ еді. Біз өзімізбен бірге камераны алып жүре алмадық, ештеңе түсіре алмадық. Ал қызметкерлер ешкімді ұрып-соқпаған боп шыға келді.

Бәріміз не болғанын білеміз. Бұйрықты кім бергенін білеміз. Мұндай әрекеттердің төменнен ұйымдастырылуы мүмкін емес. Бәрі бір мезетте болды. Бұған президент жауапты. Оған ықпал етуге көпшіліктің күші жетпейді. Ал президент қайта сайланып алды, реформалар жасаған болды. Ол бәрі өткен күннің еншісінде қалды деп біледі.

Ал опат болғандар, олардың туыстары, зардап шеккендер, азаптауға ұшыраған мыңдаған адам ше? Бұдан Жаңа Қазақстанның бұрынғыдан еш айырмасы жоқ екенін көруге болады.

Қазақстан билігінен пана мен қауіпсіз жер іздеп алысырақ – туған үйімді, туған елімді, отбасымды, достарымды тастап кетуіме тура келді. Отбасыммен тек видеоқоңырау арқылы сөйлесемін. Бір-бірімізді көре алмаймыз, уақытты бірге өткізе алмаймыз. Ата-әжелері күн санап өсіп жатқан немерелерін көре алмайды. Олар не болып жатқанын түсіне алатындай жаста. Өйткені олардың әкесі митингіге шыққан және арнайы қызмет қыр соңымызға түскен.

Өмірім түбегейлі өзгерді. Маған әзірше балаларым мен отбасымның амандығы маңызды. Қазір қатты күйінбеймін, өткенді еске түсіре бергім келмейді. Қауіпсіз екенімді сезінгім келеді. Қазақстанда бұл қауіпсіздікті сезіне алмадым және сезіне де алмаймын, өйткені қаңтар оқиғасын тергеуді талап еткендер жауапқа тартылып жатыр. Мені де осы нәрсе күтіп тұр. Мен елден жырақта ғана нәтижеге жете алатын шығармын, өйткені олар менің аузымды жаба алмайды.