4716
22 февраля 2023
Суреттерді Алмас Қайсар түсірген

Шетел инвестициясы облыстардың дамуына кедергі келтіре ме?

Инвестиция неге аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыру орнына, теңсіздікті көбейтеді?

Шетел инвестициясы облыстардың дамуына кедергі келтіре ме?

Қуат Әкежанов, PhD, экономист, арнайы Власть үшін

Аймақтық теңсіздік әртүрлі, дегенмен ол негізінен ұлттық байлықтың біркелкі бөлінбеуінен көрінеді. Ол байлықтың қай жерден шыққаны маңызды емес. Байлық еліміздегі «өсу нүктелері» деп аталатын миллион тұрғыны бар қалалар мен облыс орталықтарында жиналады немесе сол жерде қалады. Мұндай жүйе жұмыс істеп, орнығуы үшін моноқалалардағы сияқты табиғи рента алынатын елді мекендерді аз да болсын қолдау қажет. Мұндай жүйені заңдастырып, оған ғылыми және интеллектуалдық сипат беру үшін мейнстрим (және Қазақстанда үстем) экономикалық теория аксиомалары қолданылады, кейін ол теория нақты аймақтық саясатқа ауысады.

2023 жылғы 1 қаңтарда сонау 2010 жылдың ортасында талқылана бастаған агломерацияларды дамыту туралы заң қабылданды. Агломерациялар белсенді экономикалық өмір шоғырланатын «өсу нүктесіне» айналуы керек. Осы агломерациялардың даму принципін анықтау қазіргі зайырлы идеологияның бірі – экономизм шеңберіне кіреді. Ал оны экономикадан бөлек қарастыру керек.

Экономика өңір тұрғындарының әл-ауқатының қарқынды дамуы мен өсуіне жағдай жасауға міндеттелген. Ал экономизм – XVIII-XIX ғасырларда танымал болған механицизмнің аналогы, ол физика не биология заңдарын абстрактілі механикалық заңдарға ауыстырды. Экономизмде неоклассикалық экономикадан шығатын нақты қоғаммен ешқандай байланысы жоқ дерексіз теориялар мен модельдер әлеуметтік шындықты ығыстырады. Экономизм негізгі экономиканың бірқатар ережесін абсолюттеуге және догмалық тұрғыда түсіндіруге әкеледі, оны ешкім сыни тексеруден өткізбейді.

Оларға салыстырмалы басымдық теориясын; елдің немесе жекелеген аймақтың дамуы үшін шетелден тікелей инвестиция тартудың маңызын; ЖІӨ өсу көрсеткішін ұлттық экономиканың өсуінің басты құндылығы ретінде көрсетуін жатқызуға болады. Ал Қазақстан жағдайында экономикалық саясат прогрессив даму өлшеміне сай болса, өңірлердің дамуындағы түрлі шектеуді еңсеруге көмектесуге тиіс. Мұндай даму жалақы мөлшерінің өсуі, өмір сүру ұзақтығының артуы, экологиялық жағдайдың жақсаруы мен жергілікті мектептердегі білім сапасынан көрінуі керек.

Заңда елдің аумақтық дамуы мен агломерациялардан тыс жерде тұратын халықтың жағдайын жақсарту жайлы емес, агломерацияны дамыту туралы айтылған. Заңға сәйкес, Қазақстанда агломерациялардың жергілікті жүйесі республикалық маңызы бар қалалар (Астана, Алматы, Шымкент) немесе облыстық маңызы бар қалалар (ондай 38 қала бар) мен «олардың айналасында орналасқан елді мекендерден» тұрады. Агломерацияларды дамыту «экономикалық негіздеме» қағидасына сүйенеді, ал ол мемлекеттің «экономикалық негізі бар шешім қабылдауын» талап етеді. Шешім «қолайлы жағдай» тудыратындай болуы керек, соның ішінде инвестиция тартуға лайық болғаны жөн.

30 жылдан астам уақыт ішінде инвестициялық тартымдылыққа қатысты ереже Қазақстан үшін өзіндік бір мақсат болды. Ал шын мәнінде, шетелдік инвестиция тарту – еліміздегі аймақтар арасындағы байлық пен кірісті әртүрлі бөлу механизміне әкелді. Бұл процесс экономика инвестициясыз өспейді және елді мекендер құлдырай бастайды деген дәлелмен заңдастырылған. Инвестиция болса (ең алдымен шетелдік), экономикалық өсім де болады. Ал экономикалық өсім өңірлерге қажет автомобиль жолынан бастап жылу желісіне дейінгі барлық негізгі игілікті қамтамасыз етуі керек.

Саяси экономияның мейнстрим экономикалық ғылымнан айырмашылығы, оның абстрактілі модельдерге емес, белгілі бір қоғамның тәжірибесіне сүйене отырып, тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) ретсіз ағынын елдің артта қалғанын көрсететін фактордың бірі ретінде қарастырады. Қазақстан мысалында алар болсақ, өкінішке қарай, басқа елдердегі «жаһандық Оңтүстіктің» жағымсыз тәжірибесін растайды. ТШИ байлықты емес, аймақтар арасындағы теңсіздікті қайта бөледі.

Біріншіден, ТШИ аймақтық экономиканы бақылауға мүмкіндік береді және оны шетелдік немесе компрадорлық капиталдың колониясына айналдырады. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы мұнай өндірудің негізгі үлесі инвесторлардың бақылауында. Онда жалпы аймақтық өнім ең жоғары деңгейде, бірақ олардың көбі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен теңсіздіктің өсуі тұрғысынан қолайсыз болып саналады. Мысалы, 2010 жылы Атырау облысындағы жан басына шаққандағы ЖӨӨ 36 мың долларға жетті, бұл Кувейтпен деңгейлес. Осы «орташа байлық» үлкен теңсіздікті жасырып келді, ал ол 2011 жылы Жаңаөзендегі жаппай наразылыққа әкелді. Толқу он жылдан кейін тағы қайталанды.

Екіншіден, шетелдік инвесторлар көбіне жалақы теңсіздігі мен экологиялық қауіпсіздік стандарттарының төмендігіне байланысты қомақты салық жеңілдіктері мен басқа да артықшылық алады. Инвестор ешқашан жергілікті жұмысшылардың жалақысын көтеруге және жалпы өмір сүру деңгейін жақсартуға мүдделі емес. Негізгі пайда облыс орталығында, Астана мен Алматыда бірте-бірте орнығу мақсатымен өңірден әкетіледі, бірақ негізінен тау-кен активінің нақты иелерінің оффшорлық шотында болады.

Үшіншіден, тікелей инвестиция ағынымен келетін өндірістің технологиялық жаңаруына сенудің қажеті жоқ. Инвестор соңғы технологияны пайдалану үшін емес, пайда табу үшін инвестиция құяды. Ол қоршаған ортаны сақтап қалу саласындағы шығындарға бас қатырмайды. Жоғарыда аталған облыстарда экологиялық жағынан бейтарап және жергілікті экономиканы әртараптандыратын көптеген жаңа өндіріс пайда болды ма? Мемлекетте өнеркәсіп саласында стратегиялық саясат болмаса, табиғи ресурстардың экспортына тәуелділік күшейеді. Ал өндіруші саланың оң әсері (spillover effect) төмен күйінде қала береді.

Демек, кен орындарында мұнай мен кен неғұрлым көп өндірілсе, Қазақстанда ЖІӨ немесе мұнай өндіретін өңірлерде ЖӨӨ деңгейі неғұрлым жоғары болса, теңсіздік пен әлеуметтік шиеленіс деңгейі соғұрлым жоғары болады. Шахталар мен кен орындарындағы еңбек шарты жарақат пен өлім-жітім статистикасы бойынша жоғары болып қала береді. Білім сапасы да төмендеп барады: мысалы, Дүниежүзілік банк қазақстандық әр он оқушының алтыншысы сауатсыз деп көрсетеді. Осы алты оқушының барлығы дерлік облыс орталығы мен ірі қалаларда орналасқан мектепте оқымайды. Экология да жыл сайын нашарлап жатыр, мұның айқын белгісі ретінде Каспий жағалауындағы итбалықтардың жаппай қырылуын айтуға болады.

Елге шетелдік инвестиция тартуды 1997 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» бағдарламасындағы аса маңызды және ұзақ мерзімді басым бағыттың бірі ретінде ресми түрде жариялаған. Онда «салауатты экономикалық өсу стратегиясы» «елеулі шетелдік инвестиция тартуға» негізделгені анық көрсетілген. Бұл Қазақстандағы үстем және мейнстрим экономикалық ой қағидаттарының бірін тікелей іске асыру болды. Кейінгі 30 жылда Қазақстан экономика саласына 330 миллиард тартып, шетелден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азия елдері арасында абсолют көшбасшы және Еуразия аумағы бойынша алдыңғы қатарда болды. Өкінішке қарай, бұл ақша аймақтардың дамуына кері әсер етті.

Агломерация туралы заңда «инвестиция тарту» түріндегі тиімділік критериі экономизмнің туындысы ретінде саналады. Егер осы қисынға салса, онда, мысалы, мемлекетке Теміртауға ақша салудың кажеті жоқ, өйткені Хромтау көп инвестиция тартады, сондықтан көбірек назар аударуға лайық. Ал Теміртау тұрғындары шұғыл түрде Хромтауға көшуге тиіс.

Бірақ шындық бұдан әлдеқайда күрделі. Бәріміз байқағандай, жұрт ауылдар мен шағын қалалардан белсенді түрде көшіп жатыр: 2017-2021 жылдары Алматы мен Астанадағы өңіраралық көші-қон айырмасында тиісінше 177,1 мың және 150 мың адам көрсетілді. Бұл Алматы мен Астананың айналасында «агломерациялар» құрылғанға дейін басталды. Сондықтан оларды даму мақсатына айналдыру керек емес.

Өңірлік саясат біздегі 89 қалада (республикалық маңызы бар 3 қала және облыстық 38 қала), аудандық маңызы бар 45 қалада, 31 кент пен 6828 ауылдық елді мекенде жақсы өмір сүруді арттыру бойынша механизм мен институттар құруға бағытталуы керек. Республика және облыс орталықтары «экономикалық өсу драйверлері» бола отырып, орталықтан қосымша күш жұмсамай-ақ өзін қамтамасыз ете алады.

Агломерацияны дамыту бағдарламасында «әділеттілік принципі» туралы айтылады, мұны «агломерацияға кіретін әкімшілік-аумақтық бірліктердің мүддесін сақтау» деп түсіндірген. Бұл «Әділетті Қазақстан» идеологиясы аясындағы тағы бір қадам екені анық. Егер бұл идеология «инвестициялық тартымдылыққа» сәйкес келетін бұрынғы әдістермен жүзеге асса, онда әділет туралы ұмыта берсек болады. Бізде бұрын қабылданған заңдар мемлекеттің аймақтық инфрақұрылымды қаржыландыруға ынтасыздығын заңдастырды, ал оның иелері – Forbes тізімінің көш басында тұрған инвесторлар. Сондықтан да Қазақстандағы өңірлердің дамуы олардың қаншалықты «инвестициялық тартымды» екеніне байланысты болмайды және болмауға да тиіс.

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз