2598
13 июля 2023
Алмас Қайсар, суретті Ақбота Узбекбай түсірген

Шындыққа қол жеткізе алмасақ…

«Әуежайды басып алу» ісі бойынша өткен сот процесі қоғамды шындық пен әділдіктен алшақтата түсті

Шындыққа қол жеткізе алмасақ…

2022 жылы 5 қаңтарда Қазақстанның ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын білген наразы топ Алматы әуежайын бетке алды. Олар қалаға Ресей әскері келе жатқанына алаңдаған. Бұл уақытта желілік полиция бөлімі әуежай ғимаратын тастап кеткен.

Наразылық білдірушілер басқа да адамдармен бірге жарық сигналын өшіруді талап ету үшін басқару бөлмесін іздеген. Ресей әскері қалаға ұшып келмейтінін білген соң, әуежайдан қайтып кеткен.

Бір жарым жылдан кейін сол наразылық білдірушілердің бесеуі «әуежайға шабуыл жасады, сонымен қатар басып алды» және «жаппай тәртіпсіздікке қатысты және ұйымдастырды» деген айыппен 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Куәгерлердің ешкім қауіп төндірмегенін, күш қолданбағанын айтқаны ескерілмеді. Сот айыптау жағының талабына сай оларды кінәлі деп тапты.

11 шілде күні судья сотталушыларға үкімді жылдам оқып берді. Орысшадан қазақ тіліне аударуды да жылдамдатты. Бұл уақытта сот залында «Халық террорист емес!» деген жазуы бар плакат ұстаған ондаған адам судьяға қарап тұрды.

Әйгерім Тілеужанова − журналист және азаматтық белсенді, Қалас Нұрпейісов − тарих пәнінің мұғалімі әрі азаматтық белсенді, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Кәрменов – ел тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар. Олардың ешқайсы кінәсін мойындаған жоқ.

Ешкім ақтау үкімін күтпеген де шығар, себебі 2023 жылдың 5 қаңтарында бас прокурор Берік Асылов Тілеужанованы «экстремистік діни ұйымның мүшесі» және «әуежайды басып алуды ұйымдастырушы» деп атаған еді.

Оның үстіне, ақтау үкімі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «содырлардың қалаға кіруіне жағдай жасау үшін әуежайды басып алу» деген нұсқасына нұқсан келтіретін еді. Ақтау үкімі шықса, әуежайды басып алу туралы айтуға ешбір себеп қалмаушы еді. Олай болғанда «сырттан келген шабуыл», «гибрид шабуыл» деген сияқты мәлімдемелердің де күлі көкке ұшатын еді.

Бұдан бөлек, айыпталушылар изоляторда адам төзгісіз жағдайда қамауда отырғанын, тергеу кезінде қысым жасалғанын, бір-біріне қарсы куәлік ету ұсынылғанын айтты. Тергеушінің әдейі шатастыруға тырысқаны да айтылды.

Қаңтар оқиғасы бойынша сот процестері сол күндері наразылыққа шыққандардың бәрінің құқығын шектеу, қазақстандықтарды шындық пен әділдіктен айыру үлгісімен өтіп жатыр. Мемлекеттің бақылауынсыз ұйымдасу мен саясатқа араласуға тыйым салу байқалады. Билік ел тарихындағы басқа да көптеген қанды оқиға сияқты Қанды Қаңтарға байланысты жалпының жанына түскен жараны емдеуге мүмкіндік қалдырмады.

Бір жарым жыл өтсе де, әлі күнге дейін қаза болғандардың тізімін көрген жоқпыз, олардың қандай жағдайда қайтыс болғанын да біле алмадық. Болған оқиғаның шындығын ашатын тергеу нәтижесін қоғам әлі де білмейді. Есесіне, әділетсіздікке қарсы көшеге шыққандар қылмыскер, бандит атанды. Халыққа қастандық теориясына сенуден өзге амал қалдырмады.

Шындыққа қол жеткізіп, сотта әділдікке жетуге ұмтылмасақ, қанды оқиғаның құрбаны болып қала береміз. Ішкі қақтығыстан қырық тарам болып, шиелініскен қоғамда өмір сүруге мәжбүр боламыз.