7352
5 января 2023
Алмас Қайсар, Власть, суретті Тимур Нусимбеков түсірген

Билік құру құқығы

Қаңтар қолымыздан не келетінін көрсетті, ал мемлекет мұны мойындағысы келмейді

Билік құру құқығы

Мемлекет пропагандасы өртке оранған ғимарат, аударылған көлік пен тоналған дүкендерді көрсетіп әлек. Стихиялық әрі жаппай зорлық-зомбылыққа ұласқан наразылық болса, қоғам қорғансыз күйге түседі дегенді таңғысы келеді. Автократ билік құрған «мемлекеттігімізден» айырылсақ, әп-сәтте «басқаруға көнбейтін тобырдың» құрбанына айналамыз деген идеологемаға сенуге мәжбүрлейді. Ал мұның бәрі билік полицейлер мен бюрократ аппараттың уысынан шығып бара жатқанда ғана жасалады.

Мемлекет пропагандасы өртке оранған ғимарат, аударылған көлік пен тоналған дүкендерді көрсетіп әлек. Стихиялық әрі жаппай зорлық-зомбылыққа ұласқан наразылық болса, қоғам қорғансыз күйге түседі дегенді таңғысы келеді. Автократ билік құрған «мемлекеттігімізден» айырылсақ, әп-сәтте «басқаруға көнбейтін тобырдың» құрбанына айналамыз деген идеологемаға сенуге мәжбүрлейді. Ал мұның бәрі билік полицейлер мен бюрократ аппараттың уысынан шығып бара жатқанда ғана жасалады.

Тоқаев 2022 жылдың қаңтарында елімізде жалпыұлттық наразылық басталып, соңы құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласқан тұста наразыларды терроршы деп атап, күйе жақты. Оған қоса, түрлі ведомство «полицияның басын кесетін, әскерилерді ұрып-соғып, әйелдерді зорлайтын содырлар тобы» туралы әңгіме таратты.

Наразылықты басып-жаншып, арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана президент «бейбіт жиын», «бұзақы жастар» мен «террорлық әрекеттің» ара-жігін ажыратып айта бастады. Алайда ол «сол сұрапыл күндердің сабағы» туралы ұзын-сонар сөзінде наразылыққа әлеуметтік-экономикалық жағдай себеп болғанына қысқа ғана тоқталады. Арада бір жыл өтсе де, ресми органдар «барлығы әуел бастан жоспарланғанын» айтудан танбай келеді.

Кейін Қазақстанның «егемендігі мен мемлекеттігін» жоғалтуға сәл-ақ қалғанына назар аудартуға көшті. Қандай мемлекеттік екенін ашып айтқан жоқ, әңгіме элиталар мемлекеті туралы ма, әлде негізгі өзегі халық саналатын мемлекет туралы ма?

Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушылардан батыр жасамауға шақырды. Ол «алаңға шығып, жалған ұранға басатындардың шынайы патриоттықтан түк хабары жоқ» деп санайды. Президент қылмыстық істерді әділ әрі шынайы тергеудің орнына, «амнистия» жариялады. Оның пікірінше, бұл тәртіпсіздікке қатысқандарға қылмыскер деген атты таңудың емес, керісінше, «хуманизм танытып, оларды кешірудің» жолы.

Мұның бәрі Қазақстан халқын Конституция бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – осы билікті құру және өзгерту құқығынан айырды. Сол себепті бізді Тоқаевтың «қайсар шешімі» мен құқық қорғау органдарының күші болмағанда, қоғам бытырап кететініне сендіргісі келеді. Біз өзімізді қорғап, басқарып, билік құра алмаймыз, кез келген шешімімізді қате санайды. Олай болса, бізді тек басқаруға болады. Сонда кез келген наразылық не түрлі элиталық топтың саяси ойынына айналады, не жаппай зорлық пен қиратуға ұласады.

Алайда қаңтар оқиғасы – тәртіпсіздік емес. Бұл халықтың өзара ынтымақ пен көмек көрсеткен кезі. Алматы облысында ауыл тұрғындары полиция болмаған кезде көшелерді күзетті. Еліміздің батысында наразылық кезінде жұрт қазан-ошақ әкеліп, шатыр құрып, тәртіпті де өзі бақылады. Алматыда кейбіреулер наразыларға нан мен су таратты, жаралыларды құтқарды, қираған ғимарат маңында қалған полицей мен әскерилерді жасырды.

Қуаңшылық кезінде, Арыстағы жарылыс пен Екібастұздағы апат кезінде қарапайым халықтың бір-біріне жәрдемдескеніне куә болдық. Ал бұл уақытта мемлекет ештеңе де тындырмады немесе өте тиімсіз жұмыс істеді.

Бір кездері бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «әуелі экономика, содан кейін саясат» формуласына сүйеніп, саясаттан алшақ мемлекет құрды. Тоқаев мұны қаңтардан кейінгі сөзінде сынады. Алайда оның «заң мен тәртіпке» сүйенетін соңғы сөздерінің бәрі бұрынғы президенттің жолын жалғастырып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі президент халықтың үйреншікті жеке өмірін сүре беруін, билікте қалыптасқан монополияға қауіп төндіретін қоғамдық құру құқығын талап етпеуін қалайды. Халыққа жалған демократияның бөлшегі болуға ғана рұқсат етілген.

Қаңтар трагедия ғана емес, ол сондай-ақ қоғамның билік құруға дайын екенінің көрінісі. Қаңтар оқиғасы – жылдар бойы саясатсыздану, теңсіздік, кедейлік пен қуғын-сүргінге қарамай, көшеге шығып, өз құқығын талап етуге дайын болған Қазақстан халқы бірлігінің ең биік нүктесі. Наразылықтың Жаңаөзенде бастау алуының да бір мәні бар: бұл қала – күрес символы. Сол күндері наразылық білдіруге шыққан қазақстандықтар Ақорда үшін емес, Жаңаөзен үшін күресті.