4079
10 июня 2023
Алмас Қайсар, Назерке Құрманғазинова, коллаж Данияр Мүсіровтыкі, Власть

«Ескертусіз оқ ату»

Құқық қорғау альянсы қаңтар оқиғасы кезінде азаматтардың құқығы мен бостандығы бұзылғаны туралы баяндама шығарды

«Ескертусіз оқ ату»

5 маусым күні Құқық қорғау альянсы 2022 жылғы қаңтар оқиғасына арналған «Ескертусіз қасақана оқ ату» деп аталатын баяндама жариялады, онда авторлар оқиғаға қатысты қолда бар ақпараттың бәрін талдап, қазақстандықтардың құқығы мен бостандығы өрескел бұзылғаны және тергеу нәтижесіне қатысты мәліметтер келтірген. Баяндамада оқиға құрбандары мен қаза тапқандардың әлеуметтік-демографиялық портреттері де берілген.

Власть «Ескертусіз оқ ату» баяндамасының негізгі үзінділерін келтіреді.

Іргелі құқықтарды қолдайтын құқық қорғау Альянсы – Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның бастамасымен 2022 жылғы 14 қаңтарда құрылған қазақстандық құқық қорғау ұйымдары, коалициялар және жекелеген сарапшылар бірлестігі. Баяндама авторлары – құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Евгений Жовтис.

Қалай болды және кім кінәлі?

Алдымен авторлар Қанды Қаңтар саяси және экономикалық талаптар қойылған бейбіт наразылық акцияларынан басталып, кейін бірнеше өңірде тәртіпсіздікке айналғанын баяндайды. Олар наразылық акцияларындағы бастаманы «белгілі бір дәрежеде ұйымдастырылған және командалық құрылымы бар, арнайы қызмет пен ҰҚК жоғары басшылығына қатысы бар топтар тез арада өз қолына алған» деген қорытындыға келеді.

Құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасы күндері бейбіт жиналу құқығы негізсіз шектелді деп санайды және дәлел ретінде бейбіт шерушілерге қарсы шектен тыс күш қолданылғанын, соның салдарынан көп азамат жарақат алып, қаза тапқанын айтады.

Билік бастапқыда «20 мың террорист» туралы ақпарат таратты, бұл расталмады. Іс жүзінде ел билігі қаңтар оқиғасының қалай «ұйымдастырылғаны» туралы толық түсінік бермеді (алайда ортақ ұйымдастырушылары болғаны туралы бірнеше рет айтылды). Бас прокурор Берік Асылов парламентте бұл оқиғаның артында ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов тұрғанын мәлімдеді. Мәсімовге қатысты сот жабық өтіп, істің мән-жайы хабарланбады, тек Мәсімов пен оның орынбасарларына тағайындалған жаза ғана белгілі – оларды «мемлекетке опасыздық жасау», «билікті күшпен басып алу» және басқа қылмыстары үшін 18 жылға соттады.

«Шынында осының бәрін іс жүзінде кім ұйымдастырды және елдің 11-ден астам аймағында бүлік пен жаппай тәртіпсіздік құру үшін жауынгерлік топтарды үйлестіру жөніндегі бірыңғай штаб қайда болды? Егер мұндай орталық шынымен болған болса, оны Кәрім Мәсімов пен оның қарамағындағыларға қатысты қылмыстық іс пен сот процесінің материалдарынан білуге болар еді, бірақ бәрінде «аса құпия» белгісі тұр (...) Тағы бір маңызды мәселе: мемлекет содырлардың жасырын қызметі мен олардың командалық пунктін қалайша білмей қалды? Бұл содырлар кім? Командалық пункт қайда болды және оны кім басқарды? Ол содырлар қазір қайда?» – дейді құқық қорғаушылар баяндамада.

Алматыдағы қала әкімдігін басып алынуы, 5 қаңтар, фото Алмас Қайсардыкі

Қоғам басқа жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты өткен сот процесінен де хабардар болған жоқ, оның ішінде бұрынғы қорғаныс министрінің де соты бар.

«Көптеген қылмыстық іс, тіпті ұлттық қауіпсіздік органдарының қатардағы қызметкерлеріне қатысты істер де (әсіресе бейбіт тұрғындарға қарсы қару қолдануға байланысты істер де) құпия деп танылған. Бұл туыстары мен зардап шеккендердің өзіне ақпарат алуда және болған оқиғаның объективті және толық бейнесін жасауда үлкен қиындықтар туғызды», – деп есептейді авторлар.

Азаптау және қамауға алу

Құқық қорғаушылардың есебі бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 8,5 мыңнан астам адам ұсталып, оның 3 мыңнан астамы бейбіт жиын туралы заңды бұзғаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алынған. Барлығы 600 іс құжатталған, онда азаматтар құқығы мен бостандығы өрескел бұзылғанын айтылады, атап айтқанда, жеке басына қол сұғу, азаптаудан босату және әділ сот процесі.

Мысал ретінде Маңғыстаудағы кәсіподақ жетекшілерінің басынан өткен оқиғасын келтіреді. 6 қаңтар күні кешке кәсіподақ жетекшілерінің бірі Құспан Қосшығұлов Ақтауда митингіге шыққандармен кездескеннен кейін әріптесі Амин Елеусінов пен Тахир Ердановқа барады. «Маңғыстау Арена» ғимаратында сарбаздармен кездесіп, олардың жағдайын видеоға түсіріп, кетуге дайындалып жатқанда, олардың көлігін белгісіз біреулер қоршап алады. Оларды ұрлап әкетіп, телефондарын тартып алып, бастарына қалпақ кигізіп, контейнерге орналастырған. Сол жерде екі сағаттай ұстаған. Қосшығұловтың сөзінше, қоршап алған адамдар спортшылар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне ұқсайтындай көрінген. Кейін оларды басқа бір үйге ауыстырып, 7 қаңтар кешке дейін ұстаған. Ақтауда наразылыққа шыққандар тарқағаннан кейін ғана оларды босатқан.

Көбіне арнайы форма кимеген адамдар ұстаған, қамауға алу себептері нақты болған жоқ, телефон нөмірлері қамауда ұсталғандардың телефонында болғаны үшін де ұстады, сонымен бірге алаңда бейбіт түрде жүрген кезде немесе митинг орнынан түсірілген бейненің телефонда болуы негізінде ұстау жағдайлары да болды. Азаптау және басқа да зорлық-зомбылық түрлері «қорқыту үшін де, олардың лаңкес екенін мойындату үшін де қолданылды».

Мысалы, ҰҚК-нің 11 қызметкерінің іс материалдарынан белгілі болғаны – заңсыз ұсталғандарды Алматыдағы «Айнабұлақ» ықшамауданында тұрғын үй контейнерінде қарулы жеке күзет агенттігінің қарауында ұстаған. Оларды ұрып-соғып, кейін әуежай аумағындағы басқа контейнерге ауыстырған. Онда ҰҚК қызметкерлері мен әскерилер ұрып-соғуды жалғастырған.

Құқыққорғаушылар 2023 жылғы 5 қаңтарда Бас прокуратура айтқан мәлімдемені келтіреді, оған сәйкес азаптау фактілері бойынша 329 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Алайда, құқық қорғау органдарының негізгі бөлігі, өкінішке қарай, наразылық білдірушілерге күш көрсеткені үшін және мыңдаған бейбіт демонстрант пен басқа адамдарды еріксіз ұстағаны үшін ешқандай жазаға тартылмағаны анық», – делінген баяндамада.

Азап көрген қаңтар құрбандары, Алматы 15 маусым 2022 жыл

«Ескертусіз оқ ату» туралы бұйрықтың заңдық жағы

Құқық қорғау альянсы Қаңтар оқиғасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертусіз оқ ату туралы бұйрығы заңды болғанына күмән келтіреді. Олар халықаралық құқыққа сәйкес, атыс қаруын қолдану туралы шешім қабылдау үшін қатаң критерийлер сақталуы керек екеніне назар аударады.

«Адам өлімі қарулы қақтығыстың ажырамас аспектісі екені түсінікті, бірақ Қазақстандағы зорлық-зомбылық деңгейі қарулы қақтығыс жағдайы ретінде немесе «террорға қарсы жаһандық соғыс» анықтамасына сәйкес сараланбайды. Қазақстандағы жағдай мемлекетаралық қарулы қақтығыс емес», – дейді авторлар. Олар қақтығыс кезіндегі бір тарап ҰҚК жоғары басшылығы мен мемлекет ішіндегі түрлі құрылымдық топтар екенін де атап өтеді.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл қақтығыста «қаруды қолдану кезінде бейбіт және бейбіт емес азаматтар арасындағы айырмашылықты анықтау қағидаты сақталған жоқ». Оларды ажыратуға ешқандай әрекет жасалған жоқ. «Нәтижесінде бейбіт азаматтардың жаппай қырылуы Qantar2022 кезінде қаза тапқандардың басым көпшілігі негізсіз және заңсыз өлді деп айтуға мүмкіндік береді», – дейді құқық қорғаушылар. Соның ішінде Алматыда оққа ұшқан 12 жастағы Сұлтан Қылышбек пен 4 жасар Айкөркем Мелдехан өлімін еске салады.

фото Rukh2k19D

Баяндамада қауіпсіздік күштері мен сарбаздарда тиісті дайындық болмағанын атап өткен. Олар жаяу жүргіншілер мен көліктерге негізсіз оқ атқаны туралы ақпарат расталды. Оның үстіне, адамдарға оқ ату «күш құрылымдары президенттің оқ ату туралы бұйрығы негізінде орындалған, елде төтенше жағдай режимі және коменданттық сағат енгізілген».

Авторлар баяндаманы жазу кезінде қаза тапқандар бойынша 95% жағдайда сол күйі тиісті түрде тексерілмегенін немесе іс тоқтатылғанын, не оларға «құпия» мәртебесі берілгенін айтады. Құқық қорғаушылар қазанда жарияланған рақымшылық заңы қауіпсіздік қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына мүмкіндік берген болуы мүмкін деп күдіктенеді. Құқық қорғаушылар бұған дейін де рақымшылық көптеген күштік құрылым қызметкерлерінің жауапкершіліктен сытылып кетуіне көмектесетінін атап өткен еді.

Сот процестері мен үкім

Ел көлемінде шамамен 1200 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, олардың қатарында Талдықорған, Тараз және Алматыдан кәмелетке толмағандар да бар.

Баяндамада 2022 жылдың 10 қаңтарына дейін адвокаттар өз қорғауындағы азаматтарға кіре алмағаны айтылады. Кей адвокаттарға әскерилер «қорғауындағылармен кездесуді талап етсе», «ескертусіз қасақана оқ ату» бұйрығын орындауға құқылы екенін ескерткен. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу кезінде де ұсталғандардың адвокаты мен туыстары үнемі түрлі заң бұзушылыққа шағымданған, атап айтқанда, тиісті ақпарат берілмеуі, тергеушілердің жиі ауысуы, өтініштердің кері қайтарылуы, күмәнді дәлелдер мен сараптамаларға, кінәні мойындауға мәжбүрлеуге, туыстарына қауіп төнуіне қатысты шағымдар.

Баяндаманы жасауда авторлар 112 сот отырысына мониторинг пен құжатқа түсірген, интернетте жарияланған сот стенограммаларын жүргізген. Мамандар 15 жыл және одан да ұзақ мерзімге сотталған үш қылмыстық іс туралы атап өтті. Оның екеуі азап көрген.

«Нұрсұлтан Исаев (Ақтөбе қаласының тұрғыны полиция қызметкерін қаққаны үшін 15 жылға сотталды, бірақ Исаев көлік әйнегіне оқ тиіп, рөлге ие бола алмай қалғанын айтқан – В.) жеңіл дене жарақатын келтірген, ал әскери қызметкерлер бейбіт тұрғындардың өлімі үшін 6 жыл ғана жаза алады. Бұл алалау ғой. Халық әскери қызметкерлерден төмен санаттағы адамдар ма? Неліктен мемлекет мұндай қарым-қатынас ұстанады? Биліктің осы үш іске қайта оралуын талап етеміз», – деді Төреғожина баяндама таныстырылған баспасөз жиынында.

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар сотта тараптардың теңдік қағидаты сақталмады деп есептейді және «айыптау тарапының артында мемлекеттің бүкіл аппараты тұр, ал сотталушылар мен жәбірленушілер осыған сәйкес қорғаудан айырылды деген пікір қалыптасты». Бұған мысал ретінде Тараздағы 9 адамның сотын келтірді, оның ішінде бесеуі қаңтар қырғыны кезінде көз жұмған.

Сондай-ақ, баяндама авторлары кінәсіздік презумпциясы принципі сақталмағанына назар аударады. 2023 жылғы 5 қаңтарда Бас прокурор Берік Асылов азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужанованы сот үкімі шықпай жатып «экстремистік діни ұйымның мүшесі» және «әуежайды басып алуды ұйымдастырушы» деп атады. Сонымен қатар, баяндама авторлары зардап шеккендер жасамаған істерін мойындауға мәжбүрлегені туралы айтқан 400-ден астам істі құжатқа түсірген.

Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың ата-аналары сот үкімі шыққан кезде, Тараз, 7 ақпан 2023 жыл, фото "Азаттық радиосы"

Бұдан бөлек, құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасына қатысты сот процестерінде «құпия» куәгерлердің айғақтары кеңінен қолданылғанын және сот шешімі де соған негізделгенін мәлімдеді. Сот азаптау кезінде кінәсін мойындағанын айтқан сотталушылардың өтінішін елемеген.

2023 жылғы 5 қаңтарда айтылған Бас прокуратураның ақпараты бойынша, 1221 адамға қатысты сот ісі қаралған, оның ішінде 1205 адам сотталды.

Төрт адамға қатысты ақтау үкімі шығарылды, олар: Алматы тұрғыны Бахтияр Тайшов, бір жылдан астам қамауда отырған шымкенттік белсенді Жанмұрат Аштаев және Ақтөбе тұрғыны Асланбек Омаров пен Ернұр Ажниязов.

Қаза тапқандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу негізінен қаза болу фактісіне және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу фактісіне байланысты жүзеге асты. Жаппай тәртіпсіздікке қатысу фактісі бойынша бірнеше қалада қаза болғандар да кінәлі деп табылды: Қызылордада 2 адам, Таразда 7 адам және Алматыда 6 адам. Бірақ Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларында басқа қаза тапқандардың қайтыс болу фактісі бойынша істер тоқтатылған.

Әзірге тек 12 адамның қазасына кінәлі деген айыпталушылар табылды: шопан Ерназар Қырықбаев, сарбаз Мадияр Қайсаров, ҰҚК полковнигі Дастан Әділбай, азаптау салдарынан қаза тапқан Жасұлан Анафияев, Алмас Мұқашев, Ербол Өтепбаев, Жандос Жотабаев және Елдос Калиев, Сейітқұловтар отбасының 3 мүшесі (әкесі, әйелі мен қызы) және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының ұлы Елнар Қансейіт. Сонда Қаңтар оқиғасында қаза тапты деп ресми танылған 238 адамның 12-сінің ғана қазасына кінәлі болған айыпталушылар табылды.

Мемлекет тарапынан оңалту және кешірім сұрау

Құқық қорғау альянсы жәбірленушілер моральдық және материалдық зиянның төленуін, ресми кешірім сұрауын талап еткен 54 арыздың 50-іне бас тартылғанын хабарлады. Тек 4 талап-арыз қаралып, сот 2-ден 4 миллион теңгеге дейінгі моральдық зиянды төлеу жөнінде қаулы шығарған.

Баспасөз мәслихатында Бақытжан Төреғожина мемлекет қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз жауапкершілікке тартылған және/немесе қаза тапқан 15 азамат пен олардың отбасынан ресми түрде кешірім сұрағанын айтты.

«Біз моральдық шығын мен кешірім сұралуы үшін әрекет етеміз. Олар көп емес, Бүкіл Қазақстан бойынша 200 адамға қатысты қылмыстық істер тоқтатылды», – деді Төреғожина.

"Ескертусіз оқ ату" баяндамасы таныстырылған баспасөз жиыны, 5 маусым. Фото Назерке Құрманғазинова

Дегенмен Құқық қорғау альянсының баяндауынша, заңсыз қылмыстық қудалауға ұшыраған бейбіт қатысушылар әлі күнге дейін мүлікке, банк есепшотына тыйым салыну, нотариаттық қызметтер пайдалана алмау түріндегі қиындықтарға тап болып отыр. Бұл шектеулер олар ұсталғаннан кейін, қылмыстық қудалау басталғанда қойылған.

Осы баяндаманы жасау кезінде қаңтар оқиғасынан зардап шеккен және қаза тапқан бірде-бір бейбіт азамат, оның ішінде 4 жасар Айкөркем Мелдехан мен 12 жасар Сұлтан Қылышбектің құқығы қалпына келмеді. Құқық қорғаушылардың пікірі бойынша, «2022 жылғы қаңтар оқиғасының бейбіт қатысушылары мен құрбандарын оңалту туралы» заң қабылдануға тиіс.

Қаза болғандар мен құрбандар кімдер еді?

Құқық қорғау альянсы, сонымен қатар, қаза тапқандар мен жапа шеккендер туралы статистикалық деректер келтірген. Оған сүйенсек, Қазақстанның 8 облысында Қаңтар оқиғасында зардап шеккендер бар. Адам құқығы өрескел бұзылуы және ауыр қырғын Алматыда болған – 26,4%, одан кейін Алматы облысында – 17,1% (негізінен Талдықорғанда), 14,9% – Шығыс Қазақстан облысында (негізінен Өскеменде). Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарында да көрсеткіш жоғары.

Зардап шеккендердің көбі ер адамдар. Құрбан болған адамдардың орташа жасы – 33,4. Салыстыра қарағанда, Қазақстанның оңтүстігінде орташа жасы басқа өңірлерге қарағанда төмен екенін көруге болады – 26 жастан 28 жасқа дейін. «Бұл осы өңірлерде халықтың тығыз орналасуы мен жастар арасындағы жұмыссыздықтың салдары болуы мүмкін», – деп болжайды авторлар.

Әлеуметтік жағдайында қарағанда, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың көбі «жалдамалы жұмысшы» болған (34,9% және 32%) және «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» (29,2% және 36%), қаза тапқан кәсіпкерлер мен бизнесмендер – 6,3%.

«Ұсталғандардың арасында балалар үйінің түлектері, сондай-ақ жұмыссыздар, жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер, жеке ведомстводан тыс құрылымдардың күзетшілері, әртүрлі фитнес-орталық пен автокөлік жуу орындарының қызметкерлері, барахолкада өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар, пәтерлер мен кеңселерді жөндеумен айналысатындар болды. Сондай-ақ олардың ішінде азаматтық белсенділер мен оппозицонерлер де болды», — деп мәлімдейді құқық қорғау альянсы өз баяндамасында.

2023 жылғы 5 қаңтардағы ресми деректер бойынша қаза болған 219 азаматтық адамның қаза болу жағдайлары анықталған – 41 адам бұрын сотталған; 67-сі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуда күдікті деп танылды; 142 адам– төтенше жағдай режимдерін және терроризмге қарсы операцияны бұзған, оның ішінде 22-сі кездейсоқ атысқа немесе жол апатына түскен; төртеуі басқа қылмыстар жасау кезінде қаза тапты; алтауы азаптау салдарынан қаза тапты.

Құқық қорғаушылардың дерегі бойынша, зардап шеккендердің 33,9%-ы митингіге ерікті түрде қатысқан, 16,4%-ы оқиға орнында болмаса да зардап шеккен, 15,7%-ы қатысуды жоспарламаған, алайда оқиға орнында болған. 17,1%-ы – кездейсоқ құрбандар. Сонымен қатар, 9,7%-ы оқиға орнын көру үшін келгенін айтқан. 1,2%-ын қатысуға мәжбүрлеген.

Сауалнамаға қатысқандардың 60,1%-ы заңсыз ұсталғанын хабарлаған, 41,8% – соққыға жығылды, 35,9%-ы психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеді, 33,9%-ы (196 адам) жараланды немесе атыс қаруымен бірден өлтірілді, ал әр үшінші адам азаптауға ұшырады. Адам құқығы бұзылғанын көрсететін 579 жағдайдың 253-інде сауалнама алу кезінде шағым берілді. Қалған 326-сы бойынша – белгісіз.

Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы, фото Ольга Логинова

***

Баяндама авторлары «Қазақстанда өмір сүру құқығын қорғаудың сенімді тетіктері жоқ, ал билік, оның ішінде мемлекет басшысы, полиция мен әскерилердің күш қолдануының заңдылығына, сондай-ақ адамдарды озбырлықтан қорғау жөніндегі заңдармен әкімшілік ережелердің жүзеге асырылғанына мұқият тергеу жүргізген жоқ» деп қорытындылайды.

Олар мемлекеттік органдардан баяндамада айтылған барлық фактіге тексеру жүргізу және заңнамада көзделген шараларды қабылдауды, сондай-ақ, қанды қаңтардағы адам өлімі фактісі бойынша барлық тоқтатылған және құпия істер бойынша іс жүргізуді қайта бастауды, гибрид халықаралық тергеу қажеттігін мойындауды және «2022 жылғы қаңтар оқиғасының бейбіт қатысушылары мен құрбандарын оңалту туралы» заң қабылдауды сұрайды.

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар баяндамада ел басшылығына бірнеше сұрақ қояды. Ол қаза тапқандардың толық дерегі көрсетілген тізім жарияланатын уақыты және ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері мен арандатушылар, олардың кураторларының қаңтар оқиғасындағы рөлін анықтауға қатысты сұрақтар. Сондай-ақ, олар құжаттау кезінде «әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің формасында қарапайым киім киген, қолында қаруы бар, бейбіт азаматтарды нысанаға алған сәйкестендіру белгілері жоқ адамдар болғаны анықталғанын» айтады. Құқық қорғау альянсы бұл адамдардың кім екенін айтуды сұрайды.

Сондай-ақ, баяндама авторлары азаматтардың қаза болуына жол берген облыс әкімдерін жауапқа тартуды, полиция департаменттерінің қару таратқаны үшін, азаматтардың оққа ұшып және азаптаудан қаза тапқаны үшін Ішкі істер министрлігі басшылығын, адам құқығының жаппай бұзылғанына жол бергені үшін прокурорлар неліктен жауапқа тартылмағанын түсіндіруді талап етіп отыр. Сонымен қоса, олар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақын туыстарының қаңтар оқиғасындағы рөлін анықтауды да талап етті.