7014
12 января 2023

«Оларды не ақтасын, не қабірден қазып алып, түрмеге отырғызсын»

Таразда қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары ақиқат үшін аянбай күресіп жүр

«Оларды не ақтасын, не қабірден қазып алып, түрмеге отырғызсын»

Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, Бейімбет Молдағали, Власть, суреттер Юна Коростелева мен Бейімбет Молдағалидікі

Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда митингілер мен шерулер өтіп, оның соңы полицияға қарсылық көрсету, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасау мен оларды өртеуге ұласты. Салдарынан, түрлі деректер бойынша, Таразда шамамен 15 адам қаза тапқан. Олардың көбі – 17 мен 21 жас аралығындағы жастар.

Оқиға аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде сол адамдардың опат болуына қатысты көптеген қылмыстық іс жабылды. Қайтыс болғандардың туыстары көбіне ол істердің қалай тергеліп жатқанынан бейхабар болған. Кейін қаза болғандардың көбі жаппай тәртіпсіздік пен террористік актілер бойынша айыпты болып шыққан. Тіпті, олардың кейбіреуін соттап та үлгерген.

Қаза болғандардың туыстары бұл айыптарды жоққа шығарып, жақындарының бұл қылмыстарға қатысы жоқ деп пайымдайды. Олар сотқа дейінгі тергеу жұмыстары кезіндегі көптеген заң бұзушылыққа жол берілгенін айтып, қараша соңында Таразда басталған сот процесінде істі қолдан жасауға тырысу бар дегенге сілтеп отыр.

Астанадан әділет іздеу

22 желтоқсан күні қайтыс болғандардың туыстары қайтадан Астанаға жол тартты. Олардың көбі мұнда сегіз рет болған. Бұған дейін қаза болғандардың туыстары тамызда Тараздан Астанаға дейін «әділет талап етушілер маршын» жасауға тырысқан еді. Ал маршқа дейін басқа қалаларда қаза болғандардың туыстарымен бірігіп, әділ тергеуді талап етіп, мемлекеттік мекемелер алдында наразылық білдірген.

Дегенмен, еш нәтиже жоқ.

«Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қала сыртында блок бекеттер орналасқан еді. Ол жақта әскерилер болды. Менің күйеуім өзінің көлігімен кетіп бара жатқан. Ол алаңда да, митингіде де болған емес. Не такси, не қоғамдық көлік болмаған соң жұмыстан шығып, достарын үйді-үйіне тасыған. Кейін үйге бет алған. Оны “Жансая” аялдамасының жанында атқан. Өз көлігінің ішінде отырған жерінен. Көлікке 38 рет оқ атқан. Артында екі баласы қалды». Бұл – 36 жастағы Асхат Бегешовтің әйелі Ардақ Темірбаеваның оқиғасы.

Ардақ Темірбаева күйеуінің өлімінен кейін марқұмға қарсы «билікке бағынбау» бабы (Қылмыстық кодекстің 379-бабы) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады.

Таразда қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары, фото Бейімбет Молдағали

«Тергеу кезінде қайын атам ресми өкіл болды, өйткені қолымда емшектен шықпаған балам бар еді. Ес жиюға тырыстым. Атамның жасы келген кісі екенін пайдаланып, қысым жасаған, қорқытқан. “Не ұлыңыз 379-баппен кетеді, не оның мойнына 272-бапты (жаппай тәртіпсіздік) ілеміз”, – деген. Ол кісі заңнан бейхабар адам, сол үшін тергеуді тоқтатып, 379-бапқа келіскен. Осылайша оны қылмыскер етіп шығарды», – деді Темірбаева бас прокуратура ғимаратында.

Марқұм Бегешовтің анасында қатерлі ісіктің төртінші дәрежесі болған, күйзеліс салдарынан денсаулығы күрт нашарлаған. Ал алдыңғы күні қайғыдан қабырғасы қайысқан ана қайтыс болды.

«Қанды қаңтар қазақ еліне қасірет әкелді. Таразда ешқандай әділет жоқ. Сотқа дейінгі тергеу тоқтады, маған мемлекеттік өкіл емессің, бұл іске қатысың жоқ деді. Енді суыққа қарамамай, Астанада әділет іздеп жүрмін. Табамыз деп үміттенемін», – дейді Темірбекова.

Әділет іздеп келгендердің бірі – 36 жастағы Бауыржан Сейдомаровтың әйелі Индира Алпысбаева. Олардың кәмелет жасына толмаған үш баласы бар.

Сейдомаров 4, 5 қаңтар күні жұмыстан кейін үйінде болған. Ол жөндеу жасаумен айналысатын, өзінің де кәсібі болған. 6 қаңтар күні жұмысқа кеткеннен қайтып оралмаған. Отбасы Бауыржанды іздеген, қаңтардың 10-ына дейін ол із-түзсіз жоғалып кеткендердің қатарында болған.

«Изоляторға бардық, жан-жақтан іздедік. Изолятордың маңына да жолатпады, ешкім жоқ екенін айтып, атамыз деп қорқытты. Барлық жерде қарулы әскерилер тұрды, олар ешқандай ақпарат бермеді. Тек 10 қаңтар күні ғана таныстарымыз арқылы мәйітханада екенін білдік. Сосын тергеушілер келіп, үйді тінтіп, бәрін суретке түсіріп алды да тергей бастады», – дейді Индира.

Бауыржан Сейдомаровтың әйелі Индира Алпысбаева, фото Бейімбет Молдағали

Алпысбаеваның айтуынша, тергеушілер енесін күйеуінің заңды өкілі етіп бекіткен. Бір күні аға тергеуші келіп: «Сіздің балаңыз 272-бап бойынша 200% террорист», – деген.

«Олар күйеуімді жаппай тәртіпсіздік жасады деп айыптай бастады. Ол қайдан террорист болсын, біз еңіреп жыладық. Бізге мемлекеттік адвокат тағайындады, бірақ ол ештеңені түсіндірген жоқ. Біз көнбедік, тергеу бірнеше айға созылды. Содан кейін бізді қайта шақырып, бір-екі видео көрсетті. Бір видеода 6 қаңтар күні сағат 21:30-да күйеуім елу шақты адаммен бірге алаңда жүр екен, бірақ қолында ешқандай қару да, тас та жоқ. Кейін сағат 22:14-те қалалық ауруханаға түскені бар [видеода]. Оққа ұшқан күйеуімді екі адам арқалап бара жатыр. Олар күйеуім Бәйдібек би ескерткішіне шығып, “Алға, Қазақстан” деп айғайлады деген екі жалған куәгерді ертіп әкелді», – дейді Индира.

Ол, сондай-ақ, Бегешовтің жағдайындағыдай, тергеушілер марқұмның анасына қысым көрсетіп, 272-бап бойынша қылмыстық іс қозғауға келісім беруге мәжбүрлегенін де айтты.

«Егер келіспесеңдер, 255-бап бойынша террорист дейміз деп күйеуімнің анасын қорқытқан. Ақыр соңында анасы келісім беріп, іс жабылып тынды. Қаулыда сандырақ нәрсе жазған. Президент паркіне барып, сол жақта бір топты бастап шығыпты-мыс. Бірақ ешбір дәлел жоқ. Мен енді прокуратураға барып, мені заңды өкіл етуін талап етіп жүрмін. Бір жарым ай бойы ведомстводан тек қана бас тартқан жауап келіп жатыр», – дейді Алпысбаева.

Марқұмның әйелі Таразда басталған “қайтыс болған балалардың” сотына баратынын айтты. Ол жақта қаза болғандарды жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп өлгеннен кейін соттап жатыр.

Индира: «Онда тергеушілер оқиғаны жалған куәгерлер арқылы ойдан құрастырып жатқаны байқалып тұр», – дейді.

«Қайтыс болған балалар» деген – 20 жастағы Тоқтар Ошақбай, 19 жастағы Райс Рысбеков, 21 жастағы Ержан Байжанов, 18-дегі Нұрсұлтан Қуатбаев. Осы қылмыстық іс бойынша 46 жастағы Исатай Донбаев та бар.

Исатай Донбаев

4, 5 қаңтар күндері Донбаев жұмыста болған. Соңғы рет әпкесі Шолпан Донбаевамен 6 қаңтар күні сағат 22:50-де сөйлескен. Әңгіме барысында ертең демалыс екенін айтып, әпкесіне үй шаруасына көмектеспек болған. Мейрам күндері бауырының үйінде қонақта болған 12 жасар ұлын алып кетпек болыпты. Донбаевтың артында одан бөлек кәмелет жасына толмаған екі бала қалды.

Исатай Донбаев, фото авторы Юна Коростелева

«7 қаңтар күні кешке бауырымның сүйегін мәйітханадан үйге алып келдім. Мәйітті ашып көріпті. Фельдшердің айтуынша, бауырым мен басқа қайтыс болғандар жатқан жерде қан болмаған. Інімнің миы сыртына шыққан екен. Ота жасаған хирургпен де, травматологпен де сөйлестік. Олар басында, қолы мен аяғында қан көп аққанын айтты. Сонда менің інімді басқа жерден алып келген боп тұр ғой», – дейді Шолпан Донбаева.

Інісінің өліміне қатысты іс үш ай бойы тым-тырыс болған соң Донбаевтың әпкесі адвокат жалдап, істің тергелуін талап ете бастаған. Бірақ наурызда інісінің өлімінен кейін оған 255-бап (терроризм актісі) пен 272-баптың 2-тармағы (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды.

«Бірінші адвокатқа бас тартылды, тергеуші адвокат жалдауға негіз жоқтығын айтты. “Босқа ақша құртпаңыздар” деді. Наурыздың ортасында бауырымның телефонынан бір видео тапты. Видеоны өзі түсірген бе, әлде біреу жіберді ме, түсіну қиын. Біз тағылған айыппен келіспедік. Маусымда не шілдеде оған 255-бап бойынша тағылған айыпты алып тастады», – дейді марқұмның әпкесі.

Шолпан інісінің әрекеттері төрт рет санатын өзгерткенін айтты. Қарашадан бастап Донбаевтың ісін қаза болған басқа адамдардың ісімен біріктірген.

Тоқтар Ошақбай

Бір жыл бұрын 20 жастағы Тоқтар Ошақбайдың отбасы соғым сойған. Дастархан басында барлығы Тоқтардың тойы жайлы үмітпен талқылаған. Бірақ бір күннен кейін, 6 қаңтар күні Ошақбай отбасы ұлының оққа ұшып, мерт болғаны туралы қаралы хабар алды. Жақындарының айтуынша, сол күні жігіт үш досымен бірге Тараздағы кафеге барған. Алаңда 20 минуттай болып, сол уақытта жараланған, артынан ауруханаға алып кеткен. Сол жерде ол көз жұмған.

Тоқтар Ошақбай

«Немерем туралы хабарды естіген бойда бірден ауруханаға жүгірдім. Жолда көпірден өтіп бара жатқанымда, мен жаққа оқ ата бастады. Ол жерде блок бекеттері қойылған. Оның жанында әскери бөлім орналасқан. Кейін мен жаққа оқ атпас бұрын ескерту болғанын айтты, бірақ ондай ештеңе болған жоқ. Мен көлікті кері бұрып, айналып кеттім, соңымнан қуған жоқ, – дейді Ошақбайдың атасы Тауатай Рахымбеков. – Сол күні біз таңғы беске дейін ауруханада отырдық. “Урал” көлігімен арнайы жасақ өкілдері келді. Бес-бестен бөлініп аурухананы аралап, жаралыларды жағасынан сүйреп алып кетіп жатты. Көшеде Audi көлігін тоқтатқанын, оның ішінен бес адам шыққанын көрдік. Аурухананың камералары мұны түсіріп алды деп ойлаймын. Барлығын жерге жатқызды, бірі жас жігіт екен, басын көтеріп бірдеңе дегісі келіп еді, оны атып тастады. Арнайы жасақ бізге қарап, “көздеріңді құртыңдар” деп айтты. Біз аурухана ішіне кіріп кеттік».

Тоқтар Ошақбай өлгеннен кейін оның үстінен 255-бап (терроризм акті) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ата-анасының наразылығынан соң 272-баптың 2-тармағына (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) ауыстырған. Анасы Жәмилә Рахымбекова ұлының өлімінен соң 99-бап (кісі өлтіру) бойынша іс қозғалғанын, бірақ ол жайлы ешкімге хабар берілмегенін, ақыры ол іс жабылғанын айтты.

«Куәлік етуге оның үш досы келді. Олардың сөзіне қарағанда, оқ ата бастағанда бәрі жан-жаққа қашқан, артынан Тоқтарды таба алмаған. Оны көлікте күткен, хабарласа алмаған. Сосын тұтқаны бейтаныс әйел адам көтеріп, Тоқтар ауыр жарақатпен қалалық ауруханаға түскенін айтқан. Мұны Тоқтармен бірге жұмыс істейтін жігіт айтты… Олардың сөзінен түсінгенім… – Рахымбековтың көмейіне өксік тығылды. – Тоқтардың қандай жақсы болғанына көзім жетті. Оны жақсы танымайтын жігіттің соншама құрметтейтінін көрдім».

Райс Рысбеков

Райс Рысбеков Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 2-курста оқитын. Сабақтан кейін құрылыста жұмыс істейтін. Көкпармен айналысатын. Өзі ат әбзелдерін жасап, арқан өріп, базарда сататын. Ол осылайша алты бала тәрбиелеп отырған анасына көмектесетін.

Анасы Индира Бекежанова Жасөркен ауылында тәрбиеші болып жарты ставкамен жұмыс істейді. 6 қаңтар күні қалада тәртіпсіздік басталғандықтан, оны жұмыстан ерте жібереді. Үйге келгенде Райс азық-түлік алып алуды ұсынады, теледидардан ұрлық пен тонау туралы көрсетіп жатқанын айтады.

Райс Рысбеков, фотоны түсірген Юна Коростелева

«Кешке ол үйге қайтпады. Қоңырау шалып едім, бармады. Достарына кеткен болар дестік. Бір досы жылқы баптайтын. Ал Райс атты қатты жақсы көрді ғой. Соған кетті дестік. Балаларды жатқызғаннан кейін көз іле алмадым. Түні бойы аязда көшеде жүрдім. “Анашым! Анашым!” – деген дауысын естігендей болдым. Ертесі күні қызым жүгіріп келіп, телефон байланысы пайда болғанын айтты. Мен бірден ұлыма қоңырау шалдым, бірақ тұтқаны бейтаныс кісі алды. “Кешіріңіз, ұлыңыз оққа ұшты, оны ауруханаға жеткізген еді, бірақ жүрегі шыдамай мерт болды», – деді де тұтқаны қоя салды. Денесін Киров көшесіндегі мәйітханадан алып кету керек екенін айтты. Мен жылап жібердім. Сене алмадым. Көршілер келіп, куәлігін алып, денесіне кетті», – деп баяндайды Бекежанова.

Денесін мәйітханадан алып келгенге дейін ана жүрегі баласының өліміне сенгісі келмеген. Кіндіктен төмен тұсындағы қалын көргенде ғана көзі жеткен. “Көзі көгерген. Қолында соққы іздері болды. Мұрны сынған».

«Ол үнемі жұртты ойлап жүретін, курстастарын алып келіп, тамақ беріңізші дейтін. Бір отбасын 50 мың теңгеге асырап отырғандықтан ренжитінмін. Ұлым бұл игі іс екенін, сондықтан ренжімеуді сұрайтын. Ол мүгедектігі бар балаларға арнап орталық ашуды армандайтын», – деп еске алады анасы.

Бір аптадан кейін үйге тергеуші келіп, жауап алып, үйді тінтіп шықты.

«Тергеуші бізді барынша қорқытты. Қызыммен өте дөрекі сөйлесті. Тергеушілердің бірі: ”Нұрай, бұл сен екенсің ғой. Сен де группаластарыңмен бірге алаңда жүріпсің ғой”, – деді. Ол Нұрай, Райс және тағы бір ұлым Диас митингіге барды дегенді ойдан шығарды. Оның долбары бойынша, Райстың басына оқ тиеді де, қарындасы мен інісі оны тастап қаша жөнеледі. Сосын қалалық прокурордың орынбасары Қанат Мамаев бізді кездесуге шақырды. Менің кезегім келгенде: ”Басқа балаларың бар ғой, өлгенін есептен шығар, саған мұның не керегі бар?» – деді. Сенесіз бе? Бұл менің намысыма тиді. Мен оның үстінен арыз жазып, бес баламның әрқайсынан кешірім сұратамын”, – дейді ол.

Бекежанованың айтуынша, Рысбектің өліміне қатысты 451-баптың 1-тармағы (билікті асыра пайдалану) бойынша іс қозғалған. Бірақ кейін бұл істі жапқан, ал марқұмға қарсы 272-баптың 2-тармағы (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) және қаруды, оқ-дәрілерді және т.б. заңсыз сатып алу, алып жүру, сақтау (287-бап) бойынша іс қозғаған.

Ержан Байжанов

Марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарьяева әділет іздеп, Астанаға сегізінші рет келіп отыр. Ол Тараз прокуратурасының назарын аудартудың амалы осы ғана деп санайды. Бір жыл бұрын Закарьяева жалғыз ұлынан айырылған.

«Ұлым төртінші сыныптан бастап әскери адам болуды армандады. Сол кезден бастап әскери үйірмеге барды. Жұрттың бәрі әскерден қашып жүргенде, ол өз еркімен десант жасағында қызмет етті. Теміржол колледжінде оқитын, бірақ әскери оқуға түсуді армандайтын. Олар Қазақстан Республикасын қорғауды армандаған азаматты атып өлтірді», – дейді Закарьяева.

Ұлы Ержан Байжановтың суретін қолына ұстаған Нигора Закарьяева, фотоны түсірген Бейімбет Молдағали

Ержанның денесі 7 қаңтар күні Тараздың орталық алаңынан табылған. Ал үш айдан кейін оған 272-баптың 2-тармағы бойынша айып таққан.

«Менің ұлым БТР-ге пистолеттен оқ атты дейді. Мұны көрген адам бар ма? Видео дәлел бар ма деп сұрадық, ештеңе жоқ. Онда бұл жайлы кім айтты? Әлде балам тіріліп келіп өзі айтты ма? Егер ондай құдіреттері бар болса, Ержанды бір күнге болсын қайтарыңдаршы. Ондай іс қолдарыңнан келмесе, онда мына әділетсіздікті тоқтатыңдар. Мен баламды ақтау үшін бәріне дайынмын. Ол менің жалғызым еді», – дейді анасы.

Нұрсұлтан Қуатбаев

Нұрсұлтан Қуатбаев Алматыдағы университеттердің бірінде сәулет факультетінде оқитын. Қаңтарда Таразда тұратын ата-анасының жанында болған. 7 қаңтар туыстарының үйінен қайтып бара жатқан. Сол күні оған оқ атқан, екеуі санына, біреуі кеудесіне тиген. Ол ауруханада көз жұмды.

«Үлкен, қалың оқпен атқан. Танкіні тесіп өтетін оқпен атқан. Сөйтеді де, баламның мойнына 272-баптың 2-тармағын іліп, жаппай тәртіпсіздікке қатысты дейді. Бронетранспортерларға тас атты дейді. Бұл не сандырақ? Бес баланың бәрінде бір іс. Ешқандай дәлел, видео жоқ. Сотта куәлік ететін дайындап қойған адамдары ғана бар», – дейді Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков.

Нұрсұлтан Қуатбаев

Ол Таразда “ешқандай өзгеріс жоқ” дейді. Уақыт созып, уәдемен ұстап отырғанын айтады.

«Бұл не мазақ? Өлгендердің үстінен қозғаған істі тоқтатсын. Оларды ақтасын. Бізге әділет керек. 18 бен 21 жас арасындағы жастар, бірі асыраушысынан айырылып, бірі жесір қалып отыр. Артында балалары қалса, олардың күні не болмақ? Әкесі террорист болған дей ме? Біздің талабымыз – себепсіз атылған адам ақталуға тиіс. Басқа жақтарда ақтайтынын ақтап, жәбірленуші етіп жатыр. Ал Таразда бәрі басқаша», – дейді ол.

Сот процесі

23 қарашада Тараз қалалық сотында қаңтар оқиғасы бойынша сот процесі басталды. Айыпталушылардың қатарында марқұм Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбай, Нұрсұлтан Қуатбаев, Райс Рысбеков, Исатай Донбаев, сондай-ақ қаңтар оқиғасын бастан кешкен Ғани Керімбаев, Марат Бекбау, Нұрбол Ережепов пен Асхат Ташекеев бар. Сот төрағалығы Бағдат Төребекұлының қолында.

Айыпталушының бәрі жаппай тәртіпсіздікке қатысу бойынша (272-баптың 2-тармағы) істі боп жатыр. Ержан Байжанов пен Райс Рысбеков бұдан бөлек атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бабы бойынша айыпталып жатыр (287-баптың 3-тармағы).

Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушылардың бесеуі 6 қаңтар күні қалалық әкімшілік пен қазіргі Amanat партиясының филиалы орналасқан орталық алаңда қайтыс болған. Сол жерде қайтыс болғандардың арасында өлгеннен кейін жаппай тәртіпсіздікке қатысушы ретінде жақында сотталған Андрей Опушиев те болған. Туыстары мен жақындары оның тәртіпсіздікке қатысы жоқ екенін, ал істе көптеген бұрмалау болғанын айтқан еді. Ол жайлы Власть бұған дейін жазған болатын.

21 желтоқсан өткен Тараздағы сот процесі, фото "Азаттық радиосы"

Бұған дейін қайтыс болғандар да, олардың туыстары да бір-бірін танымайтын. Бірақ айыпталушылардың бәрінің ісі біреу. Марқұм Райс Рысбектің анасы Индира Бекежанова материалдарда Ержанда тапанша, ал Райста автомат болғаны, олар бронетранспортерларға, әскерилерге оқ атқаны жазылғанын айтып берді. Тоқтар мен Нұрсұлтан БТР-ға тас лақтырған.

«Сонда біз еті мен сүйегі жоқ, темірден жаратылған төрт терминатор туыппыз ба?» – деп ызаланды Бекежанова.

Марқұм Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков сот отырысының біріне куәгерлер келмегенін, сол күні бақылау камерасының видеолары көрсетілгенін айтты.

«Тараздағы прокурорлар бұған дейін қайтыс болған балалардың бәрі БТР-дың жолын бөгеп, бөтелке мен тас лақтырғанын айтқан еді. Олар алаң маңында орналасқан ішкі істер департаменті жанындағы БТР алдына тұрғанын айтқан. Біз видеоны қарадық, онда адамдардың қолында ештеңе жоқ. Ондағы адамдар жай ғана Наурызға, Жаңа жылға не концертке шыққандай боп тұр. Тротуар маңында қыздарымен бірге жас жігіттер тұр», – дейді ол.

Видеода болған жағдай алаңға қарама-қарсы жерден түсірілген.

Қайтыс болған Исатай Донбаевтың әпкесі Шолпан Донбаева Таразда әкімшілік ғимараттарға шабуыл мен оған қарсы тұру 4 және 5 қаңтарда болғанын атап өтті.

«6 қаңтар күні қызықтап шыққан адамдар болған сияқты. Не болғанын білгісі келгендер. Олардың қолында қару болмаған», – дейді ол.

Бұл кезде Қазақстанда төтенше жағдай мен коменданттық сағат жарияланған болатын. 6 қаңтарда Таразда коменданттық сағат 23:00-де басталатын. Шыңғысбеков видеода сағат 22:57-де орталық алаң орналасқан Төле би даңғылының екі жағында екі БТР өтіп бара жатқаны көрінгенін айтып берді.

«Олар жүріп бара жатып адамдарды малша қырып жатыр. Жолындағының бәрін жоқ қып барады. Кафе терезелері шағылған, қыз-жігіттер құлап жатыр. Біреу арыққа құлаған. Бұл бірінші рет жүріп өтуі. Осыдан кейін олар екінші рет айналып келіп, қайтадан бәріне оқ жаудыра бастайды. Жастар бәрі бітті деп ойлап, тұрып, бір-біріне көмектесіп, жаралыларды тасып, оларды көліктерге отырғызады. Сол сәтте екі джип келеді. Артқы терезесі қараңғыланған спринтерден өздерін “спецназ” санайтын Тараздың “Арланы” шыға бастайды. Олар жастарды қуып жетіп, атып, басқаларын ұра бастайды. Осының бәрін өз көзімізбен көріп тұрмыз. Жастар қарсылық та танытпайды. Олар жай ғана аман қалудың амалын жасады», – дейді ол.

Бекежанова видеода дауыстар естілгенін де айтады:

«Мереке сияқты. “Бұл отшашу ғой, кеттік, несіне қорқасыңдар?» – деп жатыр өзара.

Райс Рысбековтың анасы Индира Бекежанова, фото Юна Коростелева

Барлық ата-ана балаларының қолында тапанша да, тас та, қару да болмағанына кепілдік беріп отыр.

«Менің ұлымда автомат қайдан болсын? Ол өмірі ондай зат ұстап көрмеген, әскерде де болмаған. Оларда қару бар болғанын дәлелдейтін тек Ержанның қалтасындағы тапанша оқтары мен Райстың төс қалтасындағы автоматтың екі оғы екен. Бірақ бұл өтірік. Райстың күртешесінде ешқандай төс қалта жоқ, – дейді Бекежанова. – Бірде әскери бөлімшеге шақырды. Қызымды ертіп бардым. Онда Райс Рысбектің киімін басқа біреудікімен шатастырып алыппыз деді. Мен киімді көрсетуін сұрадым. Телефондағысын керсетті. Оны таныдым. Енді сол басқа жігіттің күртесіндегі оқ менің баламдікі деп қалды ма деп ойлаймын. Жалпы, бұл істің былығы көп. 120 том материалдың бәрі – таза ертегі. Сосын бірде менің балам түсірді деген бес видео тапқан кез болған. Сараптама олардың мессенджер арқылы таратылған видео екенін дәлелдеді».

Бекежанова сөзі марқұмның туыстары арасында күдік тудырған айыптаушы тараптың бір куәгері туралы да баяндап берді. Куәгер алаңда сағат бестер шамасында болып, БТР-дан оқ жауғанын көріпті-мыс. Сол сәтте ол ағаш артына жасырынып, шыққан соң алты адамның мәйітін тауыпты. Ал Тоқтар Ошақбайдың ісінде оны ауруханаға апарған куәгер бар. Тоқтар ауруханада жан тапсырған.

«Сол жас жігіт әйтеуір бәріне куәгер. Тергеуші оны сотқа өзі әкеліп, өзі әкетеді. Оны сотқа әбден дайындаған: біздің балаларымыздың аты-жөнін, түрін жаттап алған. Бірақ көзі тірі басқа төрт айыпталушыны танымайды да. Біз өз баламыздың көзіне тура қарауға батпасақ, ол өліктің түрін қарап жүр екен. Қарап қана қоймай, жаттап та алыпты», – дейді Бекежанова.

Донбаева балалар өлген жерде қан болмағанын айтады. Бірақ қойған диагноздарда олардың көп қан жоғалтқаны жазылған.

«Кейбір куәгерлер өздерін қорқытқанын айтты. “Тұрған жеріңде өлтіріп, денеңді алаңда қалдырып кетеміз” депті. Ойлап қараңызшы, мен бауырыммен 11-ге 5-10 минут қалғанда телефонмен сөйлестім. Ол алаңға ұшақпен ұшып барса да, БТР өтіп бара жатқан кезде (22:57-де) алаңға жетіп үлгермес еді. Фельдшер бізге інімді күртесінен сүйреген сияқты деді. Сосын оның құлағына телефоны тақалып тұрыпты. Бірақ басыңнан атса, телефон ұшып кетуі керек қой», – дейді ол.

Исатай Донбаев әпкесі Шолпан Донбаева, фото Юна Коростелева

Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарьяева да соны айтады.

«Фельдшер сотта 7 қаңтар күні сағат 11-де белгісіз адамдар мәйіт жатқаны туралы хабар бергенін айтты. Ол жерде қан болмаған. Ал оған екі аяғы сынған, геморрагиялық және травмалық шок деген диагноз қойылған. Фельдшер сотта мәйіттің басқа жақтан әкелінгенін өз аузымен айтты. Әкелген кезде дененің жылы болғанын да атап өтті. “Мен 27 жылдан астам медицина саласында жұмыс істеймін. Мәйіт адам өлгеннен кейін екі сағат ішінде қата бастайды. Оның үстіне ол кезде қаңтар ғой”. Демек, менің ұлымды 6 қаңтарда емес, 7 қаңтарда өлтірген. Ұлымның қалтасында үйдің кілті, телефоны, құлаққабы болмаған, есесіне оқ болыпты. Ол оқ төрт айдан кейін табылыпты», – дейді ол.

Донбаева санитар болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, 6-сы күні адам өлтіру мен жарақат алуға қатысты қоңырау көп түскен.

«Бірақ бізді 23:00-ден кейін шығарған жоқ. Комендант сағаты. Ертесі күні сыртқа тек таңғы 7-де шығуға рұқсат берді. Сіңлім оған сағат 8-де қоңырау шалған, екі рет барып, өшіп қалған. Ал інімнің денесін алып кету жөнінде сағат 10:15-те хабарлады. Ақылға салып қараңыздаршы. 6 қаңтар күні жарақат алғандар мен өлгендер туралы қоңыраудан қоңырау. Ал 7 қаңтар күні таңғы 07:00-ден бастап ешкім қоңырау шалмаған, сонда олар өліктерді аттап өте берген бе? Не деген ақымақтық?» – дейді ол.

Ол 6 қаңтар күні мәйіттерді таныған куәгердің бір қылмыстық іске қатысы болғанын, бірақ ол істің тоқтатылғанын да атап өтті. Адвокаттар соттан сол куәгердің іске қатысты кім екенін анықтауды талап етті. Сот бұл сұрақты уақытша жауапсыз қалдырды.

Тағы бір куәгерлер Исатай Донбаев қалалық әкімшілікке қарсы Бәйдібек би ескерткішін қиратып, оған кафель лақтырып жатқанын көрген екен.

«Біз алаңды бірнеше мәрте қарап шықтық. Кешке шығамыз да қарап шығамыз. Онда адамды жарықтың өзінде тани алмайсың. Ал әлгі куәгер інімнің жейдесін көріпті-міс. Сол шақта әкімшіліктен оқ жаудыра бастаған. Ескерткіш артына барғандардың бәрі құлай бастаған. Тоқтамай атады, жарақат көп. Көбінесе аяқтан атқан. Біздікілердің де аяғынан атқан. Сонда ол қалайша жүгіріп, тас лақтыра алған? Жарылғыш зат десе бірсәрі, ал бұлар ары кетсе 10 метрге ұшатын кафель деген әңгіме айтады ғой. Ал тергеу нұсқасы бойынша інім бірнеше рет шабуылдап, қайта-қайта лақтырыпты», – дейді Донбаева.

Тұратай Рахымбеков те осыны тілге тиек етті.

«Өзім де әскери қызметкер болдым. БТР атып жатса, адам қалай тас лақтырады? Бәрі жан сақтаудың амалын жасады. Оған қоса, 4–7 қаңтар арасында шыққандардың бәрін бір іске тігіп, қираған ғимарат пен сынған әйнек үшін өтемақы алғысы келеді. Атқан БТР ғой, әкімшілік жақтан көзге көрінгеннің бәріне оқ жаудырды. Өрт те, шабуыл да 5 қаңтарда болған: сол кезде әкімшілік те, “Нұр Отан” ғимараты да өртенген. Тоқтар бұл уақытта үйде болған. Ол алаңда 6 қаңтар күні түнгі он бірге 15-20 минут қалғанда болған. Қонақүйдің жанында бірден атып тастаған. Ол ештеңе істемеген», – дейді ол.

Рахымбеков сотта бірнеше куәгердің қысым көрдік деп айтқанын да атап өтті.

Тоқтар Ошақбайдың атасы Тұратай Рахымбеков, фото Юна Коростелева

«Камераға түсіп қалған жігіттердің бірі жарақаттанғандарды ауруханаға алып бара жатқан. Кейін оның өзін қамап тастады. Сол жігіт сотта өзіне медициналық көмек көрсетілмегендіктен, сотта басқаларға қарсы куәлік еткенін айтты. Көмекке мұқтаж болғандықтан,тез арада бостандыққа шыққысы келген. Тірі қалу үшін. “Мен билікке сенбеймін. Ешқайсына сенбеймін. Маған ол кезде қысым жасады, ал қазір шындықты айтып отырмын”, – деді сотта. Тағы бір жігіт басына тапанша тақап, өлтіреміз деп қорқытқанын айтты. Оларды бізге қарсы куәлік етуге мәжбүрлеген. Тағы біреуі ешқайда кетпеу жайлы қолхат жазған. Оған бабын жеңілдету үшін екі адамға қарсы куәлік етуді ұсынған. Келіспеген. Мұндай оқиғалар жетіп-артылады», – дейді ол.

Әскерилердің жауабы. Аспанға атылған 91 оқ

Бекежанованың айтуынша, сот отырысына сол күні БТР ішінде болған әскерилер келген. Солардың бірі БТР-да дәлдеуші-оператор болған.

«Ол 91 рет оқ атқанын айтты. Бәрін аспанға бағыттадым дейді. Бірақ біз видеода жан-жаққа атқанын көрдік қой. Halyk Bank банкоматына, ғимараттарға атты.

Көп жерде оқ кондиционерлерге, терезе мен камераларға тиген. Оқ газельге тиеді, ол артынан өртене бастайды. Оқтан қоршау құлап жатты», – дейді ол.

Әскери қызметкер БТР-ға шабуыл жасалып, оқ атылғанын айтыпты.

«Мен жетпістемін, – дейді марқұм Тоқтар Ошақбайдың атасы Тұратай Рахымбеков. – Ал ол жігіттің сөзіне жеті жасар бала да сенбейді. Біз одан не үшін, не мақсатпен шыққанын сұрадық. “Халықты қорғау үшін” дейді. Сонда ол халықты кімнен қорғаған? Биліктен бе? Миыма кіріп-шықпайды. Қалай ғана Қазақстан азаматы бола тұра, сонша адамды өлтіруі мүмкін? Олар да қазақстандықтар, қазақтар, біреудің балалары ғой?».

Индира Бекежанова

Шыңғысбеков әскерилер, соның ішінде подполковниктер де БТР-да орналасқан қарудың қандай екенін білмейтінін қосты.

«Мен түсіне алмаймын. Өзім әскери қызметкер болдым. Бұл техниканың бәрін білемін. Ол жақта жүргізуші-механик, командир, дәлдеуші-оператор болады, ал артында десант жасағы болады. Біз дәлдеуші-оператордан атуға кім бұйрық бергенін сұрадық. Ол қазіргі қорғаныс министрі, сол кездегі министр орынбасары Жақсылықов Русланның аты-жөнін айтты. Оның айтуынша, ол келіп, нұсқаулықпен таныстырған. “Не де болса техникаларың мен автоматтардың оқ-дәрісін толықтырыңдар, алаңда тәртіпсіздік боп жатыр, осылай да осылай. Бірден атыңдар”, – депті. Менің білуімше, қорғаныс министрінің орынбасары бұндай бұйрық бере алмайды. Бұл қай заңда жазылған?» – дейді Шыңғысбеков.

Әскери қызметкер шыққанда Тоқтар Ошақбайдың анасы Жәмилә Рахымбекова атып тұрып, оның бетінен шапалақпен салып қалған.

«Оның сөзі біздің намысымызға тиді. Бәрін еш қиналыссыз айтып отыр, біздің балаларымызды өлтіргені үшін бір мезет ұялмады да. Шапалақпен бір ұрғаннан кейін ол әйелді мойнынан қысып, қылқындырғысы келді. Қайғыдан қан жұтып, баласынан айырылған ананы қылқындырғысы келді. Біз араша түстік», – дейді Бекбайқызы.

Тағы бір әскери қызметкер, командир-полковник “террорист болғаны үшін” аттым деді. Қару атқаннан болатын жарықты көргенін де қосып қойды.

«Оларды не ақтасын, не қабірден қазып алып, түрмеге отырғызсын»

«Біз қарапайым халықпыз. Балаларымыз өліп жатқаны аздай, оларды террорист дейді. Бұрынғы әкім, министр Жансейіт Түймебаевтың баласы қаңтарда қаза тапты. Кінәлілерді бірден тапты. Ал біздікілер… – дейді Рахымбеков. – Керек болса, біз екінші қаңтар жасаймыз».

«Жасаймыз. Біз тынышталмаймыз, күресеміз, жақындарымызды ақтамайынша күресеміз», – дейді Донбаева.

«Тоқтамаймыз. Егер қысым көрсетсе, қуса, басқа елде болсақ та, күресеміз», – деп қостады Рахымбеков.

Тұратай Рахымбеков

Закарьяева «кісі қолынан өлген баласының атын ақтауды» армандайтынын айтты.

«Баламды ақтамайынша тоқтамаймын. Астанада бірнеше мәрте болдым. Тоқаев мені қабылдамайынша, тыңдамайынша, мен де қоймаймын. Астанада сегіз рет болдым. Шымкентте қайтыс болған жиырма адамды ақтады, ал Жамбыл облысында бірде-бірі ақталған жоқ. Неге? Тараз біздің мемлекетке бағынбай ма? Әлде ешкім Тоқаевтың бұйрығын білмей ме? Мұнда жаппай сауатсыздық пен бассыздық болып жатыр. Амнистия тек тірілерге арналған. Неге өлгендерге ол амнистия жүрмейді? Оларды бір жыл бұрын өлтіріп, денесін алаңға тастап кеткен. Куәгерлерді өздері ойлап тауып, соттап жатыр. Бұл жерде қайдағы амнистия? Конституцияның бірінші бабында “адам мен оның өмірі” жайлы сөздер бар. Болып жатқанның бәрі біздің Конституцияны қорлап жатыр. Біз әділет іздеп жүрміз. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мейлі сексенге келсем де, тоқтамаймын. Оларды не ақтасын, не қабірінен қазып әкеліп, түрмеге отырғызсын», – дейді ол.

Бекежанова «Тараз жердің шетінде, айдалада орналасқан сияқты» деп қосты.

«Таразда ешқандай әділет жоқ. Әділдік таппайсың. Олар өртті, шабуыл мен тәртіпсіздікті де өзі жасайды, сосын біздің балаларымызды кінәлайды. Ержетіп үлгермеген бес баламызды өлтірді. Олар алаңға да жетіп үлгермеді. Бәрін өлтіріп тастады. Куәгерлер, видеолар, бәрі балаларымыз тәртіпсіздікке қатыспағанын көрсетіп тұр. Бірақ билік білгенін істеп отыр», – деп тұжырымдады марқұмның анасы.

«Біз таңертең тоғызда сотқа кіргеннен кешкі алты жарымда шығамыз. Күнде солай. Күнде жылаймыз. Не ас батпайды, құр сүлдеріміз қалды. Үйдегі балаларымыз қараусыз. Менің тағы екі балам бар. Тұңғышымның өлімінен кейін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Жұмыс істеуге тырысып жатырмын, жұмыссыз қала алмаймын. Басқа балаларымды асырау керек. Өмір сүру керек. Түске дейін сотта, түстен кейін жұмыстамын. Осылай ит өмірмен күнім өтіп жатыр», – дейді Рахымбекова.