2615
1 декабря 2023
Алмас Қайсар, Бейімбет Молдағали, фото авторы Жанар Каримова

Зиян қалдықтардың ауаға таралуын қоғамда шиеленіс туғызбай азайту

«Әділ жолмен ауысу» не үшін қажет және дамушы елдер, соның ішінде Қазақстан оны жүзеге асыра ала ма?

Зиян қалдықтардың ауаға таралуын қоғамда шиеленіс туғызбай азайту

2015 жылы Біріккен ұлттар ұйымының климат өзгерісіне қатысты конференциясында «Париж келісімі» қабылданып, парник газының шығарылуын қысқарту бойынша әр елден өз жоспарын баяндау талап етілді. Оған 194 ел қосылды, олардың қатарында Қазақстан да бар.

Бірақ қалпына келетін энергияға өту және атмосфераны ластайтын өндірістен бас тарту сол сектордың қызметкерлеріне, олардың отбасына, сондай-ақ, қалпына келмейтін ресурстарға тәуелді елдерге тұтастай кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан экономиканы декарбондау жоспарына бәріне бірдей «әділ жолмен ауысу» принципі қосылды.

Материалдың маңызды тұстары:

  1. «Әділ жолмен ауысу» экономиканы декарбондау және қалпына келетін энергия көздеріне өту процесінде зардап шеккен қызметкерлер мен аймақтарға әлеуметтік-экономикалық кепілдік беру үшін қажет.
  2. «Әділ жолмен ауысу» жұмысшылардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың шығарындыларды қысқарту жоспарына қатысуын көздейді.
  3. Еуроодақ елдерінде көмір өндіруден бас тарту мысалдары бар. Бірақ бұл көмір секторының қызметкерлері мен олардың кәсіподақтарының наразылығын тудырды. Уақыт өте келе тараптар келісімге келе алды.
  4. Сарапшылар мен зерттеушілердің бірқатары дамыған елдердің шығарындыны қысқарту жоспары жекеменшік және шетелдік инвестицияға тым көп бағытталғандықтан, халықтың кедей бөлігіне ауыр соғады деп есептейді. Олар мұндай ауқымды жоспарлар мемлекеттік инвестиция мен реттеуге бағытталуы керек деген пікірде.
  5. Қазба отыннан және қалпына келмейтін ресурстардан бас тарту дамушы елдерге көбірек қиын болады. Дамыған елдердің «әділ жолмен ауысуға» қаржылай қолдау жоспарына қарамастан, зерттеушілер мен белсенділер бұл ұсынысты сынға алды, өйткені ол дамушы елдердің энергетикалық қауіпсіздігін күйретіп, жұмыссыздық пен кедейліктің артуына ықпал етуі мүмкін. Олар мұндай жоспарлар жергілікті азаматтық қоғаммен және ғылыммен тығыз әріптестік арқылы құрылуы керек деп санайды.
  6. Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын қабылдады. Онда мемлекет «әділ жолмен ауысуды» сақтауға міндеттеледі. Алайда сарапшылар елде тәуелсіз кәсіподақтар жойылып, мемлекеттік жүйе жемқорлыққа батқандықтан, Қазақстан бұны іске асыра алмайды деп есептейді. Сонымен қатар сарапшылар Қазақстан оны жоспарламас бұрын, алдымен «әділ экономика» құрып алуы керек дейді.

Қолдау деген — «салтанатпен шығарып салу» емес

«Париж келісімінің» басты мақсаты — температураның өсімін 2°C межесінен біраз төмен ұстап тұру және оның өсімін 1,5°C межесінен асырмау. Келісімнің преамбуласында ауысу «еңбек саласында әділ өзгерістер қажет екенін назарға ала отырып» жасалуы керек деп көрсетілген.

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) экология жағынан зиян өндірістегі қызметкерлерге толық қолдау көрсетуге кепілдік беріп, жасыл экономикаға өтуді ұсынады. ХЕҰ қолдау «сән-салтанатпен шығарып салумен», яғни жұмыс орнынан айырылып қалғаннан кейін әлеуметтік қамтамасыз етумен ғана шектеліп қалмау керек деп мәлімдеді. Әлеуметтік қорғауға, біліктілігін арттыруға, зейнетке мерзімінен бұрын шығуға және қысқартудан зардап көрген аудандарда жаңа экологиялық таза өндіріс құруға кепілдік берілуге тиіс.

Фото авторы Жанар Каримова

«Әділ жолмен ауысу» тұжырымдамасын бастапқыда АҚШ кәсіподақтары 1980–1990 жылдары қоршаған ортаның ластануын реттейтін жаңа ережелердің нәтижесінде жұмыссыз қалған қызметкерлерді қорғау үшін ойлап тапты. 2000 жылдардың басында кәсіподақтардың арқасында бұл тұжырымдаманы БҰҰ да пайдалана бастады, ал 2015 жылы ХЕҰ ауысу бойынша нұсқаулық жариялады, бұл ұқсас жоспарларға негіз болды.

Еуропалық Одақтағы «әділ жолмен ауысу»

Көміртегі бейтараптығы стратегиясын алғашқылардың бірі болып Еуропалық Одақ қабылдап, «Еуропалық жасыл бағыт» аясында екі қор құрды. Оның бірі — «жасыл» және әлеуметтік инвестицияларды қазба отынға елеулі түрде тәуелді ЕО аймақтарына бағыттайтын Just Transition Fund (JTF). 2021–2027 жылдар кезеңінде JTF көбірек зардап көрген аймақтарға 55 млрд еуро жөнелтуге тиіс.

Осы қаражаттың бір бөлігі Польшаның көмірлі аймақтарына берілді. 2023 жылы JTF оларға 3,85 млрд еуро аударды. Александр Шпор мен Константин Циолковскийдің көмір секторының трансформациясына жүргізген зерттеуіне сәйкес, 1990 жыл мен 2014 жыл аралығында Польшада электр энергиясын өндірудегі үлесі 70% болған көмір өндірісі екі есе азайған.

Сол зерттеуде көмір өндірісінің азаюына құрамына кәсіподақтар кірген кең коалицияның арқасында, сондай-ақ, елдегі тау-кен өндірісі саласының басым бөлігі мемлекет бақылауында қалғандықтан қол жеткені көрсетілген.

Варшавадағы поляк шахтерлерінің митингі, фото APNEWS сайтынан

Бірақ шахталарды жабу жоспары біразға дейін шахтерлер мен үкімет арасындағы текетіреске әкелді. Олар көмір шахталарының жабылуы жүз мыңдаған жұмыс орнының қысқаруына әкеледі, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп ойлады. Бірақ бірнеше айға созылған келіссөзден кейін үкімет пен кәсіподақтар 2049 жылға дейін көмір саласы бойынша келісімге қол қойды.

«Әділ жолмен ауысу» бағытында жақсы прогреске Германия да жете алды, ол өзінің энергобалансында қалпына келетін көздердің үлесін 50 пайызға дейін арттырды. Ел жаппай мемлекеттік инвестицияның, өтемақының және жергілікті экономиканы әртараптандырудың арқасында өнеркәсіптік Рур аңғарында көмірден бас тарта алды. Көмір өнеркәсібіндегі 37 мыңдай қызметкерге мерзімінен бұрын зейнетақымен қамтамасыз ету схемасы, жас қызметкерлерге мансап ауыстыру мүмкіндігі жасалды.

Алайда ЕО мемлекет қаржысын зерттейтін, Counter Balance еуропалық МЕҰ коалициясының сарапшысы Александра Герасимчикованың айтуынша, ЕО бағдарламаларында жекеменшік қаржыландыру жағына көбірек басымдық берілген. Оның ойынша, бұл сапалы жұмыс орнына, қоғамдық қызметтер мен көлікке, сондай-ақ қалпына келетін энергия көздеріне қол жеткізуге кепілдік бермейді. Зерттеуші Даниэла Габор да мұндай жоспар декарбондау ауыртпалығын кедейлердің мойнына артады деп санайды.

Фото авторы Lorie Shaull

2018 жылы Еуропада үкіметтердің климат саясатына қарсы наразылық басталды, бұл халықтың бір бөлігінің экономикалық ахуалына кері әсерін тигізді. Франциядағы «сары жилеттер» қозғалысының наразылығы көміртегі шығарындысына арналған салыққа байланысты пайда болды, бұл жанармай мен дизель отынының құны өсуіне әкелген еді. Ереуілшілер бұл әрекетті Францияның бұрынғы экология министрінің климат саясатына әлеуметтік реакция деп атады.

Сол себепті зерттеушілер жасыл экономикаға көшу жоспары ашық әрі демократиялық болып, талқылауға және шешім қабылдауға қоғам, соның ішінде кәсіподақ та араласуы керек деп есептейді.

Кәсіподақтар көш басында

2016 жылы «Әділ жолмен ауысу» орталығын құрған халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы «әділ жолмен ауысу» басталды, бірақ процесс баяу жүріп жатыр дейді. Бұған «жасыл» жұмыс орындары адамдар жасыл көшуді жүзеге асырған кезде айырылған жұмыстың көлемі мен сапасының орнын толтыра алмауы да себеп болды.

Оның үстіне кәсіподақтардың «әділ жолмен ауысуды» талқылауға қатысуы кәсіподақтары жойылған немесе биліктің тікелей бақылауына өткен авторитарлық елдердің бірқатарына қиын соғып отыр. Зерттеушілердің айтуынша, бұл «әділ жолмен ауысу» бойынша ауқымды жоспарлар әлеуметтік салдарды ескермей қалуы мүмкін және энергетикалық теңсіздік тудыруы мүмкін.

Айталық, Қытайда мемлекеттік шахталардың жұмысшылары жабылу кезінде мемлекеттен басқа жұмыс пен қолдау алса, жекеменшік шахталардың жұмысшылары өтемақысыз және жұмысқа орналасуға көмек алмастан шығарылған. Олар мемлекеттік кепілдікке деген құқықтарын қорғай алмады, өйткені оларда қабылданатын шешімдерге ықпал ететін институциялық тәсілдер жоқ. Сондай-ақ зерттеуші Хао Тан Қытайдың көмірден газға өту бойынша ауқымды жоспары Солтүстік Қытайдың ауылдық өлкедегі миллиондаған тұрғынының энергетикалық кедейшілікке ұрынып, қыс мезгілінде жылусыз қалуына алып келгенін айтады.

Қытайдағы кенші. Фото Reuters сайтынан

Дамушы елдер «әділ жолмен ауысуды» іске асыра ала ма?

2021 жылы Глазгода өткен Біріккен ұлттар ұйымының климат өзгерісі бойынша конференциясында Just Energy Transition Partnerships (JETP) — Әділ жолмен энергетикалық ауысу бойынша серіктестік ұсынылды, соған сәйкес бай елдер (International Partners Group) дамушы елдерге әділ жолмен ауысуды жүзеге асыруға ақша жіберіп отыруы керек.

Бұған себеп — бай елдердің жауапкершілігі көбірек: жиырма ірі экономикадан құралған топқа (G20) парник газ шығарындысының 78 пайызы тиесілі. Оның үстіне дамушы елдердің экономикасы қазба отынға көбірек тәуелді.

JETP дегеніміз жеңілдігі бар несиені, грантты, аралас қаржыландыруды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті білдіреді. Дамушы елдер жекеменшік инвестицияға «қатерді азайтуға» міндеттеледі, яғни түрлі кепілдіктер мен экономиканы либералдандыру деген сөз. Алғашқы серіктестікке ОАР, сосын Индонезия, Вьетнам мен Сенегал қол қойды.

ОАР 8,5 млрд доллар көлеміндегі сомаға келісті. Алайда саяси тұрақсыздығы мен ішкі оппозициясы бұл процесті баяулатты. Жоспар бойынша, көмір электростанцияларын пайдаланудан біртіндеп бас тарту және мемлекеттік Eskom энергетикалық компаниясын жекелеген бірліктерге бөлу керек еді. Елдегі электр энергиясының 95 пайызы көмірмен өндіріледі, көмірлі аймақтардың бірқатарында бұл сектордың жұмыспен қамту үлесі 50 пайызға дейін барады. Оның орнына жасыл сутегі мен электромобильдер дамыту ұсынылды.

Оңтүстік Африка республикасындағы кәсіподақ митингі, фото авторы Mike Hutchings, Reuters

Түрлі кәсіподақтар мен оппозиция серіктестік ашық емес, қоғаммен кеңеспей жасалған деп санайды. Олар көмір саласының жұмысшылары қысқыртылады және «жасыл энергетика» секторында лайықты жұмыс таба алмайды деп қауіптенеді. Зерттеушілер Пета Вольпе мен Венди Аннеке қалпына келетін энергия көздерін пайдалану шахтерлерді жұмыс орнымен қамтамасыз ете алмай, көмірлі аймақтарда жұмыссыздық пен кедейлікті қазіргіден бетер көбейтуі мүмкін дейді.

Нәсіл және климат әділдігі мәселесімен айналысатын Union of Justice ұйымы JETP серіктестігінде дамушы елдердің энергетикалық егемендігі бірінші орында тұруы керек деп есептейді.

«Бұны энергетиканы жекеменшік компаниялардың арасына бөлу үшін емес, олардың халыққа әсер ететін климат күйзелісіне әрекет ету қабілетін сақтау үшін жасау керек. Сондықтан энергетикалық кәсіпорындар мен қалпына келетін энергетика секторын сақтау және демократияландыру жекешелендірілген, пайда табуға бағытталған немесе жартылай жекешелендірілген үлгілер алдында басымдыққа ие болуы керек», — деп жазды олар мәлімдемесінде.

Таза энергия бойынша 18-інші Азия форумы өткен Азия даму банкі бас кеңсесінің алдындағы азаматтық қоғам ұйымдары коалициясының митингі. Фото авторы Jimmy A Domingo

Сонымен қатар зерттеушілер дамушы елдердегі «әділ жолмен ауысу» кезінде олардың біразында тұрақсыз және бейресми жұмыспен қамту таралғанын ескеру қажет деп санайды. Соның кесірінен олар «нашар ұйымдасқан» және жасыл энергетикаға көшу бойынша келіссөздерге қатысатындай кәсіподақтарға мүше болу деңгейі төмен.

«Оның үстіне Жаһандық Оңтүстік елдерінің басым бөлігі табиғат ресурстарын экспорттаудан келетін рентаға экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда тәуелді екенін мойындау қажет. Сондықтан ұсынылатын балама жолды ғалымдар, саясаткерлер мен азаматтық қоғам терең талдауы керек», — деген пікірде зерттеушілер.

Қазақстан: алдымен әділ экономика мен демократияландыру

Биыл Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітті. Онда «әділ жолмен ауысу және жұмыс орындарын құру» туралы тармақ бар. Соған сәйкес экономика құрылымын «жасыл экономикаға» бұрған жағдайда, жұмысынан айырылған адамдарға мамандығын өзгертуге және «жасыл» жұмыс орнына ие болуға жағдай жасалады.

Маусым айында ECOJER Қазақстандық аймақтық экологиялық бастамалар қауымдастығының халықаралық конгресі кезінде бұрынғы экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова Қазақстан 9 млрд тоннадан астам көмірсутегі шығарындысының алдын алуға ниетті екенін хабарлады. Ол үшін 610 млрд АҚШ доллары керек. Инвестицияның жартысынан астамын шикізат секторынан анағұрлым «жасыл» секторға бұруға жұмсау жоспарланып отыр, ал тікелей мемлекеттік инвестиция 3,8% көлемінде ғана болады.

БҰҰ Бас ассамблеясының 78-сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та климат өзгерісімен күрес жоспарына жеткілікті қаражат тарту үшін Қазақстанда JETP бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Сонымен қатар Азия даму банкі көмір және басқа электр станцияларын пайдаланудан шығарып, оларды жаңа энергиямен алмастыру үшін Қазақстанды қолдайтынын хабарлады.

Стратегияда көміртегі аз технологияларға шетелдік және отандық инвестиция үшін «нарық жасауға» ерекше көңіл бөлінген. Бірақ онда «әділ жолмен ауысудағы» кәсіподақтардың рөлі көрсетілмейді. Барлық мүдделі тарапты тартуға көмектесетін «ашықтық және қоғаммен өзара іс-қимыл» туралы тармақша ғана бар.

Өскемен. Фото авторы Жанар Каримова

Экономист Қуат Әкіжанов «әділ жолмен ауысудан» ел ұта ала ма, өз мүддесін қорғап қала ала ма, жоқ па, Қазақстан жағы соны саралауы керек деп есептейді.

«Қытай, Үндістан мен Бразилия бастаған дамушы елдер он жыл бұрын дамыған елдерге соңғы жүз жылда экономикасын индустрияландырып алып, планетаның экологиясына біраз зиян келтірді, енді дамушы елдерден экономикалық өсімді бәсеңдетуді талап етіп отыр деп кінәратын жеткізді. Оларға индустрияландырудан өту үшін, өкінішке қарай, қалпына келмейтін ресурстардың көмегімен өсімге қол жеткізу қажет», — дейді Әкіжанов.

Ол «әділ жолмен ауысу» жоспарын қабылдамас бұрын мемлекет әділ экономика құрып алып, реиндустрияландыру өткізу қажет деп санайды.

«Біз алдымен реиндустрияландыру өткізуіміз қажет, сосын сол процесс кезінде Қазақстанда жұмыс орындарын құратын «таза» және «жасыл» технологиялар саласын табуға тырысу керек. Әділ экономика құруымыз керек, өйткені әлеуметтік-экономикалық әділдік болмай, экологиялық әділдік те болмайды», — деп есептейді ол.

Дарем университетінің құрметті профессоры және бұрынғы КСРО елдеріндегі энергетикалық саясат пен жүйе туралы кітаптың авторы Саймон Пирани табиғат ресурстарын экспорттаудан құрылған экономикалық даму мен климат өзгерісімен күресу үшін олардан бас тарту арасындағы қарама-қайшылық туралы айтудан бұрын, «Қазақстан өндіретін қазба отын шын мәнінде кімге тиімді» екенін түсініп алу қажет деп есептейді.

«Мұнай сатудан келген кіріс мұнай компанияларының банк шоттарына түседі, олардың ірілері Америка Құрама Штаттарында орналасқан, ал сатудан келген пайданы Қазақстан алып отырған пайдамен салыстыруға мүлдем келмейді. Әрине, кірістің бір бөлігін мемлекет алады, бірақ оның аз ғана бөлігі халыққа жетеді. Тіпті мұнай секторында істейтін жұмысшылар да өз жағдайының артықшылығын сезіне алған жоқ, өмір деңгейін элита шабуылынан қорғау үшін ереуілге де шығып жүрді», — дейді ол.

Шахтинскіде ереуілге шыққан шахтерлер

Пиранидің айтуынша, мұнай өнеркәсібіне жұмысшылардың тәуелділігі Қазақстандағы ең бай адамдар мен саясаткерлерге қарағанда азырақ.

«Егер «әділ жолмен ауысу» барысында басқа салалар да дамыса, олардың өмір деңгейі жақсарады деуге үміт бар. Қалай болғанда да, балама туралы ойлаудың өзі қиын: елде өндірілген мұнайдың әр тамшысы апатты дауыл, шамадан тыс жазғы ыстық, теңіз деңгейінің көтерілуі және ауылшаруашылық өндірісінің күрт төмендеуі нәтижесінде пайда болатын азып-тозуға әкеледі», — дейді зерттеуші.

Ол, сонымен қатар, Қазақстан энергетикалық жүйесінде көмір пайдаланатынын, ал газ кейінгі бірнеше жыл ішінде ғана елдің оңтүстік-шығысына тасымалдана бастағанын естен шығармау керек дейді. Дегенмен көмірге тәуелділікті қысқа уақыт аралығында азайтуға Қазақстанның мүмкіндігі бар деп санайды.

«Қазақстан мұнай кірісінен келетін ел байлығын энергия үнемдеу бойынша шаралар қабылдауға пайдалана алады — кеңестік кезеңдегі ескі ғимараттарды модернизациялауға болады, оларды қазір пайдаланып жатқан энергияны азырақ тұтына отырып, жылытуға және жарықтандыруға болар еді. Жел және күн электр энергиясын дамытуға болады, халық санымен салыстырғанда құрғақ жерінің көлемі үлкен болғандықтан олардың әлеуеті орасан», — дейді Пирани.

Тұрақты даму саласындағы халықаралық тәуелсіз консультант Жарас Тәкенов Қазақстанда әділ жолмен ауысуды жүзеге асыру қалай жоспарланып жатқанын сынға алып отыр. Оның айтуынша, бүкіл әлемде әділ көшуді кәсіподақтар басқарады, ал Қазақстанда «ондай атымен жоқ».

Екібастұз. Фото авторы Владислав Сон

«Мен үкіметтің әлеуеті өте төмен деп ойлаймын, олар СО2 шығарындысының мәнін де түсінбейді, мемлекеттің бұл мәселеге қатысты жауапкершілігін де түсінбейді. Осыған жауапты экология және табиғи ресурстар министрлігі табиғатты қорғау мәселесіне бас ауыртпайды. Жасыл экономикаға көшуді ұзақ күтеміз, ол жақында бола қоймас», — дейді Тәкенов.

Тәкеновтың айтуынша, министрліктегі кадрлар тұрақсыздығы және жиі болатын қайта құру мемлекеттік органдардың жұмысын жүйесіз етеді. Ол Көмір бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы жақсы жазылған, бірақ орындаушылардың рөлі маңызды дейді.

«Сондықтан мемлекеттік шенеуніктердің конвенциялар мен келісімдерге қол қойып, соларға қосылуы ел ішіндегі экологиялық саясатқа ешқандай ықпал етпейді. Түптеп келгенде, бәрі осындай қиын әрі күрделі процеске келіп тіреледі. Сондықтан бірінші кезекте ауқымды жемқорлыққа жол бермейтін басқару жүйесін, кәсіпқойлардың басқару тетіктеріне қол жеткізуін, қоғамның қатысуымен мониторинг жүйесін, бюджетте әділ көшуге қаржының болуын жақсарту керек болады. 2060 деген алыс датаны белгілеу арқылы мемлекет бұл проблеманы ұзақ мерзімге ысырып қойғанын тағы бір рет көрсетті», — дейді Тәкенов.

Алматыдағы ЖЭО. Фото авторы Жанар Каримова

Пирани климат өзгерісіне орай энергетикалық инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын және басқа да экономика аспектілерін өзгертуді жекеменшік және шетелдік инвесторлардың қалауына қалдыруға болмайды дейді, өйткені оларға инвестициясының тез өтелуі маңызды.

«Экономиканы мемлекет қатаң бақылауда ұстайтын Қытайды мысалға алуға болады. Бір жағынан Қытай көмірге инвестиция салуын жалғастырып келеді, сондай-ақ, көміртегі тым көп жұмсалатын салалардың мәселелерін шешуге қатты тырысқан да жоқ. Бірақ, екінші жағынан, Қытай қалпына келетін электр энергиясы өндірісін басқа елдерден жылдам дамытып жатыр. Бұл мемлекет жаңа технологияларды қолдайтынының көрсеткіші», — дейді Пирани.

Оның айтуынша, «Элита азшылықтың және олардың бай елдердегі достарының» мүддесіне қызмет ететін басқару жүйесі «әділ жолмен ауысуға» жарамайды, бұны «барлық елдің алдында тұрған ең үлкен проблема деп мойындау керек».

«Шын демократиялық институттарды кәсіподақ секілді жұмыс орындарында да, демократияның басқа формаларын жұмыс орындарынан тыс қауымдастықтарда да кеңейту — жетістікке жету үшін аса қажет», — деп түйді ол.