3768
22 апреля 2024
Тамара Вааль, Петропавл, фотоларды автор және Кира Прейс түсірген

«Көп адамды құтқарып қалар едік»

Петропавлдағы еріктілер шенеуніктердің кедергісіне қарамастан көмектесуге тырысып жүр

«Көп адамды құтқарып қалар едік»

Солтүстік Қазақстан облысы әлі суға батып жатыр. Күн сайын суға кеткен үй саны өсіп жатыр. Тасқынның шарықтау шегі 19 сауірден кейін болуы мүмкін екені айтылды.

Жүгіріп, көмек қолын созуға дайын тұрғандар арасында еріктілер де бар, бірақ неге екені белгісіз, жергілікті билік оларды жолатпауға тырысып жүр. Бұл материалда ешқандай тыйымға қарамастан, көмектесу мен құтқару жолын табатын еріктілер туралы айтамыз. Сонымен бірге, Петропавлдан шығаберісте не болып жатқанын баяндаймыз.

Боркиде ешкімнің шаруасы жоқ

Түнде Петропавлдан шамамен 30 шақырым жердегі «Большая малышка» ауылына су келе бастады. Жолда жанармай құю бекетінде еріктілер тобын көріп қалдық – жігіттер қайыққа жанармай жинап жатыр. Бәріміздің жолымыз бір. Біз оларды бір күн бұрын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан көрген едік, еріктілер әкім Серік Мұхамедиевтен «ең болмаса жұмыс» беріп, малды аман алып қалуға мүмкіндік беруін өтінді. Әкім ешқандай көмек көрсете алмайтынын айтты. Бүгін жастар қорықса да, тәуекел етіп, «Большая малышка» ауылына жол тартты. Жолымыз болып немесе билік өкілімен келісіп, әрі өтіп, қалған малды құтқарып қалуға мүмкіндік туады деп үміттенеді.

Борки ауылына кіріп келеміз. Былай қарағанда бұл – Петропавлдан шығаберістегі саяжай аумағы. Бұл жерде олимпиадалық резерв дайындау орталығы орналасқан. Биатлоншылар жаттығатын инфрақұрылымы бар алаң су айдынына айналған.

«Тереңдігі – кемі 3-4 метр. Ана жерде жабдықтар сақталатын қойма бар, сәл беріде жаттықтырушы кабинасы болуы керек. Өзі көрінбейді. Осы маңда жүрген болуы керек», – дейді жергілікті тұрғындар.

Сәл жоғарыда колледж бар, төменде – өзенге жақын маңда жүргізушілерді оқытуға арналған автодром орналасқан.

«Су кейінгі 3-4 күнде келді. Көзді ашып-жұмғанша, санаулы минутта жетті. ТЖМ өкілдері «шығыңыздар» деп ескертті. Шықтық. Несін күтеміз? Өзіміз шығып кеттік», – дейді Анна.

Аннаны тұрғын үйлердің маңынан кездестірдік, ауласынан шығып келе жатыр екен. Оның үйі – осы жердегі су кірмеген жалғыз үй. Қалғанының бәрін су басып қалған.

«Бұл жерде ешкімді қауіпсіз жерге көшірген жоқ, ондай дүние басқа жақта болған шығар. Мұнда тұратындар алдын ала заттарын шығара бастады. Себебі жағдай осылай боп жатқанын білді. Бұрын мұндай болған емес, бірінші рет болып отыр. Бәрі суға кетті. Бұл жерде саяжай да, тұрғын үй де бар. Саяжай болса, зақымды ешкім өтемейді деп жатыр, өйткені жеке тұрғын үй құрылысы ретінде рәсімделмеген», – дейді келіншек.

Борки ауылы биік жерде орналасқан, ауылды Есіл өзені айналып өтетіндіктен, жергілікті тұрғындар оны «Таға» түбегі («Подкова») деп атайды. Подгора ықшамауданын су басқанда барлығы эвакуациялауды бастау керегін, су тасқыны болатынын түсінді. Оның үстіне бұл жерде ешқандай бекініс те болған жоқ.

«Бұл жаққа бөгет салмаған. Біз туралы ойламаған да», – дейді Александр.

«Петропавлда барлық ауданда бірдеңе жасалды. Біздің ауданға бір қап құм да төсеген жоқ. Төсеген болса, оның да бір пайдасы болар ма еді. Ешкім ештеңе істемегенін баса айтқым келеді. Бәлкім біз бәрінен тыс, әншейін саяжай қоғамы болғаннан шығар. Тіпті ешкім дабыл қаққан жоқ. Тепличное, Мичурино жақтарда депутаттар бар, олар қайда тұрса, сол жаққа назар аударды», – деп Александрдың сөзін тағы бір жергілікті тұрғын Ольга растады.

Ерлі-зайыпты екеу сайдың шетінде су басқан үйіне қарап тұр. Бұл жерді 2017 жылғы су тасқынынан кейін сатып алып, бір жылдан кейін үй салған екен.

«Ол кезде су қай жерде болғанын көрдік. Бұл жаққа жетпеп еді», – дейді неге жер сатып алғанын түсіндірген болып.

Балаларын бейсенбі кешке қауіпсіз жерге жіберіп, жұма күні терезеден мұз аралас суды көргеннен кейін өздері де үйден кеткен.

«Біз су әрі кетсе аулаға кірер деп ойладық. Үйдің іргетасы өте биік, сондықтан жиһазға да, техникаға да тиіспедік. Осынша көп мөлшерде су келеді деп күткен жоқпыз. Мұны апат деп ойламаймын. Құжат бойынша Тепличное ауылындағы бөгет салынып біткен, ал іс жүзінде… 2017 жылдан кейін қалаға бөгет қажет екені туралы, оны салуға ақша бөлінетіні туралы көп ақпарат болды. Сол жылы қала бюджетін де көбейтті. Бұған қоса ірі компаниялар зардап шеккендерге қаншама ақша бөлді. Миллиондар мен миллиардтар қайда кетіп жатыр? Жергілікті БАҚ-тың үнсіз отырғаны, репортаж түсіруге журналистер Алматы мен Астанадан келетіні де өкінішті», – дейді Ольга.

Бізбен қоштасып тұрғанда күншуақтап жатқан мысықты көріп: «Рыжик! – деп қуана айғайлайды. — Қайтып келдің бе, тірісің бе! Жақында келеміз, тамақ береміз, жаным», – деп мысығын құшақтай алды.

"Большая малышка" ауылы

Қызылжар ауданына кірдік. Петропавл артта қалды. Елді мекенді су басқан. Жолдың қарсы жағында «Серебряный бор» балалар лагері тұр, оны да су басқан. Ауылға кіретін жолдың арғы бетінде су арнасынан аздап асқан, бірақ жалғыз полиция қызметкері адамдарды сұрақ қоймай-ақ өткізіп тұр. Біз біраз бұрын кездескен еріктілер де осында. Олар су өткізбейтін резеңке етік, құтқару кеудешелерін киіп, тракторға тиеу үшін қайықтарды үрлеп жатыр. Жігіттердің кейбірі көліктің тіркемесіне мінсе, қалғаны бір шақырымдай жаяу жүріп келеді.

«Бір қайыққа балық аулайтын киім киген бір адам, етік киген бір адамнан! Ашық суға мүлдем шықпаймыз! Мүлдем шықпаймыз! Бәрі түсінікті ме?!» – деп нұсқау берді Руслан Туклинов.

Ар жақтан: «Бәріміз торайды іздейміз», – деген дауыс шықты.

Еріктілерге ешкім аса назар аударып жатқан жоқ. Су басқан үйлерге жақын жерде ТЖМ-ның бірнеше көлігі тұр. Көлікке киім жайылып тұр, халықты көшіруге көмектескен құтқарушылардың киімі. Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының еріктілерге тұрғындар тағы қай жерде болуы мүмкін екенін, жануарлар қайда қалғанын айтып жатқанын естідік.

Тағы бір рет нұсқаулықты тыңдап алған соң, жастар қайықты суға жіберді.

«Біз төрт күн бойы бөгет салып, бекіттік. Қапшықтарды толтырып, целлофанға салдық, еріктілер көмектесті. Бірақ кеше су жарып кетті. Содан кейін бізді эвакуациялады», – дейді жергілікті дәрігерлік зертхананың аға медбикесі Алла Гордеева.

«Көмектескендер көп болды, зейнеткерлер де көмектесті. Бірақ мынадай апат жағдайында барлық еңбек текке кетті», – дейді Валентина деген тұрғын көз жасын сүртіп.

«Ана жақта доңыздарымыз қалды. Қалай кіріп, алып шықсақ болады деп ойлап жатырмыз», – деп күрсінді Алла Гордеева.

Бұл уақытта бірінші қайық қайта оралды. Ішінде ит бар. Жастар жануарды сыртқа, құрғақ жерге шығарғысы келіп тұр, бірақ ит қорқып қалған. Ақыры көтеріп шығарды. Енді қалғанын алып қайтуға бару керек. Жұмыс тізбегі осындай.

Руслан Туклинов көп жылдан бері іздестіру-құтқару тобын басқарады. Ол жергілікті ішкі істер бөлімі мен полиция бөліміне із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге көмектесіп жүр. Негізгі жасақта 100-ге жуық адам бар. Бүгінгі күні барлық күш су тасқынына жұмсалып жатыр, өзі айтқандай, «жұрттың бәрі эвакуация бекеттеріне кеткен: кейбіреуі құтқару жұмысымен жүрсе, енді бірі жуынып алуға». Жігіттер төрт күннен бері ұйықтаған жоқ. Бірақ олар көп уақытын адамдарға көмектесіп емес, күтіп өткізіп жатыр.

«Шынымды айтайын ба? ТЖД мен полиция көмектессе, көп адамды құтқарып қалар едік», — деп күйіне сөйледі.

«Екі тәулік бойы далада тұрдық. Қарапайым халық тамағымызды берді, толығымен дайын тұрдық. Суға қарай жібермеді. Кейін айналма жолмен кіріп, шамамыз жеткенше құтқарып алдық. Петропавл қаласының полиция департаменті айыппұл салып жібере жаздады, мұнда жүруге құқымыз жоқ екенін айтты, – дейді Руслан.

Айтуына қарағанда, құтқарушылардың шамасы жетпей жатыр, бірақ қауіпсіздік техникасын үйренбеген деп еріктілерді де жібермей отыр. Бірақ Руслан оның адамдары жергілікті ТЖД қызметкерлеріне қарағанда қажет жабдықпен жақсырақ қамтылғанын айтады.

Руслан Туклинов

«Большая малышка» ауылында жұмыс істеуге рұқсат берді, себебі өздері үлгермей жатыр. Ана жақта (қалада – В.) да үлгермей жатыр, үрлемелі қайықта отырып, ескек орнына күрекпен ескенін өз көзіммен көрдім. Еріктілерге неге жұмыс істетпей жатқанын нақтылап берейін. Телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салады деп қорқады. Жақында президент келеді ғой. Ол бұл жағдайды көрмеуі керек», – дейді Руслан.

Әңгімемізді айғай бөліп жіберді. Еріктілердің бірі төбет тап берген мысықты төтенше жағдай аймағынан алып шыққан екен. Ақырында екеуі де қайтадан суға түсіп, оларды ағыс әкете бастады. Руслан ойланбастан киімін лақтырып тастап, суға секірді. Екеуін де құтқарып қалды, бірақ енді өзі асфальтта дымқыл термокиіммен отыр.

Қалың киім әкелуін күтіп отырғанда Руслан полиция қажет болғанда құтқарушы отрядты шақыратынын, ал қазір неге шақырғысы келмей жатқанын түсіндірді.

«Бізді эвакуацияға, құм тасуға шақырды. Ештеңе дайын емес екенін көрсек, сөз келеді ғой, содан қорқады. 2017 жылы бөгет салғанын білесіздер ме? Міне, мәселе қайда жатыр. Департаменттің баспасөз бөліміне сұрақ көп: олардың дайындығы қандай болды? Екі күн бойы бізді мүлдем жұмыс істетпеді. Әйтпесе, әлдеқайда көп жануарды құтқарып қалар едік».

Құтқарушының айтуынша, адамдар үйінен шыққанда көбіне малдың жібін шешуді ұмытып кетеді. Ал еріктілер қоршау немесе айналма жолдан өтіп барғанда мал өліп те қалады.

«Қалқып шығады, – дейді ол мұңайып. «Большая малышка» ауылына сондай жағдайдың алдын алайық деп келдік».

Осы кезде жануарларды құтқарып келе жатқан тағы бір қайық жақындады: «Шошқа алып келе жатырмыз», – деп күлді жастар. Қайықта шынында да шошқа бар екен. Ондаған тауық пен ит сияқты ол да бүгін аман қалды. Бірақ полицейлер келіп, еріктілердің кетуін талап ете бастады. Осы уақыт бойы мұндағы құтқарушылар көліктің қасынан ұзап шыққан жоқ, шәй ішті. Біздің жанымызға бірнеше рет қана келді, соның бірінде еріктілердің суда қалған мысық пен итті құтқарып жатқан бейнежазбасын жіберуімді өтінді.

Қолдан қолға

«Бұл жақта гуманитарлық көмек көрсететін бекетіміз бар. Ешқандай мемлекеттік мекемеге қатысымыз жоқ. Екатерина екеуіміз бірігіп ашқанбыз. Мемлекеттік мекемелердің кем-кетігін ескере отырып, өзіміздікін ашуды жөн көрдік. Сөзге сеніп, қолдан қолға береміз. Бізге ешқандай сертификат, ешқандай растау қажет емес», – дейді ерікті Дарья Хрупина.

Құрбысы Екатерина Баштакова Хромзавод ауданында тұрады. Оның үйіне су жетпегенмен, тасқыннан көршілерінің көбі зардап шеккен. Былайғы кезде қыздар мерекелік іс-шара ұйымдастырады. Олардың «көпшілікке арналған ойын-сауық» ұйымдастыру тәжірибесі су тасқыны кезінде пайдалы болды. Хрупина бастапқыда жай ғана көмектескісі келгенін айтады. Сөйтіп мемлекеттік мекемеде гуманитарлық көмек тарататын жерге қарапайым ерікті болып барған. Бірақ ұзамай ол жерден қашқандай болып шығыпты.

«Тізім жазып, жеке нөмірін тіркеп отыратын қағазбастылық бізге ұнамайды. Ал мемлекеттік мекемеде бәрін кестеге салып отырғызып қойғысы келді. Біз қолмен жұмыс істеуіміз керек, көмектесу үшін әдейі көлікпен келдік. Күйеуіміз бірге жүр. Ал бізді тізім жазып, кестеге салуға отырғызып қоймақ. Бұл бізге ұнамады. Кейін Петропавлда гуманитарлық көмек бөлімшелері жұмысын тоқтатты, Тоқаевтың келуіне орай бәрін әдемілеп реттей бастады», — дейді Дарья.

Біз Дарьямен дүйсенбі күні әңгімелестік. Оның айтуынша, мемлекеттік органдарда гуманитарлық көмек беру жексенбіде тоқтатылған.

«Ал Ассамблеяда (бөлімшелерде – В.), мектептерде және барлық жерде олар бәрін әдемі етіп жинады. Бұл жоғарыдан келген нұсқау ма, әлде сол жердегілер осылай шешті ме, білмеймін. Бізге мұның бәрі ұнамады, сондықтан Екатерина екеуміз Instagram арқылы және достарымыздық көмегімен өзіміз жәрдемдесейік деп шештік», — дейді Хрупина.

Бұл жерде гуманитарлық көмек мұқтаж жандарға ғана беріледі. Ешкім ешқандай құжат сұрамайды. Қажет нәрсе бар болып шықса, береді. Тек адам көп болғандықтан, кезек күтуге тура келеді. Қандай да бір себеппен келе алмайтындарға арнап қыздар байланыс орталығын да ұйымдастырып қойған. Қоңырау шалса, еріктілер қажет затты үйіне немесе эвакуация бекетіне жеткізіп береді.

«Таныстарымыз көп, жәй ғана таныстармен қатар достарымыз, бізді оқитын адамдар бар. Адамдар көмекке мұқтаж екенін анық білеміз. Көмекті қажет етпейтіндер мұндай жерге келмейді де. Қалай болғанда да, көмектесуге дайынбыз», – дейді Дарья.

Дегенмен, кәсіпкерлердің бәрі бірдей өзіне тиесілі аумақта гуманитарлық көмекті қабылдауға дайын емес. Екі күн ішінде қыздар үш рет орын ауыстыруға мәжбүр болыпты. Кәсіпкерлер осынша көп адамның келуінен қорқып, «орынды босатуды» сұрапты. Қазір гуманитарлық көмек көрсету бекеті мейрамхана аумағында орналасқан. Әзірге ешқандай мәселе жоқ.

«Бізді қуған жоқ, бірақ кетуімізді қалайтыны түсінікті болды», – дейді ол. Арасында қайда барып, қай жерден не білуге болатынын сұрап келген адамдарға да жауап беріп үлгеріп жатыр.

Бір тәулік өтпей-ақ мұнда гуманитарлық көмекті Газельге тиеп әкеле бастаған.

«Кеше (жексенбі – В.) сағат 15:00-де Катя екеуміз көмек көрсетуге болатынын айтып, сторис салдық. Алдымызда бір пакет печеньеден басқа дым жоқ еді. Бір тәулік ішінде азық-түлік дейсіз бе, түрлі киім дейсіз бе, қажет заттың бәрін әкеліп тастады. Бірінші кезекте қажет тауарларды әкеліп жатыр. Тіпті кереует пен жеңіл арба әкелгендер де бар. Басқа бөлімшелерден ең басты артықшылығымыз — біз бәрін жеткізіп береміз. Олар келіп алып кете алмайды, ал біздің жігіттердің көлігі бар. Заттарды сұраған адамның есігіне дейін жеткізіп береміз. Көмек шын мұқтаж жандарға осылай жетіп жатыр».

Дарья мұнда қанша адамға қандай көмек көрсеткендерін есептеп отырмайды.

«Керек десе, демек керек деген сөз. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін», – деп түйіндеді Хрупина.

Бұл жерде гуманитарлық көмек берілмейді

Петропавл қаласының әкімдігіне жақын маңда жергілікті тұрғындар «Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы» деп атайтын гуманитарлық көмек бекеті бар. Оны ішкі саясат басқармасы басқарады. Арнайы бөлінген бөлмеде бәрі сөрелерге қойылған. Бізді аса жылы қарсы алған жоқ.

«Сіздер таңертең келе алмайсыздар ма? Қатты шаршап тұрмыз. Бүгін 8 Газель жүк түсіріп, 10 Газель жүк жібердік. Таңертең келе аласыздар ма?» – дейді қарсы алған ер адам.

«Ал сіздер келісіп алып па едіңіздер?» – дейді гуманитарлық көмек қабылдау бөлімінің басқа қызметкері бізге қарап.

«Біреумен келісіп келу қажет пе?»

«Қазір жетекшімізден сұрап көрейін. Сіздер жалпы қай жерге келгендеріңізді біліп тұрсыздар ма? Бұл – гуманитарлық көмек қабылдау бөлімі!» – дейді ол.

«Қоғамдық келісім» КММ жетекшісінің міндетін атқарушы Болат Базарбаев телефон арқылы ішкі саясат басқармасына хабарласып, біз туралы айтып жатыр.

«Не істейік, айтыңызшы? Сұхбат береміз бе? Бәрі дұрыс па?» – деп тұтқаны қойды да, ішкі саясат бөлімінің жетекшісіне хабарласқанын айтты.

Енді Базарбаев бізбен сөйлесуге дайын, бірақ фотоға түсіруге қарсы. Айтуынша, бұл – гуманитарлық көмек қабылдау бөлімшесі.

Бұл бөлімшеде гуманитарлық көмек тікелей берілмейді. Зардап шеккен адамдар эвакуация бекетіне немесе әкімдік жанындағы жастар ресурстық орталығына, яғни осы жерге қарама-қарсы орналасқан ғимаратқа баратын жүйе жасап қойған. Гуманитарлық көмекті алу үшін жеке куәлікті көрсетіп, мекенжайыңызды айтуыңыз қажет. Одан кейін деректер тексеріліп, шынымен көмек қажет екені расталса, қолда бар нәрсе беріледі.

«Біз оқу орындарының (эвакуация бекеті орналасқан – В.) жетекшілері рәсімдеген өтініш негізінде жұмыс істейміз. Құжаттарға сүйене отырып, бәрі жіберіледі, акт толтырылып, осынша көлемдегі көмек осы жерге жіберілді деген есеп жазылады», – деп түсіндірді.

Бұл қағазбастылықтың себебін былай түсіндірді: «Кейде адамдар келіп, құжатын көрсетпейді. Мен де келіп, зардап шеккенімді айта аламын. Олардың (әкімдік – В.) өз тізімі бар, олар бәрін тіркеп отырады, сондықтан мына көшедегі мына бір үй шынымен зардап шекті дегенді растайтын дүние болуы керек. Бірінші күні келіп, көмек сұрағандардан құжат сұрасақ, «құжат қажет пе?» дейді. Әрине, қандай да бір өнімнің қайда кеткені түсінікті болуы үшін кез келген әрекет, кез келген гуманитарлық көмектің берілуі тіркеледі. Бақылаусыз ештеңе берілмейді».

«Бұл жерде көп адам істей ме?» – деп сұрадық біз.

«Жоқ».

«Қалай осындай тәртіпті сақтап отырсыздар? Бәрі жиналып тұр».

«Бірдеңе әкеліп жатқанда бірден жинақтауға тырысамыз, жүйе болуы үшін, бәрі түсінікті болуы үшін қыздар бәрін реттеп қояды».

«Демек, президентті күтіп отырған жоқсыздар ғой?»

«Жоқ, әрине».

Президентті күтіп…

Дегенмен Петропавл әлі президентті күтіп жатыр. Осы репортажды жазып жатқанда Власть Қасым-Жомарт Тоқаев дәл Солтүстік Қазақстан облысына баратыны туралы ақпарат алды. Журналистер гуманитарлық көмек бекетінің алдында кезіктірген еріктілер де шынымен президент келе жатқанын растады.

«Білгілеріңіз келсе, бұл жерде негізі ешкімге ештеңе берген жоқ. Өйткені үлкен кісінің келуіне дайындалды. Бізге бұл ұнамайды. Біз адамдарға көмектесуіміз керек. Бірақ күту қажет. Жылтыратып қойып күту қажет».

Гуманитарлық көмек бөліміне кіреберістегі бордюрлер әктелген. Облыстық әкімдіктің жанында да солай. Мұнда мемлекет басшысының келуіне орай, Тоқаевтың өз сөзімен айтқанда, кейінгі 80 жылда болмаған ірі су тасқынына қарамастан, дәл осы жол жиегін ретке келтіруді қажет деп тапқан. Ал асығыста жағылған мына қызыл бояу кеуіп те үлгермепті. Қолымызға жұғып қалды.